Тіркелу   Забыли пароль?


Байжұма Г.Б. Қазақстандағы демография ғылымының даму тарихнамасы.




ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХНАМАСЫ

  

 

Г.Б.Байжұма,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ

агротехникалық университеті

 

          Қарастырылып отырған тақырып бойынша арнайы зерттеу жұмысы жүргізілмеген. Дегенмен, оның кейбір тұстары Қазақстан тарихы мен оның тарихнамасына арналған тарихи демографияның мәселелерін қарастырған еңбектерде біршама көрініс тапқан.

             Тарихнамалық зерттеулерде ХХ ғасырдағы Қазақстан халқының демографиялық даму ерекшеліктеріне емес, оның әлеуметтік мәселелеріне көбірек көңіл бөлінген. Мұның себебін, Қазақстанның тарихи- демографиясына кеңестік дәуірде ғалымдардың баса назар аудара қоймауымен де байланыстыруға болады. Осыған орай, Н. Е. Бекмаханова 1972 жылы “ Вопросы истории “ журналында жазған мақаласында: “ Қазақстанның тарихи- демографиясы жеткілікті дәрежеде зерттелмеуде. Өлке тұрғындарының санын, орналасуын, ұлттық құрамын санақ мәліметтері бойынша зерттеп, аймақтардың шаруашылығындағы ерекшеліктерді ашып көрсетудің қажеттілігі айқын сезілуде” ,- деп көрсеткен еді (1).

            Бұл Қазақстанда ғана кеңестік дәуірде тарихи- демографиялық зерттеулер жүргізу артта қалған еді деген пікір тудырмаса керек. Жалпы, мұндай жағдайдың барлық одақтас республикалардағы тарих ғылымына тән құбылыс болғанын сол тарихи кезеңде-ақ тарихшы В. К. Яцунский де атап көрсеткен болатын.

            Қазақстан халқының демографиялық даму мәселелерінің зерттелу деңгейіне арналған алғашқы еңбектердің қатарына Н. Е. Бекмаханова мен Д. И. Дулатовтың мақаласын жатқызуға болады. Бірақ бұл мақала ХІХ   ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан тұрғындарының демографиялық жағдайының революцияға дейінгі тарихнамасына арналған-ды (2).

            Тұңғыш демографиялық зерттеулер 1964 жылы жазылған “Цифрлар щежіресі” Қазақстан халқының сары мен құрылымы және орналасуы “Қазақстан” баспасына шыққан кітабымыздан басталады. Алғашқы ғылыми мәліметтер екінші, 1959 жылы жүрген Бүкілодақтық халықтық санағынан бастап-ақ жинала бастады.

            Қазақстандық тарихнамалық зерттеулердің қатары 1960-1970 жылдары В. Ф. Шахматов, Г. Ф. Дахшлейгер, П. Г. Глузо, А. Н. Нүсіпбеков, Б. Сүлейменов секілді ғалымдардың іргелі еңбектерімен және мақалаларымен толыға түскен еді (3). Осы тарихнамалық еңбектерде Қазақстан халқының ХХ ғасырдағы әлуметтік- демографиялық даму мәселелерінің зерттелу деңгейі арнайы қарастырылмаса да, оған қатысты бірқатар еңбектерге талдау жасалынып, пікірлер білдірілді. Кеңестік дәуірдегі жұмысшы табының тарихына, ұжымдастыру, шаруалар мәселесіне және қалаларының өткен дәуірлердегі дамуына арналған тарихнамалық зерттеулерде де әлеуметтік- демографиялық процестердің ғылыми әдебиеттерде көрініс табуына шамалы болса да тоқталынып өтілді. Бұл тарихнамалық еңбектердің авторлары кеңестік кезде орныққан саяси ұстанымдарды, теориялық қағидаларды басшылыққа алғандықтан әлеуметтік- демографиялық мәселелердің зерттелуінде пікірталас тудыратын тұстарына маркстік- лениндік методология тұрғысынан баға берумен шектелді. Осындай мазмұнда жазылған М. П. Вяткиннің еңбегінде де ХХ ғасыр басындағы Оңтүстік Қазақстандағы әлеуметтік- демографиялық процестердің тарихнамасына қатысты пікірлер айтылған.М. П. Вяткин xx ғасыр басындағы К. К. Пален, А А. Кауфман, П.П. Румянцев, В. А. Васильев секілді т.б. орыс зерттеушілерінің еңбектерінде әлеуметтік- демографиялық мәселелердің көрініс табуын кеңестік тарих ғылымының жетістігі тұрғысынан саралап, ғылыми талдаған. Жоғарыда есімдері аталған орыс зерттеушілерімен бірге Т. С. Седельниковтің, Н. Коншиннің, Л. Чермактың еңбектерінде xx ғасыр басындағы Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы ерекшеліктердің зерттелу деңгейіне Д. Қ. Қабдиев арнайы көңіл бөліп, оған қатысты өзінің пікірлерін білдірген.

            Д. И. Дулатованың тарихнамалық еңбектерінде революцияға дейінгі Қазақстан тарихының маңызды мәселелерінің, соның ішінде өлке экономикасындағы өзгерістердің, өнеркәсіп орындарының пайда болуының, патша өкіметінің қоныс аудару саясатының, халықтың әлеуметтік құрылымындағы ерекшеліктердің зерттелу процесі көрсетілген. Д.И. Дулатова Қазақстанның Ресейге қосылуының әлеуметтік- демографиялық зерттеулер жүргізудің дамуына арналған алғашқы еңбектер 1980 жылдан бастап шыға бастады. Осы мәселеге байланысты жазылған Р. Н. Пулаттың мақаласында КСРО халықтарының өсу динамикасынан, жастық- жыныстық және әлеуметтік құрылымынан мол мәлімет беретін түрлі архивтік құжаттардың негізінде тарихи демографиялық еңбектерді жарықа шығаруда В. М. Кабузан, Я. Е. Володарский, Н. Е. Бекмаханова секілді ғалымдардың атқарған жұмысына жоғары баға беріліп, мұндай бағыттағы еңбектердің  әлеуметтік-экономикалық тарихтың астарын терең түсінуге жол ашатындығы жайлы тұжырым жасалған. Ал Ә. Б. Ғалиев Қазақстанда тарихи-демографиялық зерттеулер жүргізудің дамуына байланысты жазған мақаласында ХХ ғасырдағы Қазақстан халқының  әлеуметтік- демографиялық дамуы мәселелерінің тарихнамасына да тоқталып, бұл салада Н. Е. Бекмаханова мен Н. В. Алексеенко секілді ғалымдардың революцияға дейінгі көптеген статистикалық материалдарды ғылыми айналымға тартқанына жоғары баға береді. Сонымен бірге, ол тарихшылардың көші – қондық процестерді зерттегенде демографиялық жіктеулерге сәйкес көші – қондық ішкі және сыртқы болып бөлінетініне, формасына қарай ұйымдастырылған, ұйымдастырылмаған және зорлықты көші – қон болып ажыратылғандығына және тағы басқа мәселелеріне көңіл аудармайтығын  да атап өтеді. Ә.Б. Ғалиев  өзінің осы мақаласында 1930 жылдардағы Қазақстан халқының әлеуметтік – демографиялық мәселелерінің аз зерттеліп, оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келуде деп атап көрсеткен болатын.

            Ю.А. Поляков, В.З. Дробжиев және Д.К. Шелестовтың мақаласында кеңестік тарихи демографияның жетістіктері көрсетіліп, оның зерттелмей жатқан мәселелері хақында:«30- жылдардағы еліміздің тарихында маңызды орын алатын индустрияландыру мен ұжымдастырудың демографиялық ахуалға әсері, одан туындаған көші – қондық процестер мен урбанизация, халықтың өсуі динамикасындағы өзгерістердің зерттелуі нашар күйде. Ал Ұлы Отан соғысының демографиялық зардаптары әлі күнге толық зерттеле қойған жоқ,» - делінген.

            Тарихи демографияда осындай зерттелмей жатқан мәселелердің қатарына В.З. Дробжиев кеңес өкіметінің  демографиялық саясатын да жатқызып, осы мәселені зерттеу нәтижесінде ғана кеңестік  дәуірдегі халықтардың демографиялық даму ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік аламыз деген орынды пікір айтады.

            1980-жылдары  жарық көрген Н.В. Алексеенко мен Н.Е. Бекмаханованың еңбектерінде (4) 1917 жылға дейінгі әлеуметтік-демографиялық процестердің тарихнамасына жеке тарау арналған. Авторлар революцияға дейінгі және кеңестік дәуірдегі  зерттеушілердің еңбектерін тарихнамалық тұрғыдан талдай келе ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-демографиялық жағдай жеткілікті дәрежеде зерттелмеген деген қорытындыға келген. Осы екі ғалымның еңбегінде ерекше көзге түсетін бір жайт – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, яғни сол тарихи кезеңдегі әлеуметтік-демографиялық процестер жайлы мол мәлімет беретін Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев, Т. Шонанұлы, М. Есболұлы, С. Асфендияров секілді қайраткерлер еңбектерінің көзге ілінбеуі. Олардың еңбегі жайлы кеңестік идеологияға  сай теріс пікір деп білдірмеген.

            Негізінен кеңестік дәуірде әлеуметтік-демографиялық зерттеулер жүргізеуде “маркстік-лениндік ілімнің дұрыстығын  негіздеу және буржуазиялық демографиялық концепцияның сөзсіз дағдарысқа ұшырайтындығын дәлелдеу” бірінші кезекке қойылады. Осыған орай, кеңестік ғалымдар шетелдік зерттеушілердің Кеңестер Одағындағы әлеуметтік-демографиялық ахуалдың келеңсіз құбылыстары жайлы жазған еңбектерін сынауға, олардың пікірлерін “шындықты” бұрмалаушылық деп бағалап, теріске шығаруға баса назар аударды. Мәселен, өзбекстандық зерттеуші А. Аминов өзінің еңбегіндегі “Демографиялық процестер және оның буржуазиялық бағамы” деген бөлімінде: “Буржуазиялық  авторлар кеңестік отаршылдықтың өмір сүріп тұрғандығын дәлелдеу Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық құрамында кеңес өкіметі тұсында болған кейбір өзгерістерді тілге тиек етеді. Буржуазиялық  авторлар Орта Азия мен  Қазақстанның ұлттық құрамында  европалықтардың, бірінші кезекте орыс тұрғындарының  үлес салмағының артуын Коммунистік  партия мен Кеңес өкіметінің тарапынан  әдейі ұйымдастырылған  орталық саясат деп есептейді.  Олардың пайымдауынша, орыс тұрғындары есебінен жергілікті халық біртіндеп ығыстырылып, Одақтың орталық аудандарына  шикізат тасымалдаушы деңгейіндегі қызмет көрсетушілерге айналады”, - деп жазып, шетелдік зерттеушілердің мұндай тұжырымдардың ешқандай “сын” көтермейтіндігін айтып, олардың мақсаты Кеңестер Одағындағы “ халықтар достығын ” бұзу деп бағалайды.

            Осылайша, кеңестік тарихнамада әлеуметтік-демографиялық процестер орын алған келеңсіздіктерді бұрмалап, шетелдік ғалымдардың бұл жайлы айтқандарын маркстік методология тұрғысынан сынауға арналған бірқатар еңбектер жерық көрді. Шетелдік ғалымдардың пікірлері мен тұжырымдарымен санаспай кеңестік тарих ғылымының өзімен - өзі болуы, дүниежүзілік тарихқ ғылымынан бөлек томаға – тұйық жағдайда дамуы онда мешеу методология мен зерттеу әдістерінің, тарихи шындықтан алшақ концепциялар мен тұжырымдардың орнығуына соқтырды. Бұл жайлы  белгілі ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев КСРО-ның күйреуі қарсаңында, 1991 жылы жазған мақаласында былай деген болатын: “Халықтың өсуінің социалистік заңдылығының негізгі тезисі еңбекке жарамды адамдардың толық, әрі ұтымды жұмыспен қамтамассыз етілетіні, яғни социализм кезінде ешқандай жұмыссыздықтың болмайтыны хақында болғаны белгілі. Демографияға формациялық  даму жайлы маркстік социологиялық концепция механикалық түрде көшіріліп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардын таптық мүдде  жоғары қойылды. Бұлардың бәрі КСРО-да демография ғылымын  өзгеріске ұшыратып, біздің шетелдік әріптестердің кеңестік ғалымдар еңбегіне деген ғылыми қызығушылығын жоғалтуға алып келді. Сондықтан, идеологиялық стереотиптерден бас тартып, демографтардың әлемдік қауымдастығына кіру кеңестік ғалымдардың басты міндеті болуы керек.”

            Сондай-ақ, М.Қ. Қозыбаев осы мақаласында Н.В. Алексеенко, Н.Е. Бекмаханов, Ә.Б. Ғалиев, Ф.Н. Базанов, М. Тәтімов секілді ғалымдардың Қазақстан халқының ХХ ғасырдағы әлеуметтік-демографиялық даму мәселелерін  зерттеуде қосып келе жатқан үлестеріне жоғары баға беріп, ғалымдар назарын тарихи-демография саласында әлі тереңдете зерттелуі тиісті “ақтаңдақ” беттерге бұру қажеттігін атап көрсетеді. Ол мұндай   “ақтаңдақ” беттердің қатарына мыналар жатқызады: ғасыр басындағы және жаңа экономикалық саясат тұсындағы нарықтық қатнастардың демографиялық ахуалға әсері; 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, 1921-1922 жылдардағы және 1928-1934 жылдардағы  ашаршылықтың зардаптары;  миграциялық процестердің  Қазақстан  тарихының  ұлттық құрамына тигізген ықпалы; Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан халқы адамдарының шығыны; Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер.

            Кеңес заманында қатты идеологиялық тегеурінде болған тарихи-демография саласына қарқынды бетбұрыс әкелген М.Х.Асылбеков пен Ә.Б. Ғалиевтің 1991 жылы жарық көрген еңбегінде  Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық процестердің зерттелу деңгейіне арнайы көңіл бөлініп, бұл мәселеге жаңа көзқарас  тұрғысынан  тарихнамалық шолу жасалынған. Ғалымдар әлеуметтік-демографиялық   зерттеулер жүргізудің кеңестік дәуірдегі саяси науқаншылдықпен тығыз байланыста  болғанына, яғни ғылыми әдебиеттерде өз заманында  қалыптасқан  идеологияға қызмет ету үрдісі болғанына назар аударып, зерттеу жұмыстарындағы ерекшеліктерді ажыратып көрсетеді. Авторлар тарихи-демографиялық зерттеулер жүргізушілердің 1980 жылдардың соңына қарай саяси жағдайдың оңды өзгерістерге қарамастан ескі стереотиптерден қол үзбей отырғандығын және тарихшылардың  әлеуметтік-демографиялық  процестерді ашып көрсетуде  халықтың саны жайлы статистикалық материалдар мен архивтік құжаттарды пайдаланбай  жатқандығын айтып, қазіргі кездегі көші-қондық процестердің әлеуметтік-экономикалық және саяси мәнін қайта ой елегінен өткізуді ұсынады.

            Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық  процестердің тарихнамасына М.Х. Асылбеков  пен А.Ш. Алтаевтың мақаласында шолу жасалынған (5). Онда авторлар:”Әдебиеттерге қысқаша шолу қазақстандық тарихи-демографиялық ғылым соңғы 20 жыл ішінде халықтың әлеуметтік-демографиялық  ахуалының бірқатар мәселелерін зерттегенін көрсетеді. Дегенмен,  тарихи-демографиялық зерттеулер деңгейі бұл саладағы өзекті мәселелердің ауқымын қамти алмайтындығын өкінішпен айтуға тура келеді. Республикамызда жүріп жатқан күрделі, әрі қарама-қайшылықты  әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер бізден тарихи тәжірибені тереңірек жан-жақты, ең бастысы дұрыс түсінуді талап етуде. Осыған орай, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық сипаттамалардың үлес салмағын теңестірудің тиімді жолдарын қарастыру, зерттеулердің ғылыми-практикалық нәтижесі бірінші кезекке қойылуы керек. Бұл республикамыздың терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа  ұласқан нарықтық қатынастарға көшуіне  байланысты әлеуметтік практиканың күрделене түсуінен, тіптен жаңа мәселелердің шығуынан туындап отыр.... Мұндай жағдайда демографтар шұғыл түрде практикалық сұраныстарға сай, аса зәру мәселелерді зерттеуге көшулері керек”,-деген тұжырым жасаған.

            Қарастырылып отырған тақырыптың  тарихнамасына шолу жасау М.Х. Асылбеков пен В.В. Козинаның қазіргі  Қазақстандағы демографилық  процестерге және  қазақ халқының 1980-1990 жылдардағы демографиялық жағдайына арналған  еңбектерінде де көрініс тапқан. В.В. Козинаның соңғы жылдары жарық көрген  Орталық Қазақстанның  әлеуметтік-демографиялық  мәселелерін қарастырған  еңбектерінде  ХХ ғасырдағы  зерттеушілердің  еңбектеріне  шолу жасалып,  олардың ұстанған методологиясы мен зерттеу әдістері талданады. Мұндай қысқа мазмұндағы тарихнамалық шолу М.Н. Сдықовтың 1897-1989 жылдардағы Батыс Қазақстан халқының және Н.З. Тәкіжбаеваның  ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ауыл тұрғындарының  әлуметтік-демографиялық  мәселелеріне арналған  еңбектеріне де тән.

            ХХ ғасырдағы Қазақстан халқының әлуметтік- демографиялық даму мәселелерінің тарихнамасы соңғы жылдары тарихи демография бойынша қорғалған докторлық және кандидаттық диссертацияларда біршама қарастырылғанда осы жерде айта кеткен жөн. Т.М. Көкеқызының 1897-1999 жылдар аралығындағы Жетісу өңірі халықтарының әлуметтік-демографиялық дамуы,  Ф.Н. Базанованың Қазазқстан тұрғындарының ұлттық құрамының қалыптасуы мен дамуы, И.Д. Никифоровтың 1917-1939 жылдардағы Қазақстанның қала халқын, С.Н.Алексеенконың Қазақстан ауыл тұрғандарын, А.М. Мамырханованың 1897-1926 жылдардағы санақтар аралығындағы қазақ халқының әлуметтік – демографиялық ахуалын, Л.Т. Қожекееваның Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен жылдарындағы Қазақстан халқының әлуметтік – демографиялық құрылымындағы өзгерістерді, С. Айымбетовтың 1926-1939 жылдар аралығындағы Қазазқстан халқының этнодемографиялық және әлуметтік құрамындағы өзгерістерді, Б.С. Малыбаеваның Орталық Қазақстандағы орыс халқының 1926-1939 жылдардағы көші-қон процесіндегі ерекшеліктерді, А.И. Құдайбергенованың 1939-1959 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының әлуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістерді, А.Э. Абланованың  1959-1970 жылдардағы қазақ халқының әлуметтік- демографиялық даму мәселелерін зерттеуге арналған диссертациялық жұмыстарында мәселенің тарихнамасына шолу жасалған.

            С.И.Ковалевскаяның  ХҮІІІ- ХХ ғасырдағы көші – қондық процестер тарихнамасыа арналған диссертациялық жұмысы біз қарастырып отырған көші-қон процестер тарихнамасына баса көңіл аударып, біз қарастырып отырған кезеңдегі мәселені толық қамтиды. Диссертацияда ХХ ғасырдың соңында орын алған миграциялық процестердің ерекшелігіне арналған көптеген ғылыми әдебиеттер тарихнамалық тұрғыдан талданбай қалған.

            Қазақстандағы аграрлық мәселелер тарихнамасын зерттеуде елеулі үлес қосқан. О.Х. Мұхатованың диссертациялық жұмысы мен ғылыми еңбектерінде тарихи демографиялық мазмұндағы әдебиеттер кеңінен ғылыми айналымға тартылған. Мәселен, ғалымның «Қазақстандағы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы аграрлық реформалар тарихнамасы (1900-1929 жылдар)» атты монаграфиясында М.Х. Асылбеков, М. Тәтімов, Ә.Б. Ғалиев, Ф.Н. Базанова секілді ғалымдардың демографиялық зерттеулері тарихнамалық тұрғыда талданған.

            Көрнекті қазақ тарихшысы Б. Сүлейменовтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған  С.А. Есқалиевтің кандидаттық диссертациясында ғалымның әлуметтік -демографиялық мәселелерді зерттеуге қосқан үлесіне көңіл бөлініп, ол жайында мынандай пікір білдірген: «Б. Сүлейменов тарихи – демографиялық  аспектісіне Қазақстан ғалымдарының  ішінде ең алғашқылардың бірі ретінде қазіргі Қазақстан территориясы бойынша географиялық   сипаттама бере отыра, өлкеге кіретін аудандар бойынша халықтың санын өсіңкілік жағдайда қарастырады. ХХ ғасыр басында өлкенің жалпы сирек қоныстанғанын айта келе, автор облыстар бойынша халықтың тығыздығының бір келкі болғанын көрсетеді (6). Мұны сол жердің географиялық ерекшелігімен және тұрғындардың шаруашылық өмірімен түсіндіреді.

            М.Қ. Қозыбаевтың  Д.И.  Дулатовамен бірлесіп жазған « Қазақстан тарихнамасы  (ХҮІІІ – ХХ ғғ.)» деген мақаласында әлуметтік - экономикалық және демографиялық өзгерістердің ғылыми әдебиеттерде талдануына назар аударған (7). Авторлар: «1980- жылдары Н. Бекмаханова мен Н. Алексенко тарапынан алғашқы демографиялық мазмұндағы еңбектер жарияланды. Бұл еңбектер және А. Асылбеков пен Ә. Ғалиевтің зерттеулері, Ж. Қасымбаевтың, И. Орлянскийдің, Г. Кронгарттың мақалалары әлуметтік демографиялық проблемаларды, статистикалық мәліметтерді ғылыми айналымға тарта отырып, жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан  зертеуге негіз қалады», - деген пікір білдіріп, М. Сыдықовтың 1995 жыл жариаланған «Батыс Қазақстан тұрғындары (1897-1989 жж)» атты еңбегіне жоғары баға берілді.

            Қазіргі кезде еліміздің тарихшы-ғалымдары шетелік тарих ғылымының жетістіктерін ғылыми айналымға қосу мақсатында Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасына жаңа көзқарас тұрғысынан қарап , оған объективті баға беруде біршама табыстарға қол жеткізіп отыр. Қазақстан тарихының шетелдік ғалымдар арасынан К.Л. Есмағамбетовты ерекше атап көрсетуге болады. К.Л. Есмағамбетовтің еңбектерінде және диссертациялық жұмысында ХХ ғасырдағы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық мәселелеріне көңіл бөлген Дж. Демко, Р. Конквест, Дж. Уиллер секілді т.б батыс зерттеушілерінің еғбектеріне тарихнамалық бағалар беріп, олардың әлеуметтік-демографиялық процестердің келеңсіз беттерін ашып көрсетудегі рөлін айқындаған. Автор, бұл мәселелер туралы Англияда, АҚШ-та, т.б. елдерде жазылған бірқатар монографиялар мен ғылыми мақалаларды көпе-көрнеу көзге ілмеген кеңістік тарих ғылымын да  сынғалады (8).

            Қазақстан халқының этнодемографиялық және әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің батыс зерттеушілері еңбегінде көрініс табуын Б.М. Сужиков та өз зертеуінде қарастырған. Б.М. Сужиков өз еңбегінде У. Хальбах, Т. Раковска- Хармстоун, К. Карпат, В. Макклиллэн секілді зерттеушілердің Қазазқстан тұрғындарын жергілікті және орыс халқы өкілдері деп бөліп қарап, ұлтаралық арасалмаққа саяси мән беретіндіктерін ашып көрсеткен (9)

            М.Т. Лаумулиннің  ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың аяғындағы Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы туралы жазған мақаласында  батыс зерттеушілері әлеуметтік-демографиялық мәселелерге жеттік көңіл бөлгендігі жайлы айтылады. Мұндай пікірді К.Р. Несіпбаеваның монаграфиялық  еңбегінен де кездестіруге болады.

            Жарық көрген тарихнамалық әдебиеттерге талдау ХХ ғасырдағы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық даму мәселелерінің тарихнамасы жеткіліксіз зерттелгені аңғарылады. Сондықтан, тарихнамалық шолудан көрініп тұрғандай әлеуметтік-демографиялық процестердің өткен ХХ ғасырдағы ерекшеліктерін тарихнамалық тұрғыдан талдау өз кезегін  күтіп тұрған тың мәселе  болып табылады.