Дереккөздерді зерттеу – келелі іс

Кеше елордамыздағы Ұлттық мұрағат орталығында Мәдениет және Ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен республикалық семинар өткізілді. Семинарда Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ еліміздің барлық облысынан шақырылған мұрағат ісінің мамандары мен тарихшы ғалымдар Қазақстан тарихы бойынша құжаттық мұралар мен деректік базаның жай-күйі, сақталуы, зерттелуі мен жүйеленуі туралы ойларын ортаға салды. “Мұрағат мекемелерінің жарияланымдық қызметі: бүгінгісі мен болашағы” деген тақырыпта өткен бұл жиынды “Археография және деректану ұлттық орталығы” мұрағат мекемесі директорының орынбасары Өмірбай Бекмағамбетов жүргізді. Семинардың мән-маңызына тоқталған ол – “Қазақстан Республикасының “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағат туралы” Заңын және “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отырған осы семинарда мұрағат құжаттарын пайдалану мен зерттеу методологиясына ерекше көңіл бөлінеді. Күні бүгінге дейін біздің ғалымдар Қытай, Ресей, Иран, Түркия сияқты елдерде сақталған өзіміз туралы деректерді пайдаланып келді. Енді бұл мәселенің де шешімі табылды. Сол елдер деректердің көшірмесін алуға мүмкіндік жасап отыр. Біздің орталықтың мақсаты –  автоматтандырылған деректер базасын құру. Орталықтың келесі міндеті деректерді зерттеу. Осы мақсатта жан-жақты жұмыс жүргізу үшін мұрағат ісінің мамандары мен тарихшы ғалымдарды жинап, семинар өткізіп отырмыз. Ондағы ойымыз – ғалымдардың келелі пікірлеріне құлақ түру, - деді.

Семинарда мұрағат құжаттары негізінде археографиялық ақпараттық кеңістік қалыптастыру және ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыруда мұрағат және деректану құжаттарын, дереккөздерді пайдалану мәселелері талқыланды.

                                                                                                     

Айгүл СЕЙІЛОВА

“Егемен Қазақстан”. 24 ақпан 2007 ж.