Тіркелу   Забыли пароль?


2013/1. 83-84 б. Ерназаров. А.А. «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының V және VІ томдары жайында». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ШЕТЕЛ МҰРАҒАТТАРЫНДА»

АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҒЫНЫҢ V ЖӘНЕ VІ ТОМДАРЫ ЖАЙЫНДА

 

Алмас Ерназаров

Археография және деректану ұлттық орталығының Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу және мәліметтер жинақтау зертханасының бастығы

 

Қазақстанның егемендігін алуымен, халқымыздың сана-сезімінің өсуімен мемлекеттігіміздің қалыптасуының барлық кезеңдерінің тарихи тұтастығын қалпына келтіру, тарихи-мәдени мұраны зерттеу қажеттілігі туындайды. Мемлекетіміздің тарихын зерттеу мәселесіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ықыласы мен қамқорлығын ерекше атауымыз қажет. Елбасы 2003 жылы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында негізгі міндеті тарихи-мәдени мұраны сақтау болып табылатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді және оны іске асыруды ұсына отырып, мұрағат ісі мен тұтастай тарих ғылымының дамуына әлеуетті күш берді.

Шетел мұрағаттарынан ғылыми-тарихи құндылығы бар құжаттарды іздестіру және сатып алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған Мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасымен басталып, әрі қарай Қазақстан Республикасында Мұрағат ісін және құжаттама жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасымен жалғастырылды, сөйтіп мемлекеттік мұрағат мекемелерінің маңызды бағыттарының біріне айналды. 

Осы аталған Бағдарламаны іске асыру бойынша ғалымдардың, мұрағат мекемелері қызметкерлерінің, археография және деректану мамандарының зор еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Армения, Ресей, Өзбекстан, сондай-ақ Ұлыбритания, Германия, Египет, Қытай, Польша, АҚШ, Түркия, Финляндия және басқа елдердің мемлекеттік, жеке мұрағаттарынан, мұражайларынан және кітапханаларынан анықталған және сатып алынған көптеген құжаттық деректермен толықты.

Мұрағат ісі бағдарламасын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 наурызындағы №183 қаулысымен Археография және деректану ұлттық орталығы құрылды.

Ұлттық орталық қызметінің негізіне тарихи деректерді зерттеудің және пайдаланудың әдістемесін әзірлеу, оларды археографиялық сипаттау, мемлекет тарихына қатысы бар ел ішінде, сол сияқты шетелде сақталған мұрағаттық құжаттар мен қолжазбалар туралы мәліметтерді айқындау, сондай-ақ оларды автоматтандырылған деректер базасына енгізу, оларды жүйелеу және жариялау жатады. 

        Ұлттық орталықта 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен анықталған құжаттарды қамтитын «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмыс жасайды. Қазіргі таңда ақпараттық жүйе базасына XVI-XX ғасырлар аралығын қамтитын 41 мыңнан астам мұрағаттық құжаттар тізімі енгізілген. Осы деректер базасы негізінде Ұлттық орталық 2010 жылы «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының алғашқы екі томын, ал 2011 жылы III және IV томдарын дайындап, жарыққа шығарған болатын.

Ұлттық орталық қызметкерлерінің тыңғылықты еңбектерінің нәтижесінде 2012 жылы анықтамалықтың V-VІ томдары жарық көрді.

Ақпараттық анықтамалықтың V томы Қазақстанның Ресей мен Қытай, сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хива хандықтарымен экономикалық-дипломатиялық қарым-қатынасын қамтитын Ресей Федерациясының Омбы және Томск облыстарының мемлекеттік мұрағаттарынан анықталған 4 мыңға жуық құжаттар тізімінен  тұрады. Бұл құжаттар ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның солтүстік аймағындағы болыстар, халқының тұрмыс-жағдайы, салт-дәстүрі және сол кезеңдердегі қазақ жерінде өткен түрлі оқиғалардың сипаттамасы жазылған істерді қамтиды. Сонымен қатар Абылай хан, Құлсары батыр, Кенесары Қасымов, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин сияқты әр кезеңнің мемлекеттік қайраткерлері туралы құжаттар тізбесі бар.

Ал VІ томның негізін Ресей Федерациясының мұрағаттық қорларынан анықталған және сатып алынған XVIII-XX ғасырлардағы құжаттардың (көшірмелерінің) төмендегідей тізбесі құрайды: Ресей кинофотоқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Красногорск қ.), Ресей фоноқұжаттар мемлекеттік мұрағаты (Мәскеу қ.), Мемлекеттік телерадиоқоры (Мәскеу қ.), Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаты, Татарстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, Алтай өлкесінің мемлекеттік мұрағаты, Астрахан, Новосибирск, Түмен, Свердловск (Екатеринбург қ.), Челябі облыстарының мемлекеттік мұрағаттары, Тобол қаласы мемлекеттік мұрағаты, Санкт-Петербор кинофотоқұжаттар Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты.

VІ томдағы бұл құжаттар тізбесі Қазақстан тарихын зерттеу үшін аса маңызды, онда қазақ халқының біртуар ұлдарының өмірі мен қызметтері баяндалады. Атап айтсақ, Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан – халық ақыны және ағартушы Мағжан Жұмабаевты айыптау жөніндегі құжаттар; Челябі облысының Біріккен мемлекеттік мұрағатынан кеңестік арнайы органдардың Әлихан Бөкейхановтың қызметі туралы хабарламалары, Мұстафа Шоқай төрағалық еткен өкіметтің, сондай-ақ Түркістанда құрылған ұлттық өкіметтің құжаттар тізбесі бар.

Ұлттық орталық қызметкерлерінің ерен еңбектері мен ізденімпаздығы нәтижесінде құралған бұл ақпараттық анықтамалық алдағы уақытта еліміздің тарихшыларына, жалпы ғылыми қауымға құжатты іздеп тауып, ғылыми тың деректерді жазуда таптырмайтын қазынаға айналады деген сенімдеміз.