Тіркелу   Забыли пароль?


«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында (ХІХ-ХХ ғғ.)». VII том. Ақпараттық анықтамалық.




Орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында (ХІХ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының  VII томы ( І, ІІ бөлімдер) жарыққа шықты.

Тарихшылардың алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі ғылыми міндеттерді шешуде жаңа концептуалдық бағыттар мен тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі, сондай-ақ тарихи білім саласындағы мұраның обьективті-сыни талдауын жүргізу болып табылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин 2013 жылдың 5 маусымындағы Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі барысында өткен дәуірге әділ де шынайы баға беру өз бабаларымыз алдындағы тікелей парызымыз болып табылады деп атады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры соңғы жылдардағы мұрағатшылар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған еңбектерінің нәтижесінде, яғни алыс және жақын шетелдердің мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекемелерінен, мұражайлары мен кітапханаларынан анықталған және сатып алынған өткенді шолатын құжаттық деректермен айтарлықтай толықты.

Сіздердің назарларыңызға Отандық тарихқа қатысты мұрағаттық дереккөздерді анықтау, оларды өңдеу және ғылыми айналымға енгізу жолымен тарих ғылымының құжаттық негізін молайту мақсатында Археография және деректану ұлттық орталығы әзірлеген «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында (ХІХ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының 7 томын ұсынып отырмыз.

Еліміздің мұрағатшылары мен ғалымдарының Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттарды анықтау бойынша ғылыми ізденістері Қазақстан Республикасы мұрағаттарын Өзбекстан Республикасының мұрағат қоймаларынан анықталған құжаттармен толықтыруға мүмкіндік берді.

Анықтамалықтағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ташкент облыстық  және қалалық мұрағаттық қорларынан анықталған құжаттық деректерде ХІХ ғасырдың соңындағы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның және оған көршілес аумақтардың саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының әр алуандығы жан-жақты көрсетілген.

Қазақстан тарихын зерттеушілердің қызығушылығын тудыратын деректер Өзбекстан мұрағат қорларынан анықталған Қазақстан аумағын Ресей империясы құрамына енгізудің соңғы бір демі болған Түркістан генерал-губернаторлығын құрудың алғышарттары мен процестері туралы құжаттар болып табылады.

Осыған байланысты отарлау кезеңіндегі отандық тарихтың көптеген беттерінен көрініс тапқан Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінің материалдарын ерекше атауға болады. Мысалы, өлкені басқару жүйесінің эволюциясы; Түркістан өлкесінде әскери округтердің құрылуы; жергілікті тұрғындарға салық салу; қазақ даласындағы патшаның аграрлық саясаты; көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру туралы; Сырдария облысындағы 1887-1888 жж. қысындағы жұттың беймәлім беттері; дін және білім саласындағы самодержавияның саясаты; құқық саласындағы реформалар; 1880 жылдың соңындағы Қытаймен шекараны күшейту.

Кеңсе құжаттарынан ХІХ ғасырдың соңында – ХХ ғасырдың басындағы патшаның қоныс аудару саясатына, бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі жергілікті халықтың жағдайына, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты оқиғалар тарихын толықтыруға мүмкіндік беретін деректер табамыз.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР