Тіркелу   Забыли пароль?


«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының V және VІ томдары жарыққа шықты.




2012 жылдың аяғында Орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында /История Казахстана в зарубежных архивах» ақпараттық анықтамалығының V және VІ томдары жарыққа шықты. Құрастырушылар: Жанаев Б.Т., Сатаева Ж.А., Пәрімбекова К.П., Руайда Б., Ерназаров А.Ә.

Ұлттық орталықта 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен анықталған құжаттарды қамтитын «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда ақпараттық жүйе базасына XVI-XX ғасырлар аралығын қамтитын 41 мыңнан астам мұрағаттық құжаттар тізімі енгізілген.

Осы деректер базасы негізінде Ұлттық орталық 2010 жылы «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының алғашқы екі томын, ал 2011 жылы III және IV томдарын дайындап, жарыққа шығарған болатын.

Ақпараттық анықтамалықтың V томы Қазақстанның Ресей мен Қытай, сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хива хандықтарымен экономикалық-дипломатиялық қарым-қатынасын қамтитын Ресей Федерациясының Омбы және Томск облыстарының мемлекеттік мұрағаттарынан анықталған 4 мыңға жуық құжаттар тізімінен  тұрады. Бұл құжаттар ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның солтүстік аймағындағы болыстар, халқының тұрмыс-жағдайы, салт-дәстүрі және сол кезеңдердегі қазақ жерінде өткен түрлі оқиғалардың сипаттамасы жазылған істерді қамтиды. Сонымен қатар Абылай хан, Құлсары батыр, Кенесары Қасымов, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин сияқты әр кезеңнің мемлекеттік қайраткерлері туралы құжаттар тізбесі бар.

Ал VІ томның негізін Ресей Федерациясының мұрағаттық қорларынан анықталған және сатып алынған XVIII-XX ғасырлардағы құжаттардың (көшірмелерінің) төмендегідей тізбесі құрайды: Ресей кинофотоқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Красногорск қ.), Ресей фоноқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Мәскеу қ.), Мемлекеттік телерадиоқоры (Мәскеу қ.), Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаты, Татарстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, Алтай өлкесінің мемлекеттік мұрағаты, Астрахан, Новосибирск, Түмен, Свердловск (Екатеринбург қ.), Челябі облыстарының мемлекеттік мұрағаттары, Тобол қаласы мемлекеттік мұрағаты, Санкт-Петербор кинофотоқұжаттар Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты.

VІ томдағы бұл құжаттар тізбесі Қазақстан тарихын зерттеу үшін аса маңызды, онда қазақ халқының біртуар ұлдарының өмірі мен қызметтері баяндалады. Атап айтсақ, Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан – халық ақыны және ағартушы Мағжан Жұмабаевты айыптау жөніндегі құжаттар; Челябі облысының Біріккен мемлекеттік мұрағатынан кеңестік арнайы органдардың Әлихан Бөкейхановтың қызметі туралы хабарламалары, Мұстафа Шоқай төрағалық еткен өкіметтің, сондай-ақ Түркістанда құрылған ұлттық өкіметтің құжаттар тізбесі бар.

Ұлттық орталық қызметкерлерінің ерен еңбектері мен ізденімпаздығы нәтижесінде құралған бұл ақпараттық анықтамалық алдағы уақытта еліміздің тарихшыларына, жалпы ғылыми қауымға құжатты іздеп тауып, ғылыми тың деректерді жазуда таптырмайтын қазынаға айналады деген сенімдеміз.

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР