Тіркелу   Забыли пароль?


Хазретәліқызы Р. Қазіргі заманғы археография ғылымын дамытудың міндеттері




Қазіргі заманҒы археография Ғылымын

дамытудыҢ міндеттері

                                

Хазретәліқызы Р.,

әл-Фараби ат. ҚазҰУ, тарих факултеті,

мұрағаттану мамандығының 5-курс студенті

Алматы қаласы

 

Тарих ғылымының маңызды саласының бірі археография ғылымы бүгінгі таңда  қоғамның сұранысына ие болып отырған ғылым. «Тарих деректілік пен нақтылықты, адалдық және әділдікті ғана таниды, мойындайды. Мұндай нақтылық деректілік пен әділдіктің қайнар көзі мұрағат қорларында» [1] деп елбасымыз атап көрсеткеніндей мұрағат ғылымының күрделі әрі маңызды саласы археографияның қоғам алдында алар орны ерекше. Грек тілінен аударғанда «көнені жазу», яғни ескі, көне құжаттарды жазу [2] деген ұғымды білдіретін археография ғылымы қазақ халқының тарихын ұлттық мүдде тұрғысында жазуда өз өзектілігін жоғалтпақ емес.

 Тәуелсіз Қазақстанның археографиясын қалыптастыру және дамыту жолдарын қарастыру бүгінгі таңдағы алға тартар алғашқы мәселелердің бірі. Осы орайда біз Қазақстанның тәуелсіздік алған тұстан бергі археография ғылымын қалыптастырудағы күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан сан- қилы проблемаларына және ғылымды дамыту жолдарын қарастыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. 

Тәуелсіздік алғанға дейін біздегі археография негізінен Орталықтан келген нұсқауларға негізделе отырып дамыды. Ал егемендік алған алғашқы жылдары еліміздің мұрағатшылары мен археографтарының алдында күрделі міндеттер тұрды.  Ендігі жерде археографиялық жинақтар, археографиялық басылымдар тек ұлттық мүддеде жариялануға тиіс болды. Бұндай игі шараларға тарихшылар  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұрағат қорларында сан жылдар бойы қордаланып қалған гриф таңбалары бар материалдар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге үлес қосты [3]. Бұл өз кезегінде Қазақстанда ұлттық тарихи ғылыми кеңістіктің қалыптасуына зор ықпал етті.

 Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аталған жетістіктерге қарамастан, археография ғылымында аса құнды жинақтар жарыққа шықпады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының сайтынан алынған республиканың барлық аймақтарындағы мұрағаттық басылымдарға шолу жасайық.  ҚР ОМ мұрағатында 1992 жылы «1836-1838 жылдардағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы», ал 1996 жылы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі» [3] атты жинақтар басылып шыққан. Ал жалпы Қазақстанның басқа облыстарындағы мұрағаттарында бұл мәселеге байланысты көрсеткіштер жоқтың қасы. Бұдан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан көлемінде археографиялық жұмыстардың нашар  жүргізілгендігін көруге болады. Бұлай баға беруімізге жоғарыдағы фактілермен бірге археографияның ілгерілей дамуына негіз болатын мұрағат ісінің қайта жандануы тек 1998 жылы қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы»[4] Қазақстан Республикасының заңы негізінде іске асқандығы да себеп бола алады.

Археография ғылымы тарих, деректану және мұрағаттану ғылымдарымен тікелей байланыста. Сондықтан да археография ғылымының қалыптасу жолдары мен даму тенденцияларын аталған ғылымдардан бөліп қарастыру мүмкін емес. Әсіресе мұрағат ісінде қандайлық бір елең еткізер жаңалық болса, ол археографияны айналып өтпейді. Сондықтан да «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңның қабылдануы ол мұрағат ісіне де, археография ғылымына да жаңа серпіліс әкелді.  Заңның 5-ші бөлімінің  3-ші  тармақшасында «Тарихи және мәдени құнды құжаттарды сақтау, қорғау және пайдалануды ұйымдастыру республиканың басқарушы органына жүктеледі» делінсе, осы бөлімнің 4-ші тармақшасында «Шет елдердегі Қазақстан  Республикасының тарихына қатысты құжаттарды анықтау және қайтару міндетін» [5] белгілеу арқылы археографияның негізгі функцияларының бірі эвристиканы дамыту міндетін атап көрсетеді. Өкінішке орай аталған заңда бұдан өзге археографияны жетілдіру мәселелері көтерілмейді.

Дегенмен осы заңның аясында ҚР ОМ мұрағатында мұрағат ісін жетілдіруге байланысты біршама бағдарламалар қолға алынды. «2001-2005 мұрағат ісін жетілдіру бағдарламасына» сай  археография ғылымын дамытуға бағытталған біршама мәселелер қарастырылған. Яғни әр жылдың желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасының тарихына және мәдениетіне қатысты құнды құжаттарды шет елдердің мұрағаттарынан іздестіру және жинақтау шараларын іске асыру,  арнайы мұрағатшылар мен археограф мамандарды даярлау мәселесі де жоспарланған [6].

Сапалы археографиялық басылымдардың көптеп шығарылуы ғылымның жетістігі ретінде бағаланды. Міне осындай басылымдар 2000 жылдары ҚР ОМ мұрағатында және  республиканың басқа облыстарындағы мемлекеттік мұрағаттарында біршама археографиялық жинақтар жарық көрді. (Атап айтқанда Б.Т.Жанаевтың басшылығымен шыққан «Бөкей хандығының тарихы. 1801-1852 жж.» жинағы, «Исатай-Махамбет. 1801-1948 жж.» және т.б)[7] Мұрағат қорларындағы игерілмей жатқан тың материалдардан және құжаттардан жинақталған жинақтардың зерттеушілер арасында алар орны ерекше. 

Дей тұрса да археографиялық жинақтарды даярлау жұмыстары соңғы жылдары бәсеңдеп қалды. ҚР ОМ мұрағатының басылым бөлімінің қызметкерлерімен болған сұхбатта бір білгеніміз, бұл бөлімде соңғы жылдары ешқандай археографиялық жинақтың басылып шықпағандығы және негізінен халықтардың әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында қызмет етіп келгендігі, бұл да болса елімізде археогафия ғылымының  әлі  де  бір  жүйеге  түсе  алмай  келе  жатқандығын  көрсетеді.

Сонымен көріп отырғанымыздай, Қазақстанда археография ғылымы өте баяу әрі біршама қиын жолдармен қалыптасуда. Осы себепті біз өз тарапымыздан аталған мәселелерді шешуге бағытталған төмендегідей міндеттерді  ұсындық:

- біріншіден, Қазақстан археография ғылымын қалыптастыруда ең алдымен теориялық- методологиялық базасы даярлануы тиіс. Бұл ретте біз көрші Ресей мемлекетінің тәжірибесіне сүйенгеніміз абзал. Себебі Ресейдегі бұл мәселені ғылыми ортада және археографтар өзараларында қызу талқыға салып, аталған мәселеге қатысты мақалалар [8] мен жекелеген монографиялар арнаған. Ешқандай реті келмеген тұста да біздерге осы жобаларды үлгіге алып, қалай да мәселенің теориялық- методологиялық жағын шешіп алған жөн.

- екіншіден, археография ғылымының дамуы тікелей археограф мамандарға байланысты. Қыры мен  сыры көп  археография ғылымын дамыту міндеттерін тек археографияны жан- жақты меңгерген мамандар ғана шеше алады. «2001- 2005 жылдары мұрағат ісін жетілдіру бағдарламасында» мұрағатшы мамандармен бірге археограф мамандарды арнайы жоғарғы оқу орындарында даярлау жоспарланып және бұл шараның іске асуына жауапкер ретінде Мұрағат ісі және құжаттаманы басқару комитетіне жүктелген [9]. Бірақ өкініше орай бұл шара тек қағаз жүзінде қалып, оның орындалуы іске аспады. Олай дейтініміз, мұрағатшы мамандар даярлайтын Республика көлеміндегі жалғыз жоғарғы оқу орыны әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық Университетінде осымен үшінші жыл қатарынан мұрағаттану мамандығы бойынша студенттер даярлау ісі тоқталып қалды.  Ендеше, археограф мамандар тұрмақ, қарапайым мұрағатшыларды даярлау ісі іске аспай тұрғанда археография ғылымы ғана емес, оған қоса мұрағаттану ғылымының да жағдайы мәз емес. Ал мемлекеттік мұрағаттардағы мұрағатшылардың білімі, тәжірибесін жетілдіру шаралары да қарастырылмаған. Бұның барлығы ұлтымыздың ертеден келе жатқан тарихын көздің қарашығындай сақтайтын мұрағаттардың көп ұзамай тоқырауға ұшырау қаупі бар екендігін көрсетсе керек. Сондықтан да біз аса өзекті деп қарайтын осы мәселені шешу кезек күттірмейтін шараға айналуы тиіс.

- Үшіншіден, археографияық басылымдарды даярлауда соңғы шыққан кейбір жинақтар сын көтермейді. Олар тек археографиялық қателіктермен ғана шектелмей, сонымен қатар біршама филологиялық қателіктерге де ұшыраған. Сондықтан да археографиялық еңбектер мен жинақтарды даярлауда арнайы ережелер мен қағидалар дайындалып, соның негізінде даярланған еңбектер ғана жариялануы тиіс. Және де жинақтың археографиялық талаптарға сай басылғанын анықтайтын арнайы комиссия құрылып, ол еңбектің сапасына мән беруі тиіс.

Ал бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасындағы археография ғылымы жоғарыда айтылған қиындықтарға қарамастан әр түрлі аспектіде көрініс табуда. Мәселен 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасында археографияның эвристикалық функциясы қамтылған (10). Осы  функцияны  іске асыруда және «Мәдени мұра»  бағдарламасы аясында Франция астанасы Париждегі «Жаңа Сорбонна» университетінен Мұстафа Шоқайдың  құжаттық  мұраларын іздеп тауып, жинақтау іске асты [11].

Сонымен ойымызды тұжырымдар болсақ, жоғарыдағы бірлі- жарым жетістіктер көңілді қуантқанымен де мәселенің түп тамыры әлі де шешілмей тұрғандығын көреміз. Біз жоғарыда ұсынған археографияны жетілдірудің кейбір міндеттері өз шешімін таппаса, Қазақстанда археографиялық ақпарттық кеңістікті қалыптастыру оңайға соқпайды. Ал оның шешілуі және одан әрі дұрыс жолға қойылуы негізінен жоғарғы органдар мен билік басындағылардың іс-әрекетіне байланысты. Біздіңше жоғарыдан бастап археография ғылымының дамуына және мұрағаттану ғылымының кейбір мәселелеріне оң қабақ таныта білсе, келешекте аталған ғылым салалары өзге де дамыған елдердің мұрағат ғылымдарымен терезесі тең дәрежеде тұрар еді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Назарбаев Н.Ә. “Мәдени Мұра” мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс. // Егемен Қазақстан. 29- қараша 2003 ж.

2. Документальные памятники: выявление, учет, использование. М., 1988. С.13

3. Закон Республики Казахстан от 15 марта 1999 года № 349-I «О государственных секретах».

4.«1836-1838 жылдардағы қазақтардың ұлт- азаттық қозғалысы»- А,1992,  «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт- азаттық күресі» - А, 1996.                         // www.kazarchives.kz.

5. «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасының заңы // САПП РК № 258. 1998.

6. Сонда.

7. Программа развития ахивного дела в РК на 2001-2005 годы.

8. «Бөкей хандығының тарихы. 1801-1852жж.» - А, 2002, «Исатай-Махамбет. 1801-1948жж.»- А, 2003. // www.kazarchives.kz.

9. Козлов В.П. Теоретические основы археографии с позиции современности.  // Отечественные архивы. 2001.№1.С.10

10. Программа развития ахивного дела в РК на 2001-2005 годы.

11. Мәдени Мұра мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс. // Егемен Қазақстан. 29- қараша 2003 ж.

12.Абдулина А.Т. О сохранении документального наследия. // «Қазақстан мұрағаттары». №1. 2006.