Тіркелу   Забыли пароль?


2012/4. 87-89 б.Ерназаров. А.А. «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» көптомдық ақпараттық анықтамалығы». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ШЕТЕЛ МҰРАҒАТТАРЫНДА»

КӨПТОМДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ

 

 

Алмас Ерназаров

Археография және деректану ұлттық орталығының Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу және мәліметтер жинақтау зертханасының бастығы

 

Қазақстанда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі міндеттерін шешумен қатар, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін терең зерделеуге мән беріліп отыр.

Осы орайда қазақ халқының ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихы мен мәдениеті, ежелгі мемлекеттермен сабақтастығы, Еуразия орталығында орналасқан Қазақстанның орны мен ролі туралы нақты әрі толық мәліметтерді жинастырудың, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дамытудың маңызы аса зор.

Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңы бойынша халықтың мыңдаған жылдар жинақтаған мәдени құндылықтарының қатарына жатқызылған мұрағат құжаттарынсыз тарихи мәдени мұраны дамыту мүмкін емес.

Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру, оны тарихи құнды құжаттармен толықтыру – аса маңызды мемлекеттік іс.

Сан ғасырлық тарихымызда мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 1998 жылғы 22 желтоқсанда қол қойған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» тұңғыш заңның 5 бабында «Мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын қайтаруға шаралар қолданады, жинақталған және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды іздестіру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отырады» делінген.

Шетел мұрағаттарынан ғылыми-тарихи құндылығы бар құжаттарды іздестіру және сатып алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған Мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасымен басталып, әрі қарай Қазақстан Республикасында мұрағат ісін және құжаттама жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасымен жалғастырылды, сөйтіп мемлекеттік мұрағат мекемелерінің маңызды бағыттарының біріне айналды.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы-мен әзірленіп, қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы мұрағат мұрасын сақтау және көбейту, зерделеу арқылы қазақ ұлтының қайта өрлеуіне жол ашып отыр.

Мұрағатшылар мен ғалымдардың бірігіп күш салуының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Армения, Египет Араб Республикасы, Түркия Республикасы, Франция, Венгрия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Польша Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекеме, мұражай, кітапханаларынан іздестіріліп, алынған қазақ халхының шежіресінен сыр шертетін тарихи, мәдени құжаттық деректермен, қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптармен, басылымдармен толықтырылды.

Іздестіріліп жинақталған құжаттар толық зерттеліп біткен жоқ. Бұл құжаттар әлі талай тарихи тың деректерді жариялауға, талай «құпияларды» ашуға ықпал етпек.

Қазіргі таңда Қазақстан тарихына қатысты жинақталған деректер Археография және деректану ұлттық орталығының біртұтас деректер базасына енгізілуде. Сол деректер «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» атты көптомдық ақпараттық анықтамалықты құрастыруға негіз болды.

Ақпараттық анықтамалық шетел мұрағаттарында сақталған құжаттардың сақталған орны көрсетіле отырып құрастырылған құжаттар тізімінен тұрады.

Сондай-ақ, тізімнің соңғы бағанында құжаттардың Қазақстандағы сақталу орны да көрсетілген.

Қазақстан аймағын төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдеріне тән басқаруды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты тарихи құжаттардың елеулі бөлігі шектес мемлекеттердің әр түрлі мұрағаттық мекемелерінде қалған. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша неғұрлым құнды деректі материалдар кешені Ресей Федерациясында сақталуы заңдылық.

Қазіргі таңда ақпараттық анықтамалықтың 4 томы (І, ІІ, ІІІ IV томдары) басылып шығарылды.

Анықтамалықтың І томына Ресей мемлекеттік көне актілер мұрағаты (РГАДА), Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты (АВПРИ), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ), Ресейдің мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарихы мұрағаты (РГАСПИ), Ресейдің мемлекеттік экономика мұрағатындағы (РГАЭ) елімізге қатысты деректердің тізімі енгізілген.

ІІ том Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты (РГВИА), Ресей мемлекеттік әскери мұрағаты (РГВА), Ресейдің мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты (РГАЛИ), Мәскеу облысының Орталық мемлекеттік мұрағаттарында (ЦГАМО) сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды қамтиды.

ІІІ томға Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында сақтаулы (Санкт-Петербург қ.) (РГИА) тарихымыздан сыр шертетін істердің қатары топтастырылды.

  IV томға Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатындағы тың мәліметтер қатары енген.

Қолданушының ғаламтордағы  «Электронды каталог» мәліметтер базасын қолдануға мүмкіндігі болмаған жағдайда осы аталған ақпараттық анықтамалықты қолдануына толықтай мүмкіндігі бар.

Орталық тарапынан баспаға әзірленген «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығы республика көлеміндегі мұрағаттар мен ғылыми мекемелер мамандарына және жеке ізденушілерге шет мемлекеттер мұрағаттары, ондағы құжаттар туралы бағыт-бағдар, қажетінше көмек беретін анықтамалық ақпарат болып табылмақ.