Тіркелу   Забыли пароль?


Сәдуақасова С.А. Алашорда.




АЛАШОРДА

 

С. А. Сәдуақасова,

«Алжир» мемориалды мұражай кешенінің бөлім меңгерушісі

Астана қ.

 

Қазақ халқының тарихи шежіресінде қайғылы да қасіретті жылдар жетерлік. Тіпті революциядан бергі аз уақыттың өзінде қаншама қаралы күнді бастан кешпедік. Бүкіл қазақ даласын аңыратып кеткен 32-інің нәубеті... Енді ес жия бергенде келіп киліккен Сталин салған зобалаң. Ашаршылықта адамдарымыздан өлідей айырылсақ, репрессия жылдарында небір асыл азаматтарымыздан тірідей айырылдық. Біз өткен тарихымызды сыйлай отырып, таңдаулы ұл-қыздарымыздың аруағына тағзым етіп қана ұлтымыздың болмысын, бүгінгісі мен болашағын анықтай аламыз. Біздің жүздеген жерлестеріміздің қабірі әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ соларды жұтқан зындандар – Қызылорда, Алматы және Бутырь түрмелері. Жазықсыз жазаға ұшырағандардың бір бөлігі атылып, қалғандары еліміздің әр түрлі лагерьлеріне жөнелтілді. Өкінішке орай, еліміздегі шын мәніндегі революциялық өзгерістерге жол ашқан қайта құру саясатына дейін қай қазақтың болмасын жан жүрегін сыздатар осы бір ащы шындықтың ақиқатын айтуға мүмкіндік болмады.

Азаматтық тарихымыз үшін аса маңызды кезең – Алаш қозғалысы кезеңін алайық. Алаш идеясы қазақтың ұлттық идеясы болатын. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз-ағаш, ұранымыз-Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. ХХ ғасырдың басында қазақ халқын азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлері болды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төкті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сьезі Алаш автономиясы деп аталатын Ұлттық мемлекет құрылды. Бұл партияның бастауы мен басшылығында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев, Х. Ғаббасов, Ә.Ермеков, Т. Бірімжанов сияқты қайраткерлер тұрды. Қазақ зиялы қауымының негізгі мақсаты-отаршылдық саясатқа қарсы, сауатсыздықпен күресе отырып, белгілі бір таптық мүддесін ғана қорғамай, ұлттың гүлденуіне оның тәуелсіздік демократиялық мемлекет құру болды. Қазақстанның барлық облыстарының өкілдері қатысқан бірінші жалпы қазақ сьезінде 14 мәселе қаралды. Олар: мемлекеттік басқару жүйесі, қазақ облыстарының автономиясы, жер мәселесі, халық милициясын құру, халыққа білім беру, сот, дін, әйелдер құқығына тоқталды. Осы сьездің жұмысының барысында «Алаш партиясы» құрылды. Осы сьезде Әлихан Бөкейханұлы көпшілік дауыспен «Алаш ордасының» Уақытша Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Бұл – 6 миллион алаштың Әлиханды өзінің саяси көсемі ретінде танығандығының айқын дәлелі. Әлихан Бөкейханов құрған «Алаш ордасының» нағыз демократиялық құрылымы болды.

Алты алаштың баласының басына ақ орда тігілді деп шаттанды қазақ. Алаш ту көтерілді деп ұрандатты қазақ. Отансыз жұрт отанды болды деп рухтанды қазақ. Алаш партиясы бар күшімен әділдікті қолдады, ол барлық жәбір көргендер мен жарлы-жақыбайларды жақтады. Халықтың жалпы мәдени деңгейін көтеруге бар күшін салды.

Тарих сахнасына Алашорда-Халық Кеңесі үкіметін алып келген жалпы ұлттық күрестің басында ұлттық интеллигенция тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін басқа өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жол – ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді.  Жетпіс жылдан астам уақыт жүріп өткен тарихи жолымыз көрсетіп бергендей, қазақ қоғам қайраткерлері тәуелсіз дербес мемлекет құру жолын таңдай отырып, қателескен жоқ еді. Алашорданың өмірге келуі тарихи қажеттіліктен туды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының “ақтандақ”беттерінің біразы Алаш партиясы мен Алашордаға тікелей байланысты. “Алаш” немесе  “Алашорда қозғалысы” бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан Алаш қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн. Біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны Алаш атты қазақтың мемлекеттігін басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді. «Алаш» дегеніміз – ұлтшыл, қазақтың басына қайтадан хандықты орнатқысы келген, Қазақстанды Россиядан бөліп әкетуді мақсат еткен партия. Қазақ зиялылары халықтың қалың бұқарасын туған өлкені қайта құрып, түрлендіру ісіне жұмылдыруда ұлттық газеттер мен журналдар, поэзиялық жинақтар мен көпшілікке арналған әр алуан тақырыптар бойынша жинақтар шығарудың маңызын жақсы түсінді. Ахмет Байтұрсынов: газет халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай қажет. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысты. Қазақтың ұлттық баспасөзінің толыққанды алғашқы екі басылымы 1911 жылы дүниеге келді. Олар 1911 жылы қаңтардың 11-інде Троицк қаласында Мұқаметжан Сералиннің қайрат-жігері нәтижесінде бірінші саны жарық көрді. «Айқап» журналы мен сол жылы наурыздың 16-сынан бастап Бөкей Ордасында Шәңгерей Бөкеев пен Елеусіз Бурин шығара бастаған «Қазақстан» газеті болды. «Қазақстан» газеті оның атынан көрініп тұрғандай жалпы ұлттық мәселелерді көтеруге ұмтылды.  Осы екі ұлттық басылым арқылы олар халықты оқуға, мәдениетке, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің прогрессивті түрлерін, әйел теңдігін насихаттауда оңды істер тындырып, патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырылған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай жұмыстар атқарды. Халқымыздың сүт бетіндегі қаймақтай көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған-тоқыған, ұлт бостандығын басты мұрат еткен саналы азаматтарын 1930 жылдары кеңес үкіметі жүргізген сұрқия саясат, қанды қасап жаппай қырғынға ұшыратқаны белгілі. Алаш қозғалысына жетекшілік еткен қайраткерлер қызметтерінен қуылып, Қазақстаннан аласталып, олардың басым көпшілігіне совет өкіметіне жау пиғылдағы және оған қарсы контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырушылар деген саяси айып тағыла бастады. Осы саяси науқанды жүзеге асыру Алаш қозғалысының тарихын ресми тұрғыдан, таптық және партиялық тұрғыдан “зерттеу” науқанымен қатар жүргізілді. Бұл “зерттеулердің” мақсаты – “совет өкіметіне қарсы әрекеттер жасады” деген саяси айып тағылған қазақ зиялыларының саяси қуғын-сүргінге ұшырауын “ғылыми” негіздеу еді. Репрессия шалғысына тек Қазақстандағы ғана арыстарымыз емес, ежелден халқымыз үшін білім мен мәдениет ордасы болып келген Омбы сияқты өңірді жайлаған қандастарымыздың ішіндегі бетке ұстар зиялы азаматтардың барлығы ілінді. Бұл өңірде қазақтарға қарсы бағытталған арнайы ұйымдастырылған жаппай қуғын-сүргін 1936 жылдың қазан айында Сібір әскери округінің прокуратурасы жергілікті  қазақтардың кеңес үкіметін құлату мақсатында құрған астыртын лаңкестік ұйымын әшкерелеу туралы ойдан шығарған іс қозғауынан басталады. Мұндай ұйымды аса беделді, жалпақ жамиғатқа кеңінен белгілі адамдар басқаруға тиіс. Тергеушілер қазақ ұлтшылдарының Сібірдегі барлық қазақ ауылында бөлімшелерін құрған аса ауқымды  ұйымын әшкерелегендігін Мәскеуге мақтанышпен хабарлап отырған. Ойдан шығарылған лаңкестік ұйымының аса күрделі екендігін білдіру үшін орысша сауатты азаматтары жоқ ауылдардағы  мұсылманша хат танитындардың барлығы айыпталған. Намаз оқып, құран аударатындар тегіс қамауға алынған, ұрып-соғу, азаптау арқылы ешқашан жасамаған қылмыстары мойындатылған. Бұрынғы «Алашорда» партиясына мүше болғандардың бәрі қамауға алынған. Жекелеген адамдарға Алашорданың “контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін” әшкерлейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілді. Алашорда тарихына қарсы бағытталған идеологиялық шабуыл өз “нәтижесін” беріп үлгірген еді. 1930-1932 жылдардағы бұрынғы Алаш қозғалысына белсенді түрде қатынасқан қазақ зиялыларының басым көпшілігі саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әр түрлі ұзақ мерзімдерге  концлагерлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Одан аман қалғандарына “халық жаулары” деген жалған айыптар тағылып, 1937-1938 жылдардағы үлкен террорда жаппай атылып, айдалды. Оларды топ-тобымен “барса келмеске” айдады. Әлі есін білмеген, кәмелетке де толмаған балаларының көз жасына қарамастан әкесінен де, анасынан да айырып, өмірлерін өксітті. «Халық жауларының» әйелдері деген атпен сол кездегі жас аналарды түрмеге қамады. Олардың көпшілігі, бірнеше мыңдаған әйел Ақмола іргесіндегі «Алжир» деп аталатын лагерде азап тартты. Ұлы адамдардың бәрі де 1937 жылдары ұсталып, атылып кеткеннен кейін олардың асыл жарларының тартқан азабы мен тауқыметі туралы әлі жеткізіле айтылған жоқ. Биыл «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 90 жыл, «халық жаулары» деген жалған лақаппен қуғын-сүргіннің басталғанына 70 жыл толып отыр. Солардың бірі – «Алжир». Бұл жер 26 нүкте деп аталған.

30-жылдардың ортасынан 80-жылдардың соңына дейін отандық тарихнамада Алаш қозғалысына байланысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Соңғы жылдары ғана ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешіп, қоғамдық-саяси, құқықтық ой-пікірді дамытуға үлес қосқан қазақ қайраткерлері мен ойшылдары хақында бірнеше зерттеулер жарық көріп, тарихымыздың әлі ашылмай жатқан беттеріне біршама  сәуле  түсіргендей болды, рухани санамызға нұр құйылып, көкірегіміз мақтаныш сезіміне, патриотизм идеясына толуда. Өз тарихын білмеген адам өз елінің өгей баласындай.  Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін бергені тарихи ақиқат. Қазақ қоғамында ғұмыр кешкен, осы күнге дейін халыққа толық танылмай келген қоғам қайраткерлерінің ұлт болашағы үшін атқарған жан-жақты қызметтері, олардың қоғамдық-саяси, құқықтық көзқарастары сол заманның ғана көкейтесті мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күннің талаптарымен, тыныс-тіршілігімен байланыстыра алынды.

Мақсат – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қайраткерлерінің жан даусымен көтерген өзекті мәселелері тәуелсіз мемлекетімізде дәл қазіргі күні де ешқандай мәнін жоймағанын аңғарту, тарихи сабақтастықтың нағыз айғағын көрсету. Тарихтан сабақ алмай, оның бай тәжірибесінен үйренбей, көкейге түймей нағыз патриоттарды тәрбиелеу мүмкін емес. Тәрбиенің басы – тарих, сол арқылы патриотизмді күшейту қажет. Патриотизмі жоқ халықтың ұлт қауіпсіздігі өте осал, әлсіз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласы әкімшілігінің 2007 жылғы 26 ақпандағы № 27-173 қаулысымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемориалды музей» құрылды. Музей қайғы-қасіретімен атышулы болған, Отанына опасыздық жасағандардың әйелдерінің Ақмола лагерінің «АЛЖИР» аумағында жаңадан салынған ғимаратта  2007 жылғы 31 мамырдан бастап жұмыс істей бастады. Мемориалды кешен  мынадай негізгі нысандардан тұрады:

  1.  Аза тұту аркасы немесе қасірет қақпасы
  2. «Күрес және үміт». «Түңілу мен әлсіздік» мүсіндік  компазициясы         
  3.  Музей ғимараты

Музей экспозициялары өзінің нақтылы құжаттары арқылы саяси қуғын-сүргіннің тарихын ашып көрсетеді. Қазіргі уақытта музейге келушілерге мынадай бөлімдер көрсетіледі:

-қазақ зиялыларының 1905-1916 ж.ж. атқарған саяси қызметі;

-кеңес үкіметінің орнатылу кезеңі;

-зорлықпен ұжымдастыру мен шаруалардың трагедиясы;

-Қазақстандағы ашаршылық;

-1937-1938 ж.ж. «үлкен террор»;

-Қазақстан аумағындағы ГУЛАГ-тың бөлімшелері;

-Қазақстанға халықтарды күштеп қоныс аудару;

-40-50-ші ж.ж.

-Қазақстандағы саяси және идеологиялық қуғын-сүргін;

-1986 ж. Желтоқсан оқиғалары.

Төменгі қабаттағы экспозицияның ортасында  қара тасты қақ жарып өсіп тұрған гүлден құралған фитокомпозиция орналасқан. Музейдің жоғарғы жағында «Еркіндік және еркінсіздік» деп аталатын композиция, онда бостандықты үмітпен аңсаған ақ көгершіндер бейнеленген. Шеңберленген панорамада Қазақстан бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштердің фотосуреттерінен құралған бейнеқатар жасалған.

Музей көрермендеріне экскурсия алдында «АЛЖИР» жайында деректі фильм көрсетіледі.