Тіркелу   Забыли пароль?


«Трагедия казахского аула. 1928 – 1934». 1 Т. Құжаттар жинағы.




«Трагедия казахского аула. 1928–1934» құжаттар жинағының бірінші томы баспадан шықты.

Қолдарыңызға алып отырған басылым Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы аясында жарыққа шығып отырған көп томды деректі сериялық басылымның бірінші томы болып табылады. Басылымды Археография және деректену ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының мұрағатшыларының ұжымы жарыққа шығарды. Табылған деректер кешені қазақ ауылдарындағы жантүршігерлік апат мемлекет тарапынан алдын-ала келісіп-пішілгенін дәйекті түрде айғақтайды. КСРО халықтарына ортақ трагедия 1930 жж. басындағы миллион адамның өмірін жалмаған ұлы ашаршылықтың  Қазақстанда өзіндік ерекшеліктері болды.

   Сериялық басылымның «Трагедия казахского аула. 1928 – апрель 1929» атты бірінші томында тұқыртылған ЖЭС кезеңіндегі Қазақ АССР-і жайында, әкімшілік – командалық басқару жүйесіне көшкені туралы, жеке меншіктің тартып алынуы жайлы құжаттар жарияланған. Қазақстанда бірінші кезекте байлар мен меншік иелерінің дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылды. Басылым мақсаты – И.В.Сталин мен оның маңындағылардың халыққа жасаған теріс саясатының нәтижесінде өрбіген ашаршылық себебін құжат тілімен оқырмандарға жеткізу.

Қолдарыңызға тиіп отырған басылымдағы жариялауға алынған құжаттардың түгелге дерлігі ғылыми айналымға бірінші рет еніп отыр. Өткен ғасырдың соңы мен қазіргі ғасырдың басында құпиялық таңбасы шешілген сирек кездесетін мәліметтер: республика жағдайы мен аймақтар жайлы көлемді шолулар (БМСБ ҚАССР УӨ шолулары мен ақпараттық мәлімдемелері), орталық тапсырмасын орындағаны жөніндегі есептер мен анықтамалар, азаматтардың әр түрлі билік құрылымдарына арыздары мен өтініштері бар. Құжаттардың басым бөлігі «құпия» және «аса құпия» таңбасымен мөрленген.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР