Тіркелу   Забыли пароль?


Мәліков С.З. Кеңес өкіметінің аграрлық саясатындағы шаруалардың жағдайы.




КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ АГРАРЛЫҚ САЯСАТЫНДАҒЫ

ШАРУАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

 

С. З. Мәлікова,

Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік мұрағаты

Петропавл қ.

 

       Мұрағат құжаттарын зерттей отыра, мыңдаған бет іс қағаздардың әлі де айтары мол  екенін аңғарасың. Сол ақтаңдақ беттердің бірі соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл тағдыры.

        Сталиндік конституция барлық кеңес халқын тең құқықты деп жариялағанмен, шынына келгенде, колхоз-совхоз тұрғындары құқықсыз және зорлықта өмір кешкен еді.

Шаруалардың ауыр жағдайы соғыс жылдары қабылданған үкіметтің қаулыларының әрекетімен және колхозшылардың еңбек түрінде атқарған міндеттерінің шексіз қатаюымен қиындап кетті.

        1942 жылдың 13 сәуірінен бастап шаруалардың міндетті еңбек күндер мөлшері мақталы аудандарда 150 еңбеккүнге дейін, қаратопырақты емес алқапта және солтүстік аудандарда 100-ге және еліміздің басқа аймақтарында 120 еңбеккүнге дейін (бұрын міндетті еңбек күндер ең төменгі мөлшері сәйкес түрде 100, 60, 80 еңбеккүнді құраған) жетті. Мемлекет белгілеген минимумды себепсіз орындамаған колхозшылар соттық жауапкершілікке тартылды және алты айға дейін еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберілді, ондағы еңбекақысының 25% колхоз пайдасына ұсталатын болды.

Егер төтенше шаралар соғыс жылдарында халыққа түсінікті болса және аса қатты айыптау тудырмаса, олардың жеңістен кейін сақталуы қоғамдық наразылықтың себебіне айналды.

Үкіметтің 1947 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен соғыс жылдарындағы еңбеккүннің жоғарылатылған минимумы және орындамағаны үшін сот алдындағы жауапкершілігі кейінгі жылдарда да сақталды. Шаруалардың колхоз егістігінде жұмыс істеулеріне кедергі жасайтын негізгі себептер олардың пайда табуға қалаға баруы және өздерінің үй жанындағы учаскелерінде жұмыс істеуі деп есптеледі. Министрлер Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитетінің 1948 жылғы 19 сәуірдегі «Колхоздарда ұйымдастыруды жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру және еңбек ақыны ретке келтіру туралы» қаулысы колхоз өндірісіндегі кемшіліктерді жою жолдарын көрсетті. Мұнымен бірге КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының «Ауыл шаруашылығында еңбек етуден қасақана жалтарып, қоғамға қарсы арамтамақтық өмір сүріп жүрген адамдарды еліміздің алыс аудандарына жер аудару туралы» жарлығы (1948 ж. 2 маусымда) шыққан болатын. Бұл жарлық колхоз өндірісін көтеруге экономикалық жағдай жасаудың орнына әкімшілік шаралар енгізіп, кінәлілерді іздеуге жол ашты.

Солтүстік Қазақстан облысында алты жүзден астам колхозшылар «тәртібін түзету қажет екені жөнінде» ескерту алған. Шынында да, оларды одан әрі қайда көшіруге болар еді... Ресей Федерациясынан осында, Шығысқа, осы указ бойынша 23 мыңнан аса адам мерзімі  сегіз жылға қоныс аударылды.

1932 жылғы енгізген бірыңғай паспорттық жүйе тіпті де кездейсоқ нәрсе емес еді. Кохоздар адамдарды тіркеу пункттеріне айналды, ал паспорттық жүйе осы тіркеуге мүмкіндік жасады.

Алайда колхоздық жүйенің негізгі ақауы шаруаның еңбек ақысының дұрыс болмауында еді, өйткені, оның мөлшері колхоздың үкіметке барлық міндеттемелерін беріп болғаннан қалған қалдықтарға байланысты болды. Шаруаларға ең қиын кезең соғыстан кейінгі бірінші 1946 жыл болды, өйткені бұл жылы колхозшыларға астықпен есеп айырысу, қолайсыз 1943 жылғыдан да нашар болды. КСРО бойынша тұтастай алғанда 1946 жылы колхоздардың 75,8% еңбеккүнге 1 килограммнан төмен астық берді, ал 7,7%-ы  мүлде төлеген жоқ, бұл жазғы құрғақшылыкпен қоса аштыққа себепші болды.

       1946-1947 жж. Украина, Белоруссия, Молдавия, Орта Ресей, Сібір, Қазақстанды аштық жайлады. Бұл ашаршылық үлкендер есінде қалған. Олар көктемде даладан қазып алған үсіген картоптен немесе крахмал заводтарының қалдықтарынан пісірген күлше нанның дәмін есіне алады.

Аштықтан, аурудан өлгендердің бүгін де әлі есебі жоқ. Сол жылдардағы газет немесе басқа мұрағат құжаттарыннан  «аштық» деген сөз таба алмайсың. Олай айтуға тыйым салынған болар.

     Сол ХХ ғ. 20-30 жж. сияқты үнсіздік әдісі кеңес басқаруының басты әдістерінің  бірі болып қала берді. Соғыстан кейінгі жылдардағы газет беттерінде қираған шаруашылықты қалпына келтіру қиындығы, соғыс зардаптарын жоюдағы қиыншылықтар, қуаңшылық жөнінде айтылған, ал аштық  жөнінде сөз жоқ.

     Солтүстік Қазақстан обком партиясы 1947 ж. ақпанда сылбыр тақырыпшамен: 

«қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға азық-түлікпен жедел көмек көрсету шаралары туралы» қаулы қабылдады, осы аса құпия қаулыда: обкомның мәліметі бойынша  кейбір отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайы өте нашар екені және сол негізде дифтерия ауруы, кейде өлімге апарған  фактілері (көптеп) кездесуде деп жазылған, жақшаға алынған сөзді обком хатшысы Мельник сызып тастаған.  Ал нақты фактілерге келсек: Полудин ауданы, Дубровка хуторының азаматшасы Кучирина азық-түліктің жетіспеуінен өзі және оның балалары дифтериямен ауырып, дер кезінде көрсетілмеген көмектен екі баласы қайтыс болған. Мамлют племзаводының жұмысшысы Чермухиннің отбасы 5 адамнан тұрады, барлығы дистрофиямен ауырған, ал Чермухиннің өзі ауруханаға түскен т.б.

1947 ж. 10 ақпанында облыс бойынша арнайы қоныс аударған 16 мыңнан астам адамға аштықтан өлу қаупі тұрды, олардың жеті жүзі  дистрофиямен ауырған.

Медициналық орындар облыстық партия ұйымына берген ақпарында облыс тұрғындарының күн сайын ауру меңзеп бара жатқанын, соның ішінде, әсіресе, село тұрғындарының басым екенін жеткізген. 1948 жылы  1947 ж.  салыстырғанда туберкулезбен ауырғандар 60 % ,  бруцеллезбен – 12 %, балалар ауруы – 52 % өскен. Ауруханаларда аурулардың бір койкада екеулеп жатуы, түрлі  жұқпалы аурулармен бірге болуы, ер және әйелдердің бір палатада жатқан кездері болды.

     Солтүстік Қазақстан обком партиясының ақпарында аурулардың көбеюін денсаулық сақтау органдарының халық арасында профилактика жұмыстарын жеткіліксіз жүргізуі, дәрістер мен баяндамалардың аз оқылуынан  деп түсіндірген.

      Сол 1946-1947 жж. өлімнің көбеюінің нақ себебі – аштық еді. Ол түрлі диагнозбен  (дизентерия, диспепсия т.б. ) көлегейленіп көрсетілді.

Алайда аштықтың себебі астықтың бірқатар бөлігінің жойылуында ғана емес еді. Биліктегілер астықтың мемлекеттік қорын азайтып алмау үшін қосымша астық дайындауды ұйымдастырып, колхоздар мен совхоздарға міндетті астық тапсыру жоспарын орындағаннан кейін тағы үстеме тапсырыс берген. 

Шындығында ауыл-селодағы аштыққа себепші болған мемлекеттің шаруаларға еңбеккүндері үшін арнайы заттай төлеуге бөлінген астықты қайтарып алып қоюы болған еді. «1945 жыл жөнінде, мысалы, В.В. Зиманың айтуынша, астықтың бар жиналғанының қысқару көлемі мүмкіндігіне сай болды және астық дайындау науқанын жүргізуде төтенше жағдай жариялауға ешқандай негіз болған жоқ». Егер кеңес басшылығының 1946 жылы жүргізген сыртқы саясат мәселелерін ескерсек, астық дайындау жоспарына үстеме берудің себептері түсінікті болмақ. Еліміздегі азық-түліктің тапшылығына қарамастан Кеңестер Одағы Болгарияға, Польшаға, Чехословакияға, яғни өзінің ең жақын саяси одақтастарына бірталай астық беріп көмектесті.

Жалпы КСРО-дан экспортқа жіберілген астық 1,7 млн тонна болды, бұл 1946 жылы дайындалған астықтың 10 % болатын.

Осылай, партия басшыларына халықаралық майданда жетістіктерін бекіту өз халқының қолайлы өмір деңгейін сақтаудан артық болып есептелді.

       Шаруалардың астықты жаппай ұрлауына жол бермеуге тырысқан үкімет жазалау шараларын күшейту жолына көшті. 1932  жылғы 7 наурыздағы халық арасында «бес масақ туралы заң» атанып кеткен, қолданылып жүрген заңмен қатар жазалаудың әдістері туралы жаңа  қаулылар қабылданды. Осы қаулымен 1945 жылы Солтүстік Қазақстан облысы  бойынша астық ұрлағаны үшін 290 адам қылмыстық жауапқа тартылды, бұл осы облыстағы  жалпы қылмыстық жауапқа тартылғандардың- 38,8 %-ын құрады.[1]

1946 ж. КСРО Министрлер Кеңесі астықты қорғау жөнінде кезекті тағы  екі қаулы қабылдады: 7 маусымда «Астықтың сақталуын қамтамасыз ету, оны шашып-төкпеу, ұрлатпау және бүлдіртпеу шаралары туралы», 25 қазанда «Мемлекеттік астықтың сақталуын қамтамасыз ету туралы».

Күзде құрғақшылықтан болған шығын толық есептелгеннен кейін астық ұрлау туралы істерді соттар 10 күн ішінде қарайтын болды, қылмыстыларға 1932 жылғы 7 наурыздағы заң бойынша шаралар қолданылды.

1946 жылғы қараша айында Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті қарашаның бірінші бескүндігіндегі астық тапсыру жоспарын қарап, жоспарды орындамаған төрт жүз он алты  колхоздың жүз екісі астық тапсыруға мүлде қатыспағанын анықтады. Астық дайындауды бұзғаны үшін прокуратура органдары мен Ішкі істер министрлігі екі жүз отыз бір  адамды қылмыстық жауапқа тартты, оның ішінде: астық жинау мен астық дайындауды бұзғаны үшін –жиырма төрт адам, астықты бүлдіргені және рәсуа еткені үшін – он сегіз адам, астықты ұрлап талан-таражға салғаны үшін –жүз сексен тоғыз адам жауапқа тартылды. Екі жүз тоғыз адам сотталды, оның он жетісіне 1932 жылғы 7-ші наурыздағы қаулы қолданылып, ең жоғары жазаға-ату жазасына екі кісі, 10 жылға он бес  адам бас еркінен айырылды. Сотталғандардың ішінде болашақ астық шығымдылығы туралы ойлап, тұқым жинаумен айналысқан колхоз басқармалары болды.[2]

Шаралардың қатаңдығы, басқа да жағдайлар сияқты экономикалық қажеттілікпен түсіндірілді. Ұрлық, мемлекет мүлкін меншіктену, ысырап қылу немесе колхоздың, кооперативтің, басқа да қоғамдық мүлікті ұрлау еңбекпен түзету лагеріне 5 жылдан 8 жылға дейін қамау, дүние мүлкін тәркілеу, не тәркілемеу түрінде жазаланды. Режимнің қатаңдығы астық ұрлауды шамалы ғана бәсеңдетті, өйткені оның баламасы аштық болатын.

Соғыс және 1946-1947 жылдардағы аштық колхоз-совхоз жүйесінің қайшылығын ашып көрсетті, тіпті аздаған мықты шаруашылықтардың өздері де толығымен әлсізденді де жұмысшыларын ұстауды қамтамасыз ете алмады. Астықтың шектен тыс қымбаттауына және шаруаның қосалқы шаруашылығының күйреуіне байланысты халық өсіп бара жатқан салықты төлей алмады.

Соғыстын кейінгі салық салу жүйесі мемелекеттік және жергілікті салықтардың бірнеше түрінен құралды. Мемлекеттік салықтың ең ірі екі түрлеріне – ауылшаруашылық және кіріс салығы (жұмысшылар үшін) жатты. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы салығынан басқа бойдақтарға, жеке және шағын отбасылық азаматтарға, балықшыларға, жеке шаруалар шаруашылығындағы жылқыларға салынған салықтар болды. Жергілікті салықтарға құрылыстан, жер рентасынан, колхоз базарларынан түскен бір жолғы жиналған ақшалар, көлік, мал иелерінен түскен қаржылар жатты. Бұлардан басқа селолық жердегі әр отбасы формальды түрде өз еркімен, дегенмен іс жүзінде әр шаруашылық шарасыздан өзара салық төлеп тұрды. Колхозшылардың шаруашылығында мал мен  егін ғана емес, жеміс ағаштарына да салық салынды.

Фактілер көрсеткеніндей, мемлекет село халқының тұрмыс деңгейіне аса көп көңіл бөлмеген.

1946 жылы шаруалардың жеке шаруашылығына салынатын салықты көбейту туралы шешім қабылданды. 1948 және 1952 жылдары шаруалардан жиналатын ең басты салық-ауылшаруашылық салығы тағы өсірілді. Шаруалар шаруашылығынан алынатын салықтың мөлшері кіріс нормасының негізінде - әр мал басынан және шаруалар шаруашылығынан алынатын салықтың мөлшері кіріс нормасының негізінде - әр мал басынан және үй жанындағы жердің гектарының әр жүздігінен есептелді. Кіріс нормасы қалай болса солай белгіленді және шаруаның жерінің кірісіне әрқашан сәйкес келе бермеді. 1947 жылы салық төлеуден еңбекке жарамсыз колхозшылардың (еркектер 60 жас пен одан асқандар, әйелдер 55 жас пен одан асқандар) шаруашылықтары және еңбекке жарамды отбасы мүшелері жоқ, шаруашылығын өз күшімен жүргізетін жеке шаруалар босатылды. Жаңа жарғыдан кейін колхозшылардың осындай шаруашылықтары есептелген салықтың 50%-ын төлейтін болды, ал жеке шаруа шаруашылықтары мұндай жеңілдіктен айырылды.

Егер бұрын соғыс кезінде қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалып кеткен әскерилердің және сондай-ақ қаза тапқан партизандардың шаруашылықтары, оларда 8 жасқа дейінгі баласы мен жесірінен басқа еңбекке жарамды адам болмаса, салықтан босатылған болса, жаңа заң бойынша оларға тек 50 % жеңілдік берілді.

Жеке шаруашылықтар астықты және картопты жеке шаруаларға мемлекеттік ең кем жоспармен белгіленген жер мөлшеріне сәйкес тапсырып отырды. Бұдан басқа мал өнімдері бойынша салықтардың зоналық нормалары жүргізілді.

Аудандардың ауылшаруашылығы бойынша өз бағыттары болғандықтан, іс жүзінде бір өнімнің орнына басқа өнімді беру іске асырылды, немесе мемлекет олардан өнімнің нарықтық бағасын алып отырды. Ресми құжаттарда «салықтық тәртіп» деп аталған еріксіз көндіру биліктің ауыл-селоға жасаған ықпалының басты мөлшері болып қала берді. Салықтық жарыстың соңы 1952 жылы қабылданған «Ауылшаруашылық салығы» және «Колхоздардан алынатын кіріс салығы туралы» заңдар болды. Бұл заңдармен салықтардың жалпы суммасы тағы өсті, колхозшылардың жеке шаруашылықтары үшін есептелетін кіріс нормалары көбейтілді. Жалпы алғанда ауылшаруашылығы салығының көлемі 1952 жылы 1951 жылмен салыстырғанда орта есеппен 1,5-2 есе өсті. Шаруашылықтар және жеке шаруалар 1952 жылы мемлекетке 8,7 млрд. теңге салық төледі. Егер осы  кезеңде шаруалардың тұрмыс жағдайының жақсармағанын еске алсақ, бұл кезеңде мемлекеттік салықтық қысымның кемеліне келтірілгені туралы қорытынды жасауға болады. В.Ф. Зиманың[3] ойынша, 40-шы жылдардың соңында – 50-ші жылдардың басында төлеуге көрсетілген салықтың мөлшері және міндетті қамсыздандырушылық колхозшылардың көпшілігінің күн көріп отырған жалғыз қосалқы шаруашылығын ұстауға мүмкіншілік бермей қойды. Оның есептеуі бойынша салықтардың өсуі колхоздар мен совхоздардың және жеке шаруашылықтардың кірісінен екі есе артық болған, сондықтан олардың басым бөлігі мүмкіншілік болмағандықтан төленбеді, сөйтіп келесі жылғы қарыздарға көшіп отырды. 

Қазақстанда да ауылшаруашылық салығының уақытында төленбеуі жыл сайын өсіп отырған, мысалы тек қана Плосский селсоветі бойынша 14 шаруашылық салығын уақытында төлеуден үмітсіз болды.[4]

1937 жылдың сәуір айында ОАК және КСРО ХКК қаулысымен мемлекетке уақытында салықтарын өткізбеген азаматтардың мүлкін тартып алу үшін әкімшілік тәртіптің орнына соттық тәртіп енгізілген болатын.[5] Алайда нағыз қатаң салықтық шаралар соғыс кезінде күшіне енді және сол күшін соғыстан кейінгі шаруашылықты қайтадан қалпына келтіру жылдары да сақтап қалды.

Сонымен, 40-жылдардың екінші жартасындағы салықтық саясатта екі маңызды бағытты байқауға болады: мемлекетке міндетті түрде тапсырылатын ауылшаруашылық өнімдері мөлшерінің өсуі және осы тапсырыстарға тартылған жекеменшік шаруашылықтардың санының өсуі. Салықтық жүйенің шаруалар шаруашылығы үшін көзге көрініп тұрған салдарына қарамастан кеңес уақытындағы тарихи зерттеулерде колхозшылардың материалық тұрмыс халінің әрдайым өсіп отырғанын айту әдетке айналды.

Алайда, әдеттен тыс болса да дәл осы жерде шаруалар жағынан да, мемлекеттік өкілдер жағынан да көптеген заң бұзушылық орын алды. Колхозшылар мен жеке шаруалардың амалсыз меншік пен табысты көрсетпеуі мемлекеттің салықты жинағанда күш көрсетуімен қоса жүрді. Билік пара алып, өтелмеген салықты өтелді деп өтірік квитанция беріп, сатушылардан алған өнімдерді базарларда қымбат бағамен сатып жіберумен де айналысқан.

Соттарда салықты толық төлемегендердің ісі қаптап жатты және заңмен белгіленген уақытта ол істерді қарап үлгіре алмай жатты.  

Салық саясаты халық пен мемлекеттің мүдделерінің бір-біріне қарама-қарсы екендігін байқатты

Сөйтіп кеңестік басқаруда село халқының материалдық жағдайы және селодағы қаржы-экономикалық жағдай өте  ауыр болып қала берді.

Қатаң салықтық саясат мемлекеттік бюджеттің орындалуының маңызды шарты болды. Зерттеушілердің көрсетуінше, кеңес басшылығының аграрлық сектордағы экономикалық бағыты әлеуметтік мемлекеттік саясаттың мақсатына толық сәйкес болды. Бұл саясаттың соғыстан кейінгі мезгілдегі негізгі мәні шаруаларды ыдыратудың жаңа кезеңіне саятын еді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер

 

1.Северо-Казахстанская область. Страницы летописи родного края. Алматы, 1993.

2.  Зима В.Ф. «Второе раскулачивание» (Аграрная политика конца 40-х – начала 50-х годов) – Отечественная история . 1994. №3

3.Трагедия и прозрение. Сборник архивных материалов и воспоминаний жертв голода и политических репрессий. Петропавловск, 2002. 

4. СҚММ. Қор 22, Тізім 04, іс 5, .41-п

5. СҚММ. Қор 22, Тізім 04, іс 164, .15-п

6. СҚММ. Қор.2104, тізім 1, іс. 37, .7-п

 

 

[1] СҚММ. Қор 22, Тізім 04, іс 5, п.41

[2] СҚММ. Қор 22, Тізім 04, іс 164, п.15

[3] Зима В.Ф. «Второе раскулачивание» (Аграрная политика конца 40-х – начала 50-х годов) – Отечественная история . 1994. № 3, с.106

[4] СҚММ. Қор.2104, тізім 1, іс. 37, п.7

[5] Решения партии и правительства по хозяйственным вопросам. Т.3, с.472-477