Тіркелу   Забыли пароль?


«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)». VIIІ том.




Орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының  VIIІ томы  жарыққа шықты.

Бұл  анықтамалыққа енгізілген құжаттардың ауқымды бөлігін Армения мұрағаттары қорларының деректері құрайды. Бұл мұрағаттар қорлары шетелдегі армян колонияларында, сондай-ақ шіркеу материалдарында сақталған құжаттар жиынтығымен ерекшеленеді.

Қазіргі заманғы Қазақстан аумағындағы ежелгі халықтардың тарихына, сақ-скиф дәуіріндегі тайпалардың орналасуына, орта ғасырдағы Орта Азия халықтарының өзара мәдени қарым-қатынасына, Алтын Ордадағы саяси процестер, суфизмнің қайнар көзіне қатысты тарихи зерттеулерді тереңдетуге мүмкіндік беретін ежелгі армян, орыс, ежелгі славян  тілдеріндегі құжаттық деректер Армения Ұлттық мұрағаты қорларында анықталды. Сондай-ақ Армения мұрағаттарында Ұлы Жібек жолының қалыптасу және даму тарихын айғақтайтын қызықты құжаттар сақталған.

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігі мұрағат қорларынан анықталған құжаттардың маңыздылығын бағалау мүмкін емес. Мысалы, кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихына қатысты ағылшын тіліндегі деректер Ұлыбританияның Ұлттық мұрағатында анықталған, ал азияттық қарым-қатынас бойынша Королдік қоғам мұрағатында Түркістанның төңкеріске дейінгі тарихына қатысты бірегей материалдар табылған.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихшы мамандары жан-жақты деректанулық талдау жүргізу үшін Орталық Еуропа университетінің «Ашық қоғам» мұрағатының қорларынан алынған материалдар үлкен пікірталас тудыратыны сөзсіз. Бұл материалдардың көпшілігі отандық және шетелдік тарихнамада әр түрлі бағаланатын тарихымыздың «ауыр» беттеріне арналған. Бұл – Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру және оның салдары, Кеңестік мемлекеттің ұлттық саясаты, Теміртаудағы оқиға, Қазақстандағы және Орта Азиядағы діни процестер, республикадағы этникааралық қарым-қатынастар, Семей полигоны, Алматыдағы 1986 жылғы оқиға.

Пекиндегі Қытай Халық Республикасының Бірінші тарихи мұрағатынан алынған материалдар Қазақстанның XIV-XVII ғасырлардағы тарихын түгел қамтуға мүмкіндік береді.

Түркия Республикасы Премьер-министрі жанындағы Осман мұрағатынан (Ыстамбул қ.) анықталған Дешті-Қыпшақ тарихына қатысты, Осман империясы мен Түркістан аймағы арасындағы дипломатиялық қатынастар туралы құжаттық деректердің ғылыми құндылығына күмән жоқ. Ал Түрік әлемін зерттеу қоры қоймаларында жадидизм идеясының шығу тарихына және оның таратылуына қатысты материалдар, сондай-ақ XX ғасырдағы Қазақстанның тарихына тікелей қатысы бар мерзімді басылымдардың материалдары анықталды.

Қазақ даласындағы Ресей империясының отарлау саясатының күшейуі, патша әскерінің әскери операциялары, Хиуа жорықтарының тарихы, қазақтар мен башқұрттардың өзара қарым-қатынасы, отарланған Қазақстанның табиғи байлықтарын игеру Грузияның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында сақталған құжаттарда көрініс тапты. Бұл мұрағатта Кавказдағы азаматтық бөлімді басқарушының Бас басқарма Кеңсесі бастығының (1859-1883 жж..),  Кавказ археографиялық комиссиясының (1864-1917 жж.), Кавказ әскери округінің Әскери-тарихи бөлімі штабының (1865-1918 жж.) және Орынбор генерал-губернаторының құжаттары (жарлықтар, хат алмасулар, есептер, циркулярлар) сақталған.

Белоруссия аумағында 1941-1945 жылдары қазақстандықтардың партизан қозғалысына қатысқандығы туралы құнды мәліметтер Белорусь Республикасының Ұлттық мұрағатында сақталған.

Қазақстанның қазіргі (жаңа) заман тарихына қатысты құжаттар жинағы Стэнфорд қаласының (АҚШ) мұрағатында табылған. Олардың арасында 1916 жылғы оқиғадан кейін Қытайға қашқан қазақ-босқындар туралы деректер бар. Большевиктердің ұлттық республикалар халқына қарсы жазалау саясаты, ГУЛАГ жүйесі туралы айғақтар да бар. Мұрағат қорларында Т. Рысқұловтың «Революция и коренное население Туркестана» (Ташкент, 1925) атты еңбегі сақталған.

Шетел кітап қоймаларының қорларынан анықталған деректерді бөліп көрсету орынды. Олар: Ватиканның Апостол кітапханасы, Британия кітапханасы, Оксфорд университетінің кітапханасы, Берлин мемлекеттік кітапханасы, Неміс кітапханасы (Франкфурт-на-Майне), Араб қолжазбалар институтының кітапханасы (Египет), Испания Ұлттық кітапханасы, Римнің Орталық ұлттық кітапханасы, СУАР Қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми кітапханасы және басқалар.

«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының кезекті 8 томы мемлекетіміздің тарихи жолының толық бейнесін жасауда Қазақстан ғалымдарына бағдаршам болады деген үміттеміз.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР