Тіркелу   Забыли пароль?


Әубәкірова Х.Ә. Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемелекет ретінде қалыптасуы және дамуы.




ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ

 

Х.Ә.Әубәкірова,

Қаз АТУ, т.ғ.к., доцент

 

1991 жылдың желтоқсанында Кеңес Социалистік Республикалар Одағы тарап, бір кездегі бодан елдер азат болып шыға келгені баршамызға аян.

 Қазақстан Республикасы да осы жылдың 16 желтоқсанында өз тәуелсіздігін жариялады.

 “Егемен болмай, ел болмас” деп айтады ұлы халқымыз. Тәуелсіздікке жеткен ел  бар, жетпеген ел де бар. Тәуелсіздік - әр сайда, әр абақтының қуысында домалап қалған қазақтың басы, бабаларымыздың, ағаларымыздың, әлде өкініштен, әлде өзекті өртеген намыстан былайғы жақын-жұрағатына көрсетпей, бармағын тістелеп отырып, жанарына үйірген көз жасы.

Ертеңіміз, елдігіміз не болады деген уайымы болды. Осы қазақ келешекте бодан болып, жер бетінен мүлдем жойылып біте ме, әлде ХХІ ғасырда іргелі елге ұқсап, көшін түзеп кете ала ма деген жүрекжарды сауалы болды. Талай-талай кездерде тіпті қазақтардың ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгені баршамызға мәлім.

Ал әр ұлттың жойылуы адамзат үшін үлкен қасірет. Сондықтан, гуманистік бағыттағы ұлт мүддесі, шыңдап келгенде, бүкіл адамзаттың мүддесі.

Тікелей Қазақ хандығы XV ғасырда, 1456 жылы  Жәнібек пен Керей сұлтандар өздеріне адал көшпелі тайпаларды біріктіріп, олардың негізінде қазақ халқын ұйымдастыруымен құрылған. Осы кезден қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздік идеясы пайда болып дамыды.

Бұл  идея Қазақстанның кейінгі тарихына да өзек болып отыр. Қазақтардың дербестігін сақтау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі,  кейін үзілмей жалғасып, көптеген жылдарға созылған, ұлтжандылық рухта болған бабаларымыздың тәуелсіздікті арман еткен ұлт-азаттық қозғалысын айтып кеткен жөн. Осындай бас көтерулерде қазақ халқы өзінің өнегелік саулығын, ең жақсы рухани және батырлық қасиеттерін көрсете білді.

ХҮІІІ ғасырда оның бастаған Сырым Датұлы, ХІХ ғасырда – Жоламан Тіленшіұлы, Қайыпқали Есімұлы,  Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Саржан мен Кенесары Қасымұлдары, ХХ ғасырда Аманкелді Иманұлы мен Бекболат Әшекейұлы,  т.б қаһармандық көрсетіп, өз заманының алдыңғы қатарлы азаматтары болды, үлкен халықты рухтандырып, азаттық жолында соңынан ерте білді.

Кейін ұлттық мүддені қорғауды өмірлік мақсат еткен алашордашылар қозғалысын ерекше атап кету керек.

Осы қозғалыстардың биік шеңі - төрткүл дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұл оқиға бұрынғы Одаққа қараған республикалардың тәуелсіздік үшін күресуіне орасан зор ықпал етті, ұйқыда жатқан он бес республиканы тәуелсіздік алуға жаппай оятты. 17-18 желтоқсан күндері тоталитарлық жүйеге қарсы наразылық ұшқыны басқа аймақтарға таралып, көрші Қырғызстан, Өзбекстан, және басқа да елдерге жарық жылдамдығындай тез жетті. Одаққа қараған республикалардың барлығының дерлік қолдауына ие болды. Олардың тәуелсіздік үшін күресуіне зор ықпал етті. Сондықтан да елімізде болып өткен Желтоқсан оқиғасының тарихи мәні өте зор. Сақылдаған сары аязда ұлтым, елім деген жастар қылышынан қан тамған үкіметтің қаһарынан қаймықпай-ақ  алаңға «Туған жерім менің,  Қазақстаным» - деп әндетіп, ұрандатып шығуы әлемде сирек болатын құбылыс екенін бүгінгі тарих дәлелдеуде. 1986 ж. Желтоқсаны –  қазақ халқының ғасырлар бойы неше дүркін қанға боялған ұлт-азаттық қозғалыстарының бірі.

 

Қайта құруға дейінгі орталықтың ұлы державалық саясатының қазақ ұлтын апаттың және қожыраудың шегіне жеткізгені баршаға мәлім. Мұнда ондаған жылдар бойы мәдениетсіздендіру мен ұлтсыздандырудың нысаналы үрдісі жүргізіліп келген еді.

Республика Жоғарғы кеңесінің 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны жариялауы тәуелсіздікке жеткізу жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Бұл конституциялық емес, саяси акт еді, одан дербес мемлекет туындамады. Тәуелсіздік үшін әлі де жан аямас күрес жүргізу қажет еді. Сөйтсе де парламенттің осы бір батыл қадамы ұлт мәселесінде ондаған жылдар бойы қордаланып қалған күрделі де өзекті проблемаларды шешуге бағытталған, қоғамдық-саяси өмір белсенділігінің артуына жол ашты.

Жұртшылықтың зор қысымы және Қазақстанның егемендікке қолы жеткен жағдайында, 1991 жылы тамыздағы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде Кеңес Одағы құлағаннан кейін Семей полигоны жабылды, оның негізінде Ұлттық Ғылым академиясының Ядролық зерттеу институты құрылды.

Демократия мен жариялылықтың жеңісі арқасында бұрынғы одақтас республикалар тек саяси ғана емес, ең алдымен, экономикалық шынайы егемендікті жеңіп алу үшін батыл қимылдар жасауға кірісті. 1990 жыл дербес мемлекеттің қауырт заң шығару кезеңі болды. “Жер кодексі”, “Тілдер туралы”, “Мемлекеттік өкмет пен басқаруды жетілдіру туралы”, Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізу жайында заңдар қабылданды.

Бұған дейін Кеңес Одағының құрамында болып келген Қазақстан мен Ортаазиялық республикалар тәуелсіздік алғанымен басқалардан гөрі көбірек қиыншылықтарға кезікті. Осындай жағдайда Орта Азия мен Қазақстан республикаларының басшылары өзара тығыз интеграция жасауға келісіп, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін үйлестіру жөніндегі мемлекет аралық Комитет құрды. Бұл мемлекеттер экономиканы тұрақтандыру және баға қою мәселелерін де өзара бірлесіп шешетін болды.

Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы маңызды оқиға. Бірақ. ең бастысы, оны нақты мағынамен – экономиканы нығайтумен толықтыру үшін күшті атқарушы өкіметтің қажеттігі туды. Сондықтан да Қазақстан Президентін сайлау жөнінде шешім қабылданды. Бұл бұрынғыдай республиканың орталық ұсынған басшысын белгілі бір сайлау округінен өткізу емес, шын мәнінде ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге қабілеті бар, халық тағдыры үшін жауапты басшыны бүкіл халық болып сайлап алу еді. Осы жоғары лауазымға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір өзі ғана ұсынылып оған сайлаушылардың басым көпшілігі 1991 жылдың 1 желтоқсанында дауыс берді.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-ін “Қазақстан Республикасы” деп атап, мемлекеттің атын өзгертті. Бұл тарихи құжатта еліміз бұдан былай тәуелсіз, демократиялық және құқықты мемлекет саналады деп жариялады. Ол өз жерінде толық өкімет билігін, ішкі және сыртқы саясатты өздігінше белгілейді және жүргізеді. Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Президенті сол күні көп ұлтты республика халқына қалтқысыз қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен еркіндігінің кепілі – Конституцияға адал болуға, өзіне жүктелген жоғарғы міндеттерді ақ ниетімен орындауға ант берді.

Президент өзінің алғашқы қадамын республика халқын әлеуметтік жағынан қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы заңды актілер шығарудан бастады. Сондай-ақ 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы Алматыдағы оқиғаларға қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президенттің жарлығымен ақталды.

Тәуелсіз Қазақстанда бір жыл ішінде шын мәнінде орасан зор жаңғыру шаралары жүзеге асырылды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру, меншік формаларының сан алуандығын қалыптастыру үрдісі басталды. Бұл - өтпелі кезеңнің бастамасы болатын.

 Білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет мәселелері тәуелсіз мемлекет жағдайында айрықша күн тәртібінде тұрды. Осы салаларға қаржы бөлу ұзақ жылдар бойы аты шулы “қалдық принципі” бойынша жүзеге асырылып келген. Сондықтан да олардың жай-күйі мүшкіл еді. Білім беру саласында қысқа мерзімде бірнеше оқу орны, соның ішінде жаңа университеттер ашылды.

“Қазақ КСР-інде тіл туралы” Заң шеңберінде (онда қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі атанды) бұрынғыларға қосымша қазақ тілінде оқытатын және тәрбиеленетін 600-ден астам балалар бақшасы мен 200 жалпы білім мектептері жұмыс істеді. Мектептерде неміс, корей, дүнген, поляк, грек және басқа, барлығы 15 ұлттық тілдерді ана тілі ретінде оқыту енгізілді.

Нарық жағдайында жұмыс істейтін кадрлар даярлау бағдарламасы белсенділікпен орындалуда. 1991 жылдың басында АҚШ-қа тәжірибе алмасуға 20 адамнан тұратын алғашқы топ аттанды.

Оңтүстік Корея мен Түркияға бірқатар талантты жастар оқуға жіберілді. Германияда, Сингапурде, Қытайда мамандарды даярлауда тәжірибе алмасу жөнінде байланыстар жасалынды.

Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін тиянақты қамтамасыз ету мақсатымен “ұлттық ұлан” құрылды. Қазақстан жөніндегі стратегиялық мақсаттағы берік бақылау жасаудың шаралары белгіленді. Бұл шаралар ТМД-ның біртұтас стратегиялық қорғаныс шеңберінде солардың өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Осы мақсатпен республикада әуелі Қорғаныс жөніндегі комитет құрылды, кейін ол Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Әскери құрамалардың барлығы және олардың  мүліктері, Байқоңыр  ғарыш айлағы  тікелей  Қазақстан  үкіметінің  қол астына өтті.

Саяси кеңістік едәуір кеңейді. 100-ден астам қоғамдық-саяси ұйымдар, қозғалыстар, партиялар пайда болды. Қазақстан Компартиясы алғашқыда аз уақыт еңбекшілердің көптеген саяси ұйымдарының бірі болып алды. 1991 жылы 6 қыркүйекте жедел шақырылған соңғы съезде ол таратылды. Оның орнына Қазақстанның социалистік партиясы құрылды, ол өзін Компартияның мұрагері деп жариялады да соның мүлкіне ие болды.

Тұңғыш рет адамның ғарышқа шыққанынан 30 жыл өткен соң көне Қазақ жеріне орналасқан Байқоңырдан 1991 жылғы 2 қазанда бірінші қазақ ұлты Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға еді. Мұның өзі республиканың тәуелсіздік алуы жағдайында ғана мүмкін болды.

Тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстанға шет елдер назар аудара бастады. АҚШ, Франция, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Сингапур, Италия және басқа мемлекеттермен үкіметаралық байланыстар мен іскерлік жақындасулар барған сайын ұлғая түсті. Әсіресе, Түркиямен, Қытайдың  Синьцзян – Ұйғыр автономиясымен, Корея Республикасымен тығыз қатынастар орнықты.

Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы және дүние жүзіндегі беделінің үнемі артып отыруы шетелдік инвесторлардың өз капиталдарын алаңсыз оның экономикасына жұмсауына мүмкіндік беруде: конкурс негізінде танымал американдық ”Шеврон” фирмасы “Теңіз”, ал ағылшын-итальян фирмалары мұнай конденсаттарын игеру жөнінде келісім-шарт жасасты.

Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа белсенді түрде еніп көптеген елдермен, оның ішінде Еуропа елдерімен де тең құқықты қатынастар орнатып отыр. 1992 жылы БҰҰ, қауіпсіздік және ынтымақтасу жөніндегі Еуропалық кеңеске, Дүниежүзілік валюта қорына мүше болды.

Елтаңба, Ту, Әнұран сияқты өзінің мемлекеттік рәміздерін бекіту жөніндегі шаралар – жас тәуелсіз мемлекеттің егемендігін нығайту жолында жасалынған маңызды қадамдар. Осының бәрі – тәуелсіздікті нығайтудағы қол жеткен ізгі нәтижелер.

Қайта құру басталғаннан кейін көп уақыт өтсе де ол өзін көрсете алмады, халықтық негізгі сала – экономикаға артқан үміт ақталмады. Мұнда жақсылыққа қарай бетбұрыс болмады, жағдай ауыр күйінде қалып қойды: өндірістің құлдырауы одан әрі жалғасты, қаржы-несие жүйесіндегі дағдарыс тереңдей түсті. ТМД елдері басшыларының бірлесіп қабылдаған шешімдерін жүзеге асыратын қабілетті Экономикалық одақ және үйлестіру органдары қалыптаспады. Қабылданған шешімдер орындалмады. 1992 жылдың басында Ресей Федерациясы үкіметінің тауарлар мен қызмет көрсетудің бағасын босатқаны ТМД мемлекеттеріндегі жағдайды одан әрі ауырлата түсті. 1993 жылы тамызда Ресей Федерациясы 1961-1992 жылдары шығарылған ақшаны жаңа ақшаға айырбастау рубль аймағындағы басқа мемлекеттердің ақша айналымына орасан зор нұқсан келтірді: бұл елдерге ескі ақша көп мөлшерде суша ағып келді: тауарлар мен қызмет көрсетудің бағасы еселеп өсті: ақшаның құнсыздануы тоқтаусыз асқындады.

1993 жылы қарашадан бастап Қазақстан өзінің ұлттық валютасын – теңгені айналымға енгізді. Бұл қадам да тәуелсіз елдің дамуында маңызды қадам болды.

Экономиканы тұрақтандыру, халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін әлеуметтік қорғау мақсатымен, еңбекшілердің жаппай кедейленуін болдырмау үшін 1994 жылы кезекті үшінші, бірақ міндеттері жөнінде жаңа, өтпелі кезеңге арналған бағдарлама қабылданды.

1995 жылы өткізілген республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Дүниежүзілік практикада мұндай тәсіл сирек кездеседі, әдетте мемлекеттің негізгі заңын парламент қабылдайды.

Тәуелсіз еліміздің екінші Конституциясында мемлекетті басқарудың нысаны түбірімен өзгертіліп үкімет билігінің жаңа жүйесі заңдастырылған. Парламенттің қызметі тек заң шығарушылықпен ғана шектелген. Оның өкілеттігі де ықшамдалған.

Елімізде қоғам өмірін демократияландыруда ілгері басқандық айқын көрінді. Бірақ мұндай оңды құбылыс экономикалық салада болмады. 1995 жылғы қыркүйек үкімет дағдарыстан шығуға арналған, қайта құру басталғаннан бергі кезеңде жасалған төртінші бағдарламасын ұсынды. Ол Президенттің, үкімет мүшелерінің, облыс әкімдерінің қатысуымен талқыланды. Бағдарлама 1996-1998 жылдарға арналған орташа қысқа мерзімді іс-әрекеттердің бағдарламасы деп аталды.

Реформаны жүзеге асырудың кейбір бағыттары бойынша, айталық, мемлекеттік өнеркәсіп орындарын шетелдік компаниялардың басқаруына беру, салалық жөніндегі заң, құқық қорғау жүйесін қайта құру, қылмысқа қарсы күресті күшейту сияқты батыл шаралар жасалды.

1995 жылы Республикада ақша-несие және бюджетті шектеу саясаты, сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыру, меншікке қатынасты реформалау және нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру жөніндегі бағыт жүргізілді. Бұл орайда экономиканы ырықтандыру және бюджеттік шығындарды қысқарту жөніндегі шаралар халықтың аз қамтылған бөліктерін нақтылы әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталып отырды.

Нарықтық экономикаға көшуден туындаған түкпілікті өзгерістер аграрлық секторда да байқалды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің құқықтары мен өкілеттіліктері кеңейтіліп, мемлекеттік шаруашылықтар ұжымдық, акционерлік және меншікті кәсіпорындарға айналдырылды. Жер реформасы жүзеге асырылуда, көпсалалы экономика одан әрі қалыптасуда, қажетті заңдық база жасалуда. Шаруа қожалықтарының саны 30 мыңнан асты, бірақ солардың жалпы өндірістік көлемдегі үлесі әлі мардымсыз еді.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын жарияланды. Онда жас тәуелсіз мемлекеттің ұзақ мерзімді 2030 жылға дейін – стратегиясының бағдар-бағыты белгіленген. Оның негізгі өзегі – барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Елбасы ұсынған жеті шараны жүзеге асыру елімізде қоғамды одан әрі демократияландыруға оңды ықпал жасағандығын бүгінгі өмір дәлелдеді.

1997 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшіріліп, оның атауы Астана болып өзгертілді.

       Қазақстан Республикасы бүгінде тәуелсіз мемлекет, БҰҰ мен басқа да халықаралық және аумақтық қауымдастықтардың мүшесі. Ол өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді.

Бүгін тәуелсіздігімізге 16 жыл толып отыр. Қандай нәтижелерге жеттік?    

            Бүгінде Қазақстан халқы Ата заңы орныққан,  шекарасы айқындалып бекіген, көк байрағы желбіреген, Әнұраны шарықтаған тәуелсіз елін мақтаныш етеді.

Егемен ел атанып, әлемдік кеңістікке ендік. Дүниежүзілік қауымдастықтың  беделді  серіктесіне айналдық.

            Саяси, экономикалық жағынан алға шығып, еңсемізді түзедік.  Соның арқасында Бүкіләлемдік сауда ұйымына, алдыңғы қатарлы 50 елдерге қосылуға талаптанып жатырмыз.

Демократия жөнінен Қазақстанда қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісім өте жоғары деңгейде қалыптасты.  Біз ертеңгі күнге сеніммен қарап, парасаттылыққа, ізгілікке, ұлылыққа ұмтылып отырмыз.

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері ұлттың рухани өмірінде елеулі өзгерістер болды, мемлекетіміздің саяси мәртебесі өсті. Тәуелсіздік біздің жарқын болашағымызға жол ашты.