Тіркелу   Забыли пароль?


Ауесбаева П.Т. Музейлік деректану және қолжазба орталығы жүргізген археогрфиялық іс сапарлары: мақсаты, міндеті, нәтижесі




Музейлік деректану және қолжазба орталығы жүргізген археографиялық іссапарлары: мақсаты, міндеті, нәтижесі

 

Әуесбаева П.Т., Белтенов Ж.М.,

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі,

 Алматы

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі “Мәдени мұра” Мемлекеттік бағдарламасына байланысты 2005-2007 жылдар аралығында музей ісі, антропология, археология, этнография, деректану салалары бойынша  ғылыми-қолданбалы жобаларды іске асыруда.

Музейлік деректану және қолжазба орталығы “ҚР МОМ қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар және шығыстық нумизматика каталогы” атты жоба аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп келеді.

 Музейдегі аталмыш коллекциялар бұрын-соңды ғылыми тұрғыдан зерттелмеген, сондықтан қордағы материалдар алғаш рет ғылыми негізде жүзеге асқалы отыр.

ҚР МОМ коллекциясындағы сирек кездесетін қолжазбалар  мен  басылымдар және шығыстық нумизматикалық материалдардың  ғылыми  негізді жүйелі  каталогын жасау үшін  республикамыздағы, шетелдердегі ғылыми орталықтар, институттар және тарихи-өлкетану музей қорларындағы коллекцияларымен ұқсастығын, негізгі ерекшеліктерін салыстыра отырып зерттеу аса қажет. Бұл ғылыми іс-шаралар іссапарлар арқылы жүзеге асады, әрі осы жобаның ғылыми дәйектілігі мен жан-жақты негізделген, толыққанды каталог болып дайындалуын қамтамасыз етеді. Осындай сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар және шығыстық нумизматика коллекциялары Түркістан, Тараз, Санкт-Петербург, Ташкент, Бұхара, Самарқанд т.б. қалаларында мол сақталған. 

Осыған орай музейлік деректану және қолжазба орталығы 2005-жылы Түркістан, Тараз қалаларына, 2006-жылы Ташкент қаласына арнайы археографиялық іссапарлар ұйымдастырды. Іссапарлар нәтижесінде музей қоры мынадай деректермен толықтырылды.

Мысалы, Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты түркітану ғылыми-зерттеу институтында жаңадан жинақталған қолжазбалар, діни мазмұнды литографиялық баспа кітаптар қорымен танысып, 500-ге жуық қолжазбалар  мен кітаптар тізімінің көшірмесі (70 бет) алынды.

Жаңадан ашылған Қожа Ахмет Йасауи атындағы ғылыми-зерттеу орталығында “Диуани хикмет”, “Тассауф”, “Дәсте-и-гүл”, “Насаб наме”, Өзбекстаннан әкелінген “Диуани-и-хикмет”, “Жәми әл-Муршиди”, “Мәуліт кітабы” сынды қолжазбалармен таныстық.

Шәуілдір елді мекеніндегі “Отырар руханияты” музейіндегі қолжазбалар және шығыстық нумизматика коллекцияларымен танысып, толық тізімдерін алып, 40 шақты көне кітаптар мен тиындар фотосуретке түсірілді. Тізімдегі барлық кітап саны-46, тиын саны-127. Отырар руханияты музейінің кітапханасында 72 діни мазмұнды литографиялық кітаптар және қолжазбалармен танысып, тізімі алынды. Хазірет Арыстанбаб мазары қасындағы “Арыстанбаб” кітапханасындағы діни кітаптар суретке түсірілді.

Сондай-ақ, “Әзірет-Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорындығы 450 қолжазбалармен және литографиялық кітаптармен танысып, 100-ге жуық кітаптың тізімі алынды.

Тараз қаласында болған іссапар барысында көптеген деректанулық материалдармен таныстық. Атап айтатын болсақ, Жамбыл обылыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Саманидтер дәуіріне жататын 58, Қарахандықтардың 6, Түргештердің 6, Самарқанның 20, Бұқараның 10, Бухалоның 12, Тан әулетінің 4, Әмір-Темір дәуірінің 5, Хутталянаның 1 және 2 дана қара дирхем тиындарындағы жазулары оқылды. Жазуы анық деген 20 тиынды суретке түсірдік. Барлығы-118 дана тиын мен 7 кітаптың тізімі алынды.

Жамбыл обылыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебаб ғылыми кітапханасының қорды депозитариялық сақтау секторындағы сирек кездесетін кітаптармен танысып, барлығы 374 әдебиет тізімінің көшірмесін және кітапхана тарихы туралы жазбаша мәлімет алынды.

Тараз қаласының обылыстық мұрағатында  болып, онда Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі жылдары баспадан араб әріптерімен басылып шыққан 15 бума (папка) қазақтың ақындары мен қоғам қайраткерлерінің өлеңдері және мақалаларымен танысып, тізімдерін алдық. Мұрағат директоры өздерінде сақтаулы тұрған 41 беттік «Насаб наме» (Йасауидікі) шежіресінің көшірмесін  берді. Материалдар суретке түсірілді. Мұрағат туралы қысқаша тарихи мәлімет алынды.

Көне Тараз ескерткіштері қорық музейінен Қытайда бертінгі жылдары араб әріптерімен жарық көрген 4 сирек кітаптың тізімі алынып,  М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің музейімен танысып шықтық.

Биылғы 2006-жылдың қазан айының ортасында Ташкент қаласына арнайы ұйымдастырылған археографиялық іссапар да сәтті болды.

 Алдымен Ташкент қаласының   орталығында орналасқан Әбу Райхан Бируни атындағы шығыстану институтына тоқтадық. Институт директоры Б.А. Абдухалимовтың қабылдауында болып, қордағы қолжазбалармен танысуға рұқсат алдық. Бізге қажет көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар аталмыш институт қорында кешенді түрде сақталғандықтан  бірнеше күн осында тұрақтап жұмыс істедік. Мұнда үш институттың қолжазбалар қоры сақталған. Олар - Ә.Р. Бируни институтының, Х. Сулейманов атындағы институттың және Қолжазбалар институтының қорлары.

Көне дәуір кезінен қолдан-қолға қөшіп, ұрпақтан-ұрпаққат ауысып келе жатқан асыл қазыналардың бірі – қолжазба. Қолжазба – қөне замандардың ізі, ел басынан өткен елеулі замандардың куәсі, халық көрген оқиғалардың шежіресі. Қазір осындай мұралар дүние жүзінің ең ірі деген қалаларында сақтаулы.

Міне, сондай қара шаңырақтың бірі – Ташкент қаласындағы қолжазбалар қоры. Бұл қорларда халық әдебиеті үлгілері мен әдебиет тарихына т.б. ғылымдарға қатысты деректердің, қолжазба мұралардың мол қазынасы сақталған. Мұндағы жазбалар әр қилы кезеңдерде араб, парсы, шағатай тілінде қағаз бетіне түсірілген. Қолжазбалардың қағазы, сиясы, қолтаңбасы, жазылған мерзімі, сақталу жағдайы да әртүрлі. Олар көптеген жанр түрлерін қамтыған. Сонымен бірге Қазан төңкерісіне дейін, Ташкент, Қазан қалаларында араб әрпінде кітап болып басылып сақталған. Қолжазба қоры құрылғаннан бері негізігі күш қолжазбаларды жаңаша талғам-талаппен жүйелеу жұмысына жұмсалып келген. Қордағы шығармалар ретке келтірілген, жүйеленген, картотекаға түсірілген. Электрондық каталогқа түсіру жұмыстары жалғасуда. Қорда сақталған жазба ескерткіштер көрсеткішінің 11 томы жарыққа шыққан.

 Институттың “Қолжазбаларды сақтау, жаңғырту, алғашқы ғылыми сипаттамаларын жазу” қорының кіші ғылыми қызметкері Раушан Құдайбергеновпен сұхбаттасып, пікір алмасып, араб, парсы, осман түрік, шағатай өзбек, т.б. тілдердегі қолжазбалардың картотекаларымен жұмыс істедік. Жалпы институт қорында қолжазбалардың екі негізгі қоры бар екенін анықтап білдік.

  1. Негізгі қор.

II.     Хамид Сулейманов атындағы қор.

Негізгі қордағы сирек кездесетін көне қолжазбалар мен кітаптар  4 қорға бөлініп жасақталып, рет-ретімен орналастырылған.

  1. Қолжазбалар қоры, онда 13319 қолжазба кітаптар сақтаулы

2. Литографиялық кітаптар қоры, онда 20000 кітап бар.

3. Дублетный фонд, онда 2000 қолжазба бар.

4. Спец фонд (арнайы қор), онда 4000 литографиялық кітаптар сақтаулы.

Хамид Сулейманов атындағы қорда 8000 қолжазба, 6500 литографиялық кітаптар сақтаулы. Аталмыш қорда шығыс ақындары - Әлішер Науаи, Жәми, Руми Физулилердің қолжазбалары да кездеседі. Жалпы институт қорында Ташкент, Қазан қалаларынан шыққан литографиялық, баспа кітаптары да баршылық. Қолжазбалар хронологиялық тұрғыдан Х-ХХ ғасырлар аралығын қамтиды. Шығыстану институтының нумизмат маманы Ғайбулла Бабаеров таныстырған шығыс нумизматикасына қатысты екі каталог материалдарын  және басқа жекелеген тиындардың  суреттері суретке түсірілді. Барлығы-500 тиын.

Мұнан кейін Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік музейінде болдық. Музей директоры Саидбек Хасановтың қабылдауында болып, сұхбаттастық. Музейдің қор сақтаушысы, әрі ирантанушы маман Жалладдин Жураев бізді музей қорындағы қолжазбалармен таныстырды. Жалпы музей қорында барлығы 709 қолжазба кітап, 905 литографиялық кітап және Индия, Түркия, Париж, Лондоннан әкелінген 195 фотокөшірмелер мен микрофильмдер бар екенін анықталды. Аталмыш музейді аралап көріп, II-томдық “Каталог фонда института рукописей” атты кітаптары сатып алынды.

Іссапар барысында Әбу Райхан Бируни атындағы шығыстану институтынан төмендегі мынадай қажетті ғылыми кітаптар  алынды:

  1. Собрание восточных рукописей Академии Наук Узбекской ССР. Т. 2-11. – Ташкент: ФАН, 1954-1987.
  2. Каталог фонда института рукописей. 1-2 т. – Ташкент: ФАН, 1988-1989.
  3.  Каталог Хивинских Казийских документов XIX - начала XX вв. -Ташкент-Киото, 2001. – 723 с. (Институт АН Республики Узбекистан и Киотский Университет по изучению зарубежных стран (Япония)
  4. Краткий каталог суфийских произведений XVIII – XX вв. – Берлин, 2000. – 238 с. (Из собрания института востоковедения им. ал-Бируни АН Республики Узбекистан).
  5. Каталог рукописей на персидском и арабском языках. Ташкент, 1998. – 1152 с. (Институт востоковедания им. Абу Райхана  Бируни).
  6. Материалы по этнической истории тюркских народов Центральной Азии. - Ташкент: ФАН, АН РУ. (Институт востоковедения им. Абу Райхана Беруни).

Музейтану саласында қызмет атқарып жүрген деректанушы  мамандардың негізгі міндеттерінің бірі - ел арасынан Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты халық мұраларын, оның ішінде сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптарды жинақтау болып табылатын ескерсек, жоғарыда аталған қолжазба кітаптардың тілшілер, тарихшылар, әдебиеттанушылар шығыстанушылар, әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген ізденушілер үшін де құнды мәлімет береріне әбден сенімдіміз.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда жаңадан қалыптасып жатқан музейтану, мұрағаттану материалдарының негізінде археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру, деректанулық құжаттар мен дереккөздерді дұрыс пайдалануда Түркістан, Тараз, Ташкент қалаларының ғылыми орталықтары мен музейлерінен және мұрағатарынан алынған мол деректердің қазақ ғылымы қазынасын толықтыратыны сөзсіз.