Тіркелу   Забыли пароль?


Ибраева А.Ғ. 1917-21 жылдардағы музейлік коллекцияларды сақтау мәселелері мұрағат деректерінде




Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары және азамат соғысы кезіндегі музейлік коллекцияларды сақтау мәселелері мұрағат деректерінде

 

Ибраева А. Г.,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к.

 

             Кез келген халықтың тарихын жадында сақтап, ақпарат беретін құнды деректер мұрағат қорында сақталған деректер болып табылады. Уақыт өткен сайын олардың құндылығы артып, тарихи оқиғалар мен жеке тұлғалар рөлін айқындауда ерекше басымдыққа ие. Тарихымыздың кеңес кезеңінде мұрағаттар әкімшіл-әміршіл жүйенің құзырында болып, ол үкімет тек қана өзі жүргізіп отырған саясатты уағыздауға негізделген мәліметтерді алуға мүмкіндік берген еді. Бүгінгі күні жағдай өзгеріп, мұрағат қорлары зерттеушілерге есігін айқара ашып, құнды мәліметтерді пайдалануға мүмкіндік тудырып отыр. Нәтижесінде тарихымыздың ашылмай жатқан “ақтаңдақ” беттері ғылыми деңгейде  зерделеніп, жан-жақты зерттелуде. Тарихымыздың мәдениет саласында зерттелуі кенже қалған мәселелердің бірі музейлер тарихы болып табылады. Оның себебі музейлердің саясаттандырылуынан емес, оларға қажетті деңгейде мән берілмегендіктен деп ойлаймын. Бүгінгі күні осы мәселеге қатысты мұрағат деректері ақтарылып, ғылыми айналымға енгізілу салдарынан көпшілік назарына жария етілді. Енді музей тарихының кейбір тұстарына, әсіресе кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары құнды көне тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалу  барысында қабылданған заңнамалық құжаттар мен олардың жүзеге асырылуы, музей ісінің дамуына байланысты жүргізілген іс-шаралар сияқты маңызды мәселелерге мұрағат қорларында сақталған деректер негізінде тоқтала кетейік. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ) қорларында сақталған 30 (Халық комиссарлары кеңесі), 921 (Кирревкомның, Академиялық орталықтың, Ғылыми комиссия алқасы мәжілістері хаттамалары), 81 (Халық ағарту комиссариаты бұйрықтары, жұмыс жоспарлары, Қазақстанды зерттеу қоғамы және Орталық мұражай жарғылары, есептері мен жоспарлары, мәжілістері хаттамалары) т.б ерекше тоқталып кетуге болады.

            Қазан төңкерісінің нәтижесінде Ресейде В.И.Ленин бастаған большевиктер партиясы саяси билікке келді. Большевиктер Ресейдің болашағын өздерінің қолы жетіп, іске асырған социалистік революциямен, соның нәтижесінде орнаған пролетариат диктатурасымен тікелей байланыстырды. Олардың алдында тұрған ендігі мақсат - қоғам өмірінің барлық салаларында түбегейлі өзгеріс жасау арқылы социализмге өту болды. Большевиктік басшылықтың ыждахаттылықпен қадағалаған бір саласы мәдениет құрылысы екені белгілі. Осы тұрғыда мәдени революция ілімін қоғамның рухани өмірінде түбегейлі өзгеріс жасайтын социалистік құрылыстың негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастыру, большевиктік көшбасшыларының аса маңызды міндеттерінің бірі болды. Мәдени революцияның мақсаты барлық еңбекшілерді социалистік құрылыстың барысында мәдени-тарихи процестің әлеуметтік-саяси белсенді мүшелеріне айналдырып, жаңа қоғамның адамын тәрбиелеу еді. Қалыптасқан жаңа тарихи жағдайда, қоғам алдында осындай міндеттер белгілеп, “мәдени революция” мәселесін кіргізген большевиктер көсемі В.И.Ленин болатын. 

Кеңес кезеңінде мәдениет саласына арналып, жарық көрген ғылыми еңбектерді көктей шала қарайтын болсақ, екі тенденцияны байқау қиын емес. Бірі отарлық жағдайда оқу-ағартудан кенже қалып келген халықты хат танымаудан құтқарып, мектепке тартып, арнайы оқу орындарын ашу арқылы мамандарды даярлау болса, екіншісі бүкіл мәдениет саласын әкімшіл-әміршіл идеологияға жүгіндіру еді. Әрине, осынау екі тенденцияның әкелгені мен зардаптарын бағалар болсақ, социалистік қоғамның мән-мағынасын тереңірек ұғуға мүмкіндік ашылатыны ақиқат. Осы тұрғыда мәдениет саласының негізгі ошақтарының бірі музейлер де кенже қалған жоқ. Өзінің алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында музейлерге ағартушылық функция атқарушы мекеме ретінде мемлекеттік идеологияның пәрменді құралына айналды десек артық айтпаған болар едік.

ХХ ғасырдың басында қоғам өмірінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер бұрын патшалы Ресейдің қол астында болып келген жерлерге өз әсерін тигізбей қоймады. Қазан қарулы көтерілісінің лебі Қазақстанға да жетіп, өлкенің орталық аудандарындағы билік Кеңестер қолына көше бастады. 1917 жылдың қазан айынан 1918 жылдың наурыз айына дейін кеңес үкіметі Қазақстанның ірі аудандарында толығымен орнады. Жаңа үкіметтің билікке келуімен елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінде қайта құру жұмыстары жүргізіле бастады. Солардың бірі кеңес үкіметінің ескіден қалған ескерткіштерді қорғау және музейлер ұйымдастырудағы орталықта жүргізіліп жатқан шараларды ұлт аймақтарда қолға алынып, іске асырылып жатты.

       Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары коммунистік партия және кеңес басшылығының алдында музей құрылысы және ғылыми, тарихи, көркемдік құндылықтарды сақтау және қорғау, оларды бұқара халыққа жақындату мақсатында өте үлкен міндеттер тұрды. Большевиктер көсемі В.И.Лениннің басшылығымен мына мәселелерді қамтыған іс-шаралар жүйесі жасалды:

-      жұмыс істеп жатқан музейлерді есепке алып, музей коллекцияларын жинақтау;

-      жеке меншік иелігіндегі құнды жинақтарды, шіркеулерді, мешіттер мен усадьбаларды мемлекеттендіріп, музейлерге айналдыру;

-     музейден тыс жеке меншік коллекцияларды есепке алып, көне усадьбелерді зерттеу, тарихи қызығушылық тудыратын шіркеулер мен монастырлерді бөліп, оларда рәсімдер өткізуге тиым салу;

-     жергілікті жерлерде тонаушылық археологиялық қазба жұмыстарына тиым салу;

-     музейлердің социалистік қоғамдағы рөлі мен орнын анықтап, оларды бұқаралық ағарту мекемесіне айналдыру.

Ел билігін қолына алған күннен бастап Кеңес үкіметі музей ісіне басшылықты Халық Ағарту Комиссариатының музей ісі және көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғау бөліміне жүктеді.  Кейін 1918 жылдың мамыр айында бұл бөлім Халкомның музей бөлімі деп аталып, елдегі бүкіл музей ісінің жұмысына басшылық етті. Осымен Ресейде,  жергілікті жерлерде музейлерді ұйымдастыру және ғылыми тұрғыда басшылық жасау жұмысы жүйелі жолға қойылды. Мұндай бөлімдер мен бөлімшелер біртіндеп республикалық Халкомдарда да ашыла бастады. Партия съездері және конференцияларының бірқатар шешімдері, декреттер мен қаулылар басқа ғылыми, мәдени-ағартушылық мекемелер сияқты музейлер жұмысының да негізгі бағыттарын анықтап берді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қабылданған құжаттардың елдегі музей ісіне түбегейлі өзгерістер әкеліп, кеңестік үлгідегі музейлердің дүниеге келуіне негіз болды. Мысалы, ҚРОММ 81 (Халық ағарту комиссариаты бұйрықтары, жұмыс жоспарлары, Қазақстанды зерттеу қоғамы және Орталық мұражай жарғылары, есептері мен жоспарлары, мәжілістері хаттамалары) қорында 1917 жылдың 25 қазанында Петроград әскери-революциялық комитеті Б.Д.Мондельбаум мен Г.С.Ятмановты музейлерді және көркемдік жинақтарды сақтайтын комиссарлар етіп тағайындағандығы және  қарашаның 3 күні Халық ағарту комиссары А.В.Луначарский Ресей азаматтарына: “Еңбекші халық елдің қожайынына айналып орасан зор мәдени қазыналарға, әсем ғимараттарға, музейлер мен кітапханаларға ие болып отыр. Бұл қазынаны көздің қарашығындай сақтауымыз қажет” – деген үндеуін жолдағандығы туралы мәліметтер сақталған /1/. Осыған орай, Халық ағарту комиссариаты жанынан 1917 жылы 6 қараша күні “Көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғау және музей ісі жөніндегі” Алқа құрылып, оның құрамына елдегі белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері енді. Алқаның Петроград және Мәскеу қалаларында бөлімшелері болды /2/.

 Мемлекеттік құрылыстың алғашқы күндерінен-ақ музейлер мемлекеттік идеологиялық жүйенің ағымына сүңгіп кетті. 1918-1923 жж. қабылданған декреттер мен қаулылар мемлекеттік жүйедегі музейлердің алатын орны мен даму қарқынын анықтап берді. 1918 жылдың мамыр айында үкіметтің Мәскеуге көшіп келуіне байланысты бүкіресейлік алқа Халық ағарту комиссариаты жанынан елдегі барлық музейлер мен ескерткіштерді қорғау жұмыстарымен айналысатын арнайы музей бөлімі болып қайта құрылды. Бұл бөлімге РСФСР-дегі музейлер мен көне ескерткіштерді қорғау жұмысын ұйымдастыру және оларды қадағалау жүктелінді. Осы жылы Мемлекеттік музей қоры құрылып, музейлік мәні бар заттарды музейлер арасында бөлу, сату, тіркеу, сақтау сияқты міндеттерді атқарды /3/.

Кеңес үкіметінің мәдениетті дамыту саласындағы бұл шаралары елдегі болып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен ұштасып, түрлі қиыншылық жағдайларға кездесіп отырды. Ескіден қалған ескерткіштер бұрынғы үстем тап өкілдерінің бұйымдары, әрі олар қарапайым халықты қанаушыларға қызмет етті деген көзқарастар еңбекшілердің оларға деген “жиіркенішін” туғызып, жойылып кету қаупіне әкелген еді. Мұндай теріс көзқарастардың алдын-алу мақсатында А.В.Луначарский: “Ескіден қалған ескерткіштер мен өнер туындылары осы күнге дейін үстем тапқа қызмет еткенімен олар адам қолымен жасалған, қажырлы еңбектің нәтижесі, халық қазынасы. Сондықтан, оларға қамқорлықпен қарап, келешек ұрпақтарымыз үшін сақтап қалуымыз қажет” - деп көрсетті /4/.

            Мәдени ескерткіштерді қорғау жұмыстары барысында кездескен қиыншылықтардың бірі құнды бұйымдардың бұрынғы иелері тарапынан болды. Қазан төңкерісінің қарсаңында-ақ елдегі саяси жағдайдың өз пайдаларына шешілмейтінін түсінгендер қолдарындағы бағалы, музейлік құны бар бұйымдарды мүмкіндігін   ше шетелге жіберуге, қалғанын жергілікті базарларда сатуға немесе айырбастауға кірісті. Осының салдарынан көптеген аса құнды өнер туындылары мен зергерлік бұйымдар шетелге бас сауғалай қашқандардың еншісінде және саудагерлер қолында кетті. Қалалардың кез- келген базары аталған бұйымдардың сатылатын және айырбасқа түсетін орнына айналды. Бұл келеңсіз жағдай күннен-күнге өрістеп, билік басына келген Кеңес үкіметі тарапынан шешуші қимылдар жасауды талап етті. Осы тұрғыда 1918 жылдың 18 қыркүйегінде “Көркемдік және тарихи құны бар бұйымдарды шетелге алып кетуге тиым салу” туралы декреті дүниеге келді.  Декретте “республиканың барлық жерлерінде Халық ағарту комиссариаты музей бөлімінің бағалауынсыз және арнайы келісімінсіз еш көркемөнер бұйымдары сатылмайды” - деп көрсетіліп, елдегі барлық көркемөнер туындыларын сатып алумен және сататын дүкендер мен жеке адамдарды үш күн аралығында жергілікті мекемелер жанындағы музей бөлімдерінде тіркелуге міндеттеді /5/.      

Елдегі мәдениет құрылысы мүдделері, ғылымның дамуы мен ағарту жұмыстарының қолға алынуы, шашырап жатқан мәдениет ескерткіштерін іздестіріп, есепке алу және қорғау жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты (ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 827 іс) заңнамалық құжаттар сақталған. Атап айтсақ, 1918 жылы 10 қазан күні Халақ Комиссарлары Кеңесі “Жеке адамдардың, қоғамдар мен мекемелердің меншігіндегі өнер туындыларын тіркеу және қорғауға алу” жөніндегі декретін жариялады. Декреттің жарық көруі музейлерге “бүкіл көне бұйымдар мен өнер туындыларын тұңғыш рет мемлекеттік тіркеуден өткізу” туралы маңызды міндетті қойды. Заңдық құжаттың негізінде музейлер көне бұйымдарды сақтауға мүмкіндігі жоқ жеке адамдардың заттарын алуға құқығы болды. Осы жылдың 5 желтоқсан күні “Ғылыми құны бар бұйымдарды қорғауға алу” жөніндегі декрет жарияланып, онда Халық ағарту комиссариаты Ғылым бөліміне барлық әсем ғимараттарды, музейлер мен жинақтарды, ғылыми лабораториялар мен ғылымға қажетті құрал-жабдықтарды өз қарамағына немесе жергілікті жерлердегі бөлімдеріне табыстау міндеттелді /6/. Осыған орай, Қырғыз (қазақ) Орталық Атқару Комитеті 1921 жылдың 7 ақпанында “Ғылыми құны бар бұйымдарды қорғауға алу және сақтау туралы” декретін жариялап, онда республикадағы бүкіл тарихи, мәдени құндылығы бар заттар және ескерткіштер есепке алынып, мемлекеттек тіркеуден өткізілу қажеттігі туралы айтылды. Сонымен қатар, құжатта өлкенің көне тарихы жайында сыр шертетін тарихи-археологиялық мәні бар қорғандар және басқа да археологиялық ескерткіштер жергілікті жерлердегі билік органдарының қорғауына алынсын деп қатаң тапсырылды.  Еліміздің оңтүстік өңірі (Сырдария және Жетісу облыстары) Түркістан АКСР-ның құрамына енгендіктен  1921 жылы 31 шілдеде Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған “Жеке адамдардың, қоғамдар мен мекемелердің меншігіндегі өнер туындыларын тіркеу және қорғауға алу” жөніндегі декретіне байланысты бұл өңірде де тиісті іс-шаралары жүргізілді. Ал, ХКК шығарған “Шіркеудің мемлекеттен бөлінуі және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы” декреттің 13 пунктіне сәйкес,  бүкіл шіркеулердің және діни қоғамдардың бұйымдары халықтың байлығы деп жарияланып, музейлерге оларды тіркеу, есепке алу, басқа музейлерге бөлу жұмыстары жүктелді /7/. Декреттің қабылдануымен басқа аймақтардағы сияқты Қазақстанда да жергілікті мемлекетік органдар “халықтың өтініші және қолдауы бойынша” деген желеумен діни ғимараттарды музей, мектеп, клуб үйлеріне айналдыра бастады. Кеңес заманында қаншама мешіт бұзылып, қиратылды немесе мәдениет ошағына айналдырылды! Бір қарағанда халықтың білім алуына, мәдени дәрежесін көтеруіне үкіметтің істеп жатқан шаралары дұрыс сияқты. Бірақ, түптеп келгенде бұл саясаттың төркіні большевиктік идеологияның атеистік көзқарасында жатыр еді. Діни көзқарас жаңа қоғамды құруға кедергі келтіріп, халықтың санасын ескіліктің, яғни өткен қоғамның шырмауына қалдырады деген қағида большевиктер саясатының негізгі мазмұнына айналды.

Жалпы қазан революциясынан кейін елдің мәдени өмірінде музейлерге қандай орын белгіленгені жайында не В.Лениннің еңбектерінде, не партияның бағдарламалық құжаттарында нақтылы жауап жоқ. Себебі жаңа үкімет социализм құру мақсатында ең алдымен халықтың сауатсыздығын жоюды басты міндет деп біліп, мәдени дамудың қалған бағыттарын осы іске жұмылдырды. Өз тарапынан елдегі музейлер де қорларындағы жәдігерлері арқылы халық ағарту ісіне үлестерін қосуға тиісті болды. Бірақ бұл міндетті жүзеге асыру музейлер жұмысының нақтылы кеңестік талаптарға сай жаңа бағытын анықтауды қажет етті. Қазақстан жерінде пайда болған алғашқы музейлер (Орынбор, Жетісу, Семей) жергілікті жерлерде ашылған статистикалық комитеттер құрамында болса, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін олардың жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыруды жүзеге асыру жаңа үкіметке оңай болған жоқ. Біріншіден, музейлерді ұйымдастырып, олардың жұмысын бір жүйеге келтіру үшін қыруар қаржы және мамандар қажет болса, екіншіден қалыптасқан қоғамдық саяси ахуал (азамат соғысы, отарланған өлкенің жаңа қоғамға бетбұрысы) мұндай іс-шаралардың жүзеге асуына кедергі келтірді. Сондықтан, Ресейде, Түркістан АКСР-ның құрамына енген Орта Азия республикаларындағы музей жұмысының қарқыны Қазақстанда баяу көрініс тапты.

Тек 1919 жылы шілде айында РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі шешімімен қазақ өлкесін басқаратын әскери революциялық комитеттің құрылуымен музей ісі және көне ескерткіштерді сақтау және қорғау мәселелері жоғары деңгейде шешіле бастады. Қырревкомның төрағасы болып большевик С.Пестковский бекітіліп, құрамына белсенді большевиктер Ғ.Жангелдин, С.Меңдешев т.б. сонымен қатар ұлт зиялыларының өкілдері А.Байтұрсынов, Б.Қаратаев кірді. Қырревком өмір сүрген жылдары мәдениет саласына көңіл бөлініп, маңызды істер атқарылды. Осы жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында орналасқан комитет штабы жанынан тарихи статистикалық бөлім құрылып, ол “Қазақ өлкесі мен қазақ халқының географиялық, тарихи және этнографиялық жағынан ежелдегі және таяудағы өткендегісін зерттеу” мақсатын алға қойды. Аталған комитет штабы бастығы А.Н.Турскийдің басшылығымен құрылған бұл бөлімде белгілі тарихшы А.П.Чулошников, филолог-этнограф А.А.Четыркина, заңгер Е.А.Яковлев және статист К.П.Шагаев қызмет атқарды /8/. 1920 жылы 20 сәуір күні азаматтық басқару мекемелерінің қалыптаса бастауына орай тарих-статистика бөлімі таратылып, оның қызметкерлері Қырревкомның Халық ағарту бөліміне көшті де, онда Ғылыми комиссия, кейіннен Ғылыми бөлім құрылып, ғылым, музей, мұрағат және өнер мәселелерімен айналыса бастады. Оның қызметін осы жылғы атқарған жұмысының сәуір-маусым айларындағы есебінен  аңғаруға болады. Онда, бірінші және екінші басқыш мектептер үшін тарих, география, этнография жөнінде оқулықтар мен хрестоматиялар жасау жайындағы жұмыстар туралы айтылған. “Қазіргі ерекше уақытта, - делінген есепте, - халық бұқарасын оның өткендегі, қазіргі және болашақ байлығымен таныстыруға асығу керек” /9/. Осы жылғы мамырдың 13 күні Қырревкомның ғылыми-педагогикалық  қоғамы және ғылыми бөлімінің отырысы болып онда өлкеде музей-кітапхана ісін ұйымдастыру мәселесі қаралды. Отырыста төрағалық еткен Қырғыз Халық Ағарту комитетінің төрағасы Кенжин, мектептен тыс бөлімінен Я.Рынушко, әлеуметтік тәрбие бөлімінен Л.Булякова, ғылыми бөлімнен Л.Курашкевич қатысты. Өлкеде музей-кітапхана ісін ұйымдастырудың ауадай қажеттігін ескере отырып, осы бағытта қандай іс-шаралар жасалуы қажет мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, музей-кітапхана ісін басқаратын арнайы бөлім ашу туралы сөз қозғалды. Осы отырыстан кейін Ғылыми комиссия қызметкері А.А.Четыркинаны музей бөліміне қажетті жабдықтарды әкелу мақсатында Мәскеуге іс-сапарға аттандырады. Бұл жұмыстың жүзеге асырылуының нәтижесін облыс және аудан орталықтарында дүниеге келген музейлерден байқау қиын емес.

Байқап отырғанымыздай кеңес үкіметі орнаған алғашқы кезеңде музей ісі мемлекеттік деңгейде қарастырылып, оның дамуына байланысты маңызды іс-шаралар атқарылған. Әрине музей ісіне байланысты зерттелер мәселелер өте көп. Мәдениетіміздің қазығы болып табылатын музейлер тарихы қашан да болса көпшілік қауымды қызықтырары сөзсіз. Осы тұрғыда мұрағат деректері ғылыми айналымға енгізіліп, құнды ғылыми еңбектердің жарыққа шығуы да әбден мүмкін.

 

Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер:

 

1. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 1021 іс, 23 п.

2. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 827 іс, 116 п. 

3. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 827 іс, 118 п.  

4. Равикович Д.А. Организация музейного дела в годы воостановления народного хозяйства (1921-1925). //Очерки истории музейного дела в СССР. Москва: Советская Россия, 1968. Вып. 6. С.-78.

5. Смирнов И.С. Из истории строительства социалистической культуры в первый период Советской власти. - Москва: Госполитиздат, 1952. С.-205. 

6. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 827 іс, 114 п.  

7. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 12 іс, 22 п.

8. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 16 іс, 23 п.

9. ҚРОМА. 81 қор, 1 тізбе, 15 іс, 2 п.