Тіркелу   Забыли пароль?


«Алаш идеясы және Тәуелсіз Қазақстан»




2017 жылдың 3 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Еуразиялық зерттеулер кафедрасымен бірлесіп өткен «Алаш» қозғалысының 100-жылдығына орай «Алаш идеясы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында ғылыми-әдіснамалық семинар болып өтті.

 «Алаштың» басты идеясы – ұлттық мемлекеттілік. Тәуелсіздік – өз болашағын ойлайтын кез-келген халықтың басты құндылығы. Қазақстан Республикасы – осы «Алаш» идеясының нақты іске асырылуының дәлелі.

Іс-шараның басты мақсаты – «Алаш» қозғалысының 100-жылдығы мен Тәуелсіз Қазақстанның 25- жылдығы аралығында Қазақстан халықтарының ұлттық идея аясындағы қалыптасқан тарихи кезеңдеріне жаңаша көзқарастар қалыптастыру.

Семинардың модераторы т.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы – Садықов  Тілеген Садықұлы болды.

Алғы сөзді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА корресподент – мүшесі Дихан Қамзабекұлы бастады. Ол Алаш зиялыларының үзілген мемлекеттің арқалығын жалғап, тәуелсіздік үшін қосқан үлестері зор екендігін айтты.

Семинарға Қазақстан Республикасына танымал мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің докторанттары мен магистранттары және Археография деректану ұлттық орталығының қызметкерлері қатысты.

Семинардың қонағы Өмірзақ Озғанбай – т.ғ.д., профессор, «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұраты» баяндамасымен: «Алаш»  ұлт зиялыларының қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи ерен еңбегін баяндап берді.

Сонымен бірге т.ғ.д., профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры - Ақышев А.А., ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, Мемлекет тарихы институты тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер - Ерімбетова Қ., «Алаш мәдениеті және рухани даму» институтының директоры - Аққұлұлы С.Ж., т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры -  Шаяхметов Н.У., т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры - Сыздық С.М., т.ғ.д., профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі - Мамытова С.Н., т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры - Алпысбек М.А.

«Алаш» қозғалысы еңбектеріне тоқтала кетіп сөз сөйлеушілер алашордашылар қозғалысының тарих беттерін зерделеу  және жариялау керек екендігін атап өтті.

Семинар барысында  Археография және деректану ұлттық орталығы бөлімінің бастығы Мусина Д.Б – «Электронды каталог» автоматтандырылған ақпараттар жүйесін көпшілікке ұсынды.  Өз баяндамасында каталогқа енгізілген  Қазақстан тарихына қатысты 28 елдің, 36 мемлекетінен тұратын  46053 құжаттар жинағын және осы каталогпен жұмыс істеу жүйесін таныстырып өтті.

Семинарға қатысушылар назарына Археография және деректану ұлттық орталығының ғылыми – әдістемелік басылымдарының көрмесі қойылды. Аталған іс-шара Археография және деректану ұлттық орталығы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ынтымақтастық қатынасының бастамасы деп атап өтуге болады.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР