Тіркелу   Забыли пароль?


Сыдықов Е.Б. Алаш қозғалысы және Семей өңірі.




АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ СЕМЕЙ ӨҢІРІ

 

Е.Б.Сыдықов,

Семей мемлекеттік педагогикалық

 институтының ректоры, т.ғ.д., профессор

Е.Е.Сайлаубай, т.ғ.к.                                                                

 

 

 Семей өңірі қазақ халқының біртуар ұлдары Абай, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов сынды алып тұлғалардың мағыналы өмірлерімен тығыз астасып жатқаны және оның рухани орталығына айналып отырғаны баршаға әбден мәлім. Сонымен қатар, Семей өңірі ХХ ғасырдың бас кезінде ұлттық-демократиялық сипатта Алаш қозғалысының бастау алған аймағына (1905 жылғы Қарқаралы петициясы) және Ресей кеңістігіндегі азаматтық қарсы тұру жылдарында (1917-1919жж.) бүкіл Қазақстан  қоғамының көш бастаушысы болған Алашорданың орталығына айналғаны тарихтан белгілі. Алайда, Алаш және Алашорда қозғалысының шынайы тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңына дейін көпшілікке жария етілмеді. Оның себебі сол кезеңдегі қоғамда үстемдік еткен Кеңес өкіметінің идеологиялық ұстанымдарымен тікелей байланысты болды.

Еліміз алдымен егемендігін жариялап, одан кейін тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұрынғы идеялық шырмаулардан толықтай арылғаннан соң тарихымыздың «ақтаңдақ беттерін» қайтадан қарастыру мүмкіндігі туды. Осы сәттен бастап Алаш һәм Алашорда мәселесін жан-жақты зерттеу мүмкін болды. Тарихшылар қауымдастығы тарапынан осы мәселеге арналған құнды зерттеулер жарыққа шығып, онда Алашорда қозғалысы  мен оның қайраткерлерінің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қызметтеріне шынайы баға беріледі. Алаш қозғалысына елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» деген еңбегінде әділ бағасын беріп, бұл қозғалыстың және оның саяси қайраткерлерінің негізгі мақсат-мүддесі тәуелсіздікке қол жеткізу және демократиялық бағыттағы мемлекет құру болғанын атап көрсетті (1).

Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы-тәуелсіздік идеясы деген ой-пікір берік қалыптасуда. Осы тұрғыда Семей өңірі тарихында өшпес із қалдырған бүкілхалықтық қозғалысқа айналған Алашорданың қоғамдық-саяси қызметтерін және оның жетекші тобы ұлт зиялыларының қоғамдық ұстанымдарын жете білуіміз қажет деп санаймыз.

Ел тарихында жарқын өміріміздің түп негізін қалап берген Алашорда қозғалысы тарихының Семей қаласымен біте қайнасып жатуының деректі дәлелі мол.

Семей облысының жұртшылығына ақпан төңкерісі ерекше серпіліс берді, яғни қоғам өміріндегі жаңа өмірге деген жойқын бетбұрыстар басталды.Семей облысы сол кездегі қазақ қоныстанған тоғыз облыс және Астрахан губерниясына қараған Ішкі орданың ішінде территориясының көлемі жағынан Ақмола облысынан кейінгі екінші орында болса, ал, халқының саны жағынан да Қазақ өлкесінде Ақмола облысынан кейінгі орынды иеленді. Бұл арада есепке тек Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстары алынды. Семей облысы қазақтардың саны мен басқа ұлттармен салыстырғандағы үлесі жағынан қазақ қоныстанған аймақтар арасында бірінші орында болды. Ә.Бөкейхановтың есебі бойынша 1917 жылдың ортасына қарағанда Семей облысында 754 мың қазақ тұрған (2).1917 жылы Семей облысы уездерінің саны бесеу болды. Олар мыналар: Семей уезі (орталығы Заречная Слободка кейін Алаш аталған (1917-1929 жж.)), Павлодар уезі (Кереку), Зайсан уезі (Зайсан), Өскемен уезі (Өскемен) және Қарқаралы уезі (Қарқаралы). Семей облысы ұлттық құрамы жағынан көп ұлтты болды. Жоғарыда айтқандай қазақтардың үлес салмағы басым болған. Оны мынадан байқаймыз: Семей уезінің 59,56%, Павлодар уезінің 58,31%, Зайсан уезінің 76,33 %, Өскемен уезінің 54,18% және Қарқаралы уезінің 97,70% қазақтар болған. Жалпы облыс бойынша 67,39% -і қазақтар болды (3).

1917 жылы 5 наурызда Біріккен қоғамдық ұйымдардың Семей облыстық атқару комитеті құрылып, оның құрамына өлкедегі барлық ұйымнан тиісінше мүшелер енді (4). Қырық бір адамнан тұратын осы комитеттің құрамында кейін Аалашордадағы қызметтерімен белгілі болатын Қ.Мұздыбаев пен Б.Сәрсенев бар болғанын байқаймыз. Олар өз кезегінде Заречная Слободкадағы кредиттік жолдастық атынан комитет құрамына арнайы енгізілген.

Сонымен қатар Семей қаласында жаңа саяси жағдайға байланысты осы өңірдің мұсылмандарының қорғанышы болар «Семей мұсылмандар комитеті» де қоғамдық негізде құрылды. Комитет төрағасы болып М.Елшібаев, жолдастары болып Н.Тайыров пен Х.Бектемиров, хатшылары болып В.Сайдашев пен С.Аубакиров, қазынашылыққа Х.Сайдуков сайланды. Бұл комитет Ресейлік мұсылмандар атынан және Семей мұсылмандарының атынан саяси өмірдің барлық ағымдық бағыттары бойынша қызмет ететінін жариялады (5).

            Семей облысының ұлт зиялылары 7 наурызда шұғыл түрде Семей облыстық Қазақ комитетін құрды. Семей облыстық Қазақ ұйымдастыру комитетінің 1917 жылғы 26 наурызда облыстық атқару комитеті атынан жіберген қатынасында (№19) жаңадан құрылған комитеттің құрамы және оның орналасқан адресі көрсетілген. Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы Р.Мәрсеков, төраға серіктері  Х.Ғаббасов пен И.Тарабаев, қазынашы Ә.Молдабаев және хатшылық қызметте Ә.Ермеков болды. Комитет басқармасына мүшелікке С.Сабатаев, Н.Құлжанов, А.Қозыбағаров, Б.Сәрсенев, С.Дюсенбин, М.Малдыбаев, Д.Қияқов, С.Молдабаев, С.Торайғыров және Ш.Керейбаевтар енді. Осы комитет құрамында болған ұлт зиялылары Алашорда кезінде де белсенді қызметтерімен танылады. Семей қаласының 4-ші бөлігі болып саналған Заречная Слободка (қазіргі Жаңа Семей) тұрғындары 28 наурызда жалпы жиналыс өткізіп жергілік қазақ комитетін құрды. Басқарма құрамы төмендегідей болып келді: төраға - Ш.Аллаоңғаров, президиум мүшелері - А.Аңдамасов, М.Тұрғанбаев, К.Көбеков, И.Ахмедиев, Б.Құлғарин, А.Болатқанов, Д.Шүлембаев, Қ.Үкібаев, Ғ.Юсупов, мүшелікке кандидаттар - У.Бестаев, Қ.Таухин, К.Дүйсебаев, О.Алпысбаев, Т.Чиязов, Ж.Достыбаев және С.Тоқымбаевтар бірауыздан басқармаға сайланады (6). Жедел құрылған қазақ комитеті мүшелері Семей облысына қарасты уездерде де қазақ комитетін құру ісіне шұғыл түрде кіріседі. Облыстық қазақ комитеті уездік комитеттер құру үшін өзінің өкілдерін, яғни Халел Ғаббасовты - Зайсанға, Биахмет Сәрсеновты - Өскеменге, Ыдырыс Оразалин мен Құрмаш Есенғұловты – Семейге, Мұқыш Боштаевты Кереку уезіне жібереді. Бұл өкілдердің ұйымдастырушылық қызметі нәтижесінде Қазақ комитетінің уездік, болыстық ұйымдары ашыла бастайды. Нұрмамбет Орманбетов басқарған Қарқаралы уездік Қазақ комитеті де осы мезгілде дүниеге келіп оның құрамына Смахан Бөкейханов пен Жүніс Шоқбаевтар енеді. Семей облыстық Қазақ комитетінің  баспаханасынан «Сарыарқа» газеті шығарылып тұрады. «Сарыарқаның» редакторлары Р.Мәрсеков пен Х.Ғаббасов, бастырушысы «Теңдік» серіктігі болды. «Сарыарқа» газеті 1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында аптасына жазбаша аудармашы қажет болса, Ақмола облыстық Қазақ комитетіне Мұхтар Саматұлы Саматов деген азаматқа жолығыңыздар» - деп  сілтеп, мекен – жайын  көрсетеді (7).

            1917 жылғы маусым айында Семей облысындағы билік жүйесінің қайта құрылуы өтеді. 1917 жылы 11 маусымда (Облыстық атқару комитетінің) Семей облыстық комитетінің мәжілісі өткізіледі. Онда облыстық атқару комитетін қайта құру және қазіргі облыстық атқару комитеті қызметінің тоқтатылатыны, яғни саяси мәселе қаралады. Мәжіліске қатысушылар бірауыздан мынандай шешімге келеді: облыстық атқару комитетінің нысаны «Делегаттар жиналысы» деген атпен қайта құрылады. Қазақ комитеті атынан бұл жергілікті саяси ұйымға мыналар енеді: Абылайханов, Боштаев, Ғаббасов, Дюсембин, Ермеков, Ибраимов, Құлжанов, Қозыбағаров, мәрсеков, Молдабаев, Оразалин, Сабатаев, Сәрсенев, Тарабаев (8).

 Жаңадан құрылған делегаттар тұрақты қызметі барысында саяси маңызы бар мәселелерді көтереді және оған байланысты тиісті шешімдер қабылдап отырады. Облыстық деңгейдегі оқу-ағарту мәселесі жоғарғы басшылық тарапынан тыс қалған жоқ. Оқу-ағарту ісі, нақтылап айтсақ, Семей облысы мұсылмандарына арналған мектеп ашу мәселесі Облыстық комиссариат, Қазақ комитеті, болыстық Мұғалімдер комитеті және Мұсылмандар комитетінің біріккен мәжілісінде кеңінен қаралады. Бұған басты дем берген қазақ комитеті болғанын, облыстық комисариаттың 11 тамызда қазақ комитетіне жіберген (№5080) қатынас қағазы көрсетеді. Онда мұсылман мектептерін облыстық көлемде ашу мәселесін алдын-ала даярлауды облыстағы қазақ қоғамының жетекшісі ретінде қазақ комитетіне тапсырады. Мәжіліс қаулысына сәйкес, біріншіден, жоғары бастауыш  мектептер мына елді мекендерде ашылсын деп ұйғарылады, олар: Зайсан, Өскемен, Заречная (Алаш), Баянауыл және 2 кластық орыс-қазақ мектептерін жоғары бастауыш мектептерге айналдыру ұсынылады. Екіншіден, Заречная Слободкадан мұғалімдер семинариясын ашуды бірінші кезекке қояды, оның басты себебі ретінде бұл бөлімде көшпелі жұртшылықтың басым тұратыны ескеріледі. Үшіншіден, реалды мектеп немесе гимназия ашу, оны 5 кластан бастау сұралады. Төртіншіден, барлық қазақ болыстықтарында бастауыш класс мектептерін ашу және ауылдық мектептерді бірінші бастауыш класс мектептеріне айналдыру ұйғарылған. Бесіншіден, облыс  жұртшылығының медициналық көмектен зәрулігін ескере келіп, Семейде медициналық-фельдшерлік мектеп ашу (1 жылдық курс негізінде) мәселесін сұрау ұйғарылады. Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы мектептерін барлық бес уезде ашуды ұсынады. Сонымен қатар училищелердегі оқыту тілі де қарастырылған. Ана тілінде, әрине оқулықтың жоқтылығына қарамастан қазақ тілі мен әдебиеті және тарихи-этнографиялық пәндері қазақ тілінде оқытылу сақталсын деген Қазақ комитетінің ұсынысы есепке алынады. Бұл қаулы мазмұнынан қазақ зиялыларының ықпалды қызмет еткенін көреміз. Олардың есімдерін атап өткен жөн деп санаймыз. 1917 жылдың 29 қыркүйегіндегі Делегаттар жиналысы мәжілісі хаттамасында оның құрамы көрсетіледі. Онда 44 адамның аты-жөні көрсетілген. Ішінде қазақтардан Ә.Молдабаев, И.Тарабаев, Мәрсеков Р.М., Ғаббасов Х.А., Қозыбағаров А., Н.Құлжанов, Сабатаев С., Сарсенев Б., Ермеков Ә.Ә., Құнанбаев Т.И., Дюсембинов С., Боштаев М., Абылайханов А.С., Оразалин Ы. сияқты белгілі қайраткерлер бар (9).

            Алаш өкілдерінің 1917 жылы қазан айының 8-15 күні басталған Сібір автономистері сьезіне қатысып, онда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Семей облысы атынан және қазақ ұлты атынан сьездің президиумына сайлануы ерекше мән беретін оқиға. Өйткені бұл съезде өзін-өзі басқару формасы, ұлттық, жер мәселесі, жалпы сібірлік экономикалық кеңес құру және тұрақты жұмыс жасайтын орган құру мәселелері талқыланды (10).

            Қазақстанда күз айларынан бастап земстволық жиналысқа гласныйлар сайлады және земство басқармасын құру істері жүзеге асырыла бастады. Земствоны тез арада енгізуді іске асыруда Омбы-Петроград - Омбы-Семей бағыттарында бірнеше дүркін жеделхаттар жөнелтіледі. Нәтижесінде 1917 жылғы қыркүйек айынан бастап земство жүйесі Семей өңіріне енгізіледі және негізгі қызмет бағыттары айқындалады (11).

            Семей облысы тарихында Алаш қаласы тарихының алатын орны ерекше болып саналады. Алаш қаласының өз алдына бөліну процесі 1917 жылдың шілде айынан бастау алды. 1918-1919 жылдары Алашорданың Орталық және Семей болыстық комитеті Семей қаласының Жаңа-Семей бөлігінде (бұрынғы Заречная Слободка) орналасып, өз қызметтерін жүргізді. Семей қаласының бүгінгі Жаңа-Семей бөлігі 1917 жылдың шілдесі мен 1927 жылдың 8 қазаны аралығында ресми түрде Алаш қаласы аталған. Алаш қаласының мәселесі Кеңестік өкімет және антибольшевиктік күштердің саяси билігі тұсында талай рет талқыға түсті. Облыстық қазақ комитеті, Семей уездік земство басқармасы және Алашорданың қолдауымен Алаш қаласы өзінің статусын 1920 жылдарға дейін сақтап келді. Алаш қаласына қатысты стратегиялық жоспарлар Алашорда қайраткерлері тарапынан болғаны сөзсіз. Алаш қаласының орналасқан орны, оның экономикалық потенциалы және жұртшылығы (негізінен қазақтар) маңызды деп саналды. Алаш қаласы алғашында Семей уездік земство басқармасының әкімшілік орталығы болса, кейін Алашорда орталығына айналғанын білеміз. Сондықтан Алашорданың саяси орталығы Алаш қаласы болғанына аса мән беруіміз керек. Алаш қаласының өзінің әкімшілік басқару жүйесі - «Алаш қалалық қоғамдық басқармасы» болды. Бұл басқарма қала жұртшылығының қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінің бет-әлпетін анықтайтын күрделі ұйым болды. 1917 жылғы желтоқсан айындағы қазақ қоғамындағы саяси жаңалық, ол Семей (Алаш) қаласының уақытша Алашорда орталығы болып жариялануы. Алаш қаласы сол кездегі Қазақстанның саяси орталығына айнала бастады(12).

            Қазан-қараша айларындағы Ресейдегі саяси өзгерістер, Алаш қозғалысы мен Алаш партиясының қайраткерлеріне жаңа міндет жүктеді. Қазақ қоғамының болашағы үшін жетекші саяси күш ретінде жауапкершілікті өз мойындарына алды. Қазақ саяси партиясы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында 43 депутат сайлауға жетіскен Алаш қайраткерлері іле-шала Алашорда үкіметін құру іс-әрекетіне кірісті. Негізінен, Құрылтай жиналысында сайлау науқаны мен 2-ші жалпықазақ сьезін шақыруды ұйымдастыру жұмыстары қатар жүргізілді.

 1917 жылғы Ресейдегі қазан төңкерісінің салдары Алаш қозғалысы қайраткерлері Қазақстан өлкесіндегі бүкіл қоғамдық-саяси жағдайларды ескере отырып, дербес мемлекеттік құрылым құру керектігін жете түсінген. Сонымен, іргелес аймақтарда қалыптасқан саяси жағдайлар, Алаштың  қайраткерлеріне саяси өмірдің шым-шытырман қойнауынан қазақ қоғамын сүріндірмей алып шығу міндетін жүктеген еді. Міндетке міндет қосылып жатқан шақта өткен 2-ші жалпықазақ сьезі 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өтіп, онда Алаш автономиясы мен Уақытша Ұлт Кеңесі «Алашорда үкіметін» құру жөнінде съез қаулысы қабылданды (13). Сөйтіп, 1918 жылдың қаңтар айының 28-де «Сарыарқа» газеті (Семейде 1918 жылы шығып тұрған) арқылы Екінші Жалпықазақ съезі қаулысына сәйкес ұлттық-территориялық алаш автономиясы мен Уақытша Ұлт Кеңесі «Алашорданы» ресми тұрғыда жариялады. Алашорда қозғалысының басшылығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев, Райымжан Мәрсеков, Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Жақып Ақпаев, А. Қозбағаров сынды ұлт зиялылары тұрды.

1918 жылғы 28 қаңтарда «Сарыарқа» газетінің №28 санында Қазақ автономиясы мәселесіне байланысты екі бірдей мақала жарық көрді. Бірінші мақаланы «Жасасын, Алаш жасасын» деген атпен Әлімхан Ермеков жариялатты. Қазақ автономиясы қандай сипатта болу керек деген сұрауға осы мақаладан жауап аламыз. Енді осы мақаладан үзінділер келтірейік: «Декабрьдің 13-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. ...Жерге, мүлікке ие болып, жұрт қазынасын молайтуына, мәдениет жолында ұмтылып ілгері басу үшін, халықтың ұлттығын, дінін сақтап, әдебиетін түсіндіріп, ғылымын арттырып, адам тарихының бетінен орын алып, ат қалдыруына баршасына автономия қазақ болып табылады». Екінші мақала авторы Халел Ғаббасов екінші жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес Алаш автономиясының ресми түрде жарияланғанын былай деп жария қылады: «Сөйтіп, Алаш туын көтеріп, Алаш ордасын тігіп отырмыз. Келесі басты мәселе Алаш автономиясының мемлекеттік құрылымы мен қызметі болды». Осы туралы Х.Ғаббасов былай деп түсіндіреді: «Қазақ-қырғыздың уақытша үкіметі - «Алаш-Орда» Алаш қаласына келіп, Алаш автономиясын жариялағаннан кейін қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміздің осы деп сеніп, ант беріп, үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек. Жұрт жұмылуының белгісі осы». Х.Ғаббасов Алашорда басшыларының бірі ретінде саяси жарияланымды жалынды жолдармен былай деп аяқтайды:

«Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз!

Енді ешкімнің Алашты

Қорлығына бермейміз!!

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз,

Жасайды Алаш, өлмейміз

Жасасын Алаш, жасасын!»

1918 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Семей облысындағы саяси хал-ахуал шиеленісті түрде дамыды. Кеңес өкіметі Қазақстанда кеңестік билікті тұрақтандыруда Алашордамен болатын келісімнің басты рөл атқаратынын айқын сезінді. 1918 жылғы ақпан-сәуір айлары  аралығындағы Кеңес өкіметі мен Алашорда үкіметі арасындағы келіссөздер ешқандай нәтиже бермеді. Кеңес өкіметі ұлттық мақсат-мүддені қорғап, дербес автономияны баянды қылуда басым позиция ұстанған Алашордамен ымыраға келе алмады. Алашорда  үкіметі Кеңес өкіметі талап еткен саяси талапты, яғни Кеңес өкіметін толықтай мойындауға бармады. Кеңес өкіметі мен Алашорда үкіметі арасындағы келіссөздер Семей қаласында орналасқан Алашорданың орталық үкіметі атынан жүргізілді және нәтижесіз аяқталды (14).

            Алашорданың 1918 жылғы маусым төңкерісінен кейін  өз жұмыстарын жалғастырған қоғамдық-саяси ұйымдармен байланысы үздіксіз жүріп жатты. Аталған ұйымдар ресми билік иесі Уақытша Сібір үкіметін мойындап, оның қызмет жүйелерін қалыптастыруға белсене араласты. Земство, қалалық Дума тарапынан Алашордаға қатысты оң көзқарас байқалды, өйткені бұл ұйымдардың мүшеліктерінде Алашорда мүшелері жеткілікті болды. Саяси процестер барысында халық жиналысы (земство) өкілеттілігі арта түсті. Оны өз тарапынан Алашорда тиімді түрде пайдаланып отырды. Әсіресе, Алашорданың әскери саладағы қызметі земстволық басқармалар тарапынан қолдау тауып отырды. Оны Алаш атты әскерінің жасақталуы негізіндегі қарым-қатынастарынан айқын байқаймыз (15).

            1918 жылдың маусым айында Орталық Алашорда комитеті атынан бірнеше қаулылар қабылданды. Қаулылар Алаш автономиясының негізінде Кеңестік билік күші жойылғандығы туралы, Алаш автономиясы жерінде земствоны қайта енгізу, Алашорданың әскери кеңесін құру және оның соғыс жағдайындағы негізгі қызметі әскери жасақтарды құру туралы, Алашорданың облыстық және уездік комитеттерін құру туралы, мемлекеттік салық туралы, қазақ соты мен тергеу комиссиялары туралы болып келді. Бір сөзбен айтқанда кең ауқымда мемлекеттік іс-әрекеттер жүйесі түзілді және оған қатысты, тиісті нұсқаулар берілді. Осы құжаттарға  Алашорда төрағасы ретінде, мүшелер ретінде М.Тынышбаев және Х.Ғаббасовтар қол қойған. Сөйтіп, Алашорда Алаш автономиясының іс-жүзіндегі саяси өмірінің бастапқы көріністерін құжатта негіздеп берді (16).

            Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің соғыс жағдайына бет алуына қарай Алашорда әскерін жинақтау ісі қазақ өлкесінің әр аймағындағы әр түрлі уақытта іске асырылды және ұзағырақ мерзімге созылды. Оны Семейдегі Алашорда әскерінің құрылу тарихынан  анық байқаймыз. Семей облысындағы Алашорда әскері 1918 жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында жасақтала бастайды (17).

            Семейдегі Алашорда әскерін жасақтауда Алашорда төрағасы Ә.Бөкейханов, үкімет мүшелері М.Тынышпаев, Х.Ғаббасұлы, А.Тұрлыбаев, Б.Сарсенев, Семей уездік земстволық басқарма төрағасы А.Қозбағарұлының белсенді іс-әрекетін көреміз. І Алаш далалық атты әскер полкі командирі капитан Х.Тохтамышевтың қазақтан шыққан әскери маман ретінде ұлттық әскерді қалыптастырудағы қосқан зор үлесі болғаны даусыз.

            Бірлескен комиссия шешімі бойынша Алашорда әскері Сібір Армиясының құрамдас бөлігі ретінде қаралды. Бұл шешім 1918 жылдың маусым айынан басталған Алашорда әскері мен Сібір армиясының өзара тығыз байланыстарын заңдастырып берді. Сібір армиясының  Семейдегі әскери штабында Алашорда өкілдігі болған. Алғашқы Алашорда өкілі болып  Ахмет Байтұрсынов қызмет жасаса, кейін  оның Торғайға кетуіне байланысты Ә.Сәтбаев әскери штабта өкілдік қызмет атқарды деуге болады.

            Семейде құрылған І Алаш далалық атты әскер полкінің жауынгерлік істерін сөз етсек, алғашқы қазақ отрядын бар жоғы 52 қазақ жауынгері және 21 орыс офицерлері құрады. Кейінгі жасақталған Алашорда әскері 700 қазақ жігіттерінен тұрған және 21 орыс офицерлері болған. Алашорда әскерінің жауынгерлері қарапайым әскери марш әндері арқылы елі мен жері үшін тек күреске дайын екендіктерін анық жеткізеді.

            Қазақ өлкесінде 1917-1919 жылдары елеулі түрде роль атқарған Алашорда үкіметінің тарихи қызметі бұрынғы Ресей империясы кеңістігінде пайда болған барлық дерлік саяси күштермен қарым-қатынас жасаудан түзілді және өлкедегі ішкі жағдайлардан туындалған мәселелерді шешуге бағытталды. Өзгермелі қоғамдық-саяси өмірде Алашорда қайраткерлері саяси тарих сахнасына бірінен соң бірі көтерілген Сібір облыстық советі (Сібір автономиясы, желтоқсан 1917 жыл - қаңтар 1918 жыл), Самара Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч, маусым-тамыз 1918 жыл), Уфа директориясы (қыркүйек-қараша 1918 жыл), Колчак үкіметі (қараша 1918 жыл - желтоқсан 1919 жыл), Кеңес Өкіметі (наурыз-сәуір 1918 жыл және сәуір 1919 жыл - наурыз 1920 жыл) сияқты ресейлік саяси күштермен байланыстарында Қазақстан халықтарының мүдделері тұрғысында дербес саяси күш ретінде келіссөздер жүргізді. Алаш қайраткерлерінің түпкілікті пікірінде Алаш автономиясы Алаш партиясының  жобалық бағдарламасында көрсетілген бірінші бапқа сәйкес жаңадан құрылатын (Құрылтай жиналысында) Ресей демократиялық федерациясы құрамында автономия болуы міндетті шарт болды және осы көзқарасты  ресейлік саяси күштермен байланыстарында ұстанды.

            Елі мен жері үшін күрескені Алаш азаматтарына тән қасиет - отаншылдық рухы  қазақ елінің әр замандағы қиын-қыстау сәтінде ерекше жарқырай көрінген феномені  - Алаш һәм Алашорда қозғалысының Ресейлік-Кеңестік күштеу саясаты салдарынан тарихтың сахнасынан тайдырылған кезінде де жарқын көрініс бергенін тарихтан білеміз.

            Бүгінгі Қазақ елінің тәуелсіздікке ие болуының түп-тамыры Алаш қозғалысынан бастау алады деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, алаш зиялылары мен қайраткерлері бастап берген сара жол қазақ қоғамының өсіп-өнуіне, өрлеуіне және ұлт, халық ретінде сақталуына бағытталған айқын жол болды. Оны бүгінгі Қазақстан  Республикасы келбетінде анық көреміз.

            Алашорда қозғалысының қазақ мемлекеттілігін баянды ету жолындағы күресі, Евразия кеңістігінде сол заманда орын алған қоғамдық-саяси және әскери-экспансия салдарынан жүзеге аспағаны – бұл қозғалыстың тарихы сонымен аяқталды деген ұғымды қалыптастырмайды. Керісінше, асқақ рухты қазақ халқының ұлтжанды зиялыларының және олар құрған Алашорда үкіметінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өрістерді жан-жақты дамытуға, оларды тұрақтылық сипатында қалыптастыруға бағытталған іс-әрекеттері мен қызметтері бүгінгі қоғамға тән демократиялық үрдістердің толық нышандарын қамтығандығын бүгінде біз нық сеніммен айта аламыз.

 

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра, 1999. -163-180 б.

2. «Қазақ» газеті. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 411 б.

3. Бекмаханова Н.Е. Многонациональные народы Казахстана и Киргизстана в эпоху капитализма (60-годы ХІХ в-1917г.). Москва, 1986. - 180-181 с.

4. Бюлетень Семипалатинского исполнительного комитета. 7 марта. 1917 года. - №1.

5. Бюлетень Семипалатинского исполнительного комитета. 25 марта. 1917 года. - №19.

6. ҚР ОМА. 15-қ. - 2-т. - 423-іс. -19, 26-28 п.

7. Сарыарқа. 19 маусым.1917ж. №2.; «Қазақ» - 12 сәуір. 1917ж. - №225.; Субханбердина Ү.Х. Қазақ.Алаш.Сарыарқа. Алматы,1993.16б.

8. Воля народа. -№11. 18.06.1917.;  №12. 20.06.1917.;

9. ҚР ОМА. 15-қ. -2-т. -422-іс. -113-114, 119-п.

10. Сибирская жизнь. -1917.8, 11, 17, 21 октября.

11. ҚР ОМА. 992-қ. -1-т. -4-іс. - 45-48п.; Свободная речь. -1917. - №24, 92, 116.; БөкейхановӘ. Шығармалар.-Алматы: Қазақстан, 1994. - 232-233б.; Сарыарқа. - 1917.-№23.; ШҚО ЖТҚО. 37-қ. -т-1. -1-іс -13-14, 22, 29-30-п.; 3-іс -4-5, 24-25п.; 53-іс.-13-119п.; 98-іс. -2-13-п.

12. ШҚО ЖТҚО.133-қ. -1-т. 2-іс.; Воля народа. -№36.20.07. 1917.; 98-іс.-2,13-п.

13. Қ.Мұхаметқанұлы. «Екінші жалпықазақ сьезі (1917ж.) туралы.» //Семей таңы.-1991.17.12.

14. Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: «Ататек», 1995.; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.-Алматы:«Санат»,1995.; Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движение Алаш.-Москва:НЦ«Россия молодая»,19 94.

15. ШҚО ЖТҚО.37-қ. -1-т. 126-іс. 2-п.

16. Алаш-Орда. /Сост.Н.Мартыненко/. Алма-Ата:«Айкап»,1992.

17. ШҚО ЖТҚО.37-қ. -1-т. 126-іс.