Тіркелу   Забыли пароль?


2015/3. 67-70 б. Кәмшат Пәрімбекова. ««Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығы. VІІІ том». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Кәмшат Пәрімбекова. ««Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығы. VІІІ том». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы. 3-2015. с. 67-70.

 

Кәмшат Пәрімбекова

Археография және деректану ұлттық орталығы, Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу және мәліметтер жинақтау зертханасының бастығы

 

 

 

«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ШЕТЕЛ МҰРАҒАТТАРЫ МЕН КІТАПХАНА- ЛАРЫНДА (ХVІ-ХХ ҒҒ.)»  АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ. VІІІ ТОМ.

 

2014 жылы Археография және деректану ұлттық орталығы дайындаған «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)»  ақпараттық анықтамалығының 8 томы көпшілік назарына ұсынылды.

Аталған анықтамалыққа Армения, Грузия, Белорусь, Қырғызстан, Ватикан, АҚШ, Франция, Германия, Италия, Испания, Венгрия, Польша, Египет Араб Республикасы, Қытай, Түркия мемлекеттерінің мұрағаттары мен кітапханаларынан, ғылыми орталықтары мен жеке қорларынан анықталған құжаттар тізімі енген.

Анықталған және ғылыми айналымға енгізілген құжаттық деректер шын және әділ тарихты жазу процесінде маңызды орын алады. Қоғам өзі пайда болған сәттен бастап өзінің тарихы туралы сансыз ескерткіштер, соның ішінде құжаттар жасайды. Болашақ ұрпақ үшін тарихи ескерткіштерді сақтау тарихшылар мен мұрағашылардың ең маңызды міндеттерінің бірі. Елбасымыз Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» («В потоке истории») кітабында тарихи ескерткіштер мен оларға қарым-қатынас туралы айта келіп, ұлттық рухты көтеретін анықталуы қиын «тарих заттарын» материалдық жағынан бекіту қажеттігін ескертеді.

Бұрын жабық болып келген қорларға қол жеткізу мүмкіндігінің ұлғаюы отандық тарихтың көптеген мәселелеріне жауаптар мен маңызды түсініктемелер беруі мүмкін. Мұрағаттық құжаттар ғана халықтың өткенін саясаттандырудан, жасандылықтан және мифологизациялаудан сақтайды.

Осы анықтамалыққа енгізілген құжаттардың ауқымды бөлігін Армения мұрағаттары қорларының деректері құрайды. Бұл мұрағаттар қорлары шетелдегі армян колонияларында, сондай-ақ шіркеу материалдарында сақталған құжаттар жиынтығымен ерекшеленеді.

Қазіргі заманғы Қазақстан аумағындағы ежелгі халықтардың тарихына, сақ-скиф дәуіріндегі тайпалардың орналасуына, орта ғасырдағы Орта Азия халықтарының өзара мәдени қарым-қатынасына, Алтын Ордадағы саяси процестер, суфизмнің қайнар көзіне қатысты тарихи зерттеулерді тереңдетуге мүмкіндік беретін ежелгі армян, орыс, ежелгі славян тілдеріндегі құжаттық деректер Армения Ұлттық мұрағаты қорларынан анықталды. Сондай-ақ Армения мұрағаттарында Ұлы Жібек жолының қалыптасу және даму тарихын айғақтайтын қызықты құжаттар сақталған.

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігі мұрағат қорларынан анықталған құжаттардың маңыздылығын бағалау мүмкін емес. Мысалы, кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихына қатысты ағылшын тіліндегі деректер Ұлыбританияның Ұлттық мұрағатында анықталған, ал азияттық қарым-қатынас бойынша Королдік қоғам мұрағатында Түркістанның төңкеріске дейінгі тарихына қатысты бірегей материалдар табылған.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихшы мамандары жан-жақты деректанулық талдау жүргізу үшін Орталық Еуропалық университетінің «Ашық қоғам» мұрағатының қорларынан алынған материалдар үлкен пікірталас тудыратыны сөзсіз. Бұл материалдардың көпшілігі отандық және шетелдік тарихнамада әр түрлі бағаланатын тарихымыздың «ауыр» беттеріне арналған. Бұл – Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру және оның салдары, Кеңестік мемлекеттің ұлттық саясаты, Теміртаудағы оқиға, Қазақстандағы және Орта Азиядағы діни процестер, республикадағы этникааралық қарым-қатынастар, Семей полигоны, Алматыдағы 1986 жылғы оқиға.

Пекиндегі Қытай Халық Республикасының Бірінші тарихи мұрағатынан алынған материалдар Қазақстанның XIV-XVII ғасырлардағы тарихын түгел қамтуға мүмкіндік береді.

Түркия Республикасы Премьер-министрі жанындағы Осман мұрағатынан (Ыстамбул қ.) анықталған Дешті-Қыпшақ тарихына қатысты, Осман империясы мен Түркістан аймағы арасындағы дипломатиялық қатынастар туралы құжаттық деректердің ғылыми құндылығына күмән жоқ. Ал Түрік әлемін зерттеу қоры қоймаларында жадидизм идеясының шығу тарихына және оның таратылуына қатысты материалдар, сондай-ақ, XX ғасырдағы Қазақстанның тарихына тікелей қатысы бар мерзімді басылымдардың материалдары анықталды.

Қазақ даласындағы Ресей империясының отарлау саясатының күшейуі, патша әскерінің әскери операциялары, Хиуа жорықтарының тарихы, қазақтар мен башқұрттардың өзара қарым-қатынасы, отарланған Қазақстанның табиғи байлықтарын игеру Грузияның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында сақталған құжаттарда көрініс тапты. Бұл мұрағатта Кавказдағы азаматтық бөлімді басқарушының Бас басқарма Кеңсесі бастығының (1859-1883 жж.),  Кавказ археографиялық комиссиясының (1864-1917 жж.), Кавказ әскери округінің Әскери-тарихи бөлімі штабының (1865-1918 жж.) және Орынбор генерал-губернаторының құжаттары (жарлықтар, хат алмасулар, есептер, циркулярлар) сақталған.

Белоруссия аумағында 1941-1945 жылдары қазақстандықтардың партизан қозғалысына қатысқандығы туралы құнды мәліметтер Беларусь Республикасының Ұлттық мұрағатында сақталған.

Қазақстанның қазіргі (жаңа) заман тарихына қатысты құжаттар жинағы Стэнфорд қаласының (АҚШ) мұрағатында табылған. Олардың арасында 1916 жылғы оқиғадан кейін Қытайға қашқан қазақ-босқындар туралы деректер бар. Большевиктердің ұлттық республикалар халқына қарсы жазалау саясаты, ГУЛАГ жүйесі туралы айғақтар да бар. Мұрағат қорларында Т. Рысқұловтың «Революция и коренное население Туркестана» (Ташкент, 1925) атты еңбегі сақталған.

Шетел мұрағаттарынан анықталған және сатып алынған құжаттар туралы айтқанда отандық тарих беттерін толықтыратын, тарихшылар үшін өте қызықты жеке тектік деректер жөнінде айтпау мүмкін емес. Осы анықтамалыққа Х. Алтайдың жеке мұрағатынан материалдар енгізілген. Зерттеушілер Х. Алтайдың ғылыми шығармаларын ғана емес, ол туралы жарияланымдарды да табады.

Шетел кітап қоймаларының қорларынан анықталған деректерді бөліп көрсету орынды. Олар: Ватиканның Апостол кітапханасы, Британия кітапханасы, Оксфорд университетінің кітапханасы, Берлин мемлекеттік кітапханасы, Неміс кітапханасы (Франкфурт-на-Майне), Араб қолжазбалар институтының кітапханасы (Египет), Испания Ұлттық кітапханасы, Римнің Орталық ұлттық кітапханасы, СУАР Қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми кітапханасы және басқалар.

Мұрағатшылар мен ғалымдар мемлекетіміздің және көршілес аумақтардың тарихына тікелей қатысы бар орта ғасырдағы Азия және Еуропа авторларының қолжазбаларын осы кітапханалардан анықтаған. Нақты тарихи проблемаларды қараудың концептуалдық тәсілдеріне салыстырмалы талдау жүргізуде Орта Азияның орта ғасырлық тарихына, аймақ тұрғындарының мәдени қарым-қатынасына қатысты алғашқы деректер, саяхатшылардың, көпестердің жазбалары құнды болып табылады. Шетел кітапханалары авторлары және демеушілері қазақ интеллигенциясының өкілдері болып табылатын мерзімді басылымдардың түпнұсқаларын сақтаған. Сол себепті де «Яш Туркестан» журналымен түгелдей танысуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар алыс шетел кітапханаларынан ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның көрнекті зиялы қауым өкілдерінің еңбектері анықталған.

«Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында (ХVІ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының кезекті 8 томы мемлекетіміздің тарихи жолының толық бейнесін жасауда Қазақстан ғалымдарына бағдаршам болады деген үміттеміз.