Тіркелу   Забыли пароль?


Кәкен Амантай. 1979 жылғы Ақмола көтерілісі.




1979:  АҚМОЛА  КӨТЕРІЛІСІ

 

Амантай  Кәкен,

 журналист

 

            Еліміздің тәуелсіздік алып, жеке отау тіккеніне жиырма жылдай болып қалды. Соңғы бес ғасырда халқымыз үш жүзден астам ірілі-ұсақты соғысты, әскери қақтығысты бастан кешіргенін еске алсақ, егемендіктің оңай келмегендігі белгілі.

            КСРО-ның, коммунистік партияның саясатына қарсы толқулар, наразылықтар кеңес заманында аз болған жоқ. Солардың бірі – Ақмола, бірақ сол уақытта бір кездегі Хрущевтің нұсқауымен әлі Целиноград болып жүрген қазіргі Астана қаласында неміс автономиясын құруға қарсы өткізілген  көтеріліс. Бұл - коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде Мәскеу басшылығының шешімімен келіспеген, оны мойындамаған қарсылық акциясы еді.

            1941 жылдың  28 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М. И. Калинин қол қойған жасырын жарлығы бойынша Еділ бойындағы мыңдаған, он мыңдаған немістер фашистермен сыбайлас диверсанттар, тыңшылыр болып есептелді. Неміс азаматтары Новосібір, Омбы облыстарына, Алтай өлкесіне, Қазақстанға күштеп жер аударылды. Жарлықта неміс автономиялық републикасы туралы сөз болмаса да бұл құрылымның шаңырағы өзінен өзі күл талқанға ұшырады.

            1964 жылдың 29 тамызында осы мәселе жөнінде өкіметтің жаңа бұйрығы шықты. Мұнда 1941 жылғы құжат бойынша немістерді «жер аударуға негіз болған себептер орынсыз айыптау екен, бұл Сталиннің жеке басына табыну кезіндегі зорлық-зомбылық еді. Мұны өмірдің өзі байқатты», - деп атап өтілді. Бірақ бұрынғы автономияны қалпына келтіру жөнінде ештеңе айтылмады, қайта, керісінше,  сол жер аударылған аймақтарынан оларды қозғамай сонда қалдыру жағы қарастырылды.

            Немістер өкіметтің мұндай іс-әрекетін «жарым-жартылай ақтау» деп бағалады. Олар: «біздің жазықтан жазықсыз саяси репрессияға ұшырағанымызды билік ресми түрде мойындады, демек, әділеттілік толық орнауы қажет. Ол үшін өкімет Еділ жағасындағы ұлттық мемлекеттігімізді қалпына келтіріп, сол аймаққа қайтадан көшіп баруымызға жағдай жасауы қажет», - деп мәселе көтерді.

            Іштей тынған наразылық енді белсенді қарсылыққа ұласты. 1965 жылдан бастап бұрынғы құлаған автономияны қалпына келтіруді талап еткен неміс ағайындар Москваға жөңкіле бастады.

1965 жылғы 12 қаңтарда тоғыз адамды сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А. И. Микоян қабылдайды. Анастас Иванович: «Неміс республикасын қалпына келтіру табиғи нәрсе, бірақ оны жүзеге асыру қиын, территория жоқ. Ал неміс мектептерін ашу, неміс тілінде әдебиет шығару сияқты проблемаларды қолға алуға болады, - деді.

Жарты жыл өткен соң Микоян екінші делегацияны – 19 адамды қабылдайды. Ол: «Сіздер неміс республикасын қалпына келтіру керек дейсіздер. Бұл мүмкін емес. Өйткені Тың өлкесіндегі жарты миллион адам кетіп қалса ауыл шаруашылығы есіз қалады. Немістер өз мемлекеттігінсіз өмір сүре алмайды деп есептемеу керек. Соғыстан бұрын немістердің 2/3 бөлігі республикадан тыс жерде болды, бірақ жақсы тұрды емес пе? Тарихта жіберілген қатенің бәрін түзетуге болмайды», - деп оларды шығарып салды.

Микоянның бұл алдамшы сөзіне неміс қауымы қанағаттанбады. Автономияны қалпына келтіру жөніндегі талабынан қайтпады, жоғары жаққа арыз-өтініштерін жазуды тоқтатпады. Бірақ оларды енді ешкім қабылдамайды, тыңдамайды. Ұсыныс-пікірдің аяқсыз қалғанына әбден көздері жеткен белсенділер «біз тілден айырылдық, әдет-ғұрпымыз жоғалып барады, автономия болмайды екен, онда ұлттығымызды сақтап қалу үшін тарихи отанымыз – Германияға кетуге рұқсат беріңдер, - деп мәселені басқа қырынан қойды. Осы мақсатпен арнайы комитеттер құрылды, наразылық шерулері ұйымдастырылды. Москвада, Германия елшілігінің алдында, Қызыл алаңда, ұрандар мен транспоранттар ұстап, рұқсат етілмеген митингілер өткізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Қызыл Креске, басқа да халықаралық мекемелерге, АҚШ, Германия парламенттеріне шағымдар жіберді.

Құқық қорғау органдары болса «тәртіпті бұздыңдар» деген сылтаумен қуғын-сүргін ұйымдастырды. Белсенді дегендерін ұстайды, түрмеге қамайды, соттайды. Бұған қарсылық есебінде олар кеңес азаматтығынан шығамыз деп жаппай кеңес паспорттарын тапсыру науқанын бастайды. Бүлдіршін бөбектер мен жастар пионер галстугін тағудан, комсомолға мүшелікке өтуден, діни сенімді желеу етіп әскерге барудан бас тартты. Совет өкіметінің беделіне нұсқан келерлік мұндай қолайсыз оқиғалар жат жұртқа белгілі бола бастайды. Шет ел: «КСРО-да немістер қудаланып жатыр» деп шу көтереді. Міне, осы шиеленіскен жағдайда кеңес өкіметі неміс мәселесін қалай да шешуге мәжбүр болады.

Кеңестер елінде барлық аймақтың тағдыры тек орталықта қаралатын. Қажет болса конституция талаптарын белінен басып жіберетін. Бұл жолы да солай болды. Шовинистік, ұлыдержавалық саясатты ту ғып көтерген Москва проблеманы реттеу үшін жергілікті алаш жұртымен пікір алыспай-ақ қазақ жерін таңдап алды. Қазақтарға не айтсаң да «құп болады!» деп тік тұрады, бас иеді, қарсылық көрсетпейді деп есептеген болу керек. Әйтпесе, Ресей, Грузия сияқты федералдық құрылым емес, біртұтас унитарлық республикада жер ауып келген басқа бір этнос есебінен автономия ашу деген қай жағынан алсақ та – заңдылық, тарихи тұрғыдан ешқандай қисынға келе қоймайтын. Тіпті патшалы Ресей тұсында да мұндай мәселе көтеріліп көрген емес.

Бірде Москвадан Н. Перун (Орталық Комитет), Ф. Бобков (КГБ), Д. Никитин (Жоғарғы Кеңес) Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде салалық хатшы С. Имашевтің қатысуымен идеология саласындағы бөлім меңгерушілері – А. Плотников, С. Жандосов, М. Қабылбеков, М. Есеналиев жолдастармен Қазақстанда неміс автономиясын құру жөнінде «ақылдасқан» болады. Алайда, орталық өкілдерінің сөз саптасынан бұлардың өз пікірін зорлап міндеттегісі келетіндігі бірден байқалады.

Әрине, ол кезде Мәскеумен сөз таластыруға жол берілмейтіндігін ескерсек, А. Плотников пен С. Жандосов екеуінің еш қарсылық білдірмей «мәселенің маңызды екендігін тілге тиек етіп және оны саяси жолмен шешудің қажеттігі» туралы жалпылама пікір айтуын, ал М. Қабылбековтың үнсіз қалуын түсінуге болар еді. Солай болса да Мәскеудің мұндай жаман ойлары бар екендігін тұңғыш рет естіп білген М. Есеналиев «Қазақстанда неміс автономиясын құру арқылы біз бұл проблеманы бәрібір шеше алмаймыз, өйткені неміс жолдастар өз халқын саяси ақтауды – бұрынғы автономияны нақ Ресейде ғана жүзеге асыруға болады», - деп үзілді-кесілді қарсы шығады («Новое поколение», № 45, 1996).

Әрине, мәселенің қалай реттелу жолын Кремль басшылығы бұрын келісіп қойған еді, сондықтан Михаил Иванович ағамыздың сөзін мәскеуліктер ілтифатқа алуы былай тұрсын,  «сіз үлкен саясатты түсінбейсіз» деп өзін жазғыруға дейін барған.

Сөйтіп, автономияның тек Қазақстанда ғана орналасатындығын Кремль принципті түрде анықтап алған соң енді жаңа құрылымның нақтылы қай жерде ұйымдастырылуы туралы әңгіме болса керек. Мұның мән-жайын біледі-ау деген адамның – соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері, сол кездегі үкімет басшысы Бәйкен Әшімов ақсақалдың – сөзіне назар аударсақ, алғашқы жоба бойынша неміс облысының орталығы Целиноград яғни бүгінгі Астана қаласы болып белгіленген екен («Түркістан», 15 желтоқсан 2001 ж.).

Бірақ кейін орталық басқа тоқтамға келеді. 1979 жылдың 31 мамырында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының жасырын қаулысы шығады.  Мұнда Неміс автономиясының құрамына Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Ақмола облыстары аумағындағы бес аудан кіріп, орталығы Ерейментау қаласы болып белгіленеді.

Осыған орай ЦК-нің екінші хатшысы А. Коркин басқарған арнаулы комиссия келіп, Ерейментау қаласында әкімшілік мекемелері үшін ғимараттар қарайды, болашақ автономияның шекарасын анықтайды, кадр мәселесін тиянақтайды, қажетті құжаттар дайындайды, көшіп-қонуға байланысты шығын есеп-шотқа түседі. Неміс облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына А. Браун, облыстық атқару комитетінің төрағалығына М. Сағдиев, ал обкомның екінші хатшылығына Ә. Шабатов болады деп жоспарланады, жаңа құрылымдағы басқа лауазымды қызметке осылар жарайды-ау деген азаматтардың аты-жөні анықталады. Осы кезде ЦК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі болған Владислав Владимиров Ерейментау қаласына советтік неміс барлаушысы Ассельборнның атын беру керек деген ұсынысын тықпалап, оны өткізуге күш салады.

* * *

 Жанына он үш министрді, облыс басшыларын ертіп ЦК-нің екінші хатшысы А. Коркин бастаған топтың Ерейментау ауданына не мақсатпен келгенін жұрт біліп қояды да Ақмола қаласында неміс автономиясын құруға қарсы бағытталған үлкен шеру өткізіледі. Мұны орталықтың жергілікті жағдайды ескермей жүргізген ұлттық саясатына, озбырлық қимыл-әрекетіне деген наразылық деп түсінген жөн.

Шу дегенде автономияға қарсы авторы белгісіз листовкалар таратылады.  Сенбі – 16 маусымда – кәсіптік-техникалық училищенің мерекесі күні жұрт орталық алаңға жиналады. Сап түзеп, шеру құрған колонна орталық көшелерге шығады. Сондағы ұрандар мен плакаттардың мазмұны мынандай (қазақша, орысша):

            - Халықтар достығы жасасын!

            - Неміс автономиясы болмасын!

            - Қазақстандағы совет халқы ішкі шекарасыз өмір сүреді!

- Одақтас республиканың территориясы оның келісімінсіз өзгертілуі мүмкін емес!

- Қазақстанда неміс автономиясы болмасын!

- Қазақстан бөлінбейді!

Колоннадағы студент жастар обком ғимаратына бұрылып, жағдайды түсіндіруді талап етті. Бюро мүшелері Николай Морозовқа «Сіз отыра тұрыңыз, оларға екінші хатшы Зейнолла Шайдаров шықсын» деген соң Зекең «залға кіріңдер» деп шақырып еді, шерушілер оны тыңдамады, өздерінің ұсыныс-пікірлері жазылған қағазды тапсырды,  мұнда автономия жөніндегі әңгіменің тоқтатылуы сұралды. Сол кезде демонстранттар арасынан, өкінішке қарай, «Немістер жойылсын!», «Келген жерлеріңе кетіңдер!», «Немістер, сендерге не керек?» деген сияқты сөздер де естіліп қалды. Алайда, алаңға жиналғандар тәртіпті қатаң сақтады, ауа жайылушылыққа, бұзақылыққа жол берілген жоқ.

Сол кездегі Ақмола облыстық КГБ басқармасының жетекшісі Жақия Сейітқазиевтің мәлімдеуінше, шымкеттік студент Рысқұлов, қызмет орнында партия ұйымының хатшысы, сырттан оқитын студент Рымжанов, Оралдан келген орыс қызы Копылова (жобасы қаладағы қаржы техникумында оқыған сияқты) осы шеруді өткізуде белсенділік көрсеткен.

Міне, осындай хал-ахуал орын алғанда  қандай шараны қолға алған жөн? Кейбір басшылар, нақтылап айтсақ, Коркиннің өзі «милиция шақырыңдар, қуыңдар!» десе керек. Жалпы Коркин күш қолдану позициясында тұрған. Егер олай болса оның арты қан төгіске ұласуы мүмкін емес пе?  Біз сөйлескен сол кездегі обкомның екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров мұны растап берді. Бірінші хатшы Морозов та өзінің естелігінде осы пікірді қайталайды.

Сол кездегі жағдай қандай еді?

Қазақтар немістерге ешқандай өшпенділігі болмағанмен, бұрынғыдай бірге тату-тәтті  тұра беруге ризашылық көрсеткенімен автономия дегенге үзілді-кесілді қарсы. Егер немістің мемлекеттік құрылымы қазақ жерінде өмірге келетін жағдайда бұл екі халықтың арасындағы достық құриды, оның орнына ұлтаралық дұшпандық сезімі туындауы ғажап емес.

Міне, сол кезде ел басқарған Қонаевтың данышпандығы, кемеңгерлігі іс жүзінде  айқын байқалады. Мәселені кейін шегіндіре тұрайық, мынау шеру, у-шу басылсын, халық сабасына түссін, ақылдасайық, ал автономия дегенді қазір күн тәртібінен уақытша болса да алып тастайық деген тоқтамға келуі және бұл ұсынысын Москваның алдында өткізе алуы Димаш Ахмедұлының үлкен ерлігі, көрегендігі екендігін мойындауымыз қажет.

Көтерілісті кім ұйымдастырды, қарсылық акциясының артында кімдер тұр деген сұрақ Москваны мазалай берді. Осыған орай қазақ зиялыларына деген күдік күшейе түсті. Мәселен, мәскеулік комиссияның құрамына Димекең Алматыдан, ОК-тен, әдейі қосқан Аманжол Қалықовпен Мәскеуден келген шенеуніктер сырласып, одан пікір сұрамақ түгіл, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовқа кіргенде де, аудан аралап, белсенді неміс азаматтары – Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Браунмен, совхоз  директорлары – Давид Бурбахпен, Андрей Риммермен сөйлескенде де оны жанына жолатпаған. Бұрын үлкен лауазымды қызмет атқарған Ақмола өңірінің түлектері Ж. Тәшенев, С. Ниязбеков көтеріліс қарсаңында келіп кетіпті-мыс, сондықтан оқиғаға қатысты болмауы мүмкін емес деген болжам мұқият тексеріліпті.

 Осы тексерістің негізінде Н. Петровичев (КОКП Орталық Комитеті), М. Георгадзе (Жоғарғы Кеңес), В. Чебриков (КГБ) қол қойған ақпаратта (29.06.1979) «аталған көріністердің орын алу себебі жергілікті органдар автономия құруға қатардағы шара есебінде қарады, оның саяси сипатын лайықты түрде есепке алмады, кадрлармен және активпен тиісті түсінік жұмыстарын жүргізбеді, халықтың интернационалдық тәрбиесінің деңгейін артық бағалады», - деп түсіндірілді.

Алайда, Саяси Бюроның шешімі күшінде қалды. Қазақ жерінде неміс автономиясын құру күн тәртібінен түскен жоқ. Ол үшін, делінді құжатта одан әрі, «Қонаев жолдас айтқандай, дайындық жұмыстарын жүргізуге және жағымды қоғамдық пікір жасауға уақыт керек болады» делінді.

Қаулыға қол қойылмаған екен, сондықтан Брежневтің шегініс жасауына оңай болыпты-мыс деген алып қашпа сөз бар. Бұл бекер деп ойлаймыз. Өйткені жаңағы айтылған құжатта (29.06.1979) «Саяси Бюроның қаулысы шыққаннан кейін» деп тура айтылған, оның неліктен орындалмағаны хабарланады.

 

* * *

Маусым айында Мәскеу өкілдерін осылай шығарып салған Димекең, сөз жоқ, уақытты созуға біраз мүмкіндік алды. Бұл кезең ішінде мәселені шешуге ықпалы бар орталық өкілдерін қаулының елге тыныштық әкелмейтіндігін, бұдан ешкімнің ұтпайтындығын түсіндіріп, ұғындыру үшін пайдаланған сияқты. 1980 жылдың 19 ақпанында КОКП ОК-де «Қонаев Д. А. ж. Неміс автономиясы облысының шекарасы, оның партия органдарының құрылымы және штаты туралы ұсынысты қайтарып алды» деген құжаттың өмірге келуі бұған нақты дәлел. Міне, тек осыдан кейін ғана Қазақстанда неміс автономиясын құру мәселесі күн тәртібінен мүлдем алынды деп есептеуіміз керек.

Осы оқиғалардан қандай қорытынды жасалды, тапсырманың орындалмағаны үшін кімдер жауапқа тартылды деген сұрақ туындайды. Мәскеу болса барлық пәлені – жіберілген қателік пен әбестікті жергілікті жерге жауып, өздері «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келді. Көп жыл Қазақстанда басшы қызмет атқарған қазір Ресей Федерациясындағы Омбы облысының губернаторы Л. Полежаев «Коркин, Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы, Неміс автономиясын құруға байланысты әрекеттерді іске асыра алмаған адам ретінде саяси ойынның аманатына айналды» - деп жазды. Үш адам - Ақмола облыстық КГБ басқармасының бастығы, оның орынбасары, бөлім бастығы  республиканың салалық ведомствосы тарапынан тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Целиноградтағы маусым (1979) көтерілісі кеңестік тоталитарлық жүйенің нағыз шарықтау шегіне жеткен кезде өтті. Қазақ жұртшылығы Сталин өлгеннен кейінгі жылдары Қазақстанда Москва шешіміне қарсы тұңғыш рет саяси талап қойып, онымен ашықтан ашық келіспейтіндігін білдірді. Мұның өзі Москва үшін не айтса да «мақұл» деп бас шұлғи беретін мерзім өтіп бара жатқандығын білдірген алғашқы «қоңырау» болатын.

Теміртауда (жұмысшылардың тұрмыстық жағдайының нашарлығы, 1959), одан кейін Новочеркасскіде (еңбек ақыны өсіру, 1962),  Шымкентте (милицияның озбырлығы, 1967) болған бүліктердің  себеп-салдары  негізінен әлеуметтік-экономикалық талаптар болып, сол үшін оған қатысқандар атылып-жойылса,  1979 жылғы маусым көтерілісінде ақмолалықтар өкімет алдына «таза саяси» талап – Саяси Бюро шешімін жоюды ұсынды. Бұл осынысымен де қатардағы оқиға бола алмайды. Сарыарқа төріндегі жадыраған жаздың бейбітшіл маусым шеруі советтік империяның қиғаш саясатына келіспеген, оны қолдамаған тұңғыш манифестациясы болса, кейін ол Алматыдағы қыс қаһарымен жалғасқан Желтоқсан, одан соң Баку, Тбилиси, Вильнюс қанды  көтерілісіне ұласты.   

Әйтеуір бақытымызға орай, Ақмолада қарулы күш қолданылмады. Солай болса да совет басшылығын автономияға қарсы қозғалыс керемет шошындырды. Соның айғағы болса керек, ол туралы ресми органдар ешқандай хабар жарияламады. Ақпарат құралдары түгіл партия съездерінде, конференцияларында, әртүрлі деңгейдегі партияның бюро мәжілістерінде бұл оқиға туралы сөз қозғауға тиым салынды. Шет ел жұртшылығы ғана емес, өз халқын да, соның ішінде жоғары номенклатуралық қызметтегілерден де оны жасырды. Тек 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ғана  ресми баға берілді.

Партияның «қазақ ұлтшылдығы» деген атпен тарихқа енген 1987 жылғы 1 шілдедегі қаулысында «республика партия комитеттерінің жұмысындағы елеулі  қателіктер мен ағаттықтар ұлтшылдық көріністерінің өсуіне апарып соқтырды, оларға дер кезінде тиым салынбады, ол былай тұрсын, жасырылды немесе әншейін бұзақылық деп саналды. Тіпті 1979 жылы Целиноград қаласында орын алған ұлтшылдық бой көрсетушілерге Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті саяси өткір баға бермеді», - деп атап көрсетті.

Аталмыш қаулыда бұл екі оқиғаны жіктеп, біріншісін «националистические выступления» десе, Желтоқсанды «проявление казахского национализма» деп баға берген. Біздің бұлай даралап, саралап отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені кейін КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1990 жылғы 18 мамырдығы осы «кемшілікті түзеткен» қаулысында «признать, что содержащаяся в постановлении оценка массовых нарушений общественного порядка в г. Алма-Ате в декабре 1986 г. как проявления казахского национализма является ошибочной, подстрекаемой экстремистскими и националистическими элементами» («Известия ЦК КПСС», 1990, № 6, с. 6), - делінеді. Ал  1987 жылғы қаулыдағы «даже имевшим место в 1979 году в Целинограде националистическим выступлениям (астын сызған – А. К.ЦК Компартии Казахстана не дал острой политической оценки» делінген пікір жөнінде ештеңе айтылмайды.

Сөйтіп, 79-дың оқиғасы КОКП-ның 87-жылғы қаулысында Желтоқсанмен бір қатарда, дәлірек айтсақ, оның алдында тұрды да, кейінгі қаулыда атаусыз қалды. Соңында белгісіз себептермен мүлдем ұмытылды. Осыған орай Неміс автономиясына қарсы бағытталған 1979 жылғы қазіргі Астанадағы Маусым көтерілісіне коммунистік партияның 1987 жылғы қаулысындағы берілген теріс пікір күні бүгінге дейін бірден-бір ресми баға болып отыр. Өйткені оны ешкім жоққа шығарған жоқ, ондай ұмтылыс та байқалмайды.

Сонда қалай, компартияның ойы бойынша бүгінгі Елордамыз неміс бауырларымыздың ұлттық құрылымының орталығы болуы тиіс еді, ал ежелгі Ерейментау шаһары жазушы Владимировтың тілегіне сай Ассельборн қаласына айналуы қажет деген пікірге қолдау көрсетуіміз керек пе? Немесе бүгінгі Астананың дәл іргесінен күні кеше Неміс автономиялық облысы құрыла қалған жағдайда дәл қазіргі қоғамдық-саяси хал-ахуалымыз қалай болар еді? Соны көз алдымызға  елестетіп көрдік  пе?

Сөз жоқ, 1979 жылғы жазда Ақмолада болған төтенше жағдай (сол күндері тап осындай наразылық акциялары Көкшетау қаласында да болып өткен – А. К.) ұлтаралық шиеленістің қозып кеткендігінің, осы саладағы қарама-қайшылықтың күшейе түскендігінің айқын көрінісі еді. Мұның өзі ұлт мәселесін байырғы жергілікті халықтың мүдделерін есепке алмай шешуге болмайтындығын, оны орталықтың әкішілік, әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткендігін аңғартты.

Неміс автономиясын болдырмау үшін болған күрес неміс халқына қарсы бағытталған жоқ, ол тоталитарлық жүйенің шешімімен келіспеген, оны қабылдамаған, мойындамаған қазақ жұртшылығының соғыстан кейінгі жылдарда орталыққа тұңғыш рет саяси талап қойған қыр көрсетуі еді. Бұл – алаш жастарының ата-баба өсиетін қастерлеп, туған жердің тұтастығын, өскен елдің ынтымақ-бірлігін сақтап қалу жолындағы патриоттық, отансүйгіштік қимыл-әрекеті деп түсінгеніміз абзал. Сондықтан да аталмыш оқиға қазақ тарихының төрінен лайықты орнын алуға тиісті.