Тіркелу   Забыли пароль?


«История Казахстана в документах и материалах» альманахы. ІІ шығарылым.




Орталықта «История Казахстана в документах и материалах» алманахының ІІ шығарылымы жарыққа шықты. Құрастырушылар: Ерофеева И. В., Жанаев Б. Т., Самигулин И. М.

«История Казахстана в документах и материалах» альманахы екінші шығарылымының мазмұнын Ресей империясының Сыртқы саясаты мұрағаты, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер мұрағаты, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты, Ресей Ғылым академиясы мұрағатының Санкт-Петербор филиалы қорларындағы түпнұсқа тарихи құжаттар, сондай-ақ 1930 жылдары жекелеген кеңестік газеттер мен журналдарда жарияланған жәдігерлік публицистикалық материалдар құрайды. Альманахқа біздің еліміздің тарихи өткенін зерделеуде бұрын-соңды қамтылмаған және қазақстандық зерттеушілер үшін ұзақ жылдар бойы қол жетімсіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы және тарихи географиясына қатысты жанрлары мен тақырыптары әр түрлі жазба деректер енді.

Басылым жалпы оқырман қауымға ғана емес, тарихшы мамандарға да беймәлім болып келген, кейін Ресейдің белгілі тарихшысы, 1737-1739 жылдары Орынбор комиссиясының бастығы болған В.Н. Татищевтің (1686-1750) Кіші және Орта жүздің басқарушы басшылары мен патша өкіметінің шарттық қатынастарын орнатуға арналған журналдық жазбаларын; Кіші жүздің хан тағына Нұралы сұлтанның әрекеті және Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің сұлтандармен және старшындармен жүргізген келіссөздер журналын; Сарыарқа және Бетпақдала (Т.Ф. Нифантьева және Яковлеваның еңбектері 1843, 1849 және 1851-1852 жж.) бедерлерінің, табиғи ресурстары мен экологиясының ғылымда тұңғыш рет жасалған арнайы топографиялық сипаттамасын, генерал В.А. Перовскийдің Ақмешітке әскери жорығының хроникасы туралы Орынбор шекаралық комиссиясы аудармашысы И.А. Батыршиннің ақпаратқа толы жолсапар күнделігін, Түркістан-Сібір теміржол торабы құрылысы тарихына қатысты, кейін белгілі «Золотой теленок» романанының бір тарауының негізі болған, кеңес әдебиетінің классиктері Илья Ильф пен Евгений Петровтың ертеректегі публицистикалық очерктерін қамтиды. Әр түрлі жылдардағы барлық құжаттар мен материалдар (И. Ильф пен Е. Петровтың шығармаларынан басқасы) бұрын-соңды ешқандай басылымда жарияланбаған, осы басылымда алғаш рет жариялануда.

Қолжазба және басылымдық деректер мәтіндері толық көлемде және түпнұсқаның орфографиясы мен транслитерациясына дәл сәйкестікпен жариялануда. Альманахтағы аталған жеке есімдер, әр түрлі этностық бірліктердің атаулары және географиялық атаулардың жиынтығы басылымда түпнұсқа түрінде сақталған, бірақ құжаттар мәтініне жасалған құрастырушылардың ілеспе материалдарында оларда көрсетілген тарихи есімнаманың, халықтың этникалық және ру-тайпалық топтарының, георгафиялық аймақтар мен қазақ даласының табиғи нысандарының өзіндік дұрыс атаулары берілген.

Тарихи құжаттар басылымы құрастырушылардың кіріспе мақалаларынан және ғылыми түсініктемелерінен тұрады. Осы ілеспе материалдарда авторлар қозғаған қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірі, шаруашылығы, тұрмысы мен мәдениеті және олар жазған Қазақстан аймақтарының көз тартарлық табиғаты мәселелерінің түпнұсқа дереккөздерін зерделеудің тарихы баяндалған; Тиісті кезеңдердегі қызметтік журналдардың, жолсапар күнделіктерінің, топографиялық жазбалар мен публицистикалық очерктердің жазылуының нақты тарихи себептері баяндалған, олардың қазіргі заманғы зерттеушілер үшін тарихи дереккөз ретінде ғылыми-танымдық мәні анықталған. Оқып-білуге құштар оқырман құжаттар мәтініне берілген түсініктемелерден құжаттарда аталған тарихи қайраткерлердің және сол кездегі тағдырлы әскери-саяси оқиғалар туралы көптеген қызықты тың ақпараттар    алады, осы құжаттарда кездесетін, бірақ әлдеқашан ұмыт болған әлеуметтік-тұрмыстық терминдердің мазмұнымен танысады. Сонымен қатар кейбір түсініктемелерде, ресейлік зерттеушілер мен саяхатшылардың төңкеріске дейін шыққан еңбектерінде көрнекті орын алатын Қазақстан тарихы мен тарихи географиясының проблемалық тақырыптары бойынша шығарылым құрастырушыларының жаңа зерттеулерінің нәтижелері баяндалған, бұл альманахтың әлеуетті пайдаланушыларына толық та көп қырлы тарихымызды зерделеуге мүмкіндік береді.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР