Тіркелу   Забыли пароль?


Тасилова Н.А. «Материалы по киргизскому землепользованию» дерегінің формасы мен мазмұнын талдау




«МАТЕРИАЛЫ ПО КИРГИЗСКОМУ ЗЕМЛЕИСПОЛЬЗОВАНИЮ...

ДЕРЕГІНІҢ ФОРМАСЫ МЕН МАЗМҰНЫН ТАЛДАУ»

 

 

Тасилова Н. А.,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

тарих факультетінің

деректану және тарихнама

 кафедрасының оқытушысы

 

Кез келген тарихи дерек белгілі бір материалды формада өмір сүреді. Ол ішкі және сыртқы форма деп екіге бөлінеді. Бұл екеуі деректануда бір-бірінен ажырағысыз бірлікте қарастырылады. Сыртқы формасыз ішкі форма, ал ішкі формасыз сыртқы форма да болмайды. Өйткені, олар бірі бірінсіз өмір сүрмейді, шын мәнінде бірі бірінің ішінде сақталады.     Мұндағы деректің сыртқы формасы деп – оның сыртқы безендірілуін, сырт көрінісін, деректің жазылған материалын, сақталу формасын атауға болады. Ал ішкі формасы деп – деректің ішкі құрылымын, мазмұнын, стилін, тілін жатқызуға болады /1/.

            Деректің ішкі және сыртқы формасын анықтау және оған талдау жасау, деректану ғылымында  деректің «ішкі» және  «сыртқы» сыны міндетін атқарады. Сондықтан да деректің құрылымын анықтау, оны нақтылы көрсете білу  деректану ғылымының әдістемесіндегі өзіне тән негізгі талаптарының біріне  жатқызылады.

            Біз бұл мақаламызда ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында қазақ жерлерін зерттеу экспедицияларының нәтижесінде пайда болған көптомдық «Материалы по киргизскому землепользованию...» дерек көзінің ішкі және сыртқы формасын талдап көрсетуді мақсат етіп алдық.

            «Материалы по киргизскому землепользованию...» ең алдымен  екі ғасырдың тоғысындағы бүкіл қазақ қоғамының шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, географиялық орналасуы мен рулық-тайпалық құрылымынан құнды-құнды мәліметтер беретін жазба деректің түрі. Көптеген зерттеушілер бұл деректің мәліметтерін өз еңбектерінде кеңінен пайдаланады, бірақта әлі күнге дейін экспедиция материалдары кешенді түрде деректанулық талдаудан өткен жоқ. Сондықтан да, «Материалы по киргизскому землепользованию» мәліметтерін деректанулық сыннан өткізудің маңызы аса зор екендігін атап өтуіміз қажет. Бұл деректің ерекшелігі мен құндылығын атап айтсақ:

-     Біріншіден, Қазақстан жерін зерттеу экспедициясы аяқталмай-ақ, бүкіл материалдар сұрыпталып, жүйеленіп кітап болып басылып шығуында. Яғни, дерек сол кезеңнен алшақтамайды;

-     Екіншіден, бұл деректің материалдарын кітап етіп құрастырып, баспаға даярлаған авторлардың өздері сол экспедицияның бел ортасында жүріп, басынан соңына дейін қатысқан білімі жоғары зерттеушілер болған. Ол деректің обьективтілігін жоғарылатады;

-  Үшіншіден, дерек басылып шыққаннан кейін қайта өңделмеген, басылмаған. Демек дерек бұрмалаушылыққа ұшырамай, түпнұсқа күйінде жетуімен де ерекшеленеді; 

  Қазақтардың кең даласын зерттеу ең алдымен 1896-1903 жылдар аралығында жүзеге асырылып, Далалы генерал-губернаторлығындағы Ақмола, Семей, Торғай облыстарын қамтыды. Олар 7 жылдың ішінде 12 уезде зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

  Патшалы Ресейдің тапсырмасымен жүргізілген экспедицияны 1896 жылы (мамырда) Воронеж губерниялық басқарманың статистикалық бөлімшесі Федор Андреевич Щербинаның басшылығымен құрды. Осыдан кейін көпшілік осы зерттеу жұмыстарын Щербина экспедициясы деп атап кетті. Бұл экспедицияның нәтижесінде ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы қазақтардың тарихына қатысты құнды да уникальді материалдар жинақталып, 1898-1909 жылдар аралығында «Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінің 12 томы және соңғы 13-қосымша томы жарық көрді.

      «Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінің 12 томы сәйкесінше 12 уездің зерттеу қорытындысы (Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Семей, Павлодар, Қостанай, Қарқаралы, Ақтөбе, Зайсан, Өскемен, Омск, Петропавл уездері) және 13-қосымша томнан тұрады.13-томның құрылымы әлдеқайда  өзгеше, онда  жалпы  бюджеттік  сипаттамалар  берілген.

      Деректің жалпы құрылымы бастапқы экспедицияның бағдарламасында қарастырылған мәселелерге сай келгенімен, әр облыс пен уездің өзіне тән ерекшелігіне сай деректің құрылымы өзгеріске ұшырап отырды. Мәселен, қажетті жағдайларда жаңа кестелер қосылып немесе мәтінде бұрын қаралмаған тақырыптар да әр өлкенің өзгешілігіне сай дерекке қосылып отырған.

      «Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегі әр жылдары жарық көрген 500-700 бет көлемі бар  томдықтар. Бұл деректің кітап болып шығуында да көптеген қиындықтар туындап, жұмыстың тез жарық көруіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ типографиялық базаның болмауы, қаржының тапшылығы, біліктілігі жоғары мамандардың жоқтығы да өз әсерін тигізді. Және де дерекке қажетті материалдардың жарым-жартылай немесе мүлдем дайын болмауы да деректің басылып шығуын тежеді. Кейбір томдары уақыттың тығыздығынан асығыс басылып шығарылды. Сондықтан да бұл деректі пайдаланған зерттеуші осы олқылықтар мен кемшіліктерді ескеруі қажет.

 

«Материалы по киргизскому землепользованию...» - «МКЗ» деп қысқартылған

 

 Бұл деректің әр томының ішкі құрылымында 1) мәтін (қара сөз), 2) кестелер (статистикалық), 3) карталар міндетті түрде кездеседі. Деректің мәтіні бір бағдарламаның  негізінде жоспарланғанымен, бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі құрылымда жазылған.  Мұнда әр уездің тарихи сипаттамасы, жер пайдалануы, территориясы, географиясы мен табиғи ерекшелігі, ру-тайпалардың орналасуы мен көшіп-қонуы, ру-тайпалар кестесі, уездердің шаруашылығы мен басқа уездерден ерекшелігі туралы жазылған. Содай-ақ, әр томның мәтінінде міндетті түрде жер пайдалану формалары, жер өңдеуі, мал шаруашылығы, қолөнері, аренда және уездердің тарихы беріледі. Әрине, деректе кездесетін мазмұндық сәйкессіздіктер біздің ойымызша әр уездің өзіндік ерекшелігіне және мәтін авторына байланысты болған.

            Жалпы «Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінің барлық томдары тек жеке бір ғана адамдың еңбегі емес, ол экспедицияға қатысушы барлық қызметкерлердің ұжымдық еңбектерінің жемісі.

Экспедиция материалдарының ең маңызды бөлігі деректің бас жағында «Алғы сөз» (Предисловіе) деп аталатын кіріспесінде. «Алғы сөздің» маңыздылығы  онда әр уездің өзіне сай ерекшелігі басшылыққа алынып, жүргізілген барлық зерттеу жұмыстары, олардың әдіс-тәсілдері, әдістердің өзгеруі, экспедиция құрамы, зерттеу барысында кездескен қиындықтар мен олқылықтар және т.б. мәліметтерді  анықтау үшін құндылығы зор. Бірақта «Алғы сөздің» өзі әр томда көлемі, мәлімет беру сипаты, ішкі мазмұны мен құрылымы бір-біріне ұқсамайды. Өйткені, оны құрастырушы авторлардың өзі әртүрлі зерттеушілер болды.

«Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінің екінші бөлігі кестелерден (таблицалар) тұрады. Кестелер әр томда міндетті түрде кездеседі. Сонымен қатар, әр бір зерттеуге ұшыраған уездің өзіндік ерекшелігіне сай басқа да кестелер қосылып отырған. Олар төмендегі 3-кестеде көрсетілген.

        Бұл кестелер жер өлшеушілер мен статистиктердің белгілі бір практикалық міндеттерін жүзеге асырудағы қажеттіліктерінен туындаған. Сондықтан деректе бір-біріне ұқсамайтын кестелер де кездеседі.

  Негізінен кестелерде статистикалық материалдар сақталған. Статистика сөзі – қоғамдық өмірдің техникалық-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени құбылыстарының сандық заңдылықтарын олардың сапалық мазмұнымен тығыз байланыстыра отырып сипаттайтын информация алу, өңдеу және талдау жөніндегі қоғамдық қызмет түрі /2/. Сонымен қатар, халық шаруашылығында маңызы бар жедел есеп-қисап жолымен алынатын барлық ақпарат статистика көмегімен өңделіп, талдауға түседі. Статистикалық ақпарат ең алдымен жинақталады (анкета, сауалнама, карточкалар арқылы), одан кейін өңдеу және талдау жұмыстары жүргізіледі. Ол жұмыстар бірыңғай принцип, ортақ бағдарлама мен методологияға негізделіп жүргізіледі. Бұл статистикалық материалдарды Ресейдің белгілі статистик мамандары жинақтаған. Ол алдын ала дайындалған бағдарламаның негізінде жүзеге асырылған. Бұл статистикалық зерттеу экспедициясының сол кезеңдегі құрастырылған бағдарламасы мен зерттеудің түрлі әдіс-тәсілдері кейінгі жүргізілген зерттеу жұмыстарына негіз болды. Экспедиция бағдарламасы деректің 1898 жылы жарық көрген 1-томында кездеседі /3/. Жалпы бағдарлама 17 тараудан және оларда қарастырылатын 93 кішігірім сұрақтардан тұрады. Оның ішінде а) рулық бастама; б) шаруашылық ауылдардың тарихы; в) жерді иелену формалары; г) мал шаруашылығы және т.б. жалғасып кетеді. Бұл бағдарламаның бүкіл деректің мазмұны, мақсаты үшін маңызы зор болғандықтан біз оны келесі мақаламызда қарастырамыз.

«Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінде кездесетін карталардың деректік маңызы өте зор /4/. Олар тарихи деректердің ішінде ерекше, әрі әлі де зерттелмеген дерек түріне жатады. Оған бөлек аймақтар мен облыстар, уездер, қалалар және белгілі бір территорияның картасы жатқызылады. Қазақ жерлерін зерттеген экспедиция мүшелерінің ішінде арнайы уездер мен болыстарды картаға түсірген топографтар болды. Бұл экспедицияда олардың рөлі өте зор еді. Деректегі карталарды 1) ру-тайпалардың орналасу картасы; 2) уездердің жалпы картасы; 3) зерттеліп жатқан уездегі болыстар мен ауылдардың картасы деп бөліп қарастыруға болады. Қазақстанның сол кезеңдегі территориялық бөліністі, ру-тайпалардың қоныстанған жерлерін анықтау үшін бұл карталардың маңызы зор. Ол туралы  экспедиция басшысы Ф.А.Щербина «До работь экспедиціи так же не существовало никакихь матеріаловь по этому предмету. Схематическія чертежи площадей фактическаго киргизскаго землепользованія и во многихь случаяхь болье или менье точное нанесеніе такихь площадей на карты Военно-топографическаго Отдела дали возможность какь для приблизительнаго исчисленія распределенной между отдельными общинами земли,  так и для правильной постановки дальнейшихь работь землеустроительныхь чиновь вь этомь направленіи»,- /5/ деген болатын. 

«Материалы по киргизскому землепользованию...» дерегінің сақталу формасына тоқталар болсақ, олар ұлттық кітапхананың сирек қорларында кітап және микрофиша түрінде, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының сирек қорлар бөлімінде кітап түрінде сақталған. Ал мемлекеттік орталық мұрағатында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы экспедицияға қатысты материалдар № 25, 454, 457, 29, 643, 479, 184 және т.б. қорларда  сақталған. Олар әлі де деректанулық талдауды және археографиялық жұмыстарды қажет ететіні сөзсіз.

Қорыта келгенде, «Материалы по киргизскому землепользованию ...» арнайы ғылыми түрде зерттелмеген үлкен деректер кешенін құрайды. Оларды жүйелеп, деректанулық талдаудан өткізіп, практика жүзінде пайдаланудың маңызы зор.

 

1.   Пушкарев Л.Н. Классификация русских письменных источников по отечественной истории. Москва., 1975. 87-107 стр.

2.   Қазақ совет энциклопедиясы. Т. 10. Алматы, 1977. 412-413 бб.

3.   Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская обл. Кокчетавский уезд. Т.1. Воронеж., 1898.

4.   Салищев К.А. Основы картоведения. Историческая часть. Москва., 1962; Яцунский В.К. Историческая география. Москва., 1955.

5.   «МКЗ» Акмолинская обл. Кокчетавский уезд. Т.1. Воронеж., 1898. 3 бет.