Тіркелу   Забыли пароль?


2012/2. 5-8 б.Пәрімбекова К.П. «Шетел мұрағаттарынан анықталған бірорталықтандырылған мәліметтер базасы». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Шетел мұрағаттарынан анықталған бірорталықтандырылған мәліметтер базасы

 

Кәмшат  Пәрімбекова

Археография және деректану ұлттық орталығы Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу және мәліметтер жинақтау зертханасының бастығы

 

Қазіргі таңда деректанудың теориясы мен методологиясына көп көңіл бөлінуде. Ұлттық мұрағат қорына келіп түсіп жатқан көптеген деректердің  толыққанды зерттелуі кезек күттірмейтін мәселе. Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы шетелдерден келген деректерді бір орталыққа жинақтап, ел тарихы қызықтыратын қалың қауымның назарына ұсыну және зерттеулер барысында белгісіз болып келген деректердің ғылыми  айналымға енуіне  жол ашу.

ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам  ғасыры. Біз озық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, заман талабына сай жаңарып отыру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осыған орай Қазақстан Республикасында «Электронды үкімет» мемлекеттік бағдарламасының құрылуы мемлекеттік мекемелердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалануына жол ашты. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ғаламтор байланысымен қамтамасыз ету, білімнің ақпараттық технологиялар саласының деңгейін көтеру және мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау болып табылады. Осының арқасында кітапханалар мен мұрағаттардағы кітаптарды және құжаттар қорын автоматтандырылған жүйеге енгізу жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр.

Осыған орай атқарылып жатқан істердің бір көрінісі ретінде Археография және деректану ұлттық орталығында 2006 жылы құрылған «Электронды каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін атауға болады. Электронды каталогқа «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында  алыс-жақын шетелдерден Қазақстан тарихына қатысы бар деп анықталған немесе көшірмесі әкелінген құжаттардың тізімі тоқтаусыз енгізілуде. Қазіргі таңда бұл Қазақстандағы бірорталықтандырылған тұңғыш мәліметтер базасы деп атауға болады.  Электронды каталог Қазақстан зерттеушілері үшін аса маңызды іздеу құралы болып табылады. 

Бұл электронды каталог шетел мұрағаттарындағы қазақ және Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды іздеу және зерттеу үшін, сонымен қатар әкелінген құжаттардың қайталанбауы үшін де маңызды болып табылады. Белгілі бір шетел мұрағатына барғысы келген адам алдымен осы мәліметтер базасына кіріп, қандай құжаттар бар екендігімен таныса алады. Мәліметтер базасына Археография және деректану ұлттық орталығының сайты (www.ncai.kz) арқылы немесе http://ncai.kz:8091/archapp/faces/login.jsp (пользователь: GUEST, пароль: 123) адресі арқылы кіруге болады. Ғаламтор жүйесімен жұмыс істеп жүрген адамға бұл базада жұмыс істеу аса қиынға соқпайды.

Электронды каталог мұрағаттың ақпараттық кеңістігінде шетел мұрағаттарындағы, ғылыми институттар мен кітапханалардағы, жеке адамдардағы сақтаулы қорларға қол жеткізуді қамтасыз ететін негізгі құрал  болып табылады, сонымен қатар қажетті ақпаратты іздеп табуды қамтасыз етеді. Каталогқа енгізілген мәліметтер көшірмелерінің біразы еліміздің қалалық және облыстық мұрағаттарында, кітапханаларында сақтаулы. Зерттеуші алысқа бармай-ақ, өз елімізде құнды құжаттарға қол жеткізуіне мол мүмкіндіктер ашылып отыр.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының көне актілер мұрағаты, Ресей Федерациясының әлеуметтік саяси тарихы мұрағаты, Ресей мемлекеттік әскери мұрағаты, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты, Татарстан Республикасының Ұлттық мұрағаты және Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатынан анықталған және көшірмесі алынған құжаттар сақталған. Сонымен қатар Ресей Федерациясының федеративтік және аймақтық мұрағаттарынан Қазақстанға қатысты құжаттарды анықтау және сатып алу ісімен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстары, Астана, Алматы қалаларының мемлекеттік мұрағаттары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы және Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты да айналысып отыр. Бір сөзбен айтқанда әрбір облыс өз аймақтарына қатысты деген мәліметтерді жинап, сақтайды. Ал осы құжаттардың барлығының ортақ жүйесін құрып, электрондық мәліметтер базасын жүргізетін – Археография және деректану ұлттық орталығы болып табылады.

Мәліметтер базасының артықшылығы:

  • «электрондық мұрағат» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының ақпараттық орталығына айнала отырып, облыстық, аудандық және ауылдық жерлерге интернет желісі арқылы тарала алады;
  • құжаттардың электрондық біртұтас қорын қалыптастыру арқылы мұрағат жұмыстарының сапасы мен мұрағат құжаттарын пайдаланудың тиімділігі артады;
  • электрондық құжаттар базасындағы барлық құжаттардың ғылыми жобаларды жүзеге асыруға оңды ықпалын тигізуіне жол ашады;
  • құжаттардың ұзақ уақыт сақталуына кепіл бола алады;
  • зерттеушілер үшін қажетті құжаттарды іздеу жолдарын тездетеді әрі жеңілдетеді;
  • бұл жүйе электрондық құжат түрлерін енгізуді және құжаттарды бір базаға орналастыруын қамтамасыз етеді.

Міне осындай артықшылығымен ерекшеленетін «Электрондық каталог» барлық зерттеушілер, ғылыми және мұрағат қызметкерлері, ізденушілер мен студенттер жұмысын оңайлатады, әрі жұмыс өнімділігін арттырады.
            «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жасалған экспедициялардың нәтижесінде Армения, Египет Араб Республикасы, Түркия Республикасы, Франция, Венгрия, Италия, Испания, Ватикан, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Польша, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекеме, мұражай, кітапханаларынан іздестіріліп, алынған тарихи, мәдени құжаттық деректер, қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар, басылымдар анықталды. Анықталған және кейбір көшірмелері әкелінген құжаттар ХVІ-ХХ ғасырларды қамтиды. Бұл құжаттардың барлығы бүгінгі күні мәліметтер базасына енгізілген. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстандағы мұрағаттар мен ғылыми мекемелер жұмысын жалғастыруда.

Бүгінгі күні мәліметтер базасына барлығы 15 елдің 80-ге жуық мұрағатынан 41 мыңнан аса құжаттар тізімі енгізілген. Осы база негізінде  «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» атты 8 томдық ақпараттық анықтамалық шығару жоспарланған. Қазірдің өзінде анықтамалықтың 4 томы жарыққа шықты, қалғандары баспаға әзірлену үстінде. Ақпараттық анықтамалықтың I-VI томдарын Ресей Федерациясының федералдық және облыстық мұрағаттарынан анықталған құжаттардың тізімі құрайды. Мәліметтер базасына енген құжаттардың 80 пайызы осы Ресей мұрағаттары мен кітапханаларындағы деректерден тұрады.

Анықтамалықтың І томына Ресей мемлекеттік көне актілер мұрағаты (РГАДА), Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты (АВПРИ), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ), Ресейдің мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарихы мұрағаты (РГАСПИ), Ресейдің мемлекеттік экономика мұрағатындағы (РГАЭ) елімізге қатысты деректердің тізімі енгізілген.

ІІ том Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты (РГВИА), Ресей мемлекеттік әскери мұрағаты (РГВА), Ресейдің мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты (РГАЛИ), Мәскеу облысының Орталық мемлекеттік мұрағаттарында (ЦГАМО) сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды қамтиды.

ІІІ томға Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында сақтаулы (Санкт-Петербург қ.) (РГИА) тарихымыздан сыр шертетін істердің қатары топтастырылды.

IV томға Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатындағы тың мәліметтер қатары енген.

Қолданушының ғаламтордағы  «Электронды каталог» мәліметтер базасын қолдануға мүмкіндігі болмаған жағдайда осы аталған ақпараттық анықтамалықты қолдануына толықтай мүмкіндігі бар.

Орталық тарапынан баспаға әзірленген «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығы республика көлеміндегі мұрағаттар мен ғылыми мекемелер мамандарына және жеке ізденушілерге шет мемлекеттер мұрағаттары, ондағы құжаттар туралы бағыт-бағдар, қажетінше көмек беретін анықтамалық ақпарат болып табылмақ.

Қазір Орталықта пайдаланушыларға «Электронды каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолдануға арналған әдістемелік құрал дайындалу үстінде.

Аталған мәліметтер базасы Қазақстанда алғаш енгізілгендіктен оның қиыншылықтары да кездесіп жатады. Оның себебі Қазақстанда  ақпаратты автоматтандыру мәселесінің әлі де баяу дамуы, осы саладағы арнайы бағдарламашы мамандардың жетіспеушілігінен болып отыр.

«Электронды каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін халықаралық стандартқа сай етіп жасау, оны кеңінен қолдану, заманауи технологияларды қолданудағы деңгейімізді көтеру – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. www.e.gov.kz сайты

2. www.ncai.kz сайты

3. www.madenimura.kz сайты

4. «Мәдени мұра» – мемлекеттің соны стратегиясының ұстанымы. /Егемен Қазақстан. 2007 ж. 14 ақпан.