Тіркелу   Забыли пароль?


Кемеңгер Қ. Иман отын жүректен өшірмеген. (Олжабай Нұралыұлы мен Сәдуақас Ғылмани).




Иман отын жүректе өшірмеген

(Олжабай НҰРАЛЫҰЛЫ мен Сәдуақас Ғылмани)

 

Қ. Кемеңгер,

Ш. Уәлиханов атындағы КМУ,

 қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

 

Ата-бабадан қалған туған жерінде қуғын-сүргін көріп, дәулеті таланып, атағынан айрылып, қанатынан қайрылып 1928 жылдың күзінде ақын Олжабай Нұралыұлы (1881-1935) туған жері – қасиетті Ерейменінен шалғайдағы Үйшік (Атырау) еліне айдалады. Қанжығалы Қарт Бөгенбай батырдың, Арғынның ақсақалы – Саққұлақ бидің кіндігінен тараған ағайынды Барлыбай мен Олжабай бастаған көште барлығы жиырма бес адам болды. Олардың ішінде сексен екідегі аналары Кәмила, екіге енді толған қыздары Бәтима, Гүлсім де бірге кетті. Голощекиннің қанды саясаты кезінде «алашордашыл», «ел билеуші тұқымынан», «бай-болыс» деген кінә тағылып, зорлықпен қуғындалған аруақты отбасы айдаудың ауыр жылдарында бірнеше адамынан айырылды. Ақын Олжабай осы жылдары ардақты анасын, аяулы жан жарын, бауыр еті балаларын қара жерге тапсырды. Алайда тағдыр қанша сынаса да, ол салқын ақылына бой алдырта білді, Алласынан үмітін үзбеді. Ақынға сол бір ауыр күндерде өлең-хаттары арқылы қайғысын бөлісіп, көңіліне демеу болған бірден бір адам Сәдуақас (Сәкен) Ғылмани (1890-1972 ) еді.

Сәкен Ғылмани Ерейментаудың Малтабар деген жерінде дүниеге келген. Сүйегі Олжабаймен аталас бір рудан. Ол – мұсылманша сауатты, Арқа еліне аты мәлім Төленгіт Ақтамақ Халифаның (Ахмет Ғұсманұлы) медресесінде алты жыл оқып, діни сауаты жоғары адам болған. Кейін өзінің білімін Сілеті медресесінде жалғастырған. Олжабай ақынның айдауда жүріп Батыс Қазақстаннан Сәкен Ғылманиға жазған хаттары сақталған. Ол өзінің “Сағындым”, “Елге сәлем”, “Елім-ай” секілді шығармаларын Сәкен досы арқылы елге таратқан деп көрсетеді ақынның баласы Қазбек Нұралин. Олжабай өзінің сондағы бір өлең-хатында Сәкен бауырының бейнесін былай сомдайды:

Қарағым, Сәкен, бауырым,

Көңілім сүйер тәуірім.

Қараңғы тұман ішінде

Адаспаған жарығым.

Үзілмей, сынбай жүрсің бе?

Тай терісіндей сауырым.

Өлік пенен тірлікке,

Құдайға ынтық жүрекке

Керекті қымбат қаруым.

Ауқаты бар байлар мен орта шаруалы қазаққа қырғидай тиген 1928-1929 жылдардан бастап Кеңес үкіметі діннің жолында жүрген адамдарды да қуғынға алды. Отызыншы жылдардың басындағы аштық кезінде Сәкен Ғылмани туған жерді қалдырып, Омбы өңіріне баруға мәжбүр болды. Омбыда ол Олжабай Нұралыұлы мұрындық болып ұйымдастырылған «Жаңа жол» колхозына тұрақтап, сол жерде өмірінің он үш жылын өткізеді.

О.Нұралыұлының 1928 жылдың қарашасында басталған қуғын-сүргіні Ақтөбе-Атырау өңірінде үш жарым жылға созылып, одан әрі Сібір жерінде – Омбы облысында жалғасты. Осы жерде ақын сонша сағынған Ерейментауына бірден неге бармады деген сұрақ тууы мүмкін. Оған жауап – алдымен, үкімет Олжабайға туған жеріне келуге рұқсат етпеді. Ақынның Омбыдағы өмірі – айдалуының жалғасы болатын. Екіншіден, ол Омбыға келген 1932 жылдың көктемінде қазақ даласында, әсіресе, Олжабайдың елінде, жаппай аштықтан қырылу, халықтың жаяу-жалпы туған жерді тастап босуы өзінің шарықтау шегіне жеткен еді. Еліндегі сұрапыл сұмдықтан ақын хат арқылы хабардар болатын. Ақтөбедегі Тайсойған құмында жүргенде ол аштық тақырыбына арнап “Құсайын зары” атты шығарма да жазады.

         Омбы жерінде Олжабай отбасы осы облыстың Мырзаболат, Шоқпыт, Саназар, Өмір-Қарабас секілді ауылдарында тұрады. Қазақтың бұл ауылдары қазіргі Омбы облысының Шарбақкөл, Любин, Москаленки, Горький аудандарында орналасқан. Тумысынан халықты үйіріп әкететін қасиеті бар Олжабай Омбыға келісімен де қол қусырып отырмады. Ақтөбе, Атырауда жүрген жылдары геологтарды көлікпен қамтамасыз етіп, отбасын асыраса, Омбыда да ол ел-жұртты жанына жинай білді. Осы уақытта қиын күннің қасіретін бөліскен адамның бірі тағы да Сәкен Ғылмани болды.

          1935 жылдың көктемінде Олжабай Омбыдан пойыз арқылы Орынборға шығады. Ондағы мақсаты – Орынборда оқитын өз баласы Қазбекті, Сәкен Ғылманидің баласы Хамитті, және туыстарын Омбыға алып келу болды. Жол үстінде, пойыз Қызылжар қаласынан өткенде ақынның жүрегі қысылады. Пойыздағы адамдар Олжабайды әрі жүргізуге қауіптеніп, оны Қызылжарда қалдыруға бел байлайды. Өзге облыстың адамы болғандықтан, Олжабайды қалалық емхана қабылдамайды. Содан ол өзінің жерлесі, әдебиетші Шайхы Кәрібаевтың көмегімен бір үйге орналасады. Олжабай ауыр жатыр дегенді естіген соң, Қызылжарға Ерейментаудан оның ағайындары келеді. Сол жылы көкек айының жиырма бесінші жұлдызында ақын Олжабай Нұралыұлы жалған дүниемен қоштасты. Ақынның сүйегі Қызылжар қаласындағы мұсылмандар зиратына жерленді, оның қырқына Омбыдан – ағасы Барлыбай, жан досы – Сәкен Ғылмани келді.

Сәкен хазірет терең діндарлығымен қоса, өлең сөзге де жүйрік адам болған. О.Нұралыұлы өмірден өткенін естігенде, ол “Олжабай ақын өліміне” деп аталатын елу сегіз жолдан тұратын толғау жазады. Сәкен ақынның бұл шығармасы Үмбетей бабасының әйгілі “Бөгенбайдың өліміне” атты туындысымен сарындас. Ал Қызылжарға жеткен соң, Сәдуақас Ғылмани О.Нұралыұлы қабірінің басында “Қоштасу” атты өлеңін оқиды. Көлемі жиырма үш шумақ сол өлеңде төмендегідей жыр жолдары бар:

                                               Ассалаумағалейкүм, арыстаным!

                                               Жатырсың, міне, ішінде көрстанның.

                                               Мен келдім басыңа дұға үшін,

Тірлікте достық ізді қарыштадың.

 

Артыңда сөзің қалды, өзің жоқсың,

Сондықтан “өлмей кетті” деуге бопсың.

Жаратылыс өз заңын атқармақ қой,

Арман жоқ, фәни денең өтсе, өтсін.

 

Міндетім – сөзіңді жинап, жұртқа шашу,

Көңілді сағынғанда, айтып басу.

Бір саған қабіріңе сыйлағаным –

  Тірілтіп із-сөзіңді амандасу.

Туған жеріне оралғаннан кейін Сәкен Ғылмани Ақмола қаласы мешітінің бас имамы болып тағайындалады. 1949 жылы қиыншылықтарға қарамай, ол қасиетті Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтейді. Сәкен қажы Ғылмани 1952 жылдан өмірден өткенге дейін жиырма жыл Қазақстан мұсылмандарының қазиы болады. 2005 жылдың сәуір айында елордамыз Астанадағы орталық мешітке Сәкен (Сәдуақас) қажы Ғылманидың есімі берілді. Ол жөнінде Қазақстан мұсылмандарының “Ислам және өркениет” атты діни-танымдық газетінде төмендегідей хабар берілген: “Еліміздің бас қаласы – Астанада қазір бір ғана орталық мешіт бар. Жұрт оған түрлі кісілердің атын беру туралы түрлі ұсыныстар жасап келді. Бірақ бұл мәселе бойынша шешім шығаруға мүфтият асықпады. Түскен ұсыныстардың барлығын таразылап, сараптаудан өткізді. Жуырда ҚМДБ төралқасының кезекті отырысында оны арнайы қарап, Астана мешітіне Сәдуақас қажы Ғылмани атын берді”.

Бір қалыпта тұрмайды өмір өтер,

Жақсылық, жаманшылық келер-кетер.

Таяныш жалғыз ғана – Хақ һәм хақлық,

Өзгенің бәрі алдамшы, бәрі бекер,-

деп түйіндейді өмірдің мазмұнын ақын Олжабай. Сәкен Ғылмани да хақ жолынан адаспай, кеңестік қиын-қыстау заманда ислам дініне байланысты бай мұра қалдырып кетті.

Ғалым еңбектері зерттеуші назарына енді ғана жол тартты. 2005 жылы «Арда» баспасынан Сәкен Ғылманидің «Арабша-қазақша сөздігі» (І томның 1-кітабы) баспа бетін көрді. Сөздіктің жауапты шығарушылары – филология ғылымдарының докторы Б.Омарұлы мен арабтанушы М.Салқынбай. 2006 жылы «Ел-Шежіре» қоғамдық қайырымдылық қоры Сәкен Ғылманидің шағын кітапшасын жарыққа шығарды. Оған ойшылдың дін тақырыбындағы еңбектері енді. Терең дінтанушы-ғалым әрі көрнекті ақын Сәкен Ғылманидің бай мұрасын жан-жақты зерттеуді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму» институты қолға алуда. Институт директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы Сәкен Ғылмани мұрасын жүйелі зерттеу, зерделеу қажеттілігін түсініп, ғалымның асыл қазынасын бүгінгі рухани құндылықтарға зәру қоғамға кең насихаттау керек деп біледі. Ғылманитану енді басталып, игілікті іс ізденушілерді бай рухани мұрасымен қызықтыруда.