Тіркелу   Забыли пароль?


«История Казахстана в документах и материалах» альманахы. І шығарылым




Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында  Орталықта «История Казахстана в документах и материалах» альманахының І шығарылымы жарыққа шықты. Жауапты редактор: Б.Т. Жанаев.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген шетел мұрағаттарындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттық деректерді ауқымды түрде іздеп табу мен көшірмелеу Археография және деректану ұлттық орталығына «История Казахстана в документах и материалах» альманахын шығаруға түрткі болды.

         Альманах археографиялық басылым болып табылады және қазақстандық және шетел мұрағаттарында сақтауда жатқан отандық тарих жөніндегі  әр түрлі жазба деректерді жариялауға арналған.

Альманахтың осы басылымында ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі Батыс Қазақстанның саяси тарихына қатысты Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генстің «Из краткого исторического обозрения управления оренбургскими киргизами» жазбалары, Астрахан губерниясының қазақтары, татарлары, қарақалпақтары және түркімендері туралы барон Ф.А. Бюлердің очерктері, Жетісу облысы қазақтарының әдеттегі құқықтары туралы капитан Н.М. Изразцовтың жазбалары, Н.Г. Маллицкийдің қазақтар туралы этнографиялық очеркі, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттік мұрағаты қорларынан анықталған ХVІІІ ғасырдың географиялық картасы алғаш рет жарияланып отыр.

         Мұнда библиографиялық құндылық болып танылатын Г.И. Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды» еңбегі, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әліпбиін латыншаға аудару туралы мерзімдік баспа материалдары мен мұрағаттық құжаттар жарияланады.

         Редакция алқасы альманах тарих ғылымының археографиялық базасын дамытуға қомақты үлес қосады, отандастарымыздың ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты қызықты да түпнұсқалық құжаттармен танысуына мүмкіндік береді деген ойда.

Альманах ғылыми басылым болып табылады және тарихшы ғалымдарға, ұстаздарға, аспиранттарға, студенттерге, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушылық білдіретін барша оқырман қауымға арналған.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР