Тіркелу   Забыли пароль?


2016/4. 72-78 б. Ускенбаев Нұрболат «Қазақ шежіресі зиялылар еңбектерінде». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Ускенбаев Нұрболат  «Қазақ шежіресі зиялылар еңбектерінде». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы. 4-2016. с. 72-78.

 

Ускенбаев Нұрболат – Археография және деректану ұлттық орталығы, Деректану, әдістемелік зерттеу және ғылыми басылымдар зертханасының археографы

 

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ ЗИЯЛЫЛАР ЕҢБЕКТЕРІНДЕ

 

Қазақ шежіресінің жазылу тарихы және деректік құндылығы Отан тарихының өн бойында «талай өліп, талай тірілген» халқымыздың соңғы ғасырлар бедерінде-де аласапыран азаптар мен тауқыметтерді бастан молынан кешкенін соңғы жылдарда ғана тәуелсіздік алғалы ашық айтуға мүмкіндік алдық. 

Қазақтың ежелгі тарихын зерттеу туралы алғаш мәселе көтерген  «Айқап» журналы деп айтуға негіз бар. 1911 жылы өзінің бірінші нөмірінде «Айқап» К.Бөтішұлы дегенге сөз беріп, ол «Қазақ шежіресі» деген атпен  мақала жариялады. Онда автор қазақтың тегін  түрік нәсілінен щыққан «Алаш» есімді бай һәм балалары көп, бақытты бір адамнан таратып, қазақтың үш жүзіндегі руларын талдаумен аяқтайды және өзінің ойын төмендегідей тұжырыммен бітіреді: «Бұл сөздер – біздің бұрынғы кәрілерден естіген сөздер. Қадірлі  хал білгенімізді жаздық. Мұнан артық білушілер болса, білгенін ішінде сақтамас, халыққа жазып білдірер деп үміт етеміз».

Қазақ шежіресін зерттеу туралы «Айқаптағы» бұл пікір барлық қазақ зиялылары тарапынан қолдау таба қойған жоқ- арада бір жылдан кейін  Е.Дүйсенұлы деген кісі «Айқапта былай деп жазды: «біздің қазақ-өзбек халқына бірлік кіріп басы қосылмай, «алты ауызды алаш» аталғаны сол ру-руға бөлініп, ұран  шақырып партия болғаннан еді. Сіз журналыңызға жазып оны не қыласыз? Ұмытқан кісілер бола қалса есіне түсіп, қайтадан бір ел бір елді, бір ауыл бір ауылды шауып алып, бірлігі кете түссін деген жұмыспа?...»

Мұхамеджан Сералин бұл пікірге қарсы мынадай жауап берді: «..қазақтың ру-руға бөлінгендігі болса, сол ру-ру болып бөлінуге түп себеп не болған?» Сол ру-рудан қазақ қанша залал көрген, асылына ру деген не нәрсе, жасыл кілем бұрынғы ата-бабамыздан қалпын, жайын біліп істеген, білмей жанылып істеген нәрселерін жазып, айтып халыққа түсіндіру керек дейміз. Тарих жазу, оқудан мақсат осы емес пе?!1.

Қазақ шежіресін тәртіпке келтіруде Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы  Орынборда басылым көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегі маңызды рөл атқарды. «Айқап» журналы осы еңбекпен өзінің оқырмандарын таныстырды.

«Қазақстың түпкі атысының жайын білмек болып», – деп жазды Шәкәрім, – көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым.

Ш.Құдайбердіұлы өзі оқыған кітаптар қатарында «мұсылманша»: «Тәбіри», «Тарих ғумуми», «тарих антшар араслам», Нәжиб Ғасымбектің түрі тарихы, Әбілғазы Баһадүрханның «шежіре түрік» тәрізді еңбектерді, орыс тіліндегі кітаптардан Радловтың, Аристовтың шығармаларын, «түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары», «Құдатғу білік», және т.б атап көрсетеді.

Қазақ шежіресін талдауға өз үлесін қосып, ХХ – ғасырдың бас кезіндегі зерттеп білгендерін қағазға түсіріп, өткенімізден ұрпаққа мол мұра қалдырған алты Алаштың арыстарының бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрімнің шежіресі алғаш рет 1911 жылы Орынбор қаласында Каримов пен Хусайновтың бірікке баспасында басылып шыққан. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» қазақ ортасында танымал болды. Шәкәрім шежіресіне арқау болған ой желісі – халқымыздың ғасырлар бойы ауызша айтылып келе жатқан аңыз – әңгімелері, батыс, щығыс ойшылдарының, тарихшыларының еңбектері Ш.Құдайбердіұлы бұл еңбегінде түркі елдерінің ата-тегін әнгімелей отырып, қазақ халқының шежіресіне кеңінен тоқталып, тарих түкпірінен ой екшейді. Шәкәрімнің бұл еңбегінің ерекшелігі сол – шығарма өзіне дейін халқымыздың ата-тегі жайлы ауызша айтылып келген шежірелерді бір жүйеге түсіріп, хронологиялық тәртіпен арнайы түрде баяндап берген. Уақыт өте келе тоталитарлық басқару жүйесінің ұлттық атаулының тамырына жаппай балта шапқан тұста  шежіре  түгілі оның авторының есімін атау қауіпті жағдайға айналды. Бірте-бірте шежіре де, шәкәрім де, оның руханаяты де естен шығарылды.

Елдігімізге қол жетіп, барымыз түгенделіп, жоғымыз ізделіп, төл тарихымыз қайта қаралып жатқан кезде ұмыт болған рухани мұраны жаңғыртуға атсалысып жатырмыз. Данышпан ойшылды, оның шығармашылығын зерттеп, керегін кәдеге асырудамыз.

Ш.Құдайбердіұлы өзінің шежіресінде ежелгі дәуірдегі үйсін тайпаларынан бастап, оның бер жағындағы түркілер туралы қытай деректеріне сүйене отырып жазған. Сол түркі тайпаларының  тарихы жайында айтылар тұста қазақты құраған ру тайпаларға тоқталған. « Қытай жазушысы Си-иуэн-Шауу-ми-ши сөзінше Щынғыс ханнан 850 жылдай бұрын қара қытай менен шүршіт билеп тұрғандағы Моғолстан жұртының тұрған тұрағы мынау: онтүстік күншығысында татаби, яғни Ониют, оның сол жағында татар, оның сол тұс һәм күнбатысында Керейт, Жалайыр, Мұнғұл, онан Керулен де оның күнбатысында  тамир һәм Орхоннан ертіске шейн найман, оң солтұсында меркіт және Қосакөл менен Тоннуолада ойрат һәм тува және әр түрлі тоғайлы атанғандар. Енисейде қырғызбенен оған қараған ұсақ ел бар. Оның күнбатысында телес бар еді». – деген  мәліметі осының дәлелі2.

Ақын философ түбі бір түркілердің отаны Батыс Моңғолия жері болғандығын,  лардың  көшпелі  ұлыстар  ретінде  тарихта  қалғандығын баса көрсеткен. Шындығында  да аталмыш тайпалар осы өлкені мекендеп, көшпелі тұрмыс тіршілікті бастан кешірген. Бұл жайында мол мәлімет «Моңғолдың құпия шежіресінде» берілген.

Шәкәрім ерте ортағасырлардағы тайпалардың ата жұртын көрсетуге де айтарлықтай мән берген, әсіресе, шыңғыс ханның жаулап алуынан кейн құрылған ұлыстар туралы айтқан кезде солардың құрамындағы тайпаларды қоныстанған аумағымен қоса көрсеткен. «Шағатай ұлысы болып жүрген алғашқы ел мыналар: Арғинут, яғни Арғын, керейт, яғни керей, Доғлат, яғни ұлы жүздегі дулат, көрлеут, яғни қарлұқ, қанлы, қырғыз бұлардан керейлер Қара Ертіспенен барлық Һәм Нұра өзеніне шейн көшіп жүрді. Дулат қаратал өзені менен шу арасында болды. Қаңлы  қарлұқ аралас талас өзенінен сырдарияға шейн жүрді. Қырғыз осы күнгі орнында жүрді».

Шәкәрімнің осы мәліметтері ру-тайпалардың тарихын зерделеуде мәнді болып табылады, өйткені этносаяси бірлестіктердегі тарихи оқиғалардың желісін тарқатуда тайпалардың орналасқан аймақтарын айқындау ғылыми тұжырымдарды дәйекті ете түседі. Шежіресі ғалым біз талдап отырған еңбегінде қазақстың шығу тегі туралы егжей-тегжейлі айтып өткен. «... Сол ұйғырдан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, арғынут,найман, керейт,дулат,үйсін деген аттар щығып, солардың нәсілінен шыққанбыз. Ақырында Шынғыс хан татам татар моғолды алып , төрт баласына  бөліп бергенде, үлкен баласы Жощыменен онан кіші баласы Шағатайға татар атанған елдерді бергенде, соның ішінде татар атанып және Жошыға тигені; Жошы ұлысы, Шағатайға тигені, Шағатай ұлысы атанған, онан кейн біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбек хан бұсылман болғанда, барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейн Әз  Жәнібек ханға еріп, Нохай ханнан бөлінгенде қырғыз, қазақ атанған елміз, ол кезде ол атпен атанған ел, жалғыз  ғана біздің үш жүздегі қазақ емес көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген ата бізде қалған»3.

Осы келтірілген үзіндіден Шәкәрімнің қазақ этгогенезін ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен бастап, Әбілхайыр хандығымен аяқталғандығын көруге болады. Қазақ хандығының құрылуына байланысты  бұл ұзақ әрі күрделі процестің аяқталмандығын Ш.Құдайбердіұлы қарапайым сөдермен жеткізген. Сонымен қатар  біз талдап отырған еңбекте Шәкәрім хандар шежіресін де тарқатуға ұмтылыс жасап, оның кейбір тұстары басқа да щежірелерге қарағанда нақты шыққан. Хандар шежіресін автор батый ханнан бастап Абылай ханға дейн әкелген. Өзінің шежіресінде Ш.Құдайбердіұлы қазақстың үш жүзіне жеке-жеке тоқталып, олардағы тайпаларды атап өткен. Мәселен, Ұлы жүз туралы былай деп жазған: «Балқаш, яғни теңіз көліне құятұғын қаратал өзенінен сырдария һәм шыршық өзеніне шейн қанлы, дулат нәсілі....Оның ішінде ботбай, шымыр, сиқым, жаныс, албан, суан. Абаннан шыққандары: қызыл бөрік, қоңыр бөрік, айт бозым, сегіз сары, құрман, әлжан, қиыстық және Іле өзенінің сол тұсындағы ескі үйсін нәсілінен сара үйсін бар. Оның рулары – құттымбет, жаңай, жолай, танай, жан досай, құлеке, қырық деген және Ұлы жүздің дулаттан соңғы көбі жалайыр болған. Оның рулары:  андас, мырза, қара шапан, орақты, ақ бейім, қалпе, Сұппөтей, арық, тыным, байшегір, сиыршы, балғалы, қайшылы, күшік. ...Ұлы жүздін шапырашты, ысты дегендер Алматыға қарайды. Сіргелі мен ошақты Сырдарияға жақын. Бұл төртеуі қаңлыдан шыққан...»

Көріп отырғанымыздай шежіреші ғалым Ұлы жүзге қарасты барлық тайпаларды, олардың құрамындағы руларды түгел атап берген. Сол ру тайпалардың ата қоныстарынан да мәліметтер берілген. Мұнын өзі олардың шежірелерін толық тарқатып зерттеуге елеулі септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда айта кетерлік жайт, қазақ ру-тайпалардың шежіресін таратуда  Ш.Құдайбердіұлының  мәліметтері анағұрлым шынайы болып табылады. Оны автордың: «Әз Жәнібек ханнан бері қарай біздің қазақ аталары туралы шынды өтірікті айтылған сөздер бар, оның ішінде нақты дегенім һәм дұрыс шежіре хабарына тура келгендерін шежіре кітаптардың сөзіне қосып жазамын» – деген сөзінен анғаруға болады.

Шәкәрімнің өзбек этимологиясына байланысты пікірлері біршама ғылыми болып табылады. Себебі өзіне дейінгі Рашид-ад-Дин, Әбілхазы шежірелері мен орыс зертеушілерінің еңбектерін оқып- үйрене отырып. Солардың негізінде шындықа саятын тұжырым жасаған. «Бұл өэбек деген, – деп жазған Ш.Құдайбердіұлы,-Өзбек хан атыменен аталған деп айтылған. Әз Жәнібек  ханға еріп, Шағатай нәсіліне қараған қазақстар Мауранаһарда отырықты болып қалғандықтан өзбек аталып қалды. Онан басқа анық қазақ еді. Бұлардың ішінде Жошыға қараған моғолдан да, татардан да бар және Шағатайға қарағандардан да қосылғандар бар. Бұл өзбек рулары: тұяқлы, онын ішіндегі рулар: молла, кесек, митаны, бұлар, ноғайдан. Және бұл үш ру: қостамғалы, уақтамғалы, садырбек. Бұлар: найман һәм қоныраттан бөлінген қазақпыз дейді. Және үйсін үш ру: ошақты, көзтамғалы, ергенеклі және көшші, қатаған. Бұларды бекзат деседі.Және сарай, бағрын, юз, қырық мың қытай, қыпшақ, қарақалпақ, түрікмен, жалайыр, дүрмен, түрік, маңғыт, қаңлы, кенегес, мисит, ябы, тама, меркіт, аллат, баташ – осының бәрі әр жерден келгендер – өзбек атанып отырған». Көріп отырғанымыздай өзбек халқының ішінде қазақты құраған үш жүздің ру-тайпаларынан өзге түрлі түркі тайпалары болған. Автордың пайымдауынша олар отырықшы шаруашылықпен айналысып, негізінен Мауереннахр аумағында өмір сүрген. Өзбектердің арасында Жошы және Шағатай ұлыстарын мекедеген түркі және түркіленген тайпалар да көп болған. Шын мәнінде Алтын Орда ыдырағаннан кейн құрылған мемлекеттердің, соның ішінде Ақ Орда ыдырағаннан кейн  құрылған мемлкеттердің, соның ішінде Ақ  Орданың, онан кейн  Әбілқайыр хандығының құрамына өзбек-қазақ атанған тайпалар енген.

Аталған тайпалардан басқа щежіресі-тарихшы ноғай, башқұрт, қалмақ, телеу, түрікмен, якут, енисей түркілері, Шығыс Түркістан түркілірене тоқталып,  олардың  шығу тегі  мен  орналасқан  аймақтары  жайында  жазған. Мысалы , қалмақ һәм телеуіт деп айдарлаған шағын  тараушасында шежіреші:  «Осы  күндегі  Алтай,  Саян,   Таннуола  тауларындағы  халық- тар   бұрыңғы  түрік  нәсілі  және   түркі  болып   кеткен   Самайыд   халқынан араласқаннан һәм ескі теле, яки динлин деп аталған жұрттан» деп пайымдаған4.

Ш.Құдайбердіұлының бұл еңбегі қазақ ұлттық зиялылары арасында жаңа серпін туғызды. Бұл еңбек туралы алғашқылардың бірі болып Ә.Бөкейханов өзінің пікірін білдірді: «Мұнан бұрын, – деп жазды ол, – қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкерімнің бұл кітабы – қазақ шежіресінің тұнғышы; қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасын. Енді  мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шаһкерім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап  жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкереім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес»  Ә.Бөкейханов Ш.Құдайбердіұлының:

«Бітірдім түрік, қазақ шежіресін, Боса да кемшілігі, қисық-бүкір,-деген сөзін келтіре отырып, бұл еңбегінің қалай деседе «бала оқытқан молданың қолында болатын кітап» екенін ескерте кетеді. Әлихан Бөкейхановты Ш.Құдайбердіұлының «600 жылдан бері мұсылман жұртына кірген» керейлерді несториан сектасы софыларының христиан дініне қаратуынан көрінеді.

Ә.Бөкейханов Ш.Құдайбердіұлының щежіресіне байланысты және онда көтерілген мәселелер жөнінде ой тастай отырып, оқырмандардың осы мәселелерге байланысты пікірлер сұрайды. Ол Шәкәрімнің қырғыздың Енисей бойында тұрғаны туралы орыс ғалымы Аристов жазғанын атап көрсете келе, ол бойынша «қос көлдің күнбатысында меркіт,орынхай, орынхайдың күнбатысында қырғыз бар еді деген пікіріне тоқталып: «біздің қазақ бұл жерді білмейді ғой... Осы күнде бұл шежіреде аталған жерлер қай патша қол астында. Қай губернеде – Шаһкерім  жазып өту керек еді – щежіресін қайта басқанда Шаһкерім бұл кемшіліктің  толтырар» – деп ұсыныс жасайды5.

Қорыта келгенде қуғындалған қазақ зиялыларының көзқарастарын тарихнамалық тұрғыдан талдар болсақ, олар Қазақстан тарихының ежелгі дәуірін зерттеуде төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді: Қазақ интеллигенциясының таптық мүддеден ұлтық мүддені жоғары қойған бөлігі қазақ рулары шежірелерін Қазақтың ежелгі шығу тегін анықтауға көмектесетін деректер деп ойлап, оларды зерттеу қажеттілігіне назар аударды;

«Алаш» ұғымына қатысты тарихи деректерді шынайы талдады және оны негізінен Сұлтан Ахмедхан есімімен байланыстырып, деректерде баса мән берді;

Объективті және субъективті себептермен қуғындалған зиялылары қазақ жерін ежелден мекендеген сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар тәрізді тайпалар тарихын жете зерттей алмады;

Ежелгі сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, дулаттардың, наймандардың, қыпшақтардың және т.б ортақ түркі этносының субъектілері екендіктерін және олардың бүгінгі қазақ халқының этникалық түп-тамырлары болып табылатын өз еңбектерінде дәлелдеді.

 

1 Артықбаев Ж.О. Қазақ шежіресі; методологиялық мәселелер // Шах Керім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. – Павлодар, 2007. – Б.57-128.

2 Құдайбердіұлы Ш. Түрік,қырғыз,қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Сана,1991. – Б.6-18.

3 Шоқай М. Тандамалы. – Алматы: Қайнар. – Т.2. – 520 б.

4 Құдайбердіұлы Ш. Түрік,қырғыз,қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Сана,1991. – Б.21-62.

5 Омарбеков Т, Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас.- Алматы: Қазақ университеті, 2004. – Б.332-333.