Тіркелу   Забыли пароль?


Бүркітбай Г. Археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға мұрағаттық терминологияның әсері




Археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға

мұрағаттық терминологияның әсері

 

Г. Бүркітбай, 

ҚР Орталық Мемлекеттік музейі,

Қазақстан тарихын зерттеу

орталығының жетекшісі,

ф. ғ. к., доцент

 

            ХХІ ғасыр ақпараттандыру ғасыры деп танылуда. Осыған орай компьютерлік орталықтандыру жүйесін жасау біздің елімізде де қолға алына бастағанына да біраз уақыт өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдауында көрсетілгендей дамыған елдердің қатарына қосылу үшін шетелдік мұрағаттар тәжірибесін пайдаланып, көптеген шаралар жүргізілуде.

Мұрағат құжаттарына деген қызығушылық Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы әлеуметтік-мәдени жағдаяттардың өзгерісінен айқын біліне бастады. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы саяси, экономикалық және мәдени өмірдегі өзгерістер өткен қоғамдағы “ақтаңдақ” беттерді жарыққа шығарып, тарих тағылымына сын-көзбен қарауға жол ашып берді. Соның нәтижесінде мұрағат – рухани орталықтардың біріне айналды.

Білім беру жүйесіндегі тарихқа қатысты Бағдарламалар мен оқулық мазмұнының алуан түрлілігі тарихи танымның дезориетацияға ұшырауына себепкер. Мұны жөндеу үшін  қоғамның мұрағат материалдарына ден қоюы артып отыр. Осылайша тарихи шындықтар көрсетілуде.

Бүгінгі күні мұрағат құжаттарымен жұмыс істеудің жаңа үлгілеріне көшу, қазіргі ақпараттық технологиялар тәжірибесін ендіру – уақыт талабы. Осының негізінде құрастырылып жатқан электронды каталогтар осы уақытқа дейін қолмен жазып, “қара жұмыс” ретінде атқарып келген мұрағат қызметкерлерінің де еңбегін жеңілдетіп, зерттеушілердің де алтын уақыттарын үнемдеуге септігі тиері сөзсіз.

Мұрағат құжаттары негізінде археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда ақпараттық банк құрастырылу жұмыстары қазіргі уақытта әр мұрағатта жеке атқарылуда. Дегенмен, бұл жұмысты атқару үшін материалды-техникалық базаның қажетті деңгейде жетіспеушілігі мен әдістемелік жағынан көмектің аздығы қолбайлау тудырып отырғаны жасырын емес. Бұл жайында республика көлемінде де мұражайларға да қатысты өзекті мәселелер көтерілуде.[1]

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің Археография және деректану ұлттық орталығы өткізіп отырған “Мұрағат мекемелерінің жарияланымдық қызметі: бүгінгісі мен болашағы” тақырыбына өткізіліп отырған Республикалық семинардың маңызы зор деп есептейміз.

Ендігі мәселе жинақталған мәліметтерді бір орталыққа біріктіріп, соның нәтижесінде ақпараттық кеңістікті қалыптастыру. Осындай игілікті істерді атқару барысында мұрағаттану термионологиясының ана тіліміздегі нақты баламаларымен берілуі негізгі міндеттердің біріне жатады. Мұрағаттану мұражай істері теориясының бір саласы ретінде қарастырылатындықтан, терминологиясында да ортақ ұқсастықтар баршылық.

Ең алдымен, мұрағаттанудың ғылымдар жүйесінде алатын орнына шолу жасай кеткеніміз абзал. Ол ғылымтанудың топтамасынан басталмақ.  Ғылым дамуында көптеген тенденциялардың болып жататыны табиғи құбылыс. Оларға білімнің интеграциясы мен дифференциациясы әсер етеді. Қазіргі кезде аталған екі тенденция да көрініс тапқан. Мұрағаттың мұражайлар және кітапханалармен генетикалық байланыста екенін ескермеуге болмайды. Ол, әсіресе, құжаттану, деректану, историяграфия сияқты салалармен тығыз қарым-қатынаста. Себебі, бұл байланыс интеграция түрінде олардың зерттеу нысаналарының ортақ екенін білдіріп, құжаттану іс-әрекетіне әкеліп саяды. Дегенмен, мұрағаттанудың да қазіргі ғылым жүйесінде өзіндік орны бар. Мұрағат құжаттары негізіндегі археографияның арнайы ерекшеліктері өте ауқымды. Соған байланысты ақпарат теориясы, құжаттану, деректану және т.б. кәсіби арналармен тығыз байланыста дамуда.

Ғылыми пәннің дамуы ғылым тілінің – түсініктері мен терминдерінің қалыптасуымен байланысты болмақ. Бұл түсінік аппараты зерттеу әдістерінің бөлігі ретінде де қарастырылады. Мұрағаттық терминологияның ана тіліміздегі баламаларының бірізді ғылыми терминологиясының негізделмеуі белгілі дәрежеде қиындықтар тудыруда. Мұнда түсінік пен терминологияның аражігін ажыратып алу қажет болады. Нақты термин қалыптаспаған кезде оның орнына түсініктер қолданылады. Бірақ, бұл уақытша қолданыстар. Терминологияның элементтері білімнің қорланған кезеңінде пайда болатындықтан, аталған сала терминдерін бір ізге келтіру уақыты жетті деп есептейміз.

Дүниежүзі бойынша мұражай терминдері жайында алғаш рет 1965 жылы Нью-Йоркте Халықаралық мұражай Кеңесінің Бас коференциясының мәжілісінде қарастырылса, Кеңестер Одағында 1974 жылы сөздік шығару ісі басталған.[2] Ал, тәуелсіздігімізге 15 жыл толып отырған біздің елімізде бұл бағыттағы терминологияны ана тілімізде қолдану мәселесі әлі күнге дейін толық жолға қойылмаған.

Терминологияда мазмұндық белгісіне қарай жіктеу көп қиындық туғызады. Оларды шартты түрде үшке бөліп топтастыруға болады: мұрағат ісіндегі ұйымдастырушы-басқармалық лексика (архив - мұрағат, архивная сеть – мұрағат торабтары; т.б.); мұрағат іс-әрекетін сипаттайтын лексика (комплектование – жинақтау; фондовая работа – қор жұмысы; т.б.) және мұрағат жүйесін топтастыруда қолданылатын лексика. Бұлардан басқа ғылыми-көмекші материалдар лексикасын (копия - көшірме; воспроизведение – жаңғырту, кескіндеу, бейнелеу; подделка – ұқсас, алдамшы, орнына пайдалану; т.б. ) да қоса қарастыру қажет. Ол терминдердің “ұясы” кең ауқымды қамтиды және нақты баламаларын іріктеп алуда терең зерттеуді қажет етеді.

Мұрағаттық терминдер көпмағыналылығымен ерекшеленеді. Соңғы кездері мұрағаттық терминдер қатарына басқа ғылым салаларының да терминдері көптеп енуде, өйткені ғылымның теориялық жүйесін құру үшін кибернетика, психология, ақпарат теориясы, құжаттану және басқа да ғылымдардың түсініктері де қолданылады. Тұтас алғанда, мұрағаттық терминология әлі де болса өзінің ғылым тілін қалыптастыру кезеңінде. Сондай-ақ, мұрағаттық терминдердің бір тілді және көптілді терминологиялық сөздіктерін жасау ісі де кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.

Мұрағат ісінде, негізінен, базалық мәліметтер технологиясы және басқа информациялық технологиялар (оцифрование документов - құжаттарды электрондық форматқа көшіру, сетевые технологии – желілік технология, т.б.). Мұрағатта жасалатын  базалық мәліметтер шартты түрде учетный - еспке алу және информационно-поисковый - информациялық-ізденіс түрінде екіге бөлінеді. Бұл екі категория өзіндік құрылымымен, жасалу әдістемесімен, қолданылатын бағдарламаның қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді[3].

Информациялық-ізденіс жүйесінің қызметі көп ретте мұрағаттағы ұйымдастыру жұмыстарына тікелей байланысты болады. Ол археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Шетелдік мұрағаттарда құжаттандырудың үш деңгейіне стандарт жасалған. Онда машина оқитын әр құжаттың талаптары белгіленген: пользовательский – пайдаланушылық (мақсат, мәлімет дерекнамасы, мазмұны, мәліметтерді ұйымдастыру сипатталады); административный - әкімшілік (ресми құжаттар сақталады); каталогтық (мәліметтерді іздеу үшін көмек көрсетуге арналады). Машина оқитын құжатта бағдарламалық және лингвистикалық қамтамасыз етілуі, т.б. сипатталады. Біздің елімізде мұндай стандартқа көшу – болашақта жүзеге асырылады деген үміттеміз.

 

           

 

 

 

 

 

[1] Берденов С. А. О проблемах информатизации музеев и создании виртуального музея Казахстана. // Отан тарихының негізгі кезеңдерін музей экспозицияларында көрсету проблемалары. Қазақстанның Орталық музейі ұйымдастырған Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Алматы, 1998. - 92-100 б.

[2] Терминологические проблемы музееведения. - М., 1986. - 36-37 б.

[3] Горфейн Г.М., Шепелв Л.Е. Архивоведение. - Л., 1971. - 84 с.; Самошенко В.Н. История архивного дела в дореволюционной России. - М., 1989. - 215 с.; Алексеева Е.В., Афанасьева Л.Г., Бурова Е.М. Архивоведение. - М., 2002. - 272 с.