Тіркелу   Забыли пароль?


2011/2-3. 112-116 б. Ильясов Е.Е. «Патша үкіметінің Шығыс Қазақстандағы оқу-ағарту ісінде жүргізген миссионерлік саясаты (ХІХ ғ. ІІ ж. – ХХ ғ. басы)». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҚУ-АҒАРТУ ІСІНДЕ ЖҮРГІЗГЕН МИССИОНЕРЛІК САЯСАТЫ (ХІХ Ғ. ІІ Ж. – ХХ Ғ. БАСЫ)

 

Ермек Ильясов

 Археография және деректану ұлттық орталығы Деректану және әдістемелік зерттеу зертханасының археографы

 

Ресей имперясының Қазақстандағы жүргізіліп жатқан отарлау саясатының жаңа жерлерді қосып алғаннан кейінгі жағдайда, жергілікті қазақ халқына орыстың православие дініне мәдениетті шоқындырудың жаңа әдістерін ойлап табу және оны оқу-ағарту ісіне енгізу арқылы бұратана халықтарды рухани орыстандыру жұмыстары миссионерлердің көмегімен кең етек жайды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде "Миссионер" – басқа діндегілер арасына өз дінін, әдет-ғұрпын уағыздайтын, насихаттайтын адам1 [595 б.] - деп мағынасын ашып көрсетеді.

Патшалық Ресей мен оның миссионерлері Қазақ жерінде 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастаған2 [37 б.].

Патша үкіметінің бұратана халықтарды оқу-ағарту арқылы шоқындыру саясатының маңызды қадамдарына байланысты отандық тарихшы ғалым З.Т. Садвақасова былай дейді: "В новых социальных условиях второй половины XIX - начала XX века царская политика христианизации нерусского населения оставалось в центре внимания правительства и русской православной церкви. Вырабатывается особая система христианизации «цивилизованным» методом - «система Н.Г.Ильминского». Можно представить, что эта была за система, если учесть, что Н.Г.Ильминский был другом и многолетним корреспондентом обер прокурора Синода Победоносцева, через которого вершил русификацию и христианизацию нерусских народов. Письма его Победоносцеву свидетельствует о ясных миссионерских целях. В соотвествии с духом врмени в системе Н.Г.Ильминского менялись лишь средства и методы христианизации: обращается больше внимания на подготовку миссионеров и из среды коренного населения, открываются инородческие школы для новокрещенных детей, организуется переводы и издание духовной литературы на местных языках, строятся новые церкви, используется родной язык в богослужении. Отркрытие церковно-приходских школ способствовало духовному развитию детей в православном русле" 3[108 б.].  Бұратана халықтардың сана-сезіміне христиан діні арқылы Н.Г.Ильминскийдің жүйесімен ықпал етудің жолы оқу-ағарту саласында тиімді болғанын көреміз.

Аталған Н.Г. Ильминскийдің педагогикалық жүйесін Ресей мемлекеттік дәрежеде бұратана халықтарды отарлау үшін "1870 ж. Ағарту министрлігінің «О мерах к образованию населяющих Россию иннородцев» заңы жарияланды. Бұл заңға негізінен Ильминскийдің орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогикалық жүйесі енгізілді. Осы заңда орыс емес халықтар үшін үш түрлі категория білгіленді. Бірінші категория бойынша ұлт тілдерінде сабақ өз тілінде, бірақ міндетті түрде орыс алфавитімен оқу талап етілді. Мысалы, Ыбырай ашқан мектептер осы категорияның ішіне кірді. Екіншісіндегі сабақ таза орыс тілінде жүргізіліп, тек сабақ үстінде түсінбеген жерін ана тілінде айтуға рұқсат етілді. Ал үшінші категория бойынша сабақ тек орыс тілінде жүріп, ана тілінде сөйлеуге рұқсат етілді4 [29 б.]. Патша үкіметі бұратана халықтарды рухани орыстандыру үшін оқу-ағарту саясатында реформа жасап іске кіріседі.

Ресей мемлекеті XIX ғ. 60-шы жылдары Шығыс Қазақстанға оқу-ағарту ісімен бірге христиан дінін таратуға ден қояды. Патшалық Ресейдің орыс шаруалары мен бірнеше ұлттан құралған халқының әлеуметтік-экономикалық күн көрісі мардымсыз күйде болатын. Ал үстем тап саналатын ақсүйектер, дворяндар, саудагерлер, қазақ халқының Шыңғысханнан тараған ұрпақтары, байлары Ресей елінің таңдаулы оқу орындарында немесе шетел асып білім алуға мүмкіншіліктері болған. Шығыс Қазақстанда салынған әрбір шіркеудің жанынан приходтық мектептер ашылып, орыстың шаруаларымен қатар қазақтың кедей балалары білім алды.

XIX ғасырдың басында Өскемен қаласында не мектеп, не кітапхана, не театр болған жоқ. Мектептің болмауынан бай ата-аналар өз балаларын Омбы, Томбы, Семейге, кейде Ресейдің орталық қалаларына оқуға жіберген. Одан бөлек Өскеменде басқа қалалар мен ауылдар секілді жеке мектеп үйлерінде оқу жүргізілді. Ол жерде тәртіпке сай жергілікті діни қызметші немесе жұмыстан босаған шенеунік балалардың сауатын ашуға оқып үйреткен. Ал казактың 9-шы полкінің балаларына мектеп ашылып, бұл мектепте 1861 жылы 20 оқушы білім алған. Өскемен қаласына 140 жыл толса да, бір де бір мемлекет мектебі болған емес. Тек қана 1863 жылы ұлдарға және қыздарға арналған приходтық училищелерін шағын бір ағаш үйде ашқан. Оқыту екі кезеңмен жүргізілді, бірінде – ұлдар, екіншісінде – қыздар. Бастапқы жылдары приходтық училещелерде бір мұғалім сабақ өткізді. Приходтық училищенің тұңғыш мұғалімі Томбы жартыбатальондық кантонистердің мектебін бітірген колледж регистраторы Василий Иванов еді. 1870 жылдың басына қарай үш мұғалім болды. Приходтық училищелерде орыс тілі, таза жазу, арифметика және құдай заңы оқытылды. Оқыту кезінде Филарет  катехезисі және христиан оқуына, Базаровтың қасиетті тарихына көп басымдылық берілген. Балаларды дұға және қасиетті жазуды жаттауға мәжбүрледі. Қала халқының кедейлері приходтық училищелерінде оқу мүмкіндігінен шектелген және оқу ақысы көп алынып, жылына 3 рубль төлеу керек болған5 [45-46 бб.]. Патша үкіметінің шоқындыру саясатына қатысты оқу-ағарту мекемелерінде діни қызметшілерден тұратын ұстаздар білім берді. Олар христиан дінін насихаттайтын пәндердің бағдарламасын құрып, ол аздай ақылы түрде білім беріп жатты.

Сонымен қатар миссионерлер өздерінің жоспарлы мүмкіндіктерін іске асыру үшін православиялық христиан дініне қазақтарды тартудың көптеген шараларын әзірледі. «Бұратана халықтардың арасында христиан дінін орнықтыру арқылы, олардың пікірінше, ұлы орыс халқымен біртұтастыққа біріктіруге Сібірдің архипастырлары баяу болса да, дұрыс амал ретінде мектепті таңдап алды»6. Орыстың діншіл миссионерлері бұратана халықтарға христиан дінін таратудың мектептен бастау алатынын жақсы түсінген және қазақ халқының болашағы бар балаларының сана-сезіміне орыстың рухани түсінігін сіңдіруге тырысқан. Патша шенеуніктері шоқынған қазақтарға ақшалай және заттай сыйлықтар бере отырып, оларды дүниеге қызықтырса, екінші жағынан, тәуелді қыла отырып шоқындырған. 1883 жылы Семей облысынан Бөкенді деген миссионерлік "стан" (дінді уағыздайтын мекеме) ашылған. Бұл "станда", негізінен, түгелдей шоқынған қазақтар тұрған. Бұлардың 600 десятина жері, жерді өңдейтін құрал-жабдығы, көлігі, т.б. болған. Қысқасы, сырттағы қазақтардың жағдайынан едәуір тәуір. Ендігі жерде миссионерлер сырттағы қазақтарға: «жағдайым жақсы болсын десеңдер, балам оқып сауатын ашсын десеңдер, христиан дінін қабылда да мына Бөкендіге көшіп келіп, жеріңді алып, егініңді ек. Еш жерде салық-палық дегеніңді төлемейсің, өзіңмен-өзің жүресіңдер» деп азғырған.7

 Қазақ бар өмірінде өзінің туған жерінде мал өсіріп, көшіп-қонған ел еді. Қазақ жері қор болып, орыстың үкіметі, не шіркеу тартып алған Ресейдің қазына байлығына айналды. Даланың тақыр, шөп өспейтін жеріне ығысқан қазаққа христиан дінін қабылдасаң өмірің жұмаққа айналады, балаң орысша сауатын ашады деп, шоқындыруға үгіттейді.

Амалсыз қазақ мұжыққа қоңсы қонса, екі мұжыққа бір қазақ келсе, қазақ шоқынады. Мемлекет ішінде ала қой болмайды. Қазақ шаруа және саяси жағынан орысқа құл болады деп Синод ойлайды. Бұл тағы бір әдіс болды. Бұл Синод әдісімен қала болған қазақ жоқ, қайта үрке бастады. Егін салып отырғандары мал нормасы, көшпелі күйге түсеміз деп іздене бастады. «Өскемен уезі Торғын болысы 8-ауылда 30 үй қазақ мұжықша 15 десятинадан сыбаға алып, 20 үй мұжықпен бірлесіп қала болған. Қостас орыстармен келіспей, қайтадан қазақ боламыз деп сол 30 үй шешім алған». Бұл қазақ жайы не болмақшы? Бұлар иттің күнін көріп, тепкі жеп отыра береді, ия көшеді. Көшсе бұрын кесіп алған жерінен айырылады. Синод қаулысының бұл бір шалғысы8 [161-162 бб.]. Ресей мемлекетінің діндер жөніндегі істі басқаратын Синод бұратана халықтардан тартып алынған жерлердің есебінен христиан дініне шоқындыру үшін, православие дінін қабылдаса жерді қазаққа тегін беретінін жасырмады. Қазақтарды мұсылмандық діни сенімінен бас тартқызу оңайға соқпады. Сондықтан мұсылман сеніміндегі халықпен күресуге миссионерлерді дайындайтын оқу орындары ашылу керек болды. Ол туралы А.Н. Кононов: "...Для политико-экономического освоение восточных окраин Российской империи было необходимо их предварительное идеологического освоение путем привлечения живущих там народов и народностей в лоно правословной церкви. Решение этой задачи взяли на себя православные миссионеры, которые проходили курс специальной подготовки в особых учебных заведениях для овладения языком и ознакомления сбытом и обычаеми своих будущих подопечных"9 -деп, пікірін білдіреді.

Ал патша үкіметінің діни істер жөніндегі Синод болса жергілікті қазақтарды шоқындыруға арнайы оқу-ағартушылықпен айналысатын білім мекемелерін құру туралы жарғы шығарады.

«Согласно указу Синода от 29 декабря 1909 г. о предполагаемом открытии духовной семинарии в городе Омске учебный курс семинарии «нормального типа» должны быть введены как обязательные предметы «противомусульманская полемика и киргизский язык». Вооруженные знанием языка местных жителей и умением дискутировать с представителями мусульманского духовенства, выпускники семинарии должны были увеличивать численность православных среди коренного населения. Противомусульманским духом была пронизана просветительская деятельность Казанской духовной академии, занимавшейся подготовкой миссионеров. Уже в стенах этого учебного заведения студенты и магистранты учились противостоять мусульманской религии»10. Патша үкіметінің бұратана халықтарды христиан дініне шоқындыру үшін сауатты оқыған діншіл ұстаздарды дайындап, қазақ даласына жіберу жұмыстары бір жолға қойылды.

Ресейдің рухани отарлау саясатының мәйегі болып есептелетін христиан дініне кіргізу үшін бұратана халыққа жақын жерден діни мекеме ашады.

Осылай Алтай миссиясынан бөлініп шыққан Омбы епархиясының өзінің архимандрат басшысы, 4 станы (мекеме) және 11 қызметкері болған. Сол кездің өзінде православие дініне өткен 70 бұратана қосылған. 1895 ж. Омбы епархиясы ашылады. Оның құрамына екі қазақ облысы кірген: Ақмола және Семей11.

Екі облысты басқаратын епископ Омбы сияқты үлкен шаһарда тұрмай, Семейге келіп, онда Ертістің екінші жағасындағы қазағы көп Слободкеге "миссия"  деген шіркеу салғызып, сонда тұратын. Соңғы жылдар қазақтың жетім балаларын тәрбиеге алып, соларды шоқындырып, өсіріп келе жатқан "ізгілік миссионерлік" деп аталатын әрекеттерге барды12. Бұл миссионерлер бұратана халықтардың шоқындырылған ауылдарында шіркеулер мен христиандық мекеме орталықтарын ашады.

1913 жылы 1 қаңтарда Қазақ миссиясының Омбы епархиясының құрамына 8 стан кірген: Центральный, Преображенский, (или Буконьский), Мало-Владимирский, Шульбинский, Татарский, Атбасарский, Знаменский әйелдердің миссионерлік шіркеуі, Еленинский, Черноярский. Православиелік пастының құрамында 6312 ер және әйел адам болса, оның 6022-сі орыс және 290-ы қазақ. Одан басқа әр түрлі ауылдарда өмір сүріп жатқандар, миссионерлердің көзінен ғайып болғандар – 200 адам. 1912 ж. дұға жасайтын үйлер 13 және 18 мектеп миссияның қарауында болды. Жылдың соңында оқушы балалар – 512 ұл, 262 қыз болса, оның ішінде жаңа шоқынғандар – 12 ұл, 11 қыз және 140 мұсылман13.

Патшалық Ресейдің қазақтарды христиан дініне ресми шоқындыру саясаты 1862-1917 жылдар аралығында жүргізіліп, Ресейде Кеңес үкіметінің орнауымен Ресей империясының 55 жыл бойы бұратана халықтарды шоқындырып келген саясатын ауыздықтатып күйретті.

 

________________

 

1 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Т.Жанұзақов. -Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 968 б.

2 Батырханов Ғ. Шоқындыру саясатының шырғалаңдары //Қазақ тарихы. -А., 2006. №4. 37 б.

3 Садвакасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане в области образования и религии (II половина XIX-начало XX веков). - Алматы: 2005. 277 б.

Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. -Алматы: Атамұра-Қазақстан. 1993, 128 б.

5 Черных С.Е. Начало положило крепость. /Сост. Л.П.Рифель. Усть-Каменогорск, 2007. с.150

Садвакасова З.Т. Русификаторская политика царизма в области образования нерусских народов //Отечественная история. -А., 2008. №1. с.92

Батырханов Ғ. Шоқындыру саясатының ...37 б.

Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы: Санат, 1995. 224 б.

9 Мырзахметов М.Қазақ қалай…36 б.

10 Садвакасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане ...с. 101

11 Садвакасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане ...с. 95

12 Мырзахметов М.Қазақ қалай…7 б.

13 Садвакасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане ...с. 98