Археография және деректану ұлттық орталығы

 
 
Археография және деректану ұлттық орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің Археография және деректану ұлттық орталығы мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысына сәйкес құрылды. Қазақстандағы және шет елдердегі  мұрағаттар мен ғылыми мекемелерде, жеке коллекцияларда сақталған ұлттық тарихымызға қатысты тарихи деректер мен құжаттарды іздестіру, зерттеу ісімен айналысатын  мемлекеттік мекеме. Орталық Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы  Заңдарды, «Қазақстан Республикасының  Ұлттық мұрағат қоры туралы Ережені», Орталықтың комитет бекіткен Жарғысын  басшылыққа алады. Ақпарат және мұрағат комитетінің бұйрықтары мен өкімдерін, Орталық директорының бұйрықтарын орындайды.
Ұлттық орталық археография және деректанудың түйінді мәселелерін зерттеуді, шет мемлекеттерде сақталған Қазақстан Республикасы үшін тарихи және мәдени құндылығы бар мұрағаттық құжаттармен ұлттық мұрағат қорын толықтыруды мақсат етеді. Оның басты міндеттері: Қазақстан Республикасында және шетелдерде сақталған тарихи дереккөздерді анықтау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, археография және деректану жөнінде теориялық, ғылыми-әдістемеліктер әзірлеу, тарихи құжаттарды басып шығару, Шетелдердегі Қазақстан тарихына қатысты деректердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастырып, біртұтас мәліметтер базасын құру, деректерді жан-жақты игеру.
Орталықтың құрамында деректану және әдістемелік зерттеу зертханасы, Алматы қаласындағы археография зертханасы, Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды анықтау және мәліметтер жинақтау зертханасы, ғылыми-баспа бөлімі және Ғылыми-әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Зертханалар мен бөлімдердің қызмет бөлісі айқын, өзіндік тұғырнамасы, қызмет ұстанымы бекітілген. Олардың қызметі арқылы Орталықтың ғылыми-зерттеу жұмыстары іске асып отырады. Зерттеу қызметінің талабына сай құрылған Ғылыми-әдістемелік кеңес республика көлеміндегі археография, деректану саласындағы зерттеулерді жіті қадағалап, ұсыныс-пікірлер дайындап, Орталықтың зерттеу жұмыстарының сапасын жақсартуға, тарихи деректерді пайдаланудағы ортақ ұстанымның  қалыптасуына әсер етуді көздейді.