Тіркелу   Забыли пароль?


2016/2. 67-72 б. Ернұр Шәкенов «Доспамбет жыраудың тарихи ерлік жырлары». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Ернұр Шәкенов «Доспамбет жыраудың тарихи ерлік жырлары». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы. 2-2016. с. 67-72.

 

 

Шәкенов Ернұр

Археография және деректану ұлттық орталығы, Деректану, әдістемелік зерттеу және ғылыми басылымдар зертханасының археографы

 

 

ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУДЫҢ ТАРИХИ ЕРЛІК ЖЫРЛАРЫ

 

 

Қазақ мәдениеті мен ұлттық әдебиетінің өсу-өркендеу тарихында өзінің екпінді, тарихи ерлік жырларымен артына өшпестей із қалдырған XV ғасырдағы шоқтығы биік тарихи тұлға – Доспамбет жырау.

Доспамбет жырау 1490 жылы Донның құйылысындағы Азов шаһарында дүниеге келген. Жырау өз есіміне Аймадет деген сөз тіркейді (Аймадет ер Доспамбет). Бұл – оның руының не тайпасының аты болса керек дейді ғалымдар.

Түркітілдес халықтар ауыз әдебиеті және жыраулар поэзиясы дәуірінен ауызша жеткен деректерге қарағанда, Доспамбет - тарихи тұлға. Ноғайлының атақты  биі  Мамайдың  заманында,  яғни  XVI  ғасырдың  орта тұсында  Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азулы ноғайлылардың басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры болған.

Доспамбет – жорықшы жырау, батыр. Ұлы Ноғай Ордасының биі Мамай мен Доспамбеттің әміршісі – Қырым ханының бірігіп күрес жасауы – 1523 жылға тура келеді. Осы жолы Қырым ханы Махмед – Герей Мамайдың көмегімен Жәнібектің ұлы Үсейінді жеңіп Астраханды алады. Қырым мен Ноғай Ордасы үзбей жауласып отырғаны белгілі. Ауыз біршілігі бұл жолы да ұзаққа созылмайды. Мамай өзінің немере інісі Ағыстың (Жаңбыршыұлы Телағыс) үгіттеуімен Махмет–Герейді Астраханнан алдап шығарып алады да баласы Батыр хан екеуін соңдарынан ерген барлық татарлармен қоса қырып тастайды. «Орақ – Мамай» жырында бұл белгілі тарихи оқиға біршама дәл бейнеленген. Доспамбет осы Махмет-Герей мен Мамайдың әлі тату кезінде қаза тапқанға ұқсайды. Яғни жыраудың өмір сүрген уақыты XV ғасырдың соңы, XVI ғасырдың алғашқы ширегі.

 

«Дүниенің басы сайран, түбі ойран,

Озар сойды бұл дүние

Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағадан»,

 

– дейді жырау соңғы айтқан жырында1.

Жырау өмірі мен поэзиясын зерттеуші ғалымдар сөз зергері туралы оның толғаулары негізінде азды-көпті пайымдары мен болжамдарын айтқан. Алайда, жырау шығармашылығы жеке тақырып, кандидаттық және докторлық зерттеу жұмысы түрінде әлі зерттелмеген. Оның басты себебі, жырау поэзиясының дәстүр жалғастығы арқасында ауызша ел аузында сақталып, хатқа түспеуі және жырау толғауларының санының аздығы.

Доспамбет ежелгі дәстүр бойынша билік басындағы хан-сұлтандардың ақылшысы, кеңесшісі ретінде қызмет еткен тарихи тұлға болды. Жыраулардың хан қаһарынан қаймықпай, батыл сөйлеп, шындықты тайсалмай бетке айтуы да осыдан болса керек.

Фольклортанушы-ғалым Едіге Тұрсынов: «Хан мен халыққа ақыл-өсиет айтқан, хан мен ру тайпалары арасындағы қатынастарды реттейтін билер кеңесінің мүшесі болған, батыр, қолбасшылардың әскери кеңесінде хан мен әскербасылармен бірге болған, жауынгерлердің рухын көтеріп жыр төккен жыраулардың шығармаларына өсиет және жорық сарындары тән» деп жазған.

Сол сияқты М.Әуезов «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен, сөз тапқыш, өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Бұлардың саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға тиіс» деген.

Ал, әдебиеттанушы-ғалым М.Жармұхамедов өз шығармаларында Доспамбетті Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұхар жыраулармен үндес әрі олардың поэзиясына дәстүр жалғастығы негізінде әсер еткен «алдыңғы толқын ұстаз» ретінде қарастырады2.

Хангелді Сүйіншіәлиев Доспамбет жырларының игілікті әсері, тіпті, кейініректе шыққан Бұқар, Махамбет шығармашылықтарынан да айқын аңғарылады. Сонымен бірге ескіден қалған мол мұра – эпикалық жырлардан да Доспамбеттің жыр сарынын байқаймыз, - дейді.

Қазақ әдебиетінің хандық дәуіріндегі әдебиет кезеңінде Доспамбет поэзиясы «Айнала бұлақ басы таң», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын Ақ Жайық» патриоттық рухтағы жырларымен орын алады3.

Доспамбет жайындағы бір әңгімені В.Радлов Қырымды қоныстанған ноғайлардан жазып алған. «Азауда Доспамбет аға болған (аға – ханға жақын феодалдардың титулы, - М.М.), одан басқа отыз екі аға болған, әпсіз де батырлардан болған», - деп басталады бұл шағын хикая. Бұлар бір күні жорыққа аттанады. Бірнеше күннен соң көп әскерге кездеседі. Басқа ағалар қашайық дегенде Доспамбет: «Қашмақ болмас, алла не көрсәтсә шуны көрәрбіс», - деп ұрысқа кіріседі. «Башлаған қауға еткеннер. Әмді көбісін қырғанлар. Бір шетке шыққаннар соң бір қамшысы бар екен Досмамбет ағаның. Қауға еткен йерінде о қамшы қалған. – Ағалар, менің қамшым қалған, қайтамын дейді. Ағалар айта: қайтпа дейді. Досмамбет аға айта: қамшымның қолғамасы алтын, сабы жез, дейді. Өсәгі бұлан терісі, өрімі қайысы, дейді. Қамшым қалды, қайтамын дейді. Соңа қайтып бара әскәргә...»4.

Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар жоғы 160 жолдың көлемінде. Рухы биік жырау поэзиясы Қазан төңкерісіне дейін М.Османовтың «Ноғай уа құмдық шығарлары»(1883) атты кітабы мен В.Радловтың «Халық әдебиетінің үлгілері» (1896) деген жинағында, ал Кеңес заманында «Ертедегі әдебиет ңұсқалары» (1967) мен «Алдаспанда»(1971), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985) атты жинақтарда жарық көрді.

Қазақ, қарақалпақ және ноғай халықтары бірге өмір сүрген кез жырлаулық поэзияның алтын дәуірі болды.Үш халық құраған «Ноғайлы цикліндегі» әдебиетте үшеуінің де еншісі бар. Осы дәуірге тән жыраулар поэзиясы қазақ әдебиетінде кең арнамен дамыды да, ата-ана жер үшін, атамекен ел үшін «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен»  қан төгіп, «ақтабан шұбырынды», «Алқа көл сұлама» заманын бастан кешкен халқымыз өлең-жыр өзегін кейінгі ұрпақтарға аман-есен жеткізді. Ғасырлар қойнауынан үзік күйінде болсын жеткен сондай асыл мұраның бірі – қазақ пен ноғайға да, қарақалпаққа да ортақ Доспамбет жырлары.

Ел ретінде өз алдына ұлт болып қалыптасуы XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел кұрметіне бөленген көрнекті ақын-жыраудың бірі деп Доспамбет жырауды айтамыз.

Жырау толғауларында ел үшін, жер үшін айқас, жаралы жыраудың өлім   мен   өмір   арасында   қиналған   арпалысты   сәттері   өршелене  жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар қазақтың батырлық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары5.

 

Арғымаққа оқ тиді

Қыл майқанның түбінен,

Аймадетке оқ тиді

Отыз екі омыртқа буынынан.

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.

Сақ етер тиді саныма,

Сақсырым толы қаныма

 

деген жыр жолдарында көшпенділер дәуіріндегі жан жүрегімен еліне берілген нағыз батыр жыраудың, өр ақынның бейнесі зерделенген.

Доспамбет жырларында айшықты көркем теңеулер, сырлы суреттер, өрнекті ойлар, образ символдар көп кездеседі. Мысалы:

 

Туған айдай нұрланып,

Дулығы кидім өкінбен

 

деген жолдардан жай ғана салыстыру, құбылыс мәнін ашу мақсат етілмеген. Бұл үзіндіде, керісінше, нақтылы зат, құбылысқа айқын ой, бедерлі бояу, маңызды мазмұн беру байқалады.

 

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес...

Торы төбел ат мініп,

Той тойлаған өкінбес!

 

– деген жыр жолдары осы ойды айқындай түседі.

Қасиетті өзен Жайық бойы ежелден тұнған тарих болса, жауынгер жырау жырларында Жайық азаттық жолындағы күрес тарихының ұйтқысындай елес береді.

 

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!

 

деген  жыр жолдарындағы жорықтың асқақ үнді, өршіл рухты сарыны Ақ Жайық бейнесімен астасып, бейбіт күндерді аңсаған темірқазық іспетті. Мұның өзі жыраудың ерлікті дәріптеумен бірге бейбіт өмірді армандағанын білдіреді6.

Сондықтан да жырау туындылары бүкіл әдебиетіміздің жемісі болып табылады да, халықтың рухани күш-қуаты мен мәдени қарым-қабілетінің артуына орай кейінгі ұрпақ бұл өршіл де асқақ сезімге толы жыр жолдарынан біздің адамгершілік қайнар көзіміздің бастаулары мен ерлік рухын, көркем сөз құдіретін танып біледі.

Жоғарыда айтылған номад-жауынгердің ой-өрісі, санасы, нанымы көрінген поэзиясынан оның биік рухын танимыз. Жыраудың өзінің жарақаттануын, қансырап, әлі кетіп, бойынан өмір кетіп бара жатқанын суреттейтін жолдары рухының ескілігіне, көркемдік тәсілдерінің бұлалылығына қарамастан көңілге әсер етерлік толғанысты жырларымен артына із қалдырған. Доспамбет жырау поэзиясының басты қазығы – туған жерге, елге деген ыстық махаббат сезімімен де, рухы биік жырларымен де азаматтығы қалыптасқан бірегей тұлғаларымыздың бірі болып табылады.

 

1 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет: (XV-XVIII ғасырлар) // «XV-XVIII ғасырларда жасаған жыраулар». Мұхтар Мағауин. – Алматы: «Ана тілі», 1992. –  40 б.

2 Жыраулар даналығы. Философиялық пайымдаулар // Қазақ хандығы кезеңіндегі жыраулар шығармашылығының идеялық қайнар кездері. Ж. Ошақбаева. – Алматы, 2011. – Б.21-25.

3 Түркістан: халықаралық энциклопедия// Өмір баяны. Ә. Нысанбаев, М. Жармұхамедов. –  Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2000. – 286 б.

4 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет: (XV-XVIII ғасырлар) // «XV-XVIII ғасырларда жасаған жыраулар». Мұхтар Мағауин. – Алматы: «Ана тілі», 1992. – 40 б.

5 Қазақ әдебиетінің тарихы // Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет. Н. Келімбетов, С. Қасқабасов. – Алматы, «ҚазАқпарат», 2008. – 294 б.

6 Сонда.