Тіркелу   Забыли пароль?


Ақтөреева Г.И. Ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда мұрағат құжаттарын, деректерді пайдалану




Ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыруда мұрағат құжаттарын,

 деректерді пайдалану

 

Ақтореева Г. И.,

Қызылорда облыстық мемлекеттік

мұрағатының  директоры

 

 

Еліміз егеменді ел болып, қоғамның саяси, экономикалық мәдени салаларына елеулі өзгерістер әкелді. Қазіргі таңда сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық бай мәдени мұрамызды сақтау мен одан әрі дамытуға және пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда Қызылорда облысы мемлекеттік мұрағаты қорындағы мұрағат деректерін ғылыми зерттеу тұрғыда пайдалану бағытында біршама істер атқарылуда. Мұрағат қоры құжаттарын пайдалану мен жариялау бағытында мемелекеттік мұрағаттың оқу залында жылына жүздеген ізденушілер мен ғылыми қызметкерлер жұмыс жасайды. Ғылыми жұмыспен айналысушылардың басым көпшілігі облысымыздың тарихшылары, өлкетанушылары, ғылыми қызметкерлер, журналистер және режиссерлар. Сонымен қатар Алматы, Астана, Арқалық, Шымкент қалаларынан да ғылыми қызметкерлер келіп жұмыс істейді. Олар өздерінің ғылыми еңбектеріне мұрағат құжаттарын арқау етеді.  Құжаттарды пайдалануда қол жеткізілген табыстың бірі құпиясыздандырылған құжаттарды пайдалану болып табылады. Негізінен зерттеушілерді саяси қуғын-сүргін яғни тарих қатпарындағы ақтаңдақтар, 1925 жылы Қызылорданың Қазақстан астанасы болу тарихы, 1928-1929 жылдардағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, Қазақстандағы аштық жайлаған нәубет жылдары, ұжымдастыру, 1938 жылы үштік сотымен жазықсыз жазаланғандар, арнайы жер аударылғандар, депортация, эвакуация туралы құжаттар қызықтырады. Ғылыми тақырыптары да әртүрлі, «Сыр өңірінің Қазақстан тарихынан алатын орны», «Перовскінің Сыр елін отарлауы», «Сыр еліндегі Гержодтың саясаты», «1930 жылы мемлекеттік межелеу кезіндегі Сыр өңірінің аймақтық тұтастығының қалыптасуына тарихи шолу», «Сыр елі тарихының мектептерде оқытылуы», «Арал өңірінің екі халық санағы аралығындағы демографиялық ақуалы», «Қызылорда ғасыр соңында»негізінен сыр өңірінің тарихы туралы құжаттарды кеңінен пайдаланады. Мұрағат қоры деректері негізінде «Дария жағасындағы қала», «Сыр өңірі», «Сыр сүлейлері», «Дарындыларға жол ашқан білім ордасы», «Ұлы жеңіске 50 жыл», «Біздің қаланың көшелері», Қызылорда қаласының 180 жылдық мерейтойына орай 1996 жылы Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ болып жарияланған кезеңіндегі экономикалық даму туралы «Сырдың ару қаласы», қазір дайындалып жатқан «Сыр бойы» энциклопедиясына мұрағат қоры деректері пайдаланылады. Сонымен қатар Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Парасат» ардагер, ғалымдар қоғамының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жергілікті ақын жазушылардың шығармаларын топтастырып, кітап шығару мақсатында 1941-1945 жылдардағы облыстық және аудандық басылымдардағы деректерді пайдаланылады. Сонымен қатар Қызылорда-Қазақстан телеарнасының журналисі Ж.Жәнасылова мұрағат қоры деректері негізінде «Қазақстан ғарышы туралы», Кеңес Одағының батыры Ж.Нұрсейітов туралы, «31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы», «Біздің қаланың көшелері» т.б. тақырыптарда деректі фильмдер және телехабарлар әзірледі.

Құжаттарды пайдаланудың бір түрі мұрағат қоры деректерінен тақырыптық көрме әзірлеу. Республика дәрежесінде және облысымызда аталып өтілетін іс-шараларға және мекемелер мен ұйымдардың, өндіріс және оқу орындарының тарихы мен дамуы кезеңін бейнелейтін жылжымалы көрме әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

2002 жылы Республика дәрежесінде көрнекті қоғам қайраткері жастар қозғалысының жетекшісі Ғ.Мұратбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ғ.Мұратбаев тарих және қазіргі кезең» атты республикалық ғылыми – теориялық конференцияда, 2003 жылы «Ұлы Жібек жолы кітапханалары» экспедициясының конференциясында, 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени-мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілген «Мәдени мұра: тарихи құндылықтарды сақтау және ғылыми жетістіктер» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференцияда, осы жылы облысымызда аталып өткен түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық фестиваль аясында өткізілген конференцияда жылжымалы көрмелер әзірленді. Осындай көрмелерді әзірлеу барысында мұрағат қорындағы сурет құжаттары да кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар аудандарда және оқу орындарында, мекемелерде ашылып жатқан мұражайлардың жұмысын қалыптастыруда мұрағат қоры деректерін пайдалану жақсы жолға қойылған. Жалағаш ауданындағы «Бұқарбай батыр», Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт», Қазалы қаласындағы «Ғ.Мұратбаев», Шиелі аудандағы «Ы.Жақаев» мұражайының қызметкерлері көптеп пайдалануда.

Бұқаралық ақпарат құралдарында құпиясыздандырылған құжаттардағы деректер негізінде саяси бұқаралық, шаруашылық істерге жұмылдыру, нәубет науқаны, кезінде үштік сотымен жазаланғандар және оларды ақтау туралы, дін істері жөнінде, сонымен қатар еліміздің Тәуелсіздік кезеңіндегі оның ішінде облысымызда атқарылып жатқан іс-шаралар, жетістіктер, жаңалықтар туралы жарияланған мақалалар баршылық. Жоғарғы оқу орындары және мектеп оқушылар арасында мұрағат қоры құжаттарын пайдалануда тығыз байланыс орналасқан. Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Сейхун» академиясының тарих және құқық факультетінің студенттері өздерінің ғылыми және дипломдық жұмыстарына мұрағат құжаттарын пайдаланады. Осы орайда соңғы жылдары екі студент «Кенес үкіметі жылдарындағы облыстық мемелекеттік мұрағатының тарихы», «Облыстық мұрағат – тәуелсіздік жылдарында» атты диплом жұмысын қорғады. Сонымен қатар «Мұрағат қорының жол көрсеткіші», «Облыстық әкімшілік-аумақтық бөлінісі (1938-2000жж.)» анықтамалығы дайындалды. Мұрағат тарапынан баспадан кітап шығаруға ой жеткенмен қаржы мәселесінің жетімсіздігі қол байлау болып тұр. Мектеп, лицей, гимназияда құрылған ғылыми қоғамдықтардың мүшелеріне, оқушыларға мұрағат тарапынан сабақтар өткізіліп, экскурсия жүргізіледі. Қоғам мүшелерінің ғылыми еңбектеріне тарихи деректерді пайдалануға бағыт бағдар беріліп, көмек көрсетіледі. Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері ондаған жылдар тарихы бар арабша жазылған дүниелерді аударуға ат салысып келеді. Осы араб тілінен аударылған құжаттар, сонымен қатар мұрағат қорындағы әр сала бойынша тақырыптық шолулар құжаттарды пайдалануға жасалынған жағдайдың бір парасы деуге болады. Қолда бар дүниені пайдаланумен қатар, шашырап кеткен рухани мұралармызды жинақтап ел игілігіне пайдаланылса деген үмітімізде жоқ емес. Ұлттық мұрағат қорын толықтыруда шетел мұрағаттарынан еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды құжаттарды іздестіру және көшірмелерін алу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда Қызылорда облысы үшін тарихи және мәдени құндылықтарға ие ТМД мемлекеттерінің мұрағаттарындағы құжаттардың көшірмелері мұрағат қорын толықтырса. Іздестірілген мәліметттерге орай және облысымыздың тарихын зерттеп, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген ғалымдармен, ғылыми қызметкерлермен сұхбат жүргізгенде облысымызға тиісті өте құнды құжаттардың Өзбекстан Орталық мемлекеттік мұрағатында көптеп кездесетін, сонымен қатар Ғ.Навои атындағы Ұлттық кітапханасының сирек қорлар бөлімінде генерал адьютант К.П.Кауфанның тапсырмасымен жасалынған Жөлек елді мекеннің, Перовскі қаласының тыныс тіршілігін бейнелейтін үш сурет альбомы сақталынғаны, альбомда Жөлек, Перовск базарлары, мектептері, шіркеулері, үйлері, ұлттық киімдер, ыдыс-аяқтар, суреттері топталғаны анықталды. Сонымен қатар Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында 1800 жылы қазақтарды шоқындыру, 1866 жылдары Сырдария экспедициясының Арал теңізін зерттеу, 1901-1923 жылдары Қазақстан Арал, Қазалы теміржолдарының құрылысы, 1921-1923 жылдары Қазақстан Республикасын аудандастыру т.б. құжаттар сақталғаны анықталды. Үстіміздегі жылдың 6 қазанында «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Г.Дорониннің «Хранители» мақаласында 1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбор қаласынан көшірілуіне орай Қызылордаға тиісті іріктелген 16 қор 210 тең (тюк) құжаттардың жартысынан астамы қор сақтау орындары болмағандықтан сол жақта қалдырылған деп көрсетілген. Осы мақала облыс мұрағатшыларына, тарихшыларына үлкен ой тастады. Міне осындай халықтың асыл мұрасы, қымбат қазынасы болып табылатын құжаттардың тарихты тапжылтпай тануға қосар үлесі мол болмақ. Әрине, мұрағаттық қорларды сақтау және пайдаланумен шектеліп қоймай, осы бағытта қазіргі заманғы ақпараттық технологиялармен, технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қарастыру қажет. Жеке тұлғалардың меншігіндегі қолжазбаларды, сирек кездесетін құнды кітаптарды табу, жинақтау, мемлекеттік оқу бағдарламасына, ел тарихын жан-жақты ғылыми зерттеу, қазіргі ұрпаққа жеткілікті насихаттау мақсатында өлкенің, сол өңірдің тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге арналған факультативтік сабақ енгізілсе, бұлда мұрағат қоры деректерін пайдаланудың бір көзі болар еді. Түйіндей айтсақ жаңа уақыт баршамыздың өткенге жаңа қырынан қарауды талап етеді.