Тіркелу   Забыли пароль?


Орталық қызметкерлері Қалмақ Республикасының Ұлттық мұрағатында




2013 жылдың маусым айында Археография және деректану ұлттық орталығы қызметкерлері Б.Т Жанаев пен т.ғ.к. И.В. Ерофеева Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды анықтау мақсатында Қалмақ Республикасының Ұлттық мұрағатына (Элиста қаласына) ғылыми іссапармен барды.

Қазақстандық тарих ғылымында қазақ-қалмақ қарым-қатынасы мәселесі өте аз зерттелген тақырып. Осы уақытқа дейін Қалмақ Республикасы Ұлттық мұрағатының құжаттық материалдары қазақстандық зерттеушілердің зерделеуінен тыс қалып келген. XVII-XVIII ғғ. қазақ және қалмақ халықтарының әскери қақтығыстарының ғана емес, дипломатиялық және гуманитарлық өзара қарқынды байланыстарының кезеңі болып табылады. Бұл жөнінде ағымдағы жылдың маусым айында Археография және деректану ұлттық орталығы қызметкерлері Б.Т Жанаев пен т.ғ.к. И.В. Ерофееваның Қалмақ Республикасының Ұлттық мұрағатына (Элиста қаласына) жасаған ғылыми іссапарының нәтижесі айғақтайды. Іссапар барысында Ұлттық орталық қызметкерлері қалмақтардың Еділ-Жайық өзендері аралығынан 1771 жылдың қысы-жазында Синьцзянға жаппай қоныс аударғанға дейінгі қазақ-қалмақ қарым-қатынастары туралы XVIII ғасырдағы мұрағаттық құжаттардың едәуір кешенін анықтады.

Анықталған құжаттар кешенінің арасындағы маңызды дерек ретінде қазақ хандары Әбілхайыр мен Әбілмәмбеттің, сондай-ақ Орта жүздің әйгілі тарханы және батыры Жәнібек Қошқарұлының (1751 ж. қаза болған) қалмақ ханы Дондук-Дашиға (1741-1761) жазған хаттарын атауға болады. Бұл құжаттар ағымдағы жылы шығарылатын «Эпистолярное наследие казахской  правящей элиты. 1675-1879 гг.» атты екі томдық  құжаттар жинағында, сондай-ақ ««Между всеми старшинами знатнейший». История жизни и деятельности первого казахского тархана Жанибека Кошкарулы» кітабында жарияланады.

Сонымен қатар Қалмақ Республикасы Ұлттық мұрағаты басшылығымен келесі жылы «История Казахстана в документах и материалах» атты альманахтың төртінші шығарылымында XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ қарым-қатынастары туралы профессор Н.Н. Пальмовтың жарияланбаған еңбектерін бірлесіп жариялау туралы келісімге қол жеткізілді.

Н.Н. Пальмовтың жеке қорынан анықталған материалдардың маңызды ерекшелігі сол, ол екі көршілес көшпелі халықтың арасындағы өзара жан-жақты қарым-қатынасты айғақтайтын қазақ көшпенділері басшыларының қалмақ билеушілерімен серіктестік және династияаралық байланыстарының бұрын белгісіз болып келген көптеген аспектілерінің көрініс беруі болып табылады.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР