Тіркелу   Забыли пароль?


Археография бөлімі




Археография бөлімі (Алматы қаласы) – археография және деректану Ұлттық орталығының құрылымдық бөлімшесі. Бөлімнің негізгі міндеті Қазақстан тарихы бойынша архивтік деректерді анықтау, өңдеу және ғылыми айналымға енгізу арқылы тарихи ғылымның дереккөз базасын кеңейту, археография саласында ғылыми-зерттеу қызметін дамыту.

2009 ж. Орталық мемлекеттік  архивпен  бірігіп дайындаған «Академик К.И.Сатпаев» атты құжаттар жинағы жарыққа шықты, онда ұлы ғалымның өмірі мен қызметі арқылы Қазақстанның академиялық ғылымының қалыптасу кезеңдері көрсетілген. Жинаққа Орталық мемлекеттік  архиві, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің орталық архиві, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы архиві, Ресей Ғылым академиясы архиві  (Мәскеу қ.) және Қазақстанның бірқатар облыстық мемлекеттік  архивтерінің  құжаттары енген.

Бөлімде «История Казахстана в документах и материалах» альманахының бірнеше шығарылымы дайындалып, баспадан шығарылды. Альманах ХVІІІ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихының өзекті проблемаларына қатысты тарихи деректерді жариялауға арналған Қазақстанда шығарылған бірінші сериялық ғылыми басылым болып табылады.

 

Альманахтың І шығарылымында ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі Батыс Қазақстанның саяси тарихына қатысты Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генстің «Из краткого исторического обозрения управления оренбургскими киргизами» жазбалары, Астрахан губерниясының қазақтары, татарлары, қарақалпақтары және түркімендері туралы барон Ф.А. Бюлердің очерктері, Жетісу облысы қазақтарының әдеттегі құқықтары туралы капитан Н.М. Изразцовтың жазбалары, Н.Г. Маллицкийдің қазақтар туралы этнографиялық очеркі, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттік архиві  қорларынан анықталған ХVІІІ ғасырдың географиялық картасы алғаш рет жарияланып отыр. Мұнда библиографиялық құндылық болып танылған Г.И. Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды» еңбегі, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әліпбиін латыншаға аудару туралы мерзімдік баспа материалдары мен архивтік құжаттар жарияланған.

«История Казахстана в документах и материалах» альманахының екінші шығарылымының мазмұнын Ресей империясының Сыртқы саясаты архиві, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Ресей мемлекеттік тарихи архиві, Ресей Ғылым академиясы архивінің Санкт-Петербор филиалы қорларындағы түпнұсқа тарихи құжаттар, сондай-ақ 1930 жылдары жекелеген кеңестік газеттер мен журналдарда жарияланған жәдігерлік публицистикалық материалдар құрайды. Альманахқа біздің еліміздің тарихи өткенін зерделеуде бұрын-соңды қамтылмаған және қазақстандық зерттеушілер үшін ұзақ жылдар бойы қол жетімсіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы және тарихи географиясына қатысты жанрлары мен тақырыптары әр түрлі жазба деректер енді.

 

«История Казахстана в документах и материалах» альманахының 3 шығарылымында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік  архивінің  қорларынан, ҚР Президенті  архивінен , Алматы облыстық мемлекеттік  архивінен, Ресей империясы сыртқы саясат  архивінен, Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінен, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы архивінен, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер архивінен, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи  архивінен, Ресей мемлекеттік тарихи архивінен, РҒА Шығыс қолжазбалары институтынан, РҒА  архивінің Санкт-Петербург қаласындағы филиалынан, Орынбор облыстық мемлекеттік  архивінен, Омбы облыстық тарихи  архиві  мен Тәжікстан Республикасының ҒА Шығыстану және жазба мұралар институты қорларынан алынған ХVIII-XX ғғ. Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттар қамтылған.

 

Басылымда ХVIII-XІX ғ. бірінші жартысындағы Орталық Азиядағы күрделі әрі бізге белгісіздеу халықаралық қатынасты танып-білуге мүмкіндік беретін көршілес елдердің монархтары мен мемлекет қайраткерлерінің қазақ елінің хандарына, билеріне, сұлтандарына жазған арнайы таңдалып алынған хаттары; 1800 жылы Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке сапар шеккен таулық шенеуніктер Т.С.Бурнашев пен М.С.Поспеловтың жол бойы жазған жазбалары; 1852 жылы Орынбор шекара комиссиясының шенеунігі Ф.М.Лазаревскийдің қазақ элитасына жеке мінездемелер беріп, көшпелілердің күнделікті өмірі жайлы көптеген дәйектемелер келтірген «Қырғыз ордасының батыс бөлігі мен Орал линиясы жайлы» еңбегі;  1921 жылы жаз ортасында  Кіші Алматы өзенінің алқаптарында орын алған алапат сел тасқынына қатысты сирек  құжаттар кешені; қатысушылардың баяндамаларынан СССР-де тоталитарлық жүйенің нық орнағанын көрсететін 1939 жылдың 22-25 маусымында өткен Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші сьезінің стенограммасы жарияланған.

Бөлім қызметінің басым бағыты – басқа ғылыми мекемелермен өзара ортақ қызығушылықтарына сәйкес ынтымақтастықты нығайту. Осыған  орай Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мен Көшпенділердің мәдени мұра мәселелері жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп революцияға дейінгі Қазақстан археологиясының тарихы туралы құжаттар жинағын дайындау және шығару жоспарланған. 2011 жылдың қазанында біріккен күшпен «Археология Семиречья. 1857-1912 гг.» құжаттар мен материалдар жинағы жарыққа шықты. Жинақта басым бөлігі тұңғыш рет жарияланып отырған 308 құжат берілген.

Жинақта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының Ғылыми архиві (Санкт-Петербор қаласы) қорларынан, Қазақстанның археологиялық тұрғыдан алғанда ең бай аймақтарының бірі – Жетісудың ХІХ ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басындағы ескерткіштерін, белгілі шығыстанушы Н.Н. Пантусовтың ғылыми еңбектерін, тарихи ескерткіштердің жазбаларын, тонаушылық мақсаттағы қазба жүргізушілермен күрес және басқаларды зерттеуге арналған құжаттық материалдар жарияланған.

 

2011 жылы зертханада XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Жетісу тарихындағы қайғылы оқиға – төрт бірдей күшті жер сілкінісіне арналған «И вздрогнула земля: из истории землетрясений в Семиречье. 1885–1912 гг.» атты құжаттар мен материалдар жинағы дайындалып шығарылды.

Жинақ төрт бөлімнен тұрады: 1) 1885 жылғы 22 шілдедегі Беловодтағы жер сілкінісі, 2) 1887 жылғы 28 мамырдағы Верныйдағы жер сілкінісі, 3) 1889 жылғы 30 маусымдағы Шелектегі жер сілкінісі, 4) 1910 жылғы 22 желтоқсандағы Кеміндегі жер сілкінісі. Жинақта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Кинофотоқұжаттар мен дыбысжазба орталық мемлекеттік архиві  (Алматы қаласы), Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві (Мәскеу қаласы), Орыс географиялық қоғамы  архиві, Ресей ұлттық кітапханасының (Санкт-Петербор қаласы) және Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық кітапханасының (Ташкент қаласы) қолжазбалар бөлімі қорларынан алынған құжаттар жарияланған. Сондай-ақ төңкеріске дейінгі мерзімдік басылымдар – «Туркестанские ведомости», «Русский Туркестан», «Семиреченские областные ведомости» және басқа да газет беттерінде жарияланған мақалалар енген.

2012 жылы «Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи XVIII-середины XIX века» құжаттар мен материалдар жинағы дайындалып, баспадан шығарылды.

Оқырмандар назарына ұсынылып отырған тарихи құжаттар жинағына XVIII ғасырдың ортасы – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы ресейлік саяхатшылардың Қазақстанның географиясына, топонимикасына және тарихи этнографиясына арналған сапарнама күнделіктері мен жазбалары енгізілді. Басылым үшін жазба деректердің осы категориясын алуға негізгі себеп зерттеліп отырған кезеңде еуразия континентінің ішкі бөлігінде геосаясат жағдайындағы динамикалық өзгерістер Ресейдің шығыс саясатында Қазақ даласының рөлін шарықтатты және ол туралы жан-жақты білім жинақтау процесінде орыс ғылымы мен мәдениетінде елеулі із қалдырды.

Шығарылған күнделіктер репрезентативті және ақапаратқа толы тарихи деректер болып келеді және өткен тарихи кезеңдерде орыстар мен еуропалық саяхатшылар аяқ баспаған қазақ жерінің көзтартарлық табиғаты, далалы өлкенің әр түрлі географиялық аудандарындағы көшпелі тұрғындардың қоғамдық өмірі мен мәдениеті туралы аса құнды материалдардан тұрады. Бұнда қазақ рулық топтарының маусымдық көшіп-қону жолының кеңістіктік шегі және трансаймақтық керуен бағдарламалары, көшпенділердің шаруашылық кәсіптері, олардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, көршілес көшпелі және отырықшы халықтармен өзара қарым-қатынастары туралы әр түрлі мәліметтер келтірілген.

2013 жылы «Трагедия казахского аула. 1928–1934» құжаттар жинағының І томы баспадан шықты.

Бұл басылым Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы аясында жарыққа шығып отырған көп томды деректі сериялық басылымның бірінші томы болып табылады. Басылымды Археография және деректану ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік  архиві, Қазақстан Республикасы Президенті архиві  мұрағатшыларының ұжымы жарыққа шығарды. Табылған деректер кешені қазақ ауылдарындағы жантүршігерлік апаттың мемлекет тарапынан алдын-ала келісіп-пішілгенін дәйекті түрде айғақтайды. КСРО халықтарына ортақ трагедия 1930 жылдар басындағы миллион адамның өмірін жалмаған ұлы ашаршылықтың Қазақстанда өзіндік ерекшеліктері болды.

Сериялық басылымның «Трагедия казахского аула. 1928 – апрель 1929» атты бірінші томында тұқыртылған ЖЭС кезеңіндегі Қазақ АССР-і жайында, әкімшілік – командалық басқару жүйесіне көшкені туралы, жеке меншіктің тартып алынуы жайлы құжаттар жарияланған. Қазақстанда бірінші кезекте байлар мен меншік иелерінің дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылды. Басылымның мақсаты – И.В.Сталин мен оның маңындағылардың халыққа жасаған теріс саясатының нәтижесінде өрбіген ашаршылық себебін құжат тілімен оқырмандарға жеткізу.