Тіркелу   Забыли пароль?


Ибраева А.Ғ. Ұлттық зиялы қауым өкілдерінің тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы рөлі.




ҰЛТТЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУДАҒЫ РӨЛІ                                                                                      

 

А.Ғ. Ибраева ,      

                                                                                      Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

  Ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к.

Қазақ халқының тағдырында өткен XX ғасыр өзінің сан-алуан оқиғаларымен орын алды. Олардың арасында ұлтымызды аштық-қырғынға, қуғын-сүргінге ұшыратқан алапат апат оқиғалар мен қазақ атын әлемге әйгілі еткен, еліміз бен халқымыздың мерейін асырған кезеңдер болды. Ал ең бастысы халқымыздың ғасырлар бойы жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына еркіндік туын тігіп, тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің өркениетті елдері қатарынан көріну арманы толығымен жүзеге асты. Бұл жетістік жері мен ұлты үшін жанын қиған аяулы ұл-қыздарымыздың қажымас қайраты мен ерен еңбегі, оларды осындай етіп тәрбиелеген қазақ халқының арқасы. Шүкіршілік, осындай жері мен ұлтын ойлаған ұл-қыздар қай ғасырда да аз болған жоқ және болашақта бола бермегіне сенім мол. Сондықтан ұлтымыздың аяулылары есімдерін, олардың өмір жолдарын, елімізге сіңірген өлшеусіз еңбектерін қазіргі жастарға белгілі ету, тәлім-тәрбие беру мақсатында пайдалану қажеттігі сөзсіз. Бүл өткенге құрмет, болашақ үшін маңызды және абыройлы іс.

Ұлттық зиялы қауым өкілдерінің саяси көзқарасының қалыптасып, қайраткер ретінде танылуына біріншіден, рухани негізді айтсақ, екіншіден, олар өмір сүрген кезеңнің өзіндік ерекшелігінде, тұрақсыздығында еді. Рухани негіз деуіміз туып өскен, тәрбиеленген орта, халықтың бай ауыз әдебиетінен нәрлену, сонымен қатар орыс, еуропа халықтарының мәдениеті мен дәстүрін, білімі мен ғылымын бойына сіңіру. Ал, өмір сүрген кезеңі деуіміз XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуал. Осы кезеңде Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталып, ұлттық және әлеуметтік қанау күшейе түскен еді. Қазақ даласы Ресейдегі қалыптасқан капиталистік қарым-қатынасқа, әлеуметтік үрдістерге тартыла берді. Ал, ғасыр басындағы төңкеріс қалыптасқан қоғамдық жүйенің астаң-кестеңін шығарды.

 Кезінде айрылып қалған елі мен жерін қалай қайтарып алам деген ұлт жанашырларының алдында сан алуан мәселе тұрды. Осындай шешімі кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтап қалу болғандығын бүгінгі күнге дейін жетіп музей қорларында сақталып отырған баға жетпес құндылықтарымыз дәлелдеп отыр. Әрине, көз алдыңда тұрған әрбір жәдігер менің сырымды танып біл дегендей сыңай танытады. Мұрағат қорларында сақталған деректер негізінде сол құндылықтардың болашақ ұрпаққа сақталып қалуына үлес қосқан ұлттық зиялы қауым өкілдерінің қызметіне тоқталып кетейік.

Қазақ халқының мәдени-тарихи құндылықтарын жинау ісін көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханұлынан бастауға болады. Өз замандастарының жазбаларына қарағанда, оның бай кітапханасы, геологиялық (тастар), орнитологиялық (құстар), этнографиялық, сондай-ақ ескі алтын ақшалардан нумизматикалық коллекциялар жинаған. Бұл қазынаның бірқатары еліміз музейлерінің қорына еңгенімен, көпшілігі жан-жаққа таралып кетті. Мысалы, орыстың белгілі жазушысы Ф.Достоевский және оның жұбайы А.Достоевскаяның күнделіктерінен мына бір мәліметті келтіруге болады: «Мына зерлі сандық менің сібірлік досым Шоқан Уәлиханов сыйлығы, мен үшін өте қымбат мүлік. Мен онда өз қолжазбаларымды, хаттарды және жақсы көретін заттарымды сақтаймын»-деп жазған.  Осылайша Шоқан реті келгенде жинаған заттарын достарына сыйлап отырған. Бүгінгі шығып жатқан мәліметтерге жүгінсек, бір коллекциясын Ресейдің академигі Васильевке сыйласа, енді бір коллекциясын Дрезден музейіне табыс еткен /1/.

ХХ ғасыр басындағы Ресей империясының мұсылман аймақтарындағы жәдитшілдік (жаңашылдық) қозғалыстың өрістеуі, Алаш қозғалысының кеңінен құлаш жаюы мәдени мұраны жинақтау ісіне зор ықпалын тигізді. «Бірлік», «Қазақ тілін зерттеу қоғамы» сынды ұйымдардың бағдарламаларында: «Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттылықты сақтау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сенімін сендіре беру. Халық әбебиетінін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру...» мәселелері қойылды /2/.

Қазан төңкерісінен кейін 1920  Қазақ АКСР-інің құрылуымен жаңа үкіметтің құрамында Халық ағарту комиссариаты ашылып, оған басшылық жасау Ахмет Байтұрсынұлына жүктелген еді. Оның ағарту комиссары болған кез елдің ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайына тұс келді. Дегенмен  А.Байтұрсынұлы Комиссариат жұмысын дұрыс жолға салуға бар күш-жігерін салды. Музей ісі, ғылым, өнер мәселелері мен мұрағаттарды бақылап келген Халық ағарту комиссариатының Ғылыми бөлімі 1921 жылдың тамызында Академиялық орталық болып қайта құрылып, құрамына А.П.Чулошников басқарған бұрынғы ғылыми комиссия мүшелері, елдегі белгілі ғылым және мәдениет қызметкерлері енді. Академиялық орталыққа Қазақстандағы ғылым салаларының дамуына теориялық және бағдарламалық басшылық жасау міндеттері жүктелді /3/. Кейін Орынбордағы Орталық өлкетану музейінде шамалы уақыт қызмететкенде Ахмет Байтұрсынұлы Торғай даласынан алып келген 26 бұйым қазақ халқының баға жетпес құндылықтары болды.

 Ұлттық мұраны жинақтау және сақтау ісіне байланысты 1924 жылы маусымның 12-17 аралығында Орынборда Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Оған Ресейде, Түркістанда, Бұхарада, Қазақстанда еңбек етіп жатқан Алаш зиялылары қатысып, съездің күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірінде тарихи-мәдени мұраны жинақтау ісіне байланысты мәселелер көтерілді. Мәжіліске Әлихан Бөкейхан төрағалық етіп, Халел Досмұхамедұлы баяндама жасады. Мәжіліс қаулысында ұлттық мұраны жинақтау және сақтау ісінің бағдарламасын жасау, оларды Академиялық орталық анықтау керектігі, бұл іске мемлекеттен қаржы бөлу қажеттігі айтылды /4/. Осында сөз алған Ә.Бөкейхан былай дейді: «Қазақ тұрмысынан білім жинағанда үлгіні Еуропадан алу керек. Жылқының бәрі бәйгі, жүйрік бола бермейді. Бұл ғылымның жолында маман болуға адамға тумыстан берілген табиғаттың сыйы керек, кім көрінгенге тапсырумен жұмыс болып шықпайды. Мойныңа алған жұмысын қызығып, сүйіп істеген адамнан жеміс көп шықпақ» /5/.

1926 жылы қарашаның 18 күні Академиялық орталықтың Ғылыми және Ғылыми-Әдістемелік Кеңесінің отырысында қазақ жазушыларының шығармаларын жинақтау мәселесі көтерілді. Мәжіліске төрағалық еткен Жолдыбаев аталмыш мәселеге жауапкершілікпен қарап, қазақ халқының белгілі жазушыларының туындылары тез арада және міндетті түрде жинақтау қажеттігін түсіндірді. Олардың ішінде: Абай Құнанбайұлының, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Бернияз Күлейұлының, Сейітахметтің, Әбубәкірдің, Ахмолла және Қарпықтың шығармаларын көрсетілген жылдың аяғына дейін жинақтау міндеті қойылды. Аталған жазушылардың шығарлаларын жинақтауды ғылыми орталықтың құрамында қызмет атқарған мына ұлт зиялыларына тапсырылды: Абай Құнанбайұлын - Мұхтар Әуезовке, Сұлтанмахмұт Торайғырұлын -Жүсіпбек Аймауытұлына, Ыбырай Алтынсаринді - Ысқұловқа, Бернияз Күлеевті - Досжанов мен Оразалинге,  Сейтахмет пен Қарпықты - Ахмет Байтұрсынұлына,  Әбубәкірді - Мұртазинге, Ахмолланы - Міржақып Дулатұлына. Аталған авторлардың туындыларын тез арада жинақтау барысында жазушылар туралы мәлімет шығармаға қысқаша түсініктеме беру қажеттігі айтылды /6/. Қиын кезеңде (пролеткуль дәуірінде) Алаш зиялыларының осындай шаралар белгілеуі көңілге қонымды-ақ. Себебі, осы іс-шаралардың барысында көптеген қазақ жазушыларының шығармалары жинақталып, құрдымға кетпей сақталып қалды.     

Қазақстан музей ісінде тарихи-мәдени мұраны сақтау ісіне бел шеше кіріскен ұлт зиялыларының үлесін мұрағат қорларында сақталған деректер дәлелдеп отыр. Әсіресе, Қазақстанның тұңғыш астанасы болған Орынбор қаласының 1924 жылғы территориялық межелеуге байланысты Ресейдің құрамына кетуі көптеген ұлттық қазынымыздың тағдырына кері әсерін тигізгені белгілі.   Жаңа астана болған Қызылорда қаласына барлық басқару органдары  мен мәдени мекемелері көшіріле бастады Бірақ жаңа астанада лайықты ғимараттың болмауына орай көптеген мекемелер алғашқы уақытта Орынбор қаласында қалып қойды. Осындай  мекемелердің арасында Қазақстан Орталық өлкетану музейі де болды. Бұл жағдай Орталық өлкетану музейі мен енді ұйымдастырылып жатқан Орынбор губерниялық музейінің арасында  арасында жєдігерлер таласын тудырды /7/. РКФСР құрамына енген күннен бастап-ақ Орынбор губерниялық атқару комитеті Қазақстан Орталық өлкетану музейінен Орынбор өлкесін бейнелейтін жєне бірнеше жәдігерлерді беруді талап ете бастады. Нәтижесінде Орталық музейдің қорынан бөліп берген жәдігерлеріне Орынбор губерниялық Атқару комитетінің қанағаттанбауына орай  бұл мәселені шешу Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті қарауына берілді /8/.

1925 жылы 13 шілде күні аталған комитет президиумы мәжілісінде Орталық музей Қазақстан табиғатын, тарихын, этнографиясы мен шаруашылығын бейнелейтін жалғыз мәдени мекеме болғандықтан музейді Қазақстан басқаруында қалдырып, ондағы Орынбор өлкесіне тиісті жәдігерлерді губерниялық атқару комитетіне бөліп беруді міндеттейтін шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімге қанағаттанбаған Орынбор губерниялық атқару комитеті өзіне тиісті емес жәдігерлерге қайта талас тудырумен қатар, Орталық музей орналасқан ғимараттан губерниялық музей үшін бөлмелер босатуды, жәдігерлер орналастын жиһаздар беруді талап ете бастады. Орынборлықтарға губернияны бейнелейтін жәдігерлер берілсе де, олар оған қанағаттанбай тарихи-этнография бөлімі бойынша - 2061, жаратылыстану-тарихи бөлімі бойынша - 431, дін бөлімі бойынша - 627 жәдігерді беруді талап етті.

Орынборлықтар  Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті шешімін місе тұтпай, Қазақстандықтар тек өз республикасын сипаттайтын жәдігерлерді ғана алу керек деген жаңа пікірлерін алға тартты. Бұл таласты шешу қайта Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне шығып, оның президиумы 1927 жылы 9 мамыр күнгі мәжілісі Қазақстан музейі қорынан Орынбор өлкесіне тиісті жәдігерлерді беріп, РКФСР Халық ағарту комиссариатын бір ай аралығында талас тудырып отырған жәдігерлерді анықтап шешуді міндеттеп, Орынбор губерниялық Атқару комитетінің Орталық музей орналасып отырған ғимараттан бөлмелер босатып берудегі өтінішін заңсыз деп тапты. Қалыптасқан жағдайға байланысты мәселенің екі жақты қанағаттандыратындай шешілуі үшін, екі жақтың өкілдерінен комиссия құрылу керек деп шешті /9/.

Мәдени құндылықтардан айрылып қалу қаупі төніп тұрған кезде мәселенің оңтайлы шешілуіне белсене араласқан ұлт зиялылары мемлекет және қоғам қайраткерлері, сол кезеңде КазАКСР Халық ағарту комиссары Тоқтабаев, Ғылыми-әдістемелік Кеңестің төрағасы болған Т.Шонанов, ғалым хатшы Махонин, Сайдалин, А.Кенжин сынды адамдардың есімдерін ерекше айтуға болады. Орынбор губерниялық Атқару комитеті қалыптасқан жағдайды Мәскеу арқылы белінен басып шешуді қаласа, Қазақстан өкілдері орынборлықтарға да, өздеріне еш нұсқан келмейтіндей бағытты ұстады.

1927 жылдан бастап Қазақстан Орталық өлкетану музейінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған А.Махонин республика Халық Ағарту комиссары О.Жандосовқа жазған хатында: «Қазіргі кезде талас тудырып отырған 472 жәдігердің  395-ін орынборлықтар беруден мүлде бас тартып отыр. Олардың көпшілігі еш күмәнсіз Қазақстан Орталық өлкетану музейіне берілуі тиіс. Бұл жәдігерлердің арасында қымбат тастармен безендіріліп таза күмістен жасалғандары адамзат қолөнерінің қайталанбас туындылары. Ал таза күмістен құйылып, өрнектеліп жасалған кішкене шараға баға беру мүлде мүмкін емес» - деп жазды /10/. Сонымен қатар, талас тудырып отырған заттардың арасында шығыс үлгісінде өрнектеліп жасалған екі күміс ыдыс - №83, 84, тұнғыс бақсысының киімі- №80, киік мүйізі - №294, ерте дәуірден сақталып келе жатқан теңгелер - №203, 209, 226, 229, генерал-губернатор Перовскидің жиналмалы үстелі - №73 т.б. қазақ халқының тарихы мен мәдениетін бейнелейтін құнды заттар бар еді /11/. 

Екі музей арасындағы талас тарихи-этнографиялық және тарихи-жаратылыстану жәдігерлері төңірегінде туды. Ал, дін бөлімшесі бойынша 778 жәдігердің «бұратана» халықтар жөніндегі патша үкіметінің миссионерлік саясатын бейнелейтіндері Қазақстан Орталық өлкетану музейіне қалтырылып, қалғаны Орынбор губерниялық музейіне берілсін деп шешім қабылданды. Сонымен қатар, Орынбор губерниялық атқару комитетінің сұрауы бойынша 633 әр кезең ақшалай белгілері және Орталық өлкетану қорындағы 14 зеңбіректің 11-і, 11 балбал тастың 9-ы көшкен кезде қиындық тудырады деген себеппен Орынборда қалдырылды. Ол аздай Орынбор губерниялық атқару комитеті өзінің 1929 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен музейдің мұрағаты мен кітапханасына да ауыз салды. Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесіне жолдаған хатында Халық ағарту комиссарының орынбасары Өмеков пен Ғылыми-әдістемелік кеңестің төрағасы Т.Шонанов аталған қаулының еш негізсіз екендігін айта келіп, Орынбор губкомының іс-әрекеті Бүкіл Одақтық Атқару комитетінің қаулысына қайшы келетін шешім екендігін Бүкіл Одақтық Атқару Комитетіне тез арада хабарлауды сұрады. Орынборлықтардың негізгі талабы музей құрамындағы кітапхана мен мұрағат қорын Орынбор музейінде қалтыру. Қазақстан өз тарапынан кезінде Орынбор-Торғай губернияларының тарихы қатталған деректер мен Қазақстанды зерттеу қоғамы жандануына үлес қосқан кітапхана қоры тек Қазақстанға тиесілі екенін білдірді. Мәселе Қазақстан үшін тиімді шешілгенімен, көптеген құнды деректер асығыс көшкен кезде Орынборда қалып қойды.

Әрине, келтіре берсек мұндай мысалдар жеткілікті. Ұлттық тарихымыздың бұрмалануымен қатар, тарихи-мәдени мұраны елден тысқары алып кетуге тырысқандардың риясыз пиғылдары бүгінгі күні әшкереленіп, кейбір құндылықтардың Отанына  қайтарылуына мүмкіндік туды. Ал тіпті құрдымға кету қаупі төнген кезеңде жанын сала кіріскен аяулы азаматтардың ерен еңбегіне қалай тағзым етпейсің.   

 

 

Әдебиеттер

1.Қорғанбек Аманжол. Шоқан бастаған Шора дамытқан //Егемен Қазақстан, 17 қазан 2007 жыл.

2.Қамзабекұлы Д. Алаш зиялылары және мұра жинау ісі. //Қазақстан музейлері. Астана, 2003, 1(2) -24 б.

3.Культурное строительство в Казахстане (1918-1932 г.г.). Сборник документов и материалов.- Алма-Ата: Казахстан, 1965. Т.1. С.-306.

4. Қамзабекұлы Д. Руханият. Алматы, 1997. -Б. 21.

5. Сонда. Б.-35. 

6. ҚР ОММ. 18-қор, 1-тізбе, 1215-іс, 122-парақ.

7. ҚР ОМА 81-қор, 1-тізбе, 1316-іс, 221-парақ.

 8. ҚР ОМА 81-қор, 1-тізбе, 1316-іс, 223-парақ.

 9. ҚРОМА 30 қор, 1 тізбе, 485 іс, 79 п.

10. ҚР ОМА 81- қор, 1-тізбе, 1392-іс, 69-70 п. п.

11. ҚР ОМА. 1308- қор, 1-тізбе, 63-іс, 32- парақ.