Тіркелу   Забыли пароль?


«Археология Семиречья. 1857-1912 гг.» құжаттар мен материалдар жинағы




2011 жылғы қазан айында Орталықта «Археология Семиречья. 1857-1912 гг.» құжаттар мен материалдар жинағы басылып шықты. Құрастырушы: И.М. Самигулин. Жауапты редактор: Б.Т. Жанаев.

Оқырман қауым назарына ұсынылып отырған «Археология Семиречья. 1857-1912 гг.» құжаттар мен материалдар жинағы – Қазақстанда ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі төңкеріске дейінгі кезеңнің археология тарихы жөніндегі тұңғыш құжаттық материалдар жарияланымы. Басылымның мақсаты ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы Жетісудың археологиялық ескерткіштері жай-күйін сипаттайтын тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу және қазақстандық археологияның негізін салушы алғашқы зерттеушілердің жанкешті еңбектеріне құрмет көрсету болып табылады.

Жинақта басым бөлігі тұңғыш рет жарияланып отырған 308 құжат берілген.

         Жинақта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының Ғылыми мұрағаты (Санкт-Петербор қаласы) қорларынан, Қазақстанның археологиялық тұрғыдан алғанда ең бай аймақтарының бірі – Жетісудың ХІХ ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басындағы ескерткіштерін, белгілі шығыстанушы Н.Н. Пантусовтың ғылыми еңбектерін, тарихи ескерткіштердің жазбаларын, тонаушылық мақсаттағы қазба жүргізушілермен күрес және т.б. зерттеуге арналған құжаттық материалдар жарияланады.

         Жинақтың ғылыми-анықтамалық аппараты ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдағы Жетісудың археологиялық ескерткіштерін зерттеу тарихы жөніндегі мақалалардан, құжаттарға түсініктемеден, адам аттары, географиялық  атаулар көрсеткіштерінен, пайдаланылған мұрағаттық қорлар, әдебиеттер, иллюстрациялар тізімдерінен және жарияланатын құжаттар тізбесінен тұратын мазмұннан құралған.      

Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер тарихына арналған құжаттар жинағын дайындау т.ғ.к. И.В. Ерофееваның идеясы.

 Осы басылымға Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы (Алматы қаласы) және РҒА Материалдық мәдениет тарихы институты Ғылыми мұрағатындағы (Санкт-Петербор қаласы) құжаттарды іздеп табуда т.ғ.к. А.Е. Рогожинский қатысты.

          Жарияланатын құжаттарға археографиялық өңдеу тарихи құжаттар басылымының қолданыстағы ережелеріне сәйкес жүргізілді.    

Жинақ ғылыми басылым болып табылады және тарихшы ғалымдарға, ұстаздарға, аспиранттарға, студенттерге, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушылық білдіретін барша оқырман қауымға арналған.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР