Бөлімдер




Археография зертханасы – Археография және деректану ұлттық орталығының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Зертхананың негізгі мақсаты Қазақстан тарихына қатысты мұрағат деректерін анықтау, өңдеу және ғылыми айналымға енгізу арқылы тарих ғылымының деректік базасын кеңейту, археография саласында ғылыми-зерттеу қызметін дамыту. 

  2009 ж. Орталық мемлекеттік мұрағатымен бірігіп дайындалған «Академик К.И.Сатпаев» атты құжаттар жинағы жарыққа шықты, онда ұлы ғалымның өмірі мен қызметі арқылы Қазақстанның академиялық ғылымының қалыптасу кезеңдері көрсетілген. Жинаққа Орталық мемлекеттік мұрағатының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің орталық мұрағатының, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы мұрағатының, Ресей Ғылым академиясы мұрағатының (Мәскеу қ.) және Қазақстанның бірқатар облыстық мемлекеттік мұрағаттарының құжаттары енген. 

 Зертханада «История Казахстана в документах и материалах» альманахының бірнеше шығарылымы дайындалып, баспадан шығарылды. Альманах ХVІІІ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихының өзекті проблемаларына қатысты тарихи деректерді жариялауға арналған Қазақстанда шығарылған сериялық бірінші ғылыми басылым болып табылады. Альманахтың І шығарылымында ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі Батыс Қазақстанның саяси тарихына қатысты Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генстің «Из краткого исторического обозрения управления оренбургскими киргизами» жазбалары, Астрахан губерниясының қазақтары, татарлары, қарақалпақтары және түркімендері туралы барон Ф.А. Бюлердің очерктері, Жетісу облысы қазақтарының әдеттегі құқықтары туралы капитан Н.М. Изразцовтың жазбалары, Н.Г. Маллицкийдің қазақтар туралы этнографиялық очеркі, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттік мұрағаты қорларынан анықталған ХVІІІ ғасырдың географиялық картасы алғаш рет жарияланып отыр. Мұнда библиографиялық құндылық болып танылған Г.И. Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды» еңбегі, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әліпбиін латыншаға аудару туралы мерзімдік баспа материалдары мен мұрағаттық құжаттар жарияланған.

Деректану, әдістемелік зерттеу және ғылыми басылымдар зертханасының мақсаты деректану саласында ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік қызметті дамыту, деректану жөнінде теориялық, ғылыми әдістемеліктер әзірлеу болып табылады.

         Бүгінгі күні зертхана қызметкерлері төмендегідей еңбектерді дайындап, баспадан шығарды:

  • «Рукописи по истории Казахстана XII-XVI вв. В собрании Института востоковедения АН РУз» Книга І. ғылыми-әдістемелік құралы.

Ғылыми-әдістемелік құралда Өзбекстан Республикасының ҒА Әбу-Райхан Беруни атындағы Шығыстану институтының қолжазба қорында сақталуы XIII-XVI ғасырлардағы парсы тіліндегі тарихи шығармаларға түсініктеме беріледі. Қолжазбада қазақтардың тарихы мен мәдениеті жайлы құнды мәліметтер берілген.

  • «Хрестоматия по истории межгосударственных отношений и дипломатии в Центральной Азии XIII-XVI вв.» жинағы.

Бұл жинаққа XIII-XVI ғғ. Орта Азиядағы мемлекеттердің саясаты мен дипломатиясы, өзара бір-бірімен, басқа мемлекеттермен және халықтармен қарым-қатынасы жайлы мәліметтерді қамтиды.

  • «Трактат о Сайраме» ғылыми басылымы.

 Шағатай тілінен аударылған шығарма. XVII-XVIII ғғ. «Трактат о святых Мадинат ал-Байда и Испиджаба» деген шартты атпен белгілі болған, қала тарихына арналған, үш бөлімнен тұратын шығарма. Бірінші бөлім қаланың ерте замандағы тарихына арналған. Екінші бөлімде қаланың әйгілі әулиелерінің жерленуі сипатталады. Үшінші бөлім өлеңмен жазылған және Сайрам қаласының аңызға лайық тарихын мадақтауға арналған.

  • «Көне мәдениеттің жазба ескерткіштері» ғылыми басылымы.

Бұл еңбекте Қытай тарихнамаларында сақталған, көне шағатай тілінде жазылған жазба жәдігерліктер және ауыз әдебиет үлгілері сияқты қазақ мәдениетінің сирек кездесетін жазба ескерткіштеріне деректанулық талдау жасалады.

Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу, жинау және мәліметтер жинақтау зертханасының мақсаты – шет мемлекеттер мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар мен қолжазбаларды іздестіру және сатып алу арқылы ҚР Ұлттық мұрағат қорын толықтыру, автоматтандырылған мәліметтер базасын жүргізу, деректерді жүйелеу және саралау.

Ұлттық орталықта 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттарынан, кітапханаларынан және ғылыми мекемелерінен анықталған құжаттарды қамтитын «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмыс жасайды.

Мұрағатшылар мен ғалымдардың өзара байланысы мен ынтымақтастығының нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Армения, Ұлыбритания, Италия, Венгрия, Германия, Египет, Испания, АҚШ, Қытай, Түркия және Францияның мемлекеттік мұрағаттарында, ғылыми мекемелерінде, мұражайлар мен кітапханаларынан анықталған және сатып алынған құжаттық деректермен айтарлықтай толықты.

Қазіргі таңда мәліметтер базасына он бес шет мемлекеттің 80 мұрағат мекемесінен XVI-XX ғасырлар аралығын қамтитын 40 мыңға жуық құжаттар тізімі енгізілген.

«Электронды каталог» мәліметтер базасының негізінде Ұлттық орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында /История Казахстана в зарубежных архивах» атты көптомдық ақпараттық анықтамалықтың 8 томы дайындалып, баспадан  шығарылды.

Ақпараттық анықтамалық шетел мұрағаттарында сақталған құжаттардың сақталған орны көрсетіле отырып құрастырылған құжаттар тізімінен тұрады. Сондай-ақ тізімнің соңғы бағанында құжаттардың Қазақстандағы сақталу орны да көрсетілген. 

NCAI.KZ © 2014 | Все права защищены | Created by Национальный центр археографии и источниковедения Республики Казахстан




Тіркелу   Забыли пароль?