Тіркелу   Забыли пароль?


Садықов Т.С. ГУЛАГ және Қазақстан қасіреті.




ГУЛАГ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ҚАСІРЕТІ

 

Т. Садықов,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

 Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.

 

Тәуелсіз Қазақстанның  он алты жылға жуық өмірінде баспасөз беттерінде, ресми басылымдарда өткен тарихтың өзекжарды тақырыптардың бірі, кешегі Кеңес дәуірінде адамдардың тағдырын күрт өзгерткен лагерлер жүйесі туралы көптеген мақалалар жарық көре бастады.  Тарих бетіндегі тағы бір «ақ таңдақтың» зерттеушілерден тиісті объективті бағасын алатынына бүгінде ешқандай күмән жоқ сияқты.

Өткен кеңестік дәуірдің ірі құрылыстардың бірі – «Мыс алыбы» атанған үлкен Жезқазған  мыс өндіру кешенінің дүниеге келуі мен лагерлер жүйесінің арасындағы байланыс айтылмай келген тарихи ащы шындықтың бірі еді. 90-шы жылдардың басында басталған қоғамымыздағы түбегейлі өзгерістер, Қазақстанның дербес тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы қоғамдық ғылымдарды, соның ішінде тарихты, идеологиялық құрсаудан босатты. Қоғамдық-саяси өмірде басталған соны серпілістер зерттеушілердің коммунистік партия, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ішкі істер бөлімдері сияқты бұрынғы кеңестік дәуірдің жабық мемлекеттік саяси ұйымдардың архивтерінде «құпия», «өте құпия», «аса құпия» белгілермен сақталынған өте маңызды құжаттарға қолдарын жеткізді және солар арқылы тарих бетіндегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік жасады.

Орталық Қазақстан өнеркәсібінің қалыптасуы туралы соңғы кезге дейін жарияланып келген ресми хабарламаларға, кейбір зерттеулерге назар салып, талдап қарайтын болссақ, оның 20 жылға жуық тарихы көрінбейтін бір пердемен бүркелемелеп қойған сияқты әсер қалдырады. 1928 жылдың 16 қыркүйегіндегі Қарсақпай заводының балқыту пеші іске қосылып, 19-қазанда еліміз алғашқы Қарсақпай мысын алды. Одан әрі іске қосылып өндіріс орындары мен өнеркәсіп объектілері туралы қысқаша хабарламалардан басқа мардымды ештеңе таппайсыз. Ал, осы ірі құрылыстардың өмірге қалай келгені, кімнің күшімен іске қосылғаны т.б. деректер мүлдем жұмбақ болып келді. Себебі, сол кезде кеңес халқына алапат болып жабысқан, жаппай саяси қуғын-сүргіннің лагерьлік жүйесі Қазақстанға оның ішінде мысты өңірге де келіп жеткен болатын. Алып құрылыс осы саяси жүйенің құрбаны болған ондаған мың адамның қолымен салынды.

Кешегі жаппай ұжымдастыру кезіндегі ұрда-жық саясаттан зардап шеккен Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін жаңа тәубәт басталды. Асыра сілтеушіліктен 3 млн-ға жуық халқының айырылған қазақ жері тағы бір сынды басынан кешірді. Жергілікті тұрғындардан босаған аймақтарға лагерь тұтқындары орналастырыла батады. Оларды «лагерь халқы» деп атап кетті.

Осындай лагерлерінің бірі Қарағандының еңбекпен тузеу лагері /КарЛАГ/ 1930 жылы құрылған болатын. Бұрынғы Жезқазған облыстық комитетінің кейінгі кездерге дейін құпия болып келген архивінде 1933-1937 жылдарындағы КарЛАГ-тың, одан кейін 40-шы жылдардығ 1957 жылдардағы СтепЛАГ-тың бастауыш партия ұйымдарының материалдары сақталған. Лагерь басқармасы берген бұйрықтар, лагерьлер жүйесінің Бас басқармасына жолданған ресми хабарламалар, жоғарғы басшылықтан келіп түскен арнаулы бұйрықтар мен нұсқаулар, әртүрлі деңгейдегі партия ұйымдары мәжілістерінің хаттамалары көптеген тарихи шындықтың бет-пердесін ашып берді. Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен алынған деректер де зерттеуге көп көмегін тигізді.

Қарағанды лагері Қарағанды облысының Тельман, Жаңаарқа және Нұра аудандарының территориясында құрылды. Лагерьге бөленген территорияда барлығы 21979 адам тұратын бірнеше қазақ ауылдары мен басқа да ұлт өкілдері мекендеген жеті поселке болған. Жергілікті халықта 120 мың бас мал бар еді. Лагерь ұйымдастырылып, оған жердің қажет болуына байланысты тұрғылықты халық Қарағанды облысының басқа аудандарына көшіріле бастады. 1930 жылы лагерь қонысының жаппай көлемі 1 млн. 780 мың гектар жерді қамтыды. Лагерьдің бүкіл территориясы 19 бөлімшеге, қосалқы қор мен ауыл шаруашылық тәжірибе станциясына бөлінді. Бұлардан басқа Балқашта және Қарабас теміржол станциясында орналасқан бөлімшелер лагерь өмірінде елеулі роль атқарды.

КарЛАГ-тың үлкен бір бөлімшесі Кеңгірде, қазіргі Жезқазған жерінде орналасқан еді және лагерьдің тұтқындары соғысқа дейін-ақ байыту фабрикасын салуға дайындық барысында Кеңгір өзенінен су қоймасы мен жылу электр орталығының құрылысын бастап кеткен еді. Лагерь пунктерінде Қаражал, Бұрма, Көктіңкөлі, Ортау, Қызылтау, Просторный, Красная поляна, Бидайық, Жарық, Өспен, Спасск, Батық, Қарсақпай, Байқоңыр, Жезді, Ақшатау сияқты Арқа өңірінің ең үлкен елді мекендері мен кәсіпорындары шоғырланған жерлерінің көпшілігінде болды.

Лагерь территориясында құрамына онда қызмет еткендердің және олардың отбасыларының тұратын, лагерь жүйесінің сот, прокуратура және мемлекеттік банкі орналасқан, соларға және олардың отбасыларына қызмет көрсететін почта, мектебі бар Долинка поселкесі кірді. Шынын айтқанда, бұл мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекеттік жүйе еді. Осыдан-ақ 30-жылдары кезінде етек жайған әкімшілдік-әміршілдік солақай саясаттың елімізді жаппай лагерьге айналдыруға бағытталған сипатын көргендей боламыз. Оған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейік. 1934 жылы  КарЛАГ-тың бастығы Отто Линин лагерьдің басты былай міндетін былай деп тұжырымдады: «Кеңес өкіметі біздің қоғамымызды социалистік жолмен қайта құру күресі жолында аса маңызды күрделі міндеттердің бірі ретінде біздің Одағымыздың, оның ұлттық республикаларының шала мәдениетті бос аймақтарын игеру міндетін қойып отыр. Сондай аймақтардың бірі Кеңестік Қазақстан болып табылады. Осы міндеттердің негізгісін Орталық Қазақстаннан  көпшілік бөлігін игеруге алған біз, біздің лагеріміз орындайды» (1).

Міне содыр саясаттың сарыны оның Отто Линин сияқты қолшоқпарының аузынан осылай тұжырымдалды. Жергілікті шолақ белсенділер де қалыспауға күш салды. Солақай саясатты сол кездегі Тельман аудандық партия комитетінің хатшысы Патылицын былай деп дәріптеді: «Әкімшілік және партиялық басшылықтың дұрыс ұйымдастырылуы нәтижесінде чекистік-шаруашылық ұйым ретінде КарЛАГ өзінің алдына қойылған саяси және шаруашылық міндеттерін орындау барысында мұндай басшылықтың дұрыстығын айқын дәлелдеп берді». (2).

  КарЛАГ-та 30-шы жылдардың басында тұтқында 37 мың адам болған. Бұған қамауға алынғандардың төрт жасқа дейінгі 980 баласын қосу керек, олар лагерьдегі балалар үйінде тәрбиеленді», сол уақыттағы ресми тілмен айтқанда «мемлекет қамқорлығына» алынды. Ал лагерьдің әскерилендірілген күзетін қоса есептегендегі жалданба құрамы 4756 адамнан тұрды, отбасы мүшелерін қосқанда 8 мың адамға жуық. (3).

  Қарағанды лагеріндегі негізгі өндірістік қызмет ауыл шаруашылығы болды. Алғашқыда КарЛАГ КСРО Мемлекеттік саяси басқармасының Қарағанды совхозы деп аталды. Совхоз-лагерь толық шаруашылық есепте болып, тек қана өзін-өзі қаржыландырып қоймай, мемлекет қорына да көптеген табыс әкелді. Сұраусыз, ақысыз тегін жұмыс күші шаруашылық механизмінің ажырамас бөлігіне табыс көзінің басты тұтқаларының біріне айналды.  Лагерьлік жүйенің мемлекеттік деңгейде маңызының артқанын  мынадай фактіден көруге болады: егерде КарЛАГ құрылған кезде оның бастығы лейтенант шенінде болса, ал 50-ші жылдардың екінші жартысында, тарқату қарсаңында тың басқарушысы генерал-майор шенінде болды (4).

Бір таңғаларлығы, лагерьлік ауыл шаруашылық түрі еркін колхоздық шаруашылықтан әлдеқайда нәтижелі болды. Оның мәнісі мынада еді: КарЛАГ-қа ең еңбекқор деген шаруа «кулактар», «халық жауы» деген айып тағылған ауыл шаруашылығының таңдаулы мамандар мен ғалымдар әкелінді. Осы жерде тұтқында атақты селекционер, кейінгі екі мәрте Социалистік Еңбек атағын алған В.Пустовойт болды. Лагерьде мал шаруашылығы да кеңінен өрістеді. Осы салада ірі қараның жаңа тұқымын шығаруда көрсеткен үлесі үшін тұтқын А.Лапина Л.Берияның ұсынысымен Сталиндік сыйлықтың лауреаты болды, бірақ осы еңбегі үшін де ол лагерьден босатылмады (5).

Ұлы Отан соғысының қарсаңында Қарағанды облысының лагерь тұтқындарының саны 50 мыңға жетті. Көптеген аудандарда «лагерь халқы» жергілікті тұрғындардан асып кетті. Олар қалалар поселькелер салып, мыс, марганец, көмір кендерін өндірді, ірі кәсіпорындарды салып, ауыл шаруашылығымен айналысты. Соғыстан кейінгі кезеңде КарЛАГ пен СтепЛАГ-тың тұтқындарын қосып есептегенде жалпы саны 70 мыңнан асып кетті. Тек КарЛАГ-тың өзінде 45 мың тұтқын болды (6). Оларға жеріне он мыңдаған арнаулы қоныс аударғандарды» (спецпереселецы) қоссақ, осынау тамұқ жүйесінің тек Орталық Қазақстанның өзінде қаншалықты қанат жайғанын көруге болады. Қарағанды жерінің шаруашылық қызмет аумағының өзі ғана Франция елінің көлемімен тең түсті.

Енді басында КарЛАГ-тың бір тармағы болып (бөлімінің басында айтылған КарЛАГ-тың Кеңгір 1940 жылдың басында большевиктер партиясы Орталық Комитетінің шешімімен Жезқазған комбинаты мен Жезқазған қаласының құрылысы біртіндеп күш жинап келе жатқан КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының  лагерьлік Бас басқармасының қарамағына берілді. Осы шешімнің негізін «Жезқазған лагері және КСРО ГГКХ лагерлер Басқармасының комбинаты» құрылды. Осы атпен 1943 жылға дейін аталды. 1943 жылдан  ГГКХ Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь комбинаты» деп аталды. Одан кейін, 1947 жылы № 4 Ерекше (Далалық) лагерь немесе СтепЛАГ деп аталды. 1945 жылдың 1-қазанында ПХН-ның бұйрығымен №39 әскери тұтқындардың лагері құрылды, ол кейіннен СтепЛАГ-тың құрамына кірді. (7).

1940 жылдың 3-маусымында лагерь және комбинаттың біріккен партия жиналысында лагерь Басқармасы саяси бөлімі бастағының орынбасары Гаврилин сөйлеген сөзінде былай деді. «Партияның Орталық Комитетінің шешімімен Жезқазған комбинатының құрылысын ішкі істер Халық Комиссариатының органы лагерлер Бас Басқармасына берілуі елімізге тез арада мыс беру мақсатын көздер отыр. Осы уақытқа дейін құрылыс өте ауыр жағдайда болды, шын мәнісінде ешқандай құрылыс болған да жоқ» (8).

Шынында да, бұл ащы да болса шындық еді. Алып құрылысты салу үшін мыңдаған білікті мамандардың қалың жұмыс  күшінің болмағаны да рас. Ал, лагерьлік жүйе қысқа мерзім ішіндежұмыс күшінің үлкен армиясын да қажетті мамандарды да туып бере алатын еді.

Лагерь комбинаты ресми 1940 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс  істей бастады. Бірінші күннен-ақ мұнда КарЛАГ-тың бірінші күзет дивизионы келіп жетті. Күзетшілердің жіті қадағалауымен тұтқындардың алғашқы тобы әкеліне бастады. Сол кездегі Жезқазған кен басқармасының бастығы Н.Кулешовтан барлық дерлік шахталар басқарудан алынып, лагерьге берілді. Енді өндіріске, өнім шығаруға бұрынғы азаматтық мекемелер мен оның басшылары емес, лагерь жүйесінің әскери және партия басшылры ие болып, билік етті. Кеңгір өзенінің оң жағасында, салынып жатқан су қоймасының маңына Жезқазғанлагтың бірінші лагерь бөлімшесі құрылды. Екінші бөлімше шахталар маңында құрылды. Үшіншісі Қарсақпайда орналасты. Тұтқындарды орналастыру үшін лагерь бөлімшелері қоныстанатын  жерлерге жедел түрде 800 адам сиятын ағаш барақтар мен 300-400 адамдық жеркепе-барақтар дайындала бастады. Лагерь бастықтары тұтқындар үшін ең қарапайым тұрмыстық жағдайды ойластырып бас қатырмағанымен, кінәлі болғандарды жазалап, қамайтын зындандарды салуды ұмытқан жоқ (9).

1940 жылдың аяғына қарай мұнда 7 мыңға жуық тұтқын жиналды, оның тек 10 %-ы ғана қылмыскерлер еді де, қалғаны саяси айып тағылған, «халық жауы» атанған еліміздің білікті азаматтары болатын.

Осыған дәлел ретінде ішкі істер органдарының архивінде жасырын сақталған СтепЛАГ-тағы атақты Кеңгір көтерілісі басшыларының бірі болған Капитон Иванович Кузнецовтың баласына жазған хатындағы мына бір жолдарға назар аударайық: «Сендерге (баласына айтқаны – Т.С.) бізді қоғамға,мемлекетке аса қауіпті жау деп көрсетеді. Оған сенбеңдер. Шынында біз кімбіз?! Біздің арамызда отырғандар: профессорлар, инженерлер мен техниктер, мұғалімдер,  дәрігерлер, агрономдар, генералдар мен офицерлер солдаттар, нашар тұрмысы немесе құдайға сенгені үшін кінәлі болған қарапайым жұмысшылар мен колхозшылар. Біздің ішімізде студенттер мен оқушылар, әйелдер, жасөспірім жігіттер мен олардың қалыңдықтары, ең сұмдығы – шахталар мен карьерлерде, далада, қанауда үнсіз көз жұмып, бұл дүниеден кетіп жатқан қарттар, мүгедектер мен балалы әйелдер. Айналаның бәрінде тұтқындардың қаны сорғалауда», деп жазды. Оның баласына «сенің әкең кінәлі болғаны үшін отырған жоқ, жазықсыз отырғаны үшін кінәлі» (10) деген сөзі осы жағдайда алып келген зұлым саясаттың ащы шындығын ашып көрсеткендей болды. Лагерьдің негізгі міндетін лагерь мен комбинаттың саяси бөлімінің бастығы мемлекеттік  қауіпсіздік органының лейтенанты В.И.Бондаренко былай деп айқындап берді: «Партия мен кеңес үкіметі біздің ұжымымызға үлкен міндет артып отыр.

1. Қысқа мерзім ішінде түсті металлургияның алыбы – мыс балқыту комбинатын салу.

2. Өзінің іс-әрекетімен біздің социалистік мемлекетімізге үлкен зиянын  тигізген адамдардан мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау және тиянақты бақылауда ұстау. Біз өзіміздің күнделікті жұмысымызда бірде-бір тұтқын мемлекетімізге зиян  келтіре алмайтындай, бірде-бір тұтқын лагерьден қашып кете алмайтындай жағдай жасауымыз керек» (11).

Айтылған «жағдайдың» ар жағында не тұрғанын болжау қиын емес еді. Тұтқындардың адам төзгісіз жағдайы, сәл кінә үшін қолданылатын қатал жазалау шаралары осы «жағдайдың» негізін тұрады. Бірақ лагерь жүйесінде қолданылған репрессивтік шаралар лагерь тұтқындарының еңсесін, рухын баса алмады.

Жезқазған лагерь-комбинатының бірінші бастығы болып, 1922 жылдан КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік органдарына оперативтік қызметте болған, Қазақ КСР Ішкі Істер Халық комиссарының бұрынғы орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздік органының капитаны Б.Н. Чирков тағайындалды. Шаруашылық жүргізу және лагерь басқару ісінде тәжірибесі болмағандықтан, оған көмекші етіп, Бас инженерлікке мамандығы мелаллург В.Б. Шевченконы, ал лагерь бойынша орынбасары етіп, 1933 жылдан лагерлер басқарудан тәжірибесі бар, мемлекеттік қауіпсіздік органының капитаны С.О. Гольдманды тағайындады. Лагерлік өндірістік жұмыста бақылаушы рольді опративтік-чекистік бөлімінің бастығы С.А. Зеленер атқарды. Лагерь-комбинаттағы тәртіпті прокурор А.Н. Моисенко  мен судья М. Ишмурадов қадағалады. Лагерь мен комбинаттың күзетін мемлекеттік қауіпсіздік органының лейтенанты, кезінде Кронштадт бүлігін басуға қатысқаны үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған М.Д. Фомин басқарды. Ал, лагерь мен комбинаттың және жергілікті партия ұйымдарының басшылығы толықтай саяси бөлімінің бастығы В.И. Бондаренконың қолына көшті (12).

Әр адамның өз заманы мен өз уақытының перзенті екендігі тарихта дәлелденгені белгілі. Аты аталған адамдарды аталмыш жүйенің қолшоқпары, жаналғышы немесе сол қоғамның құрбаны деп баға беруден аулақпыз. Дегенмен, тұтас бір жүйеге айналған алапат саясаттың осындай адамдардың қолымен жүзеге асырылғандығы ақиқат.

Жезқазған комбинатының тезірек іске қосылуы сол кездегі Кеңес үкіметі басшыларының кезек күттірмейтін міндеттерінің біріне айналды. Фашистік Германияның тарапынан соғыс қаупі күшейген сайын, қорғаныс ісіне қажетті мыс  өндіруші күрт арттыру аса маңызды саяси-стратегиялық мақсат болды. Бұл ретте Жезқазған мысының маңызы ерекше еді.

Соғыс басталысымен жұмыс ауқымының өскенін алға тартып ІІХК басшысы Л. Берияға жазған өтінішінде Жезқазған лагерь-комбинатының бастығы Чирков тұтқындар санын тағы 4 мың адамға көбейтуді сұрады (13).

Соғыстың ауыртпалығы қарапайым халыққа қандай салмақ болса, еріксіз сым қоршаудың ар жағында қамауда болған адамдарға екі есе ауырлық әкелді 1943 жылдың 19-сәуірінде КСРО жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен еріксіз еңбекетіп жүргендер үшін каторгалық жұмыстар енгізілуі лагерь тұтқындарының жайын мүлдем қиындатып жіберді. Жаңа тәртіп бойынша лагерь тұтқындары бірнеше категорияларға бөлінді, олардың жұмыс жоспары мен күнделікті еңбек нормалары әртүрлі дәрежеде жасалынды.

Тұтқындардың денсаулығының жыл сайын нашарлап, олардың әлсірегеніне қарамастан, комбинат құрылысының ауқымының өсуіне байланысты жылдық еңбек нормалары да өсіп отырды. Күнделікті жұмысқа шықпай қалушылардың 16%-не жетті. Міне, осы олқылықты толтыру үшін комбинат 1946 жылы жоспарланған адам мөлшерінен тысқары күн сайын да тағы 500 тұтқынды жұмысқа шығаруды сұрады (14).

Соғыс аяқталар алдында Жезқазған жеріне алғашқы әскери тұтқындар жеткізіле бастады. 1945 жылдың 22-сәуірінде Германияның Беутен қаласынан 1640 әскери тұтқынды тиеген /оның ішінде 123 әйел/ №97253 эшелон Жезқазған жеріне келіп жетті. Ұлттық құрамы жөнінен тұтқындардың 988-і неміс, 640-ы поляк, 1-і австриялық болды. Дәрігерлердің анықтауынша тұтқындардың денсаулығы өте нашар болып, олардың көпшілігі жұқпалы аурулармен ауыратын болып шықты. Келген бетте 250 адам жедел ауруханаға жатқызылды. Оның 10-ы бірден қайтыс болды. 200 тұтқын дистрофия жағдайында жедел дәрігерлік көмекті қажет етті (15). Әкелінген тұтқындар Жезқазған лагерінің 1,2 бөлімшелерінің территориясына орналастырылды. Ал, 1945 жылдың 1-қазанында ІІХК-ның бұйрығы бойынша осы жерде №39, Балқаш қаласында №37 әскери тұтқындардың арнаулы лагерлері құрылды.

Жапония соғыстан жеңілгеннен кейін, 1945 жылдың күзіне қарай Қиыр Шығысты да әскери тұтқындар келе бастады. Сол жылдың 27-қазанында №39 Жезқазған лагеріне Мукден қаласынан 1474 әскери тұтқынды алып №42194 эшелон келді. Тұтқындардың 1447-сі жапондықтар, 27-сі корейліктер еді. Жалпы контингентінің 15%-нің денсаулығы әлсіз болды. 1945 жылдың аяғына дейін осы әкелінген тұтқындардың 14-і қаза болды (16).

СтепЛАГ тұтқындарының ауыр жағдайы жұмысының сипаты, ішкі қатаң тәртібі жөнінен КарЛАГ-тан да асып кетті. КарЛАГ ауылшаруашылық еңбек колониясы жобасымен жасалды, оның тұтқындары бау-бақша өсіру, егін салу, мал бағу сияқты ауыл шараушылығы жұмыстарымен айналысты. Мұндай жағдай белгілі бір дәрежеде, КарЛАГ тұтқындарына таза ауа жұтуына, бір-бірімен еркін кездесіп сөйлесуіне, тіпті сол маңайдағы жергілікті халықпен араласуына мүмкіндік берді. СтепЛАГ болса ауыр өндіріс лагері болды. Өзінің құрылымы, тұтқындарының адам төзгісіз жағдайымен фашистік концлагерлерді еске түсірді. Ащы да болса шындықтың бетін ашып беретін, мына бір фактілерге назар аударайық. Әскери тұтқындардың ішіндегі ай сайынғы адам өлімі 10-15 адамнан (17) аспаса, арнаулы контингентінің ішінде ол 1000-1300 адамға жетті (18). Ерекше лагердегі тұтқындардың жататын жерінің аумағы 1,3-1,4 шаршы метрден аспады, олардың үштен бірінің жеке жататын орны жоқ болды, 2 кісілік 3 адамнан нарда жатты (19). Жатын орынның қолайсыздығы, қарапайым тазалықтың сақталмауы, медициналық жәрдемнің болмауы тұтқындардың ішінде жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеліп соқтырады. Тек 1949 жылдың өзінде 13 974 адам дизентериямен, 2361-сүзекпен, паратифпен, 1002-жұқпалы жыныстық аурлармен ауырған (20). СтепЛАГ-қа қатысты архив құжаттарын, деректерді саралап қарай отырып, мынадай бір таң қаларлық жайтты байқауға юолдаы. Жоспарланған жұмыс күшінің үнемі жетіспеушілігіне, аштыққа, жалаңаштыққа, аурулардың, адам өлімінің көбеюіне қарамастан тұтқындар өндірістік тапсырманы үнемі орындап отырған. 

1953 жылы Сталиннің қайтыс болғаны туралы хабар лагерлер жүйесін дүр сілкіндіргендей болды. Тұтқындардың жүрегінде үміт ұшқыны пайда болып, өмірге деген сенімі қайта оянғандай болды. Лагерь басшылығы ұанша жасырын ұстауға тырысқанымен, болып жатқан жаңалықтардың лебі алыстағы СтепЛАГ-қа жетті. Үміт пен күдік сезімі мұндағы тұтқындардың да көңілін биледі.

Алайда үміт оты ақталмай лагерь тұтқындарының жағдайы бұрынғысынша қиын жағдайда қала берді. Лагерь әкімшілігі тарапынан жазалау шаралары бұрынғыдан да күшейіп кетті. Осындай қорлыққа шыдамаған тұтқындар наразылығы атақты Кеңгір көтерілісіне ұласты.

1954 ж. 18-мамырында лагерь бөлімшелерінде баррикадалар, бекіністер құрыла бастады. Көтерілісті ұйымдасқан түрде басқару үшін арнайы басқарма құрылып, оның бастығы болып Қызыл Аримяның бұрынғы офицері К.И.Кузнецов тағайындалды. Басқару органына одан басқа тағы 8 адам кірді. Басқармаға лагерьдегі тәртіпті қадағалау, қорғаныс шараларын ұйымдастыру тапсырылды. Лагерь сыртындағы тұтқындармен хабарласу мақсатында әуе шараларын пайдаланып, сыртқы листовкалар ұшырылды. Қолдан қару-жарақ жасалынып, жарылғыш заттар дайындалады.

18 мамыр күні алғашқы қақтығыс кезінде қаза болған 18 тұтқынды жерлеу митингісінде К.Кузнецов тұтқындарды бірігіп қарсылық көрсетуге шақырды. Көтеріліс басталған кезде өзін босату жөнінде Москвадан бұйрық келгеніне қарамастан, К.Кузнецов жолдастырын тастап кеткен жоқ. Ақырына дейін солармен бірге болды. Көтерілістің мұқият ұйымдастырылғанын, оның басқарушы топтың қатаң бақылауында болғанын, кейін көтеріліс ісін тексерген тергеушілердің өздері де мойындады.

Лагерьде болған жалпы жиналыста көтерісшілер КСРО Ішкі Істер Министрлігіне және лагерлер Бас Басқармасына арнайы хат жазып, арнаулы комиссияның лагерьде орын алған заңсыздықтарды келіп тексеруін талап етті. Комиссия келгенше жұмысқа шықпау, лагерь әкімшілігіне бағынбау туралы шешім қабыланды. Көп кешікпей құрамында КСРО Ішкі Істер Министрінің орынбасары генерал-майор С.Егоров, лагерлер Бас Басқармасының бастығы генерал-лейтенант И. Долгих КСРО прокуратурасының жауапты жауапты қызметкері Н.Вавилов бар жоғары дәрежелі комиссия да келді (21). Келіссөз барысында күш көрсетуден ештеңе шықпайтынына көздері жеткен соң, комиссия аяқталу мерзімі жетпегендерді, сырқаттарды аз мерзімге сотталғандарды босату туралы нұсқау берді. Бірақ заңсыз сотталғандардың істерін қайта қараудан бас тартты. Көтерісшілер мен ресми басшылықтың арасындағы шиеленіс 40 күнге созылды. Кеңгір көтерілісі кезінде Жезқазғанда Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі Істер Министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитеті Президиумының мүшесі Фурцева келіп кетті. «Уәде бере алмаймын, - деп мәлімдеді Е.Фурцева тұтқындармен кездесу кезінде, бірақ та келешектегі өмірлеріңізге өзгеріс болатынына күмәнданбаймын».

Айтылған «өзгерістер» де көп күттірмеймей келді. Көтерілісшілердің ешқандай мәмілеге көнбейтінін сезген соң оны күшпен басу туралы шешім қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы П.Пономаренко КОКП ОК саяси бюросынан көтеріліске қарсы әскер қолдануға рұқсат сұрады. Бұл өтінішке «ұсынылған шаралар келісілсін» деген  саяси бюроның бұрыштамасы жазылды (22).

Көтерілістің 40-шы күні, яғни 26-маусымда лагерьдің үш қақпасы және 8 қосалқы жол арқылы жалпы саны 1600 адамнан тұратын әскери күзеттің екі дивизионы және ішкі күзеттің бір дивизионы, 98 арнайы үйретілген иттері бар топ, үш өрт сөндіргіш машина көтерісшілер бекініп жатқан жерге басып кірді. Оларға жол аслып, баррикадалар талқандау үшін бес Т-34 танкілер қолданылды. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткен тұтқындарға офицерлер мен бөлімше командирлері қару қолданды (22).

Көтерілісті басу кезінде, тірі қалған куәлардың айтуынша, құрбандардың саны бірнеше жүзге жеткен. Ал, ресми құжатқа сүйенсек, қарулы қақтығыс кезінде 46 адам өлген, 5 адамды тұтқындардың өздері өлтірген, 61 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Әскерилердің ішінен 40 адам жаралы болған. Көтеріліс барысында материалдық шығын 36 908 сомға, жұмысқа шықпаудан болған зардап 4708621 сомға бағаланды (23).

Көтеріліске қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры оңай болған жоқ. Белсенділік көрсеткен 400 адам түрмеге жабылды, көтерілісті қолдаған 1 мың адам / 500 әйел, 500 еркек/ Мағаданға, ОзерЛАГ-қа жер аударылды.

Көтеріліс басшыларының істері Қазақ ҚСР Жоғары сотының көшпелі сессиясында 1955 жылдың 21-шілде мен 8-тамыз аралығында қаралып, көтерілісті ұйымдастыру тобына кірген Э.И.Сученков, Г.И. Келлер, В.П. Рябов, Ю.А. Кномпус, В.П. Скирчук, В.В. Иващенколар РСФСР қылмыстық Кодексінің 58-3 бабымен айыпталып, өлім жазасына кесілді. Үкім 1956 жылдың 8 қыркүйегінде орындалды (23). Көтеріліс басшысы К.И. Кузнецовқа кесілген өлім жазасы 1955 жылдың 5 тамызында Каз КСР Жоғары сотының қаулысымен 25 жыл мерзіммен алмастырылды.

Дегенмен, көтеріліс текке кеткен жоқ. Ресми басшылық саяси тұтқындардың көпшілігінің ісін қайта қарауға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде СтепЛАГ бойынша 8 мың тұтқын ақталып, бостандық алды.

Кеңгір көтерілісін жасырын ұстауға тырысқанымен, ол жөнінде хабар Батыс елдеріне жетті. 1955 жылы Жезқазғаннан Мордовиядағы ДубровЛАГ-қа аударылған украин әйелдері көтерісшілердің хатын жасырын түрде шетелге бере алды. Ол хат 1956 жылы Лондонда  жарияланды. АҚШ-та, Германияда, СтепЛАГ-тың бұрынғы тұтқыны венгр Ференц Варкони куәгер болып, өзінің кітабын шығарды. 1956 жылы Нью-Йоркте сотталған Кеңгір көтерісшілерін қолдау митингісі өтті. Митингіге қатысушылар АҚШ Президенті Д.Эйзенхауэрге арнаулы жеделхат жолдады (24).

Шетелде Кеңгір көтерілісі туралы осындай шаралар, ашық пікірлер айтылып жатқанымен, өз елімізде бұл оқиға бүркеме күйінде қала берді. Тіпті сталиндік саясатты әшкерелеген 50-шы жылдардың аяғында да, одан кейінгі кеңестік дәуірде де азап лагеріндегі тұтқындар қозғалысы толық айтылмады. Тек 90-шы жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіз дербес мемлекет болғаннан кейін, оқиғаның қалай болғанын айтуға мүмкіндік туды.

Бүкіл лагерлер жүйесін дүр сілкінткен Кеңгір көтерілісі СтепЛАГ-тың күйреуінің басы болды. 1955 жылдан бастап лагердің басқару әкімшілігі 2309 адамға, яғни 53,7%-ға азайды, басшылардың саны 227-ге, яғни 50 %-кеміді (25). Талай мың адамның тағдырына тауқымет әкелген СтепЛАГ азап лагері 1957 жылы мүлдем жабылды.

Өткен күндер еш уақытта ұмытылмақ емес, тарихта өз орнын табады. Оны жаңғыртып бүгінгі өкілдерінің есінде қалдырды, олар тағдырдың тәлкегімен азапты жылдарды сонда өткізді. 1954 жылдың маусым айының мәліметі бойынша СтепЛАГ-та 2600 орыс, 9596 украиндық, 2690 литвалық, 1074 латыш, 290 қазақ және басқа сол кезде кеңес одағының құрамына кірген ұлттар мен ұлыстардың перзенттері болған екен. Ал, 1945-47 жылдары әскери тұтқындар лагерінде қанша неміс, жапондық, қытай, кореялық, румын, венгр, австриялық, француз т.б. екінші дүние жүзілік соғысқан қатысқан елдердің  азаматтары болғаны туралы мәліметтер жоғарыда келтірілді. Тіпті, СтепЛАГ-та соғыстан кейін Германияда Қызыл Армияның зонасына танкімен байқамай кіріп кеткен американ армиясының капитаны – негр де тұтқында болған екен.

Жезқазған жерінде Азат лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылыстары әлі де сақталынған. Оларды бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Алайда, сол азат лагерлерінің тірі куәгерлері Жезқазған өңірінде қоныс теуіп қалған КарЛАГ пен  СтепЛАГ-тың мыңнан астам бұрынғы тұтқындары тірі тұрғанда өткен тарихымыздың сол бір кезеңі үнемі жаңғырып тұрмақ.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Центральный Казахстан, 1997, 21 мая
  2. Сонда.
  3. ҚОА ЖФ, 33-қ., 1 т., 25-іс, 8-16 п.п.
  4. Сонда, 35-іс, 26 п.
  5. Сонда, 8-іс, 63-40 п.п.
  6. Центральный Казахстан, 1997, 21 мая
  7. ҚОЖ ЖФ, 380-қ., 2 т., 120-іс, 6 п.
  8. Сонда, 333 қ., 1-т., 8-іс, 35 п.
  9. ҚР ПА, 708-қ., 1т., 942-іс, 17 п.
  10. Жезқазған ішкі істер басқармасының архиві, 52қ., 2 т., 5-іс
  11.  ҚОЖ ЖФ, 333-қ., 1 т., 30-іс, 28 п.