Тіркелу   Забыли пароль?


Ибраев С.Б. Алаштың арысы – Мәмбет Әлі Сердалин.




АЛАШТЫҢ АРЫСЫ – МӘМБЕТӘЛІ СЕРДАЛИН

 

С. Б. Ибраев

Алматы облысының

Мемлекеттік мұрағаты,

редакциялық-баспа

бөлімінің бастығы

                                                                                                                          

Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері

халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап,

қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты.

Н. Назарбаев

 

  Биыл Алашорда үкіметінің құрылуына 90 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференцияның өтуі, соның ішінде «Кеңес саясатына қарсылық: Алаш қозғалысынан желтоқсан көтерілісіне дейін» атты тақырыптың қойылуы еліміздің ұлттық санасының оянуының бір көрінісі деп  түсінеміз.

Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізбес бұрын «тар жол тайғақ кешіп», талай қиындықтарды басынан өткізіп, бүгінгі күннің белесіне де келіп жетті. Жетпіс жыл бойы бір идеологияның  жетегінде жүріп, халық өз тарихын тани алмағаны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Тұғыры биік тұлғаларымыздың есімі қараңғы тар қапаста жатып, аттарын ауызға алмай, ымдап өткен кезеңді де, міне бастан өткердік. Енді ұлығымызды ұлықтайтын, жоғымызды түгендейтін уақыт. Қазақ атам: «Ер есімі – ел есінде» дейді. Сондай ердің есімі алаштың арысы Мәмбет Әлі Сердалин.   Мәмбет Әлі Сердалыұлы 1865 жылы Көкшетау уезі, Шалқар болысындағы Кіші Қоскөл деген жерде дүниеге келді.

Мәмбет Әлінің әкесі Сердалы Мырзалыұлы қазақ топырағында қызылордалық Ораз молдадан кейін екінші болып Фердаусидың атақты «Шахнамасын» аударған ақын екен. Ол «Салсал»  мен «Зарқұмды» аударып, Қазан баспасына жібергенінде, еңбектерін Мәулікей дейтін біреу өз атынан бастырып шығарса керек. Сердалының төрт ұлы болған: Мәмбет Әлі, Абдол, Жәмшит, Паридон.

 Мәмбет Әлі алғашында ауыл молдасынан дәріс алып, соңынан Көкшетаудағы үш класстық училищені тәмамдап шығады. 1884 жылы Омбының техникалық училещесіне оқуға түседі. Бұл оқуда ол қазақтың аяулы азаматы, училещенің оқушысы Әлихан Бөкейхановпен танысып, жақсы қарым-қатынаста болады. Осы Омбы техникалық училещенің мұрағат деректері бойынша толық  4 сыныбын тек Әлихан Бөкейханов бітіріп шыққан. Ал, Мәмбет Әлі Сердалин болса, саяси сенімсіздігі үшін оқудан шығарылады. Бүркіт  Ысқақовтың айтуынша: «Мәмбетәлі 1886 жылы Петербург уневерситетіне оқуға түсіп, онда Лениннің ағасы – Александр Ильич Ульяновпен бірге жаратылыстану факультетінде оқиды»,-дейді. Содан кейін  1887 жылы ІІІ Александрға өлтірмек мақсатпен   қастандық жасалғаннан кейін, көптеген студенттер ұсталып, қамауға алынғаны жайында және ұсталғандардың қатарында Мәмбет Әлі Сердалинде болғандығы туралы айтады. Студенттердің көпшілігін Сібірге жер аударады. Т. Боранғалиұлы да құптап «Петерборда оқыған талай қазақ жастары» атты мақаласында 1890 жылдары осы қала уневерситетін бітірген жетісулық Барлыбек Сыртанов, ырғыздық Абдолла Теміров, оралдық Бақытжан Қаратаев оқығандары туралы айта келіп: «Бұлармен бір жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин саяси көз қарасы үшін қудаланып, уневерситетті бітіре алмағанымен, зиялы экономист-ғалым ретінде танымал болды.» Мәмбет Әлі болса оқудан шығарылып туған ауылына қайтады. Мәмбет Әлі елге оралып келгеннен кейін халық арасында демократиялық көз қараста үгіт-насихат жүргізе бастаса керек. 1889 жылдан бастап 1904 жылға дейін полицияның жасырын бақылауында жүреді.

 Көкшетауға оралған көкірегі ояу, көзі ашық  жас Мәмбет Әлі ел ішіндегі танымал өнер иелері Ақан сері, Үкілі Ыбырай, ғұлама атанған Науан Хазірет сынды білімді адамдардан сүйеніш табады.

Ол ауылда мал өсірумен, идеалогиялық  үгіт-насихат жүргізумен қатар, жер мәселесіне байланысты бірнеше орыс тілінде кітап жазып, Омбы қаласында бастырып шығарады. Айта кетсек: «Аренда казахской земли» (1900 ж), «Эксплуатация карсакпайских копей» (1901 ж) және «По вопросу об эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры» деген тақырыпта баяндама жасаған. Бұл еңбегі 1904 жылы Петербуркте «Труды общества  для содействия русской промышленности и торговли» атты жинақтың 25 томында жарық көрді.

Ресей патшалығының саяси өмірі жайында қанық Мәмбет Әлі қоршаған ортасына да әсері болған. Оның ішінде ерекше тоқталғы келіп отырғаны атақты Ақан серімен достығы. Алпысыншы жылдары шыққан Н. Оспановтың «Ақан сері хақында» деген мақаласында Ақан серінің Көкшетау қаласына жиі келіп, онда ол Александр Андреевич Тарличев үйіне тоқтайтындығы жайында айтады. Сонан соң оның жеке басына тоқтап, Петербург университетінде оқып, ІІ Александр патшаның өліміне және студентер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін сотталып, қуылғандылығы, Қызылжарда адвокат болып істегені, 1886 жылы Көшетауға келгендігі жайында баян етеді. Тарличев қазақ тілін өте жақсы біліп, іс қағаздарын аударумен айналысқан. Жас Мәмбет Әлі де үйіне жиі барып тұрады екен. Онымен бірге Ақан серіде еріп келетін көрінеді. Ақан серінің Тарличевті тануыда осы себептен болуы керек. Бұл әңгіменің өзін Тарличевтің немересі айтып, сөз барысында ол: «Ақан сері келгенде менің атама өзінің сүйікті «Қаратайы» туралы өкімет орындарына арыз жазғызып алып еді» дейді. Ақан сері ауылы қонысынан айрылып, орнына қазіргі Коморовка селосы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серінің мінген аты) егінге түсті деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Бірақта ол выборнайға, сотқа арызданғанмен әділдікке жете алмай, содан «Қаратай» өлеңін жазған.

 Мәмбет Әліні 1906 жылғы Столыпиннің жер реформасы қатты ойландырды. Ол шұрайлы жерлерді орыс  шаруалары немесе іштен келгендер қоныстанып, жергілікті халықты ығыстырып жатқанға наразылық білдіріп, жергілікті патша үкіметімен қызу айтыс-тартысқа кірісіп кетеді. Ақан серінің де осы жылдары ел ішінде патшаның сойылын соғып жүрген әкім-болыстарға сықақ өлеңдер жазып және Столыпин ылаңы тұсында елдің жер-судан, қоныстан айрылуына наразылық білдіргенін азаматтық сарындағы лирикасынан айқын байқауға болады. Ақан:

                     Қор болып крәсиянның табанында,                                                                                                                                          

                     Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?

                     Темір айыр, ақ балта қолдарында,

                     Тілге келмей ұрады өңмендесіп...

                     Қасиетті ата-баба зиратының

                     Үстіне егін салды, жайлап есіп.

Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Осы жылдары өткізілген Мемлекеттік думадан әділдік, үміт күтеді. Бұл ретте Мәмбет Әліні де Ақан серіні де жақын білген Хамит Тілеубаевтың  «Мен Ақан серіні көрдім» деген деректі-мақаласына сүйенсек мынандай жолдарды кездестіреміз: «...Мәмбетәлі Петербуркте оқыды. Социал-демократтар қатарында болатын. 1903 жылы Думада Қазақ-Қайсақ жұртының халы туралы сөз сөйлепті»,-дейді. Мәмбет Әлі Сердалиннің «Орыс өнеркәсібі мен саудасының дамуына көмектесу қоғамының» отырысында жасалған «Мал шаруашылығы  мәдениеті арқылы Батыс Сібір даласын пайдаға асыру» атты баяндамасында ол: «Ежелден мал кәсібімен айналысып жүргендердің ең шұрайлы жерлерін алумен қатар, біздерге мал шаруашылық мәдениетін жалғастыруға  үлкен кедергі келтіріп отыр. Себебі суаттардың барлығын десе кесіп-жауып тастаған. Малдарымызды суару үшін, біздер жаңа келген крестьяндардан суатты қымбат бағаға жалға алуымыз керек»-дейді. Баяндамасын қорытындылай келе Мәмбет Әлі амалы құрыған адамдай туған жері үшін сол қоғамнан: «Мен сіздерден ғасырлар бойы қалыптасқан далалық өмір құрылысын рахым етулеріңізді сұраймын...»-деп сөзін аяқтайды.

Осы жерде М.Сердалин жайында 1967 жылы атақты ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың белгілі журналист Н. Мағзұмовқа әңгімелеп берген естелігі ойға келеді.

Жер дауы қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ең күрделі, ең қиын мәселелердің бірі еді. Бұл өзі жайлау, қыстау мал жайылымы мен егіндік, шабындық жерге қоныстар мен құдықтарға, үй іргесіндегі учаскелерге таластан туатын дау-дамай болатын. Міне, күрмеуі шатысқан осы мәселелер патша үкіметінің 1904 жылғы апрельдегі Заңына орай орталық Россиядан шеткері аймақтарға қоныс аудару істеріне орай тіпті шиеленісе түскен еді. «Село тоғышарлары мен жер иеленуші мещандардың өз ықтиярымен қоныс аударуы туралы» Заңның іске асыруға байланысты Қазақстан облыстарындағы, уездердегі қазақ жерінің есебінен қоныс аудару қорын молайтып, 1906-1912 жылдары оған қазақ еңбекшілерінің миллиондаған десятина шұрайлы жерлерін кесіп берді. Бұл әділетсіздік, әсіресе Столыпиннің белгілі аграрлық реформасының кезінде ерекше өрістеп, күшейе түсті. Патша үкметі арнайы ұйымдастырылған қоныс аудару басқармасы арқылы жерді жаңадан игермей-ақ, жергілікті халықтың бұрыннан игерген жерлерін әкім-зорлықпен тартып ала бастады. Бұл озбырлыққа шыдамаған қазақ еңбекшілері мемлекеттік думаға, генерал-губернаторларға, тіпті Столыпиннің өзіне дейін шағымдар жазды. Бірақ бәрі аяқсыз қалып отырды. Патша үкіметінің осынау басып-жаныштаған зорлықшыл сорақы саясатының салдарынан қазақтың еңбекші бұқарасы жаппай күйзеліске ұшырады, отарлық езгі күшейді. Жаппай қысымшылыққа ұшыратқан бұл зобалаң қазақтың ауқаттыларына да соқпай кетпеді. Олардың да қатты наразылық, қарсылықтарын туғызбай қоймаған...

Мәмбет Әлі Сердалин ұзақ сапардан қайтып оралса үй іші, ағайын-туыстары осындай зорлықтың қыспағына түсіп, тығырыққа тірелген тұстары екен. Ауылға жер бөлетін адам келіп, оның ата қонысынан шұрайлы-шұрайлы деген жерлерін іштен көшіп келгендеріне кесіп беру жөнінде шешім шығарып қойған. Қоныс аудару, түпкілікті тұрғындардың жерін кесіп беру жөнінде жүргізіліп жатқан патша үкіметінің озбырлық саясатымен таныс, әрі соған қарсы үн көтеріп, баспасөз арқылы да келіспеушілік білдіріп, әшкереушілердің қалың  бел ортасында жүрген Мәмбет Әлі жергілікті чиновниктермен айтыса-тартыса келе, «Бұларың барып тұрған заңсыздық. Бұл жерлерден ештеңе ала алмайсыңдар. Өйткені ата-бабаларымыздың зираттары бар. Ал, заң бойынша ата-бабаларымыздың зираттары орналасқан жерге қол сұғуға тыйым салынған»,- дегендей дәлел айтады. Чиновниктер Мәмбет Әлі таласып, болмаған соң жерге орналастыруға байланысты киргиз (қазақ) жерін игеру туралы жер бөліп беру жөніндегі нұсқауды (инструкция к отводу земель) суырып тастайды алдына. Сонда Мәмбет Әлі тұрып:

- Бұл қалай? Нұсқау заңды жою үшін емес, қайта оны түсіндіріп, ұғындыру үшін жасалады ғой, - деп таласады. Олар сонда да құлақ аспайды. Өйткені өз әкімшілік басшыларының әмір-нұсқаулары солай болатын. Оны орындамауға    қақылары жоқ еді.    Әйтсе    де түкпірдегі       далалықтардан тап бұлайша Заң айтып, дәлелдеп таласатын адам шығар-ау деп үш ұйықтаса түстеріне кіріп пе?..; Енді міне, «жер    астынан жік    шығып, екі құлағы тік шығып» өздерінен де сауатты, ағып  тұрған  заңшыл   «мырзаның» сөзіне Заңмен    қисындалған дәлелді ештеңе айта алмаса да жоғарыдан берілген нұсқауды мүлтіксіз орындаулары керектігін желеу етіп, өз міндеттерін орындаған. Мәмбет Әлі бұларды көндіре алмаған соң дереу Омбыға тартқан. Бірақ Омбының герал-губернаторы онымен сөйлеспейді де. Содан Санкт-Петербургтен бір-ақ шыққаны осы еді. Мұнда келген соң танитын, өзі білетін дос-жарандарын, жолдастарын іздестіре бастайды.

Думаға депутат қазақтардың ішінде Әлихан    Бөкейхановты іздестіріп   тауып    алады да келген сапарының     жай-жапсарын  баяндайды.     Бұлар ертеңіне Бақытжан    Қаратаевты тауып алып, думаның фракциясында  болады. Алайда олардан    да еш қайран болмайды. Содан астанадағы толып жатқан түрлі партиялар — кадеттерде, трудовиктер мен мұсылман фракциясында, социал-демократтарға дейін барады. Ешқандай жауап ала алмайды. Бұдан ештеңе шықпаған соң түрлі      министрліктерді шарлап, жер    департа­ментіне барады. Олар дұрыс жауап бермек түгілі өздерін мазақ етеді...Содан бәрінен    түңіліп, салдары суға  кетіп, шаршап-шалдығып келе жатса алдарынан Солтүстік Кавказдың Терек облысынан сайланған депу­тат, Кадет Караулов ұшырасады. Есендік-саулықтан кейін: — Александр Николаевич, (орыс жолдастары Әлиханды осылай атайтын) ұнжырғаң түсіп кетіпті ғой... Соншама жүдейтіндей не күн туды саған? — деп қалжыңдайды. Өзі сіркесі су көтере алмай қажып келе жатқан Әлихан:

—   Бізді келеке қылғың келе ме? Қой, ондай қалжыңыңды! Тап қазір оның уақыты емес, - деп реніш айтады кейіп.

— Не болды өзі, сонша түңілетіндей? Түсіндірші дұрыстап?.. Бәлки, менің септігім тиер оған... Шын айтамын, түсіндірші, ретімен не болды?, - дейді де Карау­лов бұл екеуін пәтеріне шақырады. — Жарайды, ең әуелі тынығып, дем алыңдар.Александр Николаевич, алдымен сен өзің сабаңа түсші. Сонан соң реттелер бәрі де. Үмітсіз — шайтан деген, шаруаларыңды жасырмай айтыңдар маған. Сәті түссе, менің өзім-ақ реттеп тастармын оны, — деп тағы да сөзінің соңын ойынға шаптырып, қалжынға айналдырады... Бұл екі ортада ол қызметшілеріне дастархан мәзірін жасатып жатыр еді...

Кішкене тынығып дем, өздеріне-өздері келгеннен соң, бар болған жайды бірін қалдырмастан баяндап, жайып салғанды екеуі.

Кішкене тынығып дем алып, өздеріне-өздері келген соң, бар болған жайды бірін қалдырмастан баяндап, жайып салғанды екеуі. Мұны тыңдап болғаннан кейін Карау­лов:

— Иә, қиын екен жағдайларың, — деп біраз отырады ойланып. Сона соң кенет басын жұлып алып:

—  Александр Николаевич, қасыңдағы мына қазақ өзі рас Ақмола облысынан ба? — деп сұрайды.

—  Сол облыстан. Бірақ оның бұл іске кандай қатысы бар?

—  Қатысы болған соң сұрап отырмын ғой...    Сен сәл сабыр ет. Үміттің  бір ұшқыны жылтырайтын сияқты. Ертеңге дейін күте тұрыңдар. Жауабын түсте беремін. Бүгін осымен қош айтыса тұрайық. Бұл жігітіңіз тек Ақмола облысынан екендігі шын болса болғаны...  Ал қош-сау болыңдар, - деп меймандарын үйлеріне жібереді...  Екеуі аң-таң,   ойлары сан-саққа бытырап, Карауловпен арада болған әңгімеден еш байланыс-арқау    таба алмай, бір жағы  бұдан бірдеңе шығады-ау  деп көңіл тоқтатып сене алмай, ұзақ таңды кірпік ілмей өткізеді.

Екінші күні келісілген уақытта пәтеріне келген Әлихан мен Мәмбет Әліге Карау­лов былай дейді:

— Шөбеков мырзаны патша қабылдайды. Бірақ өте қысқа ғана уақытқа. бір-екі-ақ минутқа. Арыз жазып апару керек. Ол арыз алты жолдан аспасын. Не айтпағын, не өтініп сұрайтынын, осы алты жолға сиғызатын болыңдар. Екі күннен кейін маған келіңдер. Әлиханның  айтуы  бойын­ша ең қиыны арыз жазу болған.  Айтпақ    арыздары да, өтінбек сұрақтары да, оған қоса  «Әділет,  шындық» іздеген, баяғыдан бері армансыз ағытып, жеткізсек пе деп, талай бармақтарын тістеп,  зығырдаңдарын   қайнатып жүрген    ішкі айқай-қыжылдары да көп еді. Әттең... алты жолдық  арызға нені сидырарсың? Нені айтып, нені арыз етерсің? Іште қайнаған, көңілде сайраған көп жайлар жіпсіз байланып тұсалды деген осы да. Олар ақыры екі тәулік бойы күні-түні ойланып-толғанып арыздарын айтулы алты жолға әзер сиғызып Карауловқа  келеді. Сонымен уәделі күні сол сағатында  патшаның  қабылдауына барады.

Мәмбет Әлінің кіруінен шығуы тез болған. Олардың ұйқы-күлкі көрмей екі тәулік бойы әлектенген алты  жолдық арызына үш-ақ сөзбен: «Безобразие.  Вернуть! Ни­колай» деп бұрыштама қойған. Әне жаман Николайыңыз сөйтіпті, — деп Әлекең рахаттана күліп алды.  — Тегінде ол кездегі іс қағаздарында, әкімшілік-кеңсе    жұмыстарында көп сөзділікті әдетке айналдырмаса керек.

Патшаның қолы қойылған қағаз қолдарына тиген соң, бұлар Карауловтан мұның мән-жайын сұрайды. Николай патшаның адъютан­ты, полковник князь Тру­бецкой Карауловтың досы екен. Арғы атасынан бері қарай үзілмей келе жатқан ақ сүйек, империяға белгілі князь тұқымынан шыққан полковник Трубецкой 1904-1905  жылдардағы  орыс-жапон соғысына катысқан адам екен. Сол князь соғысқа аттанып бара жатып  жол-жөнекей Омбыдағы достарына соғады. Олар аттанарда князьға: «Жоғары      мәртебелім, мынау астыңдағы және жетекке алған екінші атың да ағылшын тұқымдас жылқыдан екен.  Бұлар жорықта осал, төзімсіз. Одан да ыстыққа да, суыққа да төзімді,   шаршап-шалдықпайтын қазақы жылқыдан бір-екі сәйгүлік  таңдап  мінгізейік. Солар сізді    құдай    қаласа, жаудан да құтқарады, сенімді серігіңіз де болады», деп қояр да қоймай айтқандарын істетеді. Кейін сұрапыл ұрыс, қанды  шайқастарда омбылық достарының айтқандары дұрыс болып шығып, шынында да қазақ даласынан ұстап    мінген аттары өзін ажалдан құтқарып қалады.

Бұл соғыста Россияның масқара жеңіске ұшырағаны белгілі. Бірақ князь Трубецкойға аман қалған жан олжа. Соғыстан қайтып келе жатып, Омбыдағы баяғы достарына қайта соғады. Оларға рахмет-алғысын ай­тып, ауыстырын мінгізген сәйгүліктерінің талай қиын-қыстау жерлерден аман алып шыққанын өздері айтқандай мықты да төзімді, жүйрік те есті жануарлар болғанын ризашлықпен сөз етеді. Бұған достары да көтеріліп қалады. Әңгіме барысында князь бұл аттарды қайдан алдыңдар? – деп сұрайды. Олар Ақмола облысының бір байынан алғанын айтады. Сонда князь Трубецкой:

– Егер сол облыстан кім де болса бір қазақ   ісі түсіп Санкт-Петербургке,    оның өзінде маған келетін бол­са, қандай қиындыққа ұшыраса да пайдасына    шешетініме, осы отырған сендердің алдарыңда ант етемін! — деп қалған. Осы сөзін кейін бір отырыста досы Карауловке де білдірген... Міне, «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» деп Мәмбет Әлінің ісі осы уәдеге дөп келген екен... Иә, бір қарағанда ертегі секілді болып көрінетін бұл оқиға ақиқат еді. Кейін осыны негізге ал­ып Әлихан Бөкейханов пен Мәмбет Әлі Сердалин талай мақалалар жазып, сөздер де сөйлеген көрінеді. Халықтың, әсіресе, алыс түкпірдегі ұлттардың көкейтесті өмірлік мәселесі – жер дауын, бұған байланысты түрлі заңсыздықтар мен әділетсіздіктер жайлы айтқанда, осы оқиғаны талай тілге тиек еткен көрінеді.

Жоғарыда келтірілген Хамит ақсақалдың мақаласынан мынандай үзіндіге назар аударсақ: «Ақанның соңғы өмірі Сердалының балалары – Мәмбетәлі, Жәмшитпен тығыз байланысты болды. Ата қонысынан айрылған әйгілі әншіге Сердалы балалары үй салып береді, қасына бір жігіт күтуші қояды,-дей отыра мынандай қызықты жайтты айтады -1906 жылы Жәмшит жездемнің үйіне бардым. Петербургтан Абылайханов Сұлтанғазы әйелімен Мәмбетәлінікіне келіп дем алып, үй тіктіріп жатыр екен. Сұлтанғазы Ақанды шақыртып алдырды. Ақан қазақтың екі зиялысына көсіліп бірқатар өлеңдерін айтып берді. Сонда киіз үйде Ақанды ортаға алып, Мәмбетәлі мен Сұлтанғазы суретке түсті». Үш тұлғаның бірге тұрған бейнесі қағаз бетіне түскенмен біздің күнге дейін жетпеген көрінеді. Хамит Тілеубаевтың шығармасының тағы бір ерекшелігі ол Ақан серінің бұл дүниедегі соңғы күндерінің куәгері болуында. 1913 жылы Жәмшит жездесіне барғанында Мәмбет Әлі мен оның інілерінен Ақан сері ауыр күйде жатқанын естіп, барлығымен ақынның халын білуге барған. Ақан сері қайтарының алдында да есін біліп, өлең ұйқастырып жатқан екен. Екі күннен кейін атақты Ақан сері бұл фәниден озыпты. «Атығай, Қарауылдың ат жетер жеріне жаназа айтты. Ақанды арулап жөнелтудің жауапкершілігін Мәмбетәлі өзі алды дей отырып – Ақанның сүйегіне елдің әнші, ақындарын түсірді. ...Ақанның сүйегін Мәмбетәлі бастаған елдің игі жақсылары көтеріп үйден алып шықты. Зират басында Мәмбетәлі сөз сөйледі. Жай сөйлемеді, көзінің жасы омырауынан тамшылап, жылап сөйледі. «Мың кісілік Ақан ағам-ай, бір кісінің өлімінде кеттің-ау» деп көп жылады»,-дейді.

 1914 жылы 49 жасында жерім деп егілген, елім деп еңіреген Мәмбет Әлі Сердалин де бұл дүниемен қош айтысады. Қайтқаннан кейін, жары Айша күйеуінің бір сандық  жазбаларын дүрбелеңнен қорқып, қарт туысына көмдіріп тастапты. Көп ұзамай қария да, Айша да қайтыпты. Бір өкініштісі, Мәмбет Әлі мұрағатын қай жерге көмгендерін ешкімге айтпай кетуінде. Әрине, бұл мұраларында құнды жазбалары мен ойлары болғаны ақиқат. Дәлел ретінде баласы Хұсайнның айтуынша, әкесі 1914 жылы өлер алдында: «Мен 1905 жылдан РСДРП мүшесі едім, егер өзгеріс болып, менің документтерімді сұрап келсе берерсіңдер» деп айтып кеткен екен.  

Ойымызды  қорыта  айтқанда,  кезінде  Ақан  серінің  өмірінің  соңғы  жылдарында  оған  үй  салдырып,  қасына  күтуші  жігіт  қойып  баққан  да,  соңғы  сапарға  шығарып  салу  рәсімін  де  мойнына  алған  Мәмбет  Әлі  болатын.  Үкілі  Ыбырайдың  өнеріне  тәнті  болып,  оны  Петербург  қаласындағы  консерваторияға  оқытуға  да  апарған  Мәмбет  Әлі,  бірақ  Ыбырай  орысша  нашар  білгендіктен  түсе  алмапты. Науан Хазіретті түрмеге салғанда шығарып алған да, қазақ  жеріне  казактар,  орыс  шаруалары  қоныстанып,  шұрайлы  жерлерді  тартып  алғанда  да  елім  деп  еңіреп,  жерім  деп  тебіреніп,  шырылдап  Петербугке  барып  бұрынғы  досы  Әлихан Бөкейхановпен  көрісіп,  сол  кісінің  арқасында  ақ  патшаның  қабылдауында  болып,  жер  мәселесіне  байланысты  алты  ауыз  арызын  ұсынған  да  Мәмбет  Әлі  еді.  Бұл  дарабоздың  халыққа  сіңірген  жақсылығы  туралы  айтылмағаны  әлі  қаншама...   

                                     

Қолданған әдебиеттер

                                                                                          

1.  «Қазақ әдебиетінің тарихы» Алматы. 1965. ІІ том, 2  кітап. 313-314 б.

2.  «Қазақ Совет энциклопедиясы» Алматы. 1972. І том.  200 б.

3.  Ж. Мусин «Жер шоқтығы Көкшетау» Алматы. «Жалын» 1989.  60-65 б.

4.   Қ. Әбуев «Қазақстан тарихының «ақтандақ» беттерінен» Алматы. 

                                   «Қазақстан» 1994. 59-70 б.

5.  Х. Тілеубаев «Мен Ақан серіні көрдім» // Жұлдыз 1962.

6.  Ә. Сатыбалдиев «Шахнама сапары» // Қазақ әдебиеті 1963. 14 маусым

7.   Б. Ысқақов «Қуғында өткен өмір» // Білім және еңбек 1981. №2

8.   Н. Мағзұмұлы «Халық ұлы» // Сарыарқа 1995.  № 6

9.   Н. Оспанов «Ақан сері хақында» Сарыарқа 1999. № 4-5

10. Т. Боранғалиұлы «Петерборда оқыған талай қазақ жастары» // Егемен

      Қазақстан. 2003. 30 мамыр  

11. Н.Мағзұмов. «Әлихан мен Мәмбетәлі» // Коммунизм нұры. 1990. 5 қаңтар

      3 бет.

12. Ибраев С. Мәмбетәлі Сердалин. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы.  

      2006. 7 т.