Тіркелу   Забыли пароль?


Мұсағалиева А.С. Деректанудың теориялық мәселелері




Деректанудың теориялық мәселелері

 

Мұсағалиева А.С.,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к.

 

Қазақстан ғылымы соңғы жылдарда кеңестік кезеңмен салыстырғанда отан тарихының көкейкесті мәселелерін шешуде біршама нәтижелерге жеткені белгілі. Кешенді түрде зерттелу бұл саланың орнығуына, дамуына жағымды түрде әсер етуде. Ал тарих мамандығы бойынша даярланатын студенттердің білім сапасын көтеру үшін ең алдымен олардың теориялық – методологиялық дайындығын күшейту керек. Ол үшін, әрине, жоғары оқу орындарында деректану пәніне бөлінетін сағаттарды көбейтіп, сонымен қатар, деректану саласы бойынша арнайы курстар енгізу мәселелерін шешу қажеттілігі туындайды.

Тарих ғылымының өресі мен мәдениетінің қалыптасуы, әрине, деректерді толыққанды игеру кезінде айқындалады. Тарих ғылымының негізі деректанудың тарихи білім болып қалыптасуы тарих ғылымының даму эволюциясымен тікелей байланысты. Қазақстан тарихында сонау қытай, парсы, араб, грек тарихшыларының деректерінен бастап-ақ құжаттар жинала берді. Әрине, осы деректермен жұмыс істеу методологиясы бірте-бірте қалыптасты. Деректану ғылымының қалыптасу кезеңін біз Ресей деректану саласынан бастаймыз. Жалпы, деректанудың тарихи ғылым ретінде қалыптасуы кеңес кезеңінде жүзеге асты. /1/.

Деректанудың іргелілігі ең алдымен тарих ғылымының аса маңызды ерекшелігімен байланысты: тарихтың объектісі – қоғамның өткені тарихшыға теқ қана тарихи деректер арқылы ғана танылады /1/. Деректерді деректанулық сынау талдау мен өңдеу әдісін жасаудың алғы   шарттары болып табылады. Тек деректі жан-жақты сынап қарау ғана ондағы ғылыми маңызды ақпаратты таңдап алуды қамтамасыз етіп қана қоймай, зерттеушіге тарихи фактілердің жүйесін құру үшін оны жасау әдісін таңдауға, зерттеліп отырған құбылыс пен процестердің ішкі табиғатын ашуға, олардың арақатынасы мен даму тенденциясын анықтауға мүмкіндік береді /2/.

Деректанудың негізгі теориялық – методологиялық мәселелері: тарихи дерек ғылымы, деректану пәні, тарихи деректерді жіктеу, деректерді пайдалану мен зерттеу. Тарихи дерек дегеніміз – тарихи оқиға туралы негізгі мәлімет. Тарихи оқиға / зерттеу объектісі / және тарихшы / зерттеу субъектісі / арасында тарихи дерек бар. Ал тарихи деректі дәл сол күйінде объективті зерттеу тарихшының негізгі міндетіне енеді. Тарихи дерек ұғымы мен адам қызметінің жемісі ретінде пайдалану деректанудың теориялық-методологиялық мазмұнымен байланысты. Деректі тану, оның пайда болуы мен даму заңдылығы, тарихи зерттеуде оның теориясы мен практикасының қолданылуы ғылыми танымның жалпы теориясы мен методологиясы ретінде пайдаланылады /4,14/. Деректермен жұмыстың  негізгі кезеңдері: іздеу, деректерді анықтау, деректанулық талдау, зерттеу, әдістерін жасау, деректердегі мәліметтерді талдау және өңдеу. Олардың барлығы деректанулық зерттеудің мазмұнын құрайды.

Деректанулық талдау ұғымы немесе деректі ғылыми сынау тарихи деректі зерттеудің мазмұнын құрайды: ескерткіштің сыртқы ерекшелігін, оның түпнұсқалығын анықтау, деректің мәтінін оқу, уақытын, орнын, авторлығын бекіту, мәтіннің шығу себебін және мотивін анықтау, мәтінді түсіндіру, оның шынайылығын, толықтығын, өкілеттілігін, ғылыми маңызын анықтау /3/. Сонымен бірге дерек авторының сол өзі мәлімет беріп отырған мезгілі және болған оқиға жайында білімі қандай, оқиғалар желісінен толық хабардар ма, әлі де нақтылы оқиғаны кең көлемде тарихи көрініс нәтижесінде беруге тырысқан ба,, оның яғни автордың дүниетаным деңгейі, мәлімдеп отырған жағдайға көзқарасы қандай екенін біліп отыру міндет. Әрине түпкі мақсат деректің шындық дәрежесін анықтау. Егер дерек не қор  жоғарыда көрсетілген талаптарға қандай да болмасын бір  көрінісімен сай келмей жатса, онда оның күмәнді  жерлерін анықтау және орта деген жерін толықтыру үшін оны осы  оқиға  желісіне  байланысы бар деген  басқа да деректермен  салыстыра отырып  зерттеу орынды /5/.

Деректер өзінің барлық құрылымы,  мазмұны, шығу тегі, пайда болу себептері сияқты жан – жақтылығында, формасы мен мазмұнының пайда болуында жалпы ерекшеліктері болады. Бұл оған біртұтас ғылыми тұрғыда келу  мүмкіндігін құрайды, яғни  деректанулық талдаудың әдісін жасау және  оны мәдениет феномені ретінде қайта құрады.

Деректанудың әдісі мынадай мақсаттарды көздейді:

1.   Қоғамның дамуы туралы фактілік материалдарды алу үшін /толықтығы, дәйектілігі және бұл мәліметтердің жаңалық деңгейі/ деректің ақпараттық мүмкіншілігін қалыптастырады.

2.   Деректің ерекшелігін дәлелдеп бағалайды. Осыған байланысты деректану әдісі этапты түрде, жалғаспалы жүргізіледі. Әрбір кезеңде өзіндік зерттеу міндеті шешіледі, мақсатқа жетеді /2/.

Деректанулық зерттеудің құрылымы төмендегідей:

1.   Деректің пайда болуының тарихи жағдайы.

2.   Дерек авторлығы мәселесі.

3.   Деректің қалыптасу жағдайы.

4.   Әлеуметтік – мәдени ортада авторлық мәтіннің, шығарманың өмір сүруі.

5.   Мәдениетте шығарманың өмір сүруі.

6.   Деректі түсіндіру.

7.   Мазмұнын талдау.

8.   Деректанулық синтез.

1889 жылы Грейсвилль университетінің профессоры, неміс тарихшысы Э.Бернгейм «Тарихи әдіс оқулығын» шығарды. Өз еңбегінде Бернгейм тарих ғылымына түсінік береді, оның басқа қоғамдық ғылымдармен байланыстылығын көрсетеді. Ол тарих ғылымының методология, методика, түсініктер және баяндау сияқты зерттеу процесі барысында көрінетін бір-бірімен тығыз байланысты төрт қырына тоқталады /2/.

Жалпы, деректану ғылымын студенттерге оқытуда оның негізгі міндеттері былайша анықталады:

1.   Деректанулық сын. Ішкі сын және сыртқы сын.

2.   Шынайылықты анықтау. Түпнұсқалығын айқындау, авторлығын қалыптастыру.

Әзірше деректеме ұғымын негізінен жазбаша қазына ретінде, тарих ғылымына қосымша сала деңгейінде ғана қабылдаудамыз. Шын мәнінде,  деректеменің ұғымның мәні де, пәндік ауқымы да, атқарар міндеті де бұл шеңберден анағұрлым кеңірек. Өйткені деректеме тарихқа да, философияға да, әдебиетке де, өнерге де, табиғаттануға да, жаратылыс пен жағырапия т.б. ғылым салаларына қатысты /5/.

Жалпы посткеңестік деректану саласы мен қазіргі деректану ғылымының теориясы мен методологиясында біраз өзгерістер бар. Бұрынғы ресейлік деректанушылар тарихи деректі нақты, тарихи оқиғаны сипаттаушы құжат ретінде жан-жақты талдаса, қазіргі деректанушылар абстрактілі, яғни философиялық тұрғыда сипаттауға ұмтылады. Мәселен, кеңес деректанушы ғалымдары объективті принцип, тарихилық принцип, партиялық принциптермен жұмыс жасайды, деректердің шынайылылығын анықтаумен, деректанулық талдау жүргізумен айналысты, ал қазіргі Ресей деректанушылары теориялық мәселелерді қозғаған кезде деректану: нақты дүниені тану ерекшеліктері, дерек: мәдениет феномені және танымның нақты объектісі, дерек: гуманитарлық ғылымдардың антропологиялық ориентирі /3/ деген тақырыптарды атайды. Әрине, бұл жерде қазіргі Ресей тарихшыларының қоғамның өзгеруімен қатар, жоғары ғылыми жаңалықтарды енгізуге ұмтылуымен түсіндіруге болады. Қазақстандық ғалымдар, әзірше, кеңестік деректанушылардың теориялық – методологиялық әдістермен жұмыс жасауда. Белгілі ғалым М.Қозыбаев бұл тұста былай дейді: «Шын тарихты жазу үшін методологиялық принциптерге сүйену керек. Оның негізгілері – ол тарихи принцип, ол ғылыми объективті принцип, ол диалектикалық даму, ол өзара байланыс принциптері, ол математикалық принциптер» /6/.

Объективтілік принципі тарихи құбылыстарды барлық қиындықтарымен, жан-жақтылығымен және қарама-қайшылығымен барлық жағынан зерттеуді болжамдайды. Бұл принципті деректануда қолданудың екі қыры бар. Біріншіден, ол әрбір жеке деректің зерттеу негізінде жатуы керек. Дерек мазмұнының шынайылылығын анықтау үшін объективтілік дәрежесін анықтауда, ондағы тарихи шындықтың көрінуінде дерек барлық объективтілігі мен субъективтілігі қосылып, жалпы диалектикалық көлемде, біртұтас құжат ретінде талдануы және қаралуы міндетті. Тарихшы өзінің зерттеу практикасында қойылған міндетке сай ақпараттың тек бір бөлігін, мәселен, деректің мәліметін пайдалануы мүмкін. Бірақ бұл ақпараттың мағынасына дұрыс ғылыми түсіндіру, оны зерттеуде нақты жеткізу барлық деректі біртұтас сай талдауда мүмкін болады /4,16/. Объективтілік принципі кеңес дәуірінде көп бұрмаланды, яғни тарихшылар деректің бір бөлігін ғана қарастырады. Ол бөлік – кеңес саясатына, идеологиясына дәл келетін тұс. Ал деректі тұтас талдау, жан-жақты баға беру мүмкін болмады. Бір жақты идеологияның әсері ең алдымен ұлт республикаларының тарихының жазылуына әсер еткен болатын. Сондықтан да бүгінгі күні кеңес дәуірінің ақтаңдақ тұстарын айқындайтын деректер өте көп жариялануда. Бұл принципті жүзеге асыруда деректерді анықтауда және таңдауда, зерттеудің деректік базасын қалыптастыруда ерекше маңызға ие болады. Сенімді де нақты мәліметтерден іргетас құрастыру үшін барлық дерек  корпусының көптүрлілігін жан-жақты зерттеу қажет /4,17/.

Тарихилық принцип диалектикалық әдіспен байланысты және оның құрылымды бөлігі болып табылады. Қазіргі ғылымда тарихилылыққа назар түсуі тез дамып отырған әлеуметтік-тарихи танымды теорияландыру, қоғамдық ғылымдарға математикалық әдістерді енгізу, абстракция мен формальдылықты көлемді түрде пайдалану және эмпиризмнің қанағаттанбауынан болып отыр /4,17/. Тарихилық принцип – ол дерекке тек нақты тарихи тұрғыдан қарау емес, сонымен  қатар деректің пайда болу мен сақталуына әсер еткен оқиғаларды, құбылыстарды және процестерді зерделеу /2/.

... Профессор В.А.Муравьевтың ұсыныстары қолдауға лайық. Ол тарих және соның ішінде деректану ғылымындағы методологиялық дағдарыстан шығудың екі түрлі нақты жолын ұсынады.

Алайда, кеңестік қазақ тарихшылары мүлдем үнсіз қалмады. Кеңес тарихшыларының кітаптарын қарап отырсақ, олар, әрине, маркстік-лениндік тұрғыда жазады. Алайда, деректерді сол күйінде береді. Кейбір кітаптарда Кеңес үкіметінің саясатын мадақтай отырып, деректер арқылы келеңсіз тұстарды да айқын ашып  береді /8/.

Сондықтан да, жоғарыда айтқанымыздай, тарихи шындық айтыла бастаған тұста алдымен кеңес тарихшылары үн қатқан болатын.

Ресей ғалымдарының Қазақстан тарихына байланысты ортағасырлық деректерге қызығушылықтары бар, бірақ кеңес дәуіріндегі құжаттарға /қазақ тарихына байланысты/ ондай қызығушылық білдірмей отыр. Ал, Қазақстан ғалымдарының көзқарастары басқаша. Әрине, бұл жерде бірнеше себептерді атап көрсетуге болады:

Біріншіден, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы  бойынша нарративті деректер көлемі көп емес, ал кеңес дәуіріндегі құжаттар тасқыны үлкен:

Екіншіден, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бүкіл Орта Азия, дүниежүзі халықтарының тарихының құрамдас бір бөлігі болып табылады, ал кеңес дәуіріндегі Қазақстан КСРО тарихының құрамында қарастырылады:

Үшіншіден, аталмыш дәуіріндегі барлық деректер дерлік аударылған, ал, қазақстандық зерттеушілер көбінесе тек қана аудармаларды пайдаланады, ал кеңес дәуіріндегі деректер тың болып келеді, көпшілігі ғылыми айналымға кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйеге байланысты түспеген.

Бұл жерде тағы бір үлкен мәселе, кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихында ұлттық мәселелер, қазақ халқының кеңестік жүйеге қарсы ұлттық рухты көтеруі де үлкен фактор болып табылады. Сондықтан да ортағасырлық Қазақстанды зерттейтін ғалымдардан гөрі XX ғасыр тарихшылары еңбектерінде ұлттық үрдіс байқалып тұрады. Осынау айырмашылықтар қазақстандық тарихшылардың көпшілігінің қызығушылықтарын кеңес дәуірінің құжаттарын зерттеуге аударды. Еліміздің тәуелсіздік алуы, ұлттық мүдденің жоғары қойылуы, ұлттық рухтың өсуі жағдайында, кеңес заманындағы  құжаттар  алдыңғы  орындарға  шығып  отыр.

Аталған тақырыпты оқытқан кезде баса назар аударатын мәселе деректанудың теориялық-методологиялық жағын жан-жақты талдау, ашу болып табылады.. Қазақстан тарихына байланысты деректерді анықтау қажет.

 

 

Негізгі әдебиет:                       

1.        Тихомиров М.Н. Источниковедение истории СССР.ч.1.-Москва:Соцэкгиз.- 1940. -495с: Он же. Источниковедение истории СССР, 2-ое издание.- Москва:Соцэкгиз,1962.- 495с.:-Стрельский В.И. Основные принципы научной критики источников по истории СССР.- Киев: Издательство Киевского университета, 1961.- 133с: Пронштейн А.П. Методика исторического исследования.- Москва: Издательство Московского                                                   университета.-1976.-479с:                                           Пушкарев Л.Классификация русских письменных источников по отечественной истории.- Москва: Наука, 1975.-281с: Ковальченко И.Д. Исторический источник и историческое познание /методические аспекты/.- Томск: Издательство Томского университета, 1973.- 208с: Источниковедение истории СССР /под редакцией И.Д.Ковальченко/.- Москва: Высшая школа.- 1981.- 496с-: Панфилова A.M. Советская периодическая печать как исторический источник.- Москва: Издательства Московского университета, 1974.- 64с: Черноморский М.Н. Источниковедение истории СССР. Советский период. - Москва: Высшая школа, 1970.-326с: Николаева А.Т. Основные этапы развития отечественных источников ХVШ - XX вв.-Москва: МГИАИ, 1975.-67с

2.        Атабаев Қ,., Қадыртаева М. Деректанудың теориялык мәселелері - Алматы. - 1995.

3.        Источниковедение. Москва: Российский Гуманитарный университет, 1998.-572с

4.      Источниковедение истории СССР, /под ред. И.Д.Ковальченко/.

Москва: Высшая школа, 1981.-496с

5.   Алдамжар 3. Ұлттық тарихымыздың өзекті мәселелері Алматы.-120 б.

6.   Қозыбаев М.Тарих зердесі Алматы.- 2000.

7.   Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қacipeтi. Алматы: Санат, 1997. 320 6.

8.  Сулейменов Р., Бисенов X. Соц1иалистический путь культурного прогресса отсталых народов.- Алма-Ата: Наука, 1967.: Тастанов Ш. Советский опыт формирования и развития интеллигенции. Алма-Ата: Наука, 1975.: Елеуов Т. Установление и упрочнение советской власти в Казахстане.- Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1961.: Бейсембаев К. Идейно-политическое течение в Казахстане конца ХІХ начало ХХ века.- Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1961.; Дахшлейгер Г.Ф. В.И.Ленин и проблемы казахстанской историографии.-Алма-Ата: Наука, 1973.