Тіркелу   Забыли пароль?


Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерді қамтитын қолжазбалар




2011 жылы шілдеде «Рукописи по истории Казахстана ХVІІ-ХХ вв. в собрании Института востоковедения АН РУз». Книга 2. және «ХІІІ-ХVІ ғғ. Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар (Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорынан)» (Ж.М. Төлебаева /Қазақ тіліне аударғандар: Л.Ә. Әбдірәсілова, О.Т. Сарыбеков) ғылыми-әдістемелік еңбектері басылып шықты.  

 

«Рукописи по истории Казахстана ХVІІ-ХХ вв. в собрании Института востоковедения АН РУз». Книга 2. еңбегінде Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан Беруни атындағы Шығыстану институтының қолжазба қорында сақтаулы ХVІІ-ХХ ғасырлардағы парсы тіліндегі тарихи шығармаларға ғылыми сипаттама берілген. Еңбекте қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерді қамтитын қолжазбалар қарастырылады. Бұл еңбек 1 Кітаптың жалғасы және құрамдас бөлігі болып табылады.

Ғылыми-әдістемелік еңбек археографтарға, деректанушыларға, тарихшыларға және басқа қазақ тарихы мен мәдениетіне қызығушы көпшілік қауымға арналған.

«ХІІІ-ХVІ ғғ. Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар (Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорынан)» ғылыми-әдістемелік еңбегінің мақсаты – қазақ және Қазақстан тарихының әр аспектісі бойынша маңызды да толық мәліметтер беретін XIII-XVI ғасырлардағы парсы тіліндегі жазба деректер кешенін анықтау, жүйелеу және зерттеу.  

Еңбектің құндылығы қазақ тарихына қатысты нақты да құнды мәліметтерді қамтитын түпнұсқа жазба деректердің ғылыми айналымға енгізілуінде. Парсы тілінде жазылған шығармалар XIII-XVІ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуде негізгі жазба деректер болып табылады. Осыған байланысты XIII-XVІ ғасырлардағы қазақ тарихына қатысты парсы тілді деректерді ғылыми сипаттау бұл еңбектің ғылыми маңыздылығы мен іс жүзінде қажеттілігін көрсетеді.

Бұл жұмыста XIII-XVI ғасырлардағы қазақ және Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты мәліметтерді қамтитын парсы тілді нарративті шығармаларды зерттеу және сипаттау қолжазбаларды ғылыми сипаттаудың біртұтас кестесі негізінде  қабылданған жалпы принциптерге сәйкес орындалған. Осы кестеге сәйкес әр қолжазбаны сипаттауда мынадай мәліметтер ескеріледі: 1) шығарманың жазылған уақыты мен орны; 2) авторы туралы мәліметтер; 3) құрылымы мен мазмұны; 4) қазақ халқының тарихына қатысты дерек ретіндегі құндылығы; 5) қолжазба туралы және дерек туралы мәліметтер.  

Еңбек орыс тіліндегі нұсқасынан аударылып ұсынылып отыр. Қазақ тіліне ғылыми тілді сақтай отырып, жеңіл аударылған. Тарихи терминдер, географиялық және топографиялық атаулар, кісі есімдері, ру-тайпа және шығармалар аттары М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» сияқты шығармаларына сүйеніп аударылған. Еңбектің қазақ тіліндегі нұсқасы қазақ тілді оқырмандар үшін аса қажет.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР