Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу, жинау және мәліметтер жинақтау зертханасы




Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу, жинау және мәліметтер жинақтау зертханасының мақсаты – шет мемлекеттер мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар мен қолжазбаларды іздестіру және сатып алу арқылы ҚР Ұлттық мұрағат қорын толықтыру, автоматтандырылған мәліметтер базасын жүргізу, деректерді жүйелеу және саралау.

     data-cke-saved-src=/images/IMG_3419-min.JPG

Ұлттық орталықта 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттарынан, кітапханаларынан және ғылыми мекемелерінен анықталған құжаттарды қамтитын «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмыс жасайды.

Мұрағатшылар мен ғалымдардың өзара байланысы мен ынтымақтастығының нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Армения, Ұлыбритания, Италия, Венгрия, Германия, Египет, Испания, АҚШ, Қытай, Түркия және Францияның мемлекеттік мұрағаттарында, ғылыми мекемелерінде, мұражайлар мен кітапханаларынан анықталған және сатып алынған құжаттық деректермен айтарлықтай толықты.

Қазіргі таңда мәліметтер базасына он бес шет мемлекеттің 80 мұрағат мекемесінен XVI-XX ғасырлар аралығын қамтитын 40 мыңға жуық құжаттар тізімі енгізілген.

«Электронды каталог» мәліметтер базасының негізінде Ұлттық орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында /История Казахстана в зарубежных архивах» атты көптомдық ақпараттық анықтамалықтың 8 томы дайындалып, баспадан  шығарылды.

Ақпараттық анықтамалық шетел мұрағаттарында сақталған құжаттардың сақталған орны көрсетіле отырып құрастырылған құжаттар тізімінен тұрады. Сондай-ақ тізімнің соңғы бағанында құжаттардың Қазақстандағы сақталу орны да көрсетілген.

Ақпараттық анықтамалықтың І томы Ресей мемлекеттік көне актілер мұрағаты, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің Ресей империясының сыртқы саясаты мұрағаты, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы мұрағаты, Ресей мемлекеттік экономика мұрағатында сақталған құжаттар негізінде құрастырылды.

Анықтамалықтың ІІ томы Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей мемлекеттік әскери мұрағаты, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты, Мәскеу облысының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттар негізінде құрастырылды, құжаттар XVI-XX ғасырларды қамтиды.

Анықтамалықтың ІІІ томында Қазақстан тарихының ХІХ-ХХ ғғ. қатысты Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (Санкт-Петербор қ.) қорларынан әкелінген 6 мыңға жуық істің тізбесі жарияланған.

Ал ІV томында (1-2 бөлімдері) Қазақстан тарихының ХVІІІ ғ. мен ХХ ғасырдың І жартысына қатысты Орынбор облысының Мемлекеттік мұрағаты қорларынан әкелінген 9 мыңнан аса істің тізбесі ұсынылған.   

Ақпараттық анықтамалықтың V томы Қазақстанның Ресей мен Қытай, сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хива хандықтарымен экономикалық-дипломатиялық қарым-қатынасын қамтитын Ресей Федерациясының Омбы және Томск облыстарының мемлекеттік мұрағаттарынан анықталған 4 мыңға жуық құжаттар тізімінен  тұрады. Бұл құжаттар ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның солтүстік аймағындағы болыстар, халқының тұрмыс-жағдайы, салт-дәстүрі және сол кезеңдердегі қазақ жерінде өткен түрлі оқиғалардың сипаттамасы жазылған істерді қамтиды. Сонымен қатар Абылай хан, Құлсары батыр, Кенесары Қасымов, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин сияқты әр кезеңнің мемлекеттік қайраткерлері туралы құжаттар тізбесі бар.

Ал VІ томның негізін Ресей Федерациясының мұрағаттық қорларынан анықталған және сатып алынған XVIII-XX ғасырлардағы құжаттардың (көшірмелерінің) төмендегідей тізбесі құрайды: Ресей кинофотоқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Красногорск қ.), Ресей фоноқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Мәскеу қ.), Мемлекеттік телерадиоқоры (Мәскеу қ.), Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаты, Татарстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, Алтай өлкесінің мемлекеттік мұрағаты, Астрахан, Новосибирск, Түмен, Свердловск (Екатеринбург қ.), Челябі облыстарының мемлекеттік мұрағаттары, Тобол қаласы мемлекеттік мұрағаты, Санкт-Петербор кинофотоқұжаттар Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты.

VІ томдағы бұл құжаттар тізбесі Қазақстан тарихын зерттеу үшін аса маңызды, онда қазақ халқының біртуар ұлдарының өмірі мен қызметтері баяндалады. Атап айтқанда, Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан – халық ақыны және ағартушы Мағжан Жұмабаевты айыптау жөніндегі құжаттар; Челябі облысының Біріккен мемлекеттік мұрағатынан кеңестік арнайы органдардың Әлихан Бөкейхановтың қызметі туралы хабарламалары, Мұстафа Шоқай төрағалық еткен өкіметтің, сондай-ақ Түркістанда құрылған ұлттық өкіметтің құжаттар тізбесі бар.

Ақпараттық анықтамалықтың VII томында (І, ІІ бөлімдері) Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ташкент облыстық және қалалық мұрағаттарының қорларынан ХІХ-ХХ ғғ. қатысты 7 мыңға жуық құжаттар беріліп отыр. Сондай-ақ Түркістан генерал-губернаторлығының құрылу кезеңіне қатысты, Түркістан Республикасының жарияланғаны жайлы, Түркістандағы қазақ ұлты зиялыларының өмірі мен қайраткерлігіне қатысты құжаттар да бар.

«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында» ақпараттық анықтамалығының VІІІ томынының негізін XVI-XX ғасырларға жататын Армения, Грузия, және Венгрия, Ұлыбритании, Германия, Египет Араб Республикасы, Италия, Испания, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция елдері мұрағаттарының қорларынан анықталған және сатып алынған құжаттар (көшірмелері) тізімі құрайды.

Зертханада Египет Араб Республикасынан алынған Насролла Мубашшир ат-Таразидің құжаттарына жүйелеу және сараптау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде істің  тізімдемесі әзірленді және «Насролла Мубашшир ат-Таразидің жеке мұрағаты» атты танымдық анықтамалық шығарылды.

Сондай-ақ академик жазушы Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығына қатысты сирек кездесетін мұрағат материалдары жинақталған «Ғабит Мүсірепов және мұрағат» атты жинақ дайындалып, баспадан шығарылды.

NCAI.KZ © 2014 | Все права защищены | Created by Национальный центр археографии и источниковедения Республики Казахстан




Тіркелу   Забыли пароль?