Тіркелу   Забыли пароль?


Алпиярова Ж.Е. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағат негізінде ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыруда мұрағат және деректану құжаттарын, дереккөздерін пайдалану




Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты негізінде ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыруда мұрағат құжаттарын, дереккөздерді пайдалану

 

Ж.Е. Әлпиярова,

Атырау Облыстық

мемлекеттік мұрағаты директоры

 

      Қазіргі таңда ақпараттық жүйе заман ағымына сай өткен тарихы тәжірибені зерттеу, жинақтау және оның шынайы бағасын ертеңгі болашақта баянды етіп сақтап құжат көзін ашу мұрағат саласының басты көзі.

       Мұрағат құжаттарында өткен тарих белестерін құжаттар арқылы зерттеу, олардың ішінде уездік, округтік даму, 1937 жылдан бастап ел басындағы небір өтпелі, қанқұйлы кезеңдер оқиғаларын құжатты деректермен халық көз алдына келтіру, оқиғалар желісі баяндалады. Мұрағат құжаттарын зерттеушілер арқылы кәдеге асыру, ғылыми жұмыстарға негіз ету барысында алыс-жақын шетел оқу орындарының студент, ғалымдарының жұмыстарына  ұсыну жұмыстары нәтижесін беруде.Мұрағат құжаттарының санының өсуіне байланысты мұрағат қорындағы құжаттарды пайдаланушылардың саны да өсуде.

      Облыстық мұрағаттың оқу залында оқырмандар жұмыс жасайды. Жыл санап халық сұраныстарының көбейюіне байланысты анықтама бөлімінің жұмысы көлемі арта түсуде. Қор құжаттарына сілтемелер жасақталды.

       Ал мұрағат жүйесінде, мұрағатты қорлардың  тек ғылым ауқымындағы мән-мағыналығын алғанның өзінде оның алатын орны ерекше, өте маңызды. Өйткені ғылымның өзі сан-салалы жүйе, аса күрделі дүние.Ғылым салаларының әр қайсысының өмірге келуінің, даму үрдісінің азамат тіршілігіне қосқан үлесінің, оның көрнекті өкілдерінің өмір жолының өзіндік мол тарихы бар. Ал сол тарихи шындық деректерінің, яғни өмір шындығының мұрағаттық қорларының жинақталар мекені мұрағат мекемелері, мұрағаттық жүйе. Мысалы  математика, философия медицина, космос, экономика, ауыл шаруашылығы, тау-кен, экология, физика, педагогика т.б. ғылым салаларының әр қайсысының тарихи даму жолы, өткен кезеңнен жинақталған тәжірибе  байлығы бар. Сол себепті қай ғылым саласы болмасын оның өткен кезеңдерін білмей, жетістіктері мен кемшіліктерін сараламай, оның болашақ бағытын, алдыңғы міндеттерін түбірлі мәселелері мен өзекті тақырыптарын анықтау мүмкін еместігі талас туғызбаса керек. Ал енді мұрағатпен, бұл жүйеде жинақталған мұрағатпен тарих ғылымының ара байланыстылығына келсек, онда бұл байланыстылық болмыстың ауқымы да, ғылыми заңдылық негізде дер едім. Осы ғылыми заңдылықты, болмыстық сәйкестікте ұлттық төл тарихымызды зерттеудің де, ұлттық тарихи санамыздың қалыптасып бой түзеуінің де негізінде жатыр дер едім. Әрине бұл пікірмен кейбіреулердің келіспеуі, немесе толықтыра түсулері мүмкін.  Дегенмен де, тарихи сана біздің адами құндылығымыздың, азаматтық ар-ожданымыздың, ұлттық намысымыздың шынайы сәулесі, әділеттің таразысы болмақ деймін. Шындық сол, қай кезде қандай ұлы тұлға болмасын өмірдің нағыз сын сағатында құдайға, тарихқа  жүгінген, менің тіршілігімнің ісімнің ақ-қарасын бір құдай біледі, тарих анықтайды  деп табынған-ды. Ал тарихтың ғылыми дәлелі деректік қорда, мұрағат қазынасында. Осыған байланысты көп жылдар бойы күрделенген, бірақ тиісті шешімдерін таппай келген мәселелерді жан-жақты да  нақтылы ойластырып қажетті шараларды іске асыру қажет. Бұл ғылыми жаңаша пайымдауды да, жинақталған іс-тәжірибені саралауды да, қарқынды іскерлік қимылды зор талап ететін мәселе. Жазба бастауларда да (источники) ауыз әдебиет мағлұматтары да, төл құжаттар мен ғылыми әдебиеттер де таптық сын елегінен, партиялық саяси-идеологиялық іріктеуден өткізіліп отырылды. Қандай да болмасын деректеменің құндылығы осы тұрғыдан бағаланып, тек сонан кейін ғана ғылыми айналымға жіберіледі. Ұлттық мәдени ғылыми қорды жинақтау, оны жоғарғы деңгейде ұйымдастыру және тиімді түрде пайдалану жолында қиыншылықтарда, ауқымды жұмыстарда баршылық. Оларды жүйелі топтастырсақ біршама күрделі міндеттер алға шығады. Біріншіден, сонау орта ғасырдан бастап қазақ елінің қоғамдық саяси әлеуметтік тіршілігіне, ғылымы мен мәдени өміріне, әдебиеті мен тарихына байланысты түп нұсқа жазба бастаулар мен қолжазбалар, төл құжаттар, құнды кітаптар шетелдерге қолды болып кеткеніне көзіміз жетіп отыр. Сан қилы шапқыншылықтар, төнкерістер мен зобалар кезінде қаншама қымбат қазынаның құрып кеткенін шамалаудың өзі мүмкін болмай отыр. Ұлттық мұраның қашан, қалайша, қайда шашылғаны оның қай елде кімнің иелігінде екенін анықтаудың өзі оңай емес. Бүгінгі кейбір мәліметтерге қарағанда көптеген тарихи деректер Қытай, Парсы, Маңғол, Түрік, Араб, Батыс Европа елдерінің меншігіне айналып кеткен. Ал өте құнды тарихи деректердің қалың қорының таяудағы көршілес мемлекеттердің әсіресе Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Омбы, Ташкент, Самарқант, Бұқара, Бішкек, Ашхабат, Астрахан сияқты орталықтардың мұрағат мекемелері мен кітапханаларында жинақталғаны белгілі. Тек соңғы кезде, тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болғаннан кейін  жоғымызды жоқтап, ортамызды толтыруға ниет қоюдамыз.

     Екіншіден, деректік қор жинап молайту үшін және оны ғылыми негізде ұйымдастырып, пайдалану үшін алдымен деректануды (источниковедение) дербес ғылым дәрежесінде танып, оның дербес ғылымдық ішкі құрылымын, мақсаттары мен міндеттерін, зерттеу әдістері мен принциптерін анықтап, жүйелі түрде қалыптастыратын мезгіл жеткен. Әзірше ғылыми дерек ұғымының негізінен жазбаша қазына ретінде, тарих ғылымында ғана қажет деңгейде қабылдаудамыз. Шын мәнінде, деректеменің, анықтай айтсақ деректеме танудың ұғымдық мәні де, пәндік ауқымы да, атқарар міндеті де бұл шеңберден анағұрлым кеңірек. Өйткені дерек, деректеметану тарихқа да, философияға да, әдебиетке де, өнерге де, табиғат тануға да, жаратылыс пен жағырапия т.б. ғылым салаларына да қатысты. Деректік қор жалпы ғылым салаларына оның ішінде гуманитарлық ғылым жүйесінде керек дүние. Бүгінгі ғылыми ажырату бойынша тарихи деректердің өзі үш салаға бөлінеді:

1)заттық(нәрсе);2)жазбаша;3)кинофотолық.Зерттеу барысында,алға қойыл-

ған мақсат ерекшеліктеріне байланысты бұл сала бірін-бірі толықтырып, ұштаса пайдалануы әбден ықтимал.

    Үшіншіден, тарихи-деректемелік қор жинап, оны онан әрі молайтып, тиімді пайдалану үшін бұл саланың мамандарын дайындау, олардың білім деңгейін көтеру күттірмейтін міндет.Арнаулы зерттеулер жүргізу, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау өте сирек кездеседі. Атап айтқанда деректану саласының маманына  білімділік, іс-тәжірибелік талап өте жоғары. Көп жағдайда бұл  саланың маманынан жоғарғы біліммен, іс-тәжірибемен қоса көне тіл мен жазуды, шет тілді білуде, тіпті техника саласынан да хабардар болу талап етіледі. Ал деректеметану ғылыми мен тарихшылардың және де тіл-әдебиет,т.б. Қоғамдақ, әлеуметтік ғылымдар өкілдерінің шығармашылық бірлестіктері ауқымды да  жоғары деңгейде болса, тарихи сараптаулар да табысты болмақ. Неғұрлым мәліметтік құйылыс (информационный поток) кең арналы, көп салалы болса, соғұрлым тарихи зерттеу де нәтижелі болып шықпақ.

     Мұрағаттың өмір тысында, жұмыс барысында ұлттық мемлекеттік қор негізін жасақтауда атқарып жатқан жұмыстары нәтижесінде облыстық мемлекеттік мұрағат жұмысын жалғастырып келеді. Біздің мұрағат қоймаларында туған өлкеміздің кешегі- бүгінгі тарихынан сыр шертетін небір тақырыптардағы құжаттар жинақталып, олардың ішінде ерекше алып қарап, арнайы тоқталғалы отырғаным- аса құнды құжаттар қоры.

     Бүгінгі ғылым мен техника, әдебиет пен өнер, мәдениет пен тұрмысымыз ерекше дамып, шарықтау шегіне жеткен тұста осы аталған салалардың дамуын, елге елеулі еңбегімен танылған азаматтарымызды тілге тиек етпей кете алмаймыз. «Отан үшін жан пида!» деп жауға шапқан Мұса Баймұханов, Боран Нысанбаев ағаларымыз бен «Елеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме ?» -  деп елін қорғаған Махамбет сияқты тарландарымыздың ерліктері де ұмытылмақ емес. Керісінше, жыл өткен сайын ел үшін атқарған ерен бүгінгі мен елеулі еңбекті көрсетіп, еңбек адамының қадірі артып, қасиеті асқақтап, тұлғасы биіктей түсетінін өмір көрсетіп отыр.

     Осы тұрғыда Атырау облысы мемлекеттік мұрағатының жарық көрген, өзінің сақталып тұрған құжаттары жөнінде Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаттың қорларына жөнсілтері 1-ші бөлімі шығарылды. Бұл жөнсілтерге мұрағаттың қорларындағы өндірісті, транспортты, мәдениетті, білім, денсаулық, ауыл-шаруашылыққа байланысты басқару органдары және олардың құзырындағы жүйелердің қорлары сипатталған бөлімдерден тұрады; пайдалануға қолайлы анықтамалық аппаратын қамтамасыз етіліп, титулдық парақ, қысқарған сөздер тізімі, аңдатпа жазылған қорлар тізімі, географиялық, атаулы және пәндік- тақырыптық көрсеткіштер енгізілген.

    Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатына 75 жыл толуына байланысты «Мұрағат деректері- халық қазынасы» атты жинақ кітабы шығарылып, онда Облыстық мемлекеттік мұрағат қорындағы өлке тарыхына байланысты деректерді пайдаланып зерттеу жұмыстарын жүргізген ғылым зерттеушілер, өлкетанушылар, мұрағатшылар еңбектері енгізілді.

    Соңғы кездері Қазақстанда жер-су атауларының және әкімшілік- аумақтық бөлімдердің өзгерістерінің көбеюіне байланысты, облыстық мемлекеттік мұрағат қор құжаттарынан анықтамалық жасақтауда жоспарланды. Анықтамалықта хронологиялық бірізділікпен 1920-2000 жылдар аралығында Атырау (Гурьев) облысы бойынша әкімшілік- аумақтық бөліну өзгерістері бейнеленген: облыстық, аудандардың, Атырау (Гурьев) қаласының құрылу тарихы туралы тарихи деректері, Атырау облысы  және облысқа қатысты елді мекендердің әкімшілік- аумақтық бөлігінің шекаралары мен атауларының өзгерістері туралы, аудандардың және Атырау облысының 9 жаңа картасы, болыстықтың және уездің 2 тарихи картасы, фотоқұжаттар енгізілген.

    Мұрағатта қор құжаттарынан кітаптар шығару жалғастырылуда. Ұлы Жеңіске 60 жыл толуына байланысты соғыс жылдарындағы ерліктің майдан шебінде, тылда, туған жер төсінде үзіліссіз қайталанып, тек бір жеңіс үшін жан алып жан берген халықтың ақыл—ой, ар- ожданымен атқарылғандығын бүгінгі ұрпақтарға жеткізу үшін құжатты деректерді жүйеленіп «Отты жылдар»  құжаттар жинақ кітабы шығарылды.

    Сонымен қатар тарихи кезеңдердің деректерінен өткен тарихымызда «Атырау- Жайық» өңірі халқының тірлігі мен тұрмысын жақсарту, өндіріс пен мәдениетін көтеру жолында күш-қайраты,  білімі мен тәжірибесін ұйымдастыру және іскерлік қабілеттерімен жан алмай еңбек етіп, тер төгіп, ел абыройына бөленген азаматтардың есімін еске алуға, олардың өмірі мен еңбек жолдарын жинақтап, кейбір деректерін білуге көмектесер құжат ретінде «Адамдар,Тағдырлар.Люди,Судьбы» атты  тақырыпта кітабы шығарылды. Заман ағымына қарай тарихқа қызығушылықтың артуына байланысты, оның ішінде рухани-мәдени мұраларға қоғамдық сұраныстар күн  санап артуда. Соған орай мұрағаттық құжаттардың да мәртебесі арта түсуде. Сол себепті Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты әр жыл  сайын мұрағаттық каталогын мұрағат құжаттарын жан-жақты пайдалану-дағы ғылыми-анықтамалық апаратын құру және оны жетілдіру жұмыстарын жүйелі атқаруда.Тізімдемелерді жетілдіруін және қайта жасақталғаннан кейін мекемелер құжаттарына мекеме тарихы туралы, анықтамалар жазылуда. Сонымен қатар «Істердің номенклатурасын құрастыру», «Ұлттық мұрағат қорларының сақталуын қамтамасыз ету және есепке алу», «Мұрағат қор құжаттарын каталогтау», «Ғылыми –анықта-малық аппарат жүйесі және мұрағаттағы есеп жүйесі», «Мұрағаттардағы Ұлттық мұрағат қорлары құжаттарын пайдалану», «Оқу залының жұмысы», «Құжаттардан көрме ұйымдастыру», «Тізімдемелерді жетілдіру және қайта жасақтау»,«Ведомстволық және мемлекеттік мұрағаттарын-дағы ғылыми-анықтамалық аппаратының сабақтастығы», «Құжаттарды уақытша сақтауды ұйымдастыру», «Аса құнды құжаттарды іздеп табу,есепке алу,тізімдеу және сақтау туралы»,«Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік есебін автоматтандырылған іздестіру жүйесінде қалыптастыру» тақырыбында әдістемелік құралдар жасақталып семинарлар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Атырау облыстық мәдениет басқармасына 50-жыл,Қызылқоға ауданының құрылғанына-60 жыл толуына байланысты буклет жасақталды.    

     Қазақстан Республикасы мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің ақпарат және мұрағат комитетінің «Қазақстан мұрағаттары» бюлетеніне  мұрағат қор құжаттарынан мақалалар беріліп тұрады.Атап айтқанда,

1.Из истори о восстании Исатая Тайманова и Махамбета Утемисова в Букеевский орде.(орыс тілінде).

2.«Мұрағат қазынасы».

3.Зобалаң жылдар ақиқаты.

4.Қазақстандық бірінші адмирал, тағы  басқа.

    2003 жылдан бастап Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты «Атырау  мұрағаттары» атты бюлетенін шығарып отыр. Әр жылдың тоқсан сайын облыс, қала, аудан мұрағаттары қор құжаттарынан мақалалар,үзінділер,

жаңалықтар, жоғарғы органдардан келген нұсқаулықтар, хабарламалар, мекемелердің тарихи анықтамалары  шығарылып отырады.

Мысалы; 1.Есімі тарихтың төрінде, халықтың жүрегінде.

2. Тарихи тұлғалар жарық көрді.

3. Мәтенқожа әулие туралы не  білесіз?

4.Мөңке би.

5.Мәтен кен  орнына 20 жыл.

6.Атырау мұнай зауытына( бұрынғы №441 Одақтық мемлекеттік)-60 жыл.

7.Гурьев қалалық әлеуметтік қамсыздандыру білімінің тарихы.

8.Гурьев атындағы Гурьев машина жасау зауыты қорына тарихи анықтама. т.б.

     Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының 75-жыл толуына орай ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылып, құжаттар жинақталды. 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра бағдарламасының аясында «Мәдени мұра- мәңгі мирас» атты ғылыми-конференциясы өткізіліп, құжаттар жинақталды. Мұрағатта ғылыми-зерттеу  ұйымдастыру жұмыстары  жалғасын таба береді.