Тіркелу   Забыли пароль?


«Электрондық каталог» ақпараттық жүйесінің тұсаукесері. Астана 16.04. 2015




2015 жылдың 16 сәуірінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Археография және деректану ұлттық орталығы» РММ Қазақ хандығының 550 жылдығы іс шарасы аясында «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің тұсаукесері өткізілді.
«Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға сәйкес «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттары мен кітапханаларынан анықталған тарихи құжаттардан тұратын «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қазіргі заман талаптарына лайықты жетілдірілді.
Тұсаукесерді өткізу барысында Армения, Египет Араб Республикасы, Түркия, Франция, Венгрия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытай, Монғолия, Иран, Испания, Италия, Ватикан, Польша, Өзбекстанның мұрағаттары мен кітапханаларынан анықталған және сатып алынған құжаттық деректермен толықтырылған деректер базасы көрсетілді.
Орталық директоры Л.Ә. Әбдірәсілова өз сөзінде ақпараттық жүйе электронды түрдегі құжаттардың мұрағатын қалыптастыруға, оны  кепілдікпен сақтауды қамтамасыз етуге, электронды мұрағатқа енгізілген барлық ақпараттардың сол қалпында ұзақ мерзімді сақталуына, құжат түрлерін жүйелеуді жүргізуге, құжаттарды белгілері арқылы және толық мәтінді іздеуге арналғандығы туралы айтып өтті.
ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к. А.Н.Қашқынбаев «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолданушыларға тарихи құжаттардың сипаттамасымен ғана танысып қоймай, құжаттардың электронды көшірмесін Орталықтың www.ncai.kz  Интернет-ресурсы арқылы алуға болатындығын жоғары бағалады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Т.С. Садықов аталған электрондық каталогты жүргізу арқылы заманауи технологияларды енгізу және қолдану оқытушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттардың ақпараттық мүмкіндігін арттыруға, мұрағат құжаттарын қолжетімді етуге ықпал ететіндігін баса айтты.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркология және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор Қаржаубай Сартқожаұлы және т.ғ.д., профессор Тұрсынхан Зәкенұлы  «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің  құндылығын ескере отырып, оқу үрдісі үшін Археография және деректану ұлттық орталығының қызметкерлеріне университеттің студенттеріне дәріс оқып берулерін өтінді. Астана қаласындағы түрлі университеттер мен мұрағат мекемелерінен келген қатысушы қонақтар өз оқытушылары, студенттер мен қызметкерлерін деректер базасына енгізілген 22 елдің мұрағаттары және кітапханасынан жинақталған 42 000-нан аса құжаттар мен қолжазбалар тізімі топтамасымен таныстыруды бірауыздан қолдап, пікірлерін білдірді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор С.И. Ковальская Орталық басылымдарының ғылыми маңыздылығына тоқталып, бұл басылымдардың университет оқытушылары мен студенттері үшін де  қажетті оқу құралы болатындығын айтты.
Тұсаукесерге қатысушылардың пікірлерінше, қазіргі заман талабына  сай жасалған  бұл ақпараттық жүйе Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеушілер үшін аса  қажет электрондық құрал болып табылады.

 

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР