Тіркелу   Забыли пароль?


«Рухани жаңғыру және тарих ғылымының жаңа міндеттері» ғылыми-теориялық конференция




2017 жылдың 25 мамырында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кітап көрмесі мен ғылыми жобалар таныстырылымынан тұратын IV Ұлттық тарихшылар конгресі болып өтті. Конгресс «Рухани жаңғыру және тарих ғылымының жаңа міндеттері» атты ғылыми-теориялық конференциямен жалғасты. Жиынға отанымызға танымал ғалымдар, салалық ҒЗИ басшылары, облыстардағы белгілі мамандар, өлкетанушылар, тарихшылар, шетелдік сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы сөзді ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық тарихшылар конгресінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлы ашып берді. Өз сөзінде: «ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақалада бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отырғандығын атап өтті. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес, біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық дей келе, 2004 жылы «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағында тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық, 2013 жылы «Халық-тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік» - деп атап көрсетті.

«Қазіргі тарих ғылымының жағдайы және «Туған Жер» бағдарламасы бойынша Х.М Әбжанов, Д.Қ Қыдырәлі, Б.Ә Байтанаев, Б.Ғ Аяған, Қалижанов У.Қ сияқты профессорлар мен тарих ғылымдарының докторлары тарих пен туған жер сабақтастығын баяндай отырып, бұл бағдарламаның нақты мақсат-міндеттерін, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдарын айқындап, көзделген жұмыстардың дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асатынына сенім білдірді.

Конференция барысында «Туған жер тарихы» сериясымен шыққан «Астана» кітабының авторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың, сондай-ақ «Саржал» кітабының авторы, өлкетанушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет үздігі Бекен Теміровтың және «Алаш қозғалысы» жинағының 1-2 кітаптарын таныстыру тұсаукесері өтті.

Конгресс барысында кітап көрмесі іске асырылды. Көрмеде «Археография және деректану ұлттық орталығының» Қазақстан тарихына байланысты Қазақстан мен шетел архивтері, кітапхана, ғылыми мекемелерінен анықталған ғылыми басылымдары көрсетілді.