Тіркелу   Забыли пароль?


«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының І және ІІ томы жарыққа шықты.




2010 жылы тамызда Орталықта «Электронды мұрағат» мәліметтер базасы негізінде «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында /История Казахстана в зарубежных архивах» ақпараттық анықтамалығының І және ІІ томы жарыққа шықты. Құрастырушылар: Жанаев Б.Т., Жүсіпов Е.Қ., Исахан Ғ.Т., Пәрімбекова К.П.

Шетел мұрағаттарынан ғылыми-тарихи құндылығы бар құжаттарды іздестіру және сатып алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған Мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасымен басталып, әрі қарай Қазақстан Республикасында мұрағат ісін және құжаттама жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағлдарламасымен жалғастырылды, сөйтіп мемлекеттік мұрағат мекемелерінің маңызды бағыттарының біріне айналды.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен әзірленіп, қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы мұрағат мұрасын сақтау және көбейту, зерделеу арқылы қазақ ұлтының қайта өрлеуіне жол ашып отыр.

Мұрағатшылар мен ғалымдардың бірігіп күш салуының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Армения, Египет Араб Республикасы, Түркия Республикасы, Франция, Венгрия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Польша, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекеме, мұражай, кітапханаларынан іздестіріліп, алынған қазақ халқының шежіресінен сыр шертетін тарихи, мәдени құжаттық деректермен, қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптармен, басылымдармен толықтырылды.

Іздестіріліп жинақталған құжаттар толық зерттеліп біткен жоқ. Бұл құжаттар әлі талай тарихи тың деректерді жариялауға, талай «құпияларды» ашуға ықпал етпек.

Қазіргі таңда Қазақстан тарихына қатысты жинақталған деректер Археография және деректану ұлттық орталығының біртұтас деректер базасына енгізілді. Сол деректер осы «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» атты ақпараттық анықтамалықты құрастыруға негіз болды.

Ақпараттық-анықтамалық шетел мұрағаттарында сақталған құжаттардың сақталған орны көрсетіле отырып құрастырылған құжаттар тізімінен тұрады.

Сондай-ақ, Тізімнің соңғы бағанында құжаттардың Қазақстандағы сақталу орны да көрсетілген.

Қазақстан аймағын төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдеріне тән басқаруды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты тарихи құжаттардың елеулі бөлігі шектес мемлекеттердің әр түрлі мүрағаттық мекемелерінде қалған. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша неғұрлым құнды деректі материалдар кешені Ресей Федерациясында сақталуы заңдылық.

Ақпараттық анықтамалықтың І томы Ресей мемлекеттік көне актілер мұрағаты, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің Ресей империясының сыртқы саясаты мұрағаты, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы мұрағаты, Ресей мемлекеттік экономика мұрағатында сақталған құжаттар негізінде құрастырылды.

Ақпараттық анықтамалықтың ІІ томы Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей мемлекеттік әскери мұрағаты, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты, Мәскеу облысының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттар негізінде құрастырылды, құжаттар XVI-XX ғасырларды қамтиды.

Анықтамалық тарихшыларға, археографтарға, деректанушыларға және зерттеуші ғалымдарға арналған. 

 

БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР