Тіркелу   Забыли пароль?


Жұмабеков Ж.А. Мұрағат құжаттарындағы мешіт салу ісі




Мұрағат құжаттарындағы мешіт салу ісі

 

Жұмабеков Ж.А.,

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ

 

Қазақ халқының бүгінгі тірлігінде дін елеулі орын алып отыр. Дәл араб елдеріндегідей діншілдік байқалмаса да, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ислам дінімен тығыз байланысып, мұсылмандық тұрмыс-тірлігіміздің ажырамас бөлігі болып отыр. Ислам дінінің өрістеуіне діни орындардың салынуы кең мүмкіншілік жасады. Қаламызда да мешіттер бой көтеріп, халықтың игілігіне қызмет етуде. Біз Арқа жерінде мешіттердің салынуы тарихынан көпшілік қауымға сыр шертсек деп едік.

Қазақстан территориясынан исламның енуі негізінен VII ғасырдан, арабтардың Орта Азияға жорықтарымен басталады. Осы уақыттан бастап ислам діні дала өңіріне таралады. Бұл үрдіс уақыт өткен сайын кеңінен орын ала бастайды. Бірақ, ислам дінінің ошақтары негізінен оңтүстіктегі қалалық жерлерде шоғырланады, ал көшпелі рулардың мекені Дешті-Қыпшақ ата-баба дәстүрімен Тәңірге табынып, Құдайға құлшылық етіп, исламның ықпалына түсе қоймайды. Бұл жағдай Алтын Орда дәуіріне дейін сақталып келсе, Алтын Орда ханы Берке мұсылмандық жолды ұстанып, исламға қолдау көрсетсе, кейініректе Өзбек хан ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырып, көшпелі халыққа мұсылмандықты күштеп енгізе бастайды. «Шаджарат ал-атрак» тарихи шығармасында Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің ислам дінін қабылдауын Өзбек хан мен оның баласы Әз Жәнібек тұсында болғанын көрсетеді: «Бұл Сұлтан – Мұхаммед Өзбек хан өзінің елімен, ұлысымен құдайдың рахымы арқасында бақытқа жеткен уақытта, әулие Сейіт ата оларды жаратушының құпия жарлығымен және күдіксіз белгісі бойынша Мәуераннахр аймағына ертіп келді, ал әулие Сейіт атаға сенім білдірмей адалдықтан бас тартқандар – сол жерде қалып, «қалмақ» деп атала бастады, бұл сөздің мағынасы «қалуға бұйырылған». Сол уақыттан бастап осы себеппен келген адамдар өзбектер деп, ал сонда қалғандары қалмақтар деп аталды» /1, б.32/. Сондай-ақ, Өзбек ханның бұйрығымен елдегі барлық пұтханалар да қиратылса керек.

Көшпелі тірліктің орталығы Сарыарқада исламның таралуының үшінші толқыны ХІХ ғасырда болды десек қателеспеспіз. Әсіресе, бұл үрдіс ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең етек алады. Беделді ру басылардың (аға сұлтан Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жанғұтты би т.б.) мешіттер салғыза бастауы, ауылдарда молда ұстауы, балаларды арабша хат танытуы, Арқадан қажылыққа барушылардың көбеюі осы тұсқа келеді. 1871 жылғы Ақмола Уездінің Бастығы подполковник Фроловтың Ақмоланың Әскери Губернаторы генерал-майор Окольничийге жазған хатында: «осыдан 15 жыл бұрын қазақтар арасында бақсылық қана болып, дінге немқұрайды қараса, қазірге күнде бұл мәселе басқаша сипатқа ие болды. Хат танитын молласы жоқ ауылдар жоқтың қасы» деп көрсетеді /2, 169-169қп/.

Қазақ арасында жаппай мұсылмандықтың кең таралуының, әсіресе ру басылар тарапынан қолдау табуының себебі қазақ даласындағы Ресей империясының отарлау саясатымен тікелей байланысты. ХІХ ғасырда Ресейдің отаршылдық әрекеттері қазақ қоғамының дәстүрлі өмір-тіршілігін өзгертті. Бұрынғыдай арқаны кеңге салып, етегі жайлауда жатар заман өтіп, көшпелі тіршіліктің аясы тарылып, қоғам дағдарысқа тап болды. Рулар нақты әкімшілік бөліктерге бөлініп (болыстар), сол территория ауқымына бекітілді. Қоныс тарылып, ру арасында жер үшін талас-тартыс көбейді. Дәстүрлі жолмен шешілетін даулар да, енді орыс әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болды. Ол ұзақ-сонар бюрократиялық әрекеттерді тудырды. Пара беру тәрізді қоғамдағы келеңсіз құбылыстар бюрократиялық  жүйенің енуімен байланысты осы кезде туындаса керек. Осы қарқындағы Ресей империясының отаршылыдық саясаты халықты рухани азғыншылыққа алып келері сөзсіз еді. Дулат, Шортанбай сияқты ақындар туындыларында көрініс тапқан осы жәй «Зар-заман» деген атпен халыққа белгілі:

Ел тандыры құрыды,

Орыстың түсті құрығы,

Анадан емшек суалды,

Қайғымен елді суарды /3, б.71/.

Ресейдің әкімшілік реформалары хандық билікті жойып, нәтижесінде саяси аренаға ру басылары шықты және халықтың тағдыры ендігі кезекте осы адамдардың қолында болды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді көре білген азаматтар отарлаудың салдарына қарсы арқа сүйер күш ретінде ислам дінін пайдаланды.  

Бұл тұжырымдаманы дәлелдеу үшін ХІХ ғ. екінші жартысында Арқа өңіріндегі діни орын – мешіт құрлысының салынуы туралы Орталық мемлекеттік мұрағат қорында сақталған маңызды деректер келтіруге болады. Бұл діни ескерткіштің тарихына байланысты құжаттар Қазақстан Республикасының Орталық мұрағатында сақтаулы және оның салынуына байланысты көптеген мәліметтер анықталды. Қотыр оба деп аталатын жерде мешіт және медресе салу мәселесін көтерген Сарысу уезді Енең Түнғатар болысының басқарушысы Жәнібек Бәйбеков. 1855 жылғы Ақмола Облысының болыстарының формулярлық тізімінде Жәнібек Бәйбековтың 1834 жылдың 8 желтоқсанынан Енең-Түнғатардың болысы екені және жасы 47 екені көрсетілген /5, б.79қп-80/. 1858 жылы 31 наурызда Енең Түнғатар болысының ауыл старшындары-Асылбек Өтебаев, Көде Байтоғаев, Қорам Байғозин, Бек Өмірбеков; билері -  Арыстанбек Балапанов, Қарымбай Тастенов, Танбек Сенгіров, Адырбай Шотаев, Наймантай Тастенев, Асылбек Орақов, Тәжібек Белтин, Бекжан Чинетов, Баймағанбет Айнин, Сәтқұл Искенов, Исабек Сайбеков, Шоқыбек Наймантаев, Жамантық Байбеков, Бегінбек Жылқыбаев, Оразбек Шыныбеков, Әнет Дулатов, Баубек Искенин, Қалқынбек Айдарбеков, Шонту Сайбеков, Саржан Байбеков, Қойқынбек Бұлғақов және құрметті қазақтары – Сағындық Қожабергенов, Раимбек Құлболдин, Жұмабай Жылқыайдаров, Дүйсенбек Серов(?), Құтпай Күтебаев, Есенғара Тнеев, Күйік Темірбеков, Шүленбай Тоқбаев, Ботанбай Өтебаев, Қарабақсы Боздақов, Малыспай Естемесов, Тасырбай Естекбаев, Баспақ Жантүгүлев, Тоқдан Айтин, Мейірбек Төлебаев, Тышқанбек Ақшыбаев, Кейкінбек Танатпаев  мөрлері мен таңбаларын басып, мешіт пен медресе салынатын Қотыр оба деп аталатын жердің шынында да Жәнібек Бәйбековтың жері, қыс қыстау екенін растап, Округ әкімшілігіне куәлік береді /6, б.4-5қп/.

Мешіт пен медресенің жобасы 1861 жылы жасалып, Генерал-майор фон Фридрихсқа тапсырылады /7, б.154/. Бірақ та, бұл іс тез арада шешіле қоймайды. Орыс әкімшілігінің бюрократиялық жүйесіне тап болып, тек 1869 жылы Жәнібек Бәйбековтың баласы Енең Түнғатар болысының басқарушысы Мұстафа Жәнібековтың тұсында ғана өз шешімін табады /8, б.154/. Бұған қоса Мұстафаның ел арасында сыйлы адам екенін, оның жеке басының қасиеттері туралы 1885 жылы 16 тамызда Ақмола уездінің Бастығы Коноваловтың Ақмола облысының Губернаторына жазған рапортында көресетіледі: «Нілді болысының Басқарушысы Мұстафа Жәнібеков, маған тапсырылған уездегі ең жақсы және ақылды Басқарушылардың бірі, былтырғы күзде, қызметіне кіріскеннен бері болыстықта ұрлық-қарлық және барымта, қазақтар арасындағы дау-дамай тыйылды, және де оны қажырлы еңбегі үшін осы жылы марапаттауға ұсынбауым, тек қана тақауда Басқарушы болып тағайындалуы» /9, б.87/.

1869 жылы 6 қарашада Батыс Сібір Бас басқармасынан Ақмола облысының Губернаторына бұрынғы болыс басқарушысы Жәнібекке Қотыр обада мешіт пен медресе рұқсат берледі /10, б.155/. Құрлысты 1861 жылғы жоба бойынша жүретіні, арнайы мамандар жалданғаны және аталған ғимараттардың салынуын Жәнібек пен баласы Мұстафа бақылайтыны туралы мәлімет те мұрағат құжаттарында көрсетілген /11, б.153қп/.

Осындай игі істердің басы-қасында елдің көзі ашық, халықтың қамын ойлаған азаматтары жүргені тағы бір айғақталып отыр. Ел тағдырының қилы кезеңдерінде ел үшін қызмет еткен азаматтардың есімдері мен істері халық есінде мәңгі қалары сөзсіз және де болашақ ұрпақ үлгі болар деп ойлаймыз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

 

  1. Артыкбаев Ж.О. Әз Жәнібек хан // «Азия-Транзит» республикалық әдеби-танымдық журнал. 2003, №6. 
  2. Формуляры и списки о службе волостных управителей Внешних Округов // ЦГА РК. ф.345. о.1. д.542.
  3. Бабатайұлы Д. Тұнық тұма. Өсиетнама: өлеңдер мен дастандар (1 кітап); Дулат жырау тағлымы: сын-зерттеу, көзқарастар (2 кітап). Құрастырған Қ.Раев // Алғы сөзін жазғандар З.Ахметов, Қ.Раев. – Алматы: «Раритет», 2002. – 288 б.
  4. Маргулан А.Х. Сочинения. В 14 томах. Том 1. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана / составители Д.А. Маргулан, Д. Маргулан, - Алматы: Атамұра, 1998, - 400 стр.
  5. Дело об отказе «Туземных» должностных лиц от принятия знаков установленных для волостных управителей, биев и аульных старшин // ЦГА РК. ф.369. о.1. д.1963
  6. Дело о разрешении волостному управителю Инеем-Тунгатаровской волости Байбекову строительства мечети на урочище Котур-Оба // ЦГА РК. ф.345. о.2. д.104
  7. Сонда
  8. Сонда
  9. Сонда
  10. Дело о разрешении волостному управителю Инеем-Тунгатаровской волости Байбекову строительства мечети на урочище Котур-Оба // ЦГА РК. ф.345. о.2. д.104
  11.  Сонда