Тіркелу   Забыли пароль?


Өтегенов М.З. Қазақтың ұлттық зиялы қауымының қалыптасу тарихынан (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы).




ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

(ХІХ ҒАСЫРДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ)

 

М.З.  Өтегенов,

 Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау

мемлекеттік университеті

 

Қазақ қоғамында ел қамын ойлап, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырған қалың жұрт арасынан шыққан ел азаматтары әрқашанда болған. Н.И. Красовский интеллигенцияға дейін қазақ қоғамында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ойлаған топ - билер мен ақсақалдар рөлін анықтап, оларды мырзалар мен байлардан дараланып тұратын ерекше әлеуметтік категория деп түсіндіреді: "Халықтың құқықтары мен бостандықтарын билер мен ақсақалдар деп аталатын адамдар тобы қорғайды, сондықтан бұл топ қазақ қоғамында ерекше жоғары құрметке ие" [1, 68 б.]. ХІХ ғасырда Ресей арқылы қазақ қоғамына интеллигенция деген ұғымның енуіне байланысты ресми биліктің ұстанған саясатына сыни көзбен қарап, елдің азаттығы жолында айбынды идеологиялық күрес жүргізген Алаш қозғалысының негізгі дәнекерлері – ұлттық интеллигенция немесе ұлттық зиялы қауым деп атала бастады. ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысының өрістеп қуатты саяси күшке айналуына ат салысқан ұлттық зиялы қауым өкілдерінің тұлға ретінде қалыптасуына оқу орындарында білім алған уақыттары әсер етті. Ресей үкіметі қазақ жерінде қазақ балаларына арналған қазақ-орыс мектептерін ашу арқылы империялық әкімшілік үшін аудармашы шенеуліктерді дайындау мақсатын көздеген, бірақ еуропалық үлгідегі білім ордаларында оқыған жергілікті ұлттың жастары демократия, гуманизм, республика және азаттық пен теңдік сияқты көкейкесті мәселелер негізінде өздерінің азаматтық көзқарастарын қалыптастырады.

Қазақ жастары жергілікті жерлерде ашылған төменгі мектептерде білім алып, негізінен қалаларда ашылған орта арнаулы білім беретін мұғалімдік семинариялар мен  кәсіптік училищелерге түсетін болды. Ал Алаштың ірі тұлғасы Әлихан Бөкейханов сияқты орта арнаулы оқу орнын үздік аяқтаған оқушылар Санкт-Петербург, Қазан сияқты ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына арнайы жолдамалар алды. Техникалық училище түлектерінің ішінде Әлихан Бөкейханұлы ғана Санкт-Петербург орман-техникалық институтына жолдамамен барып түседі [2, 201 п.].  Жалпы алғанда оқу орындарындағы қазақ жастарының үлгерімдері жақсы болған. Әлемдік өркениетке Еуразиялық дала мәдениетін сыйлаған қазақтардың мәдениеттілігі жөнінде өткен ғасырдың басында жарық, көрген "Россия" жинағында мынадай мәліметтер кездеседі: "Азияда көшіп-қонып жүрген түрік тайпаларының ішінде қырғыз-қайсақтар (қазақтар-М.Ө.) едәуір мәдениетті халық. Сондықтан олардың болашағы өте жақсы болмақ, олардың саны өсіп, жаңа мәдени құндылықтырды игеруде. Қырғыз-қайсақтардың салыстырмалы мәдениеттілігін тілінің сипатынан, өз ойын жеткізу қабілеті мен түрінен, халық ауыз әдебиетінің байлығымен және өнердің даму деңгейімен түсіндіруге болады [3, 203 б.]. Мұндай көзқарас орыс зерттеушілерінде бірден қалыптасқан жоқ, бұл қазақтардың тұрмыс тіршілігін, тарихын, этнографиясын жан-жақты зерттеу нәтижесінде туындаған көзқарас. Қазақтардың білімге құштарлығын да зерттеушілер ерекше атап өтеді: "Оқу-білім, әсіресе математика ешбір қиындық туғызбайды, оқушылар арасында үлгерімі жақсы адамдар көптеп кездеседі" [3, 202 б.].

Қазақ қоғамының осынау "Зар заман" өтпелі кезеңде мәдени дағдарысқа ұшырауын орыс зерттеушілері алғашқы отарлаушылардың қызметінен көреді, әрине, алғашқы отарлаушылар қазақ даласының пайдалы қазбаларын барлаумен және оны тағы жолмен тонаумен ғана шектелген: “Орыстар өлкені бағындырып мәдени жұмыстарға көше алмады, өйткені алғашқы басып алу тек байлық табу мақсатында жүргізілді, сондықтан олар мәдени жұмыстарды жүргізуге дайын болмады. Алғашқы отарлаушылар дөрекі, тағылық сезімдегі, өмірбаяны күмәнді адамдар болды" [3, 170 б.].

Жалпы халыққа білім беру ісі алғашқы терроршылардың құрбаны болған ІІ Александр императордың билік ету кезінде айтарлықтай алға ілгерілейді, бұл уақытта сібір қоғамында да оқу-білімге деген қызығушылық байқалады. 1860 жылы едәуір жасампаз жергілікті генерал-губернатордың бірі генерал Казнаковтың тұсында Ақмола облысында казактардікінен басқа ондаған төменгі және бірнеше прогимназиялар ашылған. 1836 жылы Омбыда кадет корпусы, 1852 жылы фельдшерлік мектеп, 1858 жылы уездік училище, 1863 жылы Омбы әйелдер гимназиясы, 1871 жылы Петропавлда әйелдер прогимназиясы, 1872 жылы Омбыда мұғалімдер семинариясы, 1876 жылы Омбыда ерлер гимназиясы ашылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан қала қоғамы бұрынғыға қарағанда оқу-білім ісіне айтарлықтай қаржы бөле бастады. Мысалы, Омбы қаласында алғашында негізінен екі көпес қаржыландырған бір ғана приходской мектебі әрекет еткен және оған қала 30 руб. ғана бөлген, ал 1870 жылдары қала 4 мың руб. жұмсап, 4 училищені қаржыландырды [3, 172 б.].

1880 жылдың басында Омбыда өлкедегі алғашқы жекеменшік “Бастауыш білім беру жағдайын жақсарту” ағартушылық қоғамы құрылады, ал 1885 жылы барлық уездерде төменгі ауылшаруашылық училищелер құрылып, өлкеге қажетті мамандар дайындаумен айналысты. Солтүстік өлкенің мәдени дамуына 1877 жылы Омбы қаласында ашылған ИОГҚ БСБ үлкен ықпал етті, бұл бөлімнің жанында топтасқан ғалым-зерттеушілер өлкенің тарихын зерттеумен қатар ағартушылық қызметті де атқарды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қоғамда орын алған өзгерістердің ішінде прогрессивті-демократиялық та құбылыстар болды [4, 73 б.], соған байланысты қоғамдық өмірдің дамуы жүріп, әр түрлі ағартушылық мекемелер құрылып, жаңа оқу орындары ашылып және бастауыш білім беретін қоғамдарының қызметі жетіле түсті.

1914 жылы Ақмола облысында барлығы 51520 оқушысы бар 792 оқу орны әрекет етті. Ал ондағы қала мен уезд арасындағы оқу орындарының арақатынасын төмендегі кесте түрінде көрсетуге болады (1 кесте) [5, 67- 68 бб.]:

 

1 кесте - Қала мен уезд арасындағы оқу орындарының арақатынасы

Орналасқан жері

Оқу орындарының саны

Оқутышылар саны

Оқушылар саны

Уездерде

132 мекеме

732 адам

15946 адам

Қалаларда

660 мекеме

1012 адам

35574 адам

Барлығы:

792 мекеме

1744 адам

51520 адам

Ескерту: Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. – 83 б.

 

Қалаларда 1647 тұрғынға бір мектеп келсе, уздерде 2019 адамға бір мектеп келген. Оқушылар қалаларда барлық тұрғындардың 7 пайызын құраған, ал уездерде оқушылар барлық тұрғындардың 2,5 пайызын құрады.

 Облыстың барлық оқу орындарының негізгі бөлігі Омбы мен Петропавл сияқты екі Солтүстік қалаларда орналасқан. Бірақ бұл қалалардың өзінде оқу орындарының аздығы байқалады, әсіресе 4 әйелдер гимназиясы орналасқан Омбы қаласында барынша айқын байқалады. Облыстың Көкшетау, Ақмола, Атбасар сияқты басқа уездік қалаларында орта оқу орындары ашылмағандықтан тұрғындар өз балаларын Омбы мен Петропавл қалаларына жіберуге мәжбүр болған. Бұл үшін көп қаражат керек болғандықтан тұрғындардың едәуір ауқатты бөлігі ғана өз балаларын аталған қалалардағы оқу орындарына жібере алған. Ал облыстың басқа қалаларында балалары үшін бастауыш оқу орындарын ашу мақсатындағы Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасының атына жазылған арыздар 1853 жылдың өзінде түсе бастаған. Осы орайда Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасы бастығының: "кедей қырғыздар (қазақтар) үшін мектептер ашу және оның орындалуына кедергі болатын себептер жөнінде мәліметтерді маған ұсыныңыз деген Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасының 1853 жылдың 19 қарашасындағы № 2854 бұйрығын мысалға келтіруге болады [6, 54 п.].

Қалалар мен станицаларда оқу орындарын ашу жөнінде Батыс Сібір оқу аймағының Ақмола мен Семей облыстарының халықтық училищелерінің директоры А.Е.Алекторовтың Ақмола облысының әскери губернаторының атына жазған өтінішін атауға болады, онда Алекторов жаңа училищелерді ашу үшін қажетті несиенің көлемін белгілеу үшін әлі күнге дейін мектептер ашыла қоймаған елді мекендер санын сұраған [7, 6 п.].

Бес мың тұрғыны бар Көкшетау қаласында тек жалпы білім беретін бастауыш мектептер ғана жұмыс істеген, сондықтан 1914 жылы қаладағы мектептер жанынан қолөнер бөлімдерін ашу жұмыстары жүргізіле бастайды [8, 13 п.]. Бастауыш училищелер облыстың барлық қалаларында ашылған, бірақ Көкшетау уезінде мұндай оқу орындарының тапшылығы сезілді [5, 68 б.]. Бұл қаланың басшылығы қыздарға арналған бастауыш училищелерді ашу жөнінде өтініштер білдірген: “Көкшетау қаласы әйелдер орта оқу орындары ашылмаған далалық өлкедегі жалғыз қала. Қала тұрғындары өздерінің қыздарын білімдерін жалғастыру үшін басқа қалаларда орналасқан оқу орындарына жіберуге мәжбүр. Мысалы, Маринскідегі бастауыш училищеге. Сондықтан олар өздерінің қыздарын білімін жетілдіру үшін Петропавлға жібереді немесе үйде қалдыруға мәжбүр болады. Бұл жағдайда Көкшетау қаласы, тіпті Щучье, Николаевск және Есілкөл станицаларынан да төмен тұр. [9, 18 б.].

            Облыс территориясында қазақ балалары үшін барлығы 73 орыс-қазақ мектептері ашылды. Олардың саны жылдан-жылға көбейіп отырды, әсіресе орыс қоныстарымен жақын орналасқан қазақ ауылдарынан осындай мектептерді ашу жөнінде көптеген өтініштер жазылды. 1914 жылы халықтық училищелер жұмысын жақсарту мақсатында 1 және 4 инспекторлық аудандарды өз алдына екі-екіден бөлу жоспарланады. Бірақ Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты мұндай оң шаралар жүзеге асырылмай қалады және де инспекторлар саны көбеймей, олардың жұмыс көлемі өсе түседі. Облыс қалаларының көбінде орта білім беретін орындар болмаған, сондықтан қазақ балалары бастауыш оқу орындарын аяқтаған соң Омбы, Орынбор, Қазан қалаларының оқу орындарына түсетін болған. Осындай оқушылар өтінішінің ішінде кейіннен белгілі жазушы атанған Спандияр Көбеевтің өтініші кездеседі [10, 30-31 бб.]. Уақыт өткен сайын бастауыш училищелерді аяқтаған қазақ балаларының орта оқу орындарына өтініштері көбейе түседі. Бұл өлкедегі жүргізіліп жатқан оқу-ағартушылық ісінің нәтижесі болды. Ақмола облысының оқушылары негізінен Омбы қаласындағы оқу орындарын таңдайтын болды. Қазақ баларына мұндай оқу орындарына түсуге рұқсат XIX ғасырдың 80-90 жылдары берілді. Қалалардағы орта оқу орындарына түсу үшін қазақ балаларының бастауыш білім жөніндегі құжаттары қажет болды. Оқу орындарына түскен қазақ балаларының жасы 10-12 жас аралықтарында болды. Қазақ оқушыларының едәуір көпшілігі фельдшерлік мектепте оқыған, өйткені осы уақытта қазақтар арасында дәрігерлер өте тапшы болатын. Медицина шенеуніктерінің есептеріне қарағанда 1880 жылдан бастап жыл сайын фельдшерлік мектептен 2-3 қазақ дәрігері шығатын болған [11, 1 п.].

Омбы қаласы тұрғындарының саны жағынан 1900 жылы Сібірде үшінші орынды иеленгендіктен (52 мың адам тұрды) [3, 372 б.], қаладағы қоғамдық-саяси өмір мен мәдени өмірдегі жаңалықтар оқымысты қазақ жастарын өркениеттік үрдіске ат салысуға итермеледі. Омды қаласындағы орта оқу орындары мемлекеттік кеңестің 1864 жылдың 25 шілдесіндегі қаулысына байланысты, тек провославиелік сенімдегі адамдарды оқытатын болды: "...Мұғалімдік семинариялар директордан бастап оқушыларына дейін православиелік сенімдегі адамдардан тұру керек" [12, 383 б.]. Бірақ саяси көзқарастарды көздеген шенеуніктер қазақ жастарын оқу орындарына алу арқылы өздерінің орыстандыру саясатын жүргізуге тырысты. Қазақ жастары орыс тілін меңгеріп, білім мен ғылымды осы тіл арқылы танығандарына қарамастан, олар өз халқының қамын ойлаған азаматтар болып қалыптасты. Семинария директорының 1900 жылғы есебінде 3-ші сыныптың 16 оқушысының 15-сі семинария курсын ойдағыдай аяқтап мұғалім атағына ие болды деген мәліметі келтіріледі, олардың ішінде бір қазақ жігіті болған. Мұғалімдік семинарияны аяқтаған қазақ жастарының құжаттарында басқа түлектермен салыстырғанда қазақ мектептерінде сабақ беру құқығы беріледі деген ескерту болды. Мұғалімдік семинарияда білім алушы қазақ жастары үшін «Мұғалімдік семинариялар ережесіне» байланысты арнайы стипендиялар бөлінді, бірақ олардың көлемі орташа өмір сүру деңгейінен де аз болды. Семинария оқушыларының стипендиясына губерния басшылары қосымша қаражат бөліп тұрды, бірақ мұндай бір мезгілді қаражат көзі семинария оқушыларын барлық қиыншылықтардан құтқара алмады [13, 16 п.]. Сондықтан оқушылардың осындай ауыр жағдайын ойлаған семинария басшылығы 1879 жылдың 10 тамызында семинария жанынан интернат ашу мәселесін көтереді [14, 3 п.].

Қазақ жерінде жаңа үлгідегі қазақ-орыс білім беретін мектептерімен қатар дәстүрлі білім беру орындарына айналған мұсылман мешіттері жанынан ашылған медреселер де оқу-білім берумен айналысты. Бірақ мұндай қызметпен айналысқан діни қызметкерлер ресми билік тарапынан жалған айыптаулармен қуғын-сүргінге ұшырап жатты, оны келесі мәліметтерден көруге болады. Татарлардың қазақтаға діни әсері жөнінде ООММ Батыс Сібір бас басқармасының құжаттары жинақталған 3 қорда "О вредном влиянии на киргизское население духовных лиц из татар" деген іс сақталған, бұл істің ерекшелігі барлық құжаттары құпия деген белгімен белгіленген. Бұл іс Ақмола облысының әскери губернаторы генерал-майор Цитовичтің Батыс Сібірдің генерал-губернатор Н.Г. Казнаковқа есептерінен тұрады. Қарастырылып отырылған істің негізгі құжаттары 1877 жылдың 9 желтоқсаны мен 1878 жылдың 25 қазаны аралықтарына жатады. Мұндай істің пайда болуы бәлкім 1877-1878 жж. орыс-түрік соғысымен байланысты болған шығар. Орыс-түрік соғысы кезінде ішкі істер министрлігі бүкіл империя губернияларына, ал губернатор өз қарауындағы облыс басшыларына нұсқаулар береді: "Соңғы соғыс кезіндегі (орыс-түрік соғысы) саяси жағдайды көңілге ала отырып және ішкі іштер министрінің Ресей қарамағындағы мұсылмандарға қатысты "Жас түріктің" арандату саясаты жөніндегі мәліметіне байланысты Батыс Сібір генерал-губернаторы қарамағындағы қазақтар мен татарлардың әрекеттерін бақылауды талап еткен" [15, 46 п.]. Генерал-губернатордың осындай қаулысына жауап ретінде Ақмола облысының әскери губернаторы майор Цитович арнайы есеп дайындады. Онда генерал-майордың 1868 жылғы "Уақытша ережелерге" байланысты талдаулары мен осы ереже жөніндегі көзқарастары сақталған. Цитович қазақтардың дінге деген немғұрайлы көзқарастары олардың арасында орыс өркениетін таратуды жеңілдетеді деп түсіндірді [15, 4 п.]. Бірақ Цитович молдалар кейбір жағдайларда, мысалы, Петропавл қаласында мемлекет жанынан ашылған училищеде орыс тілін оқытуға кедергі жасайды деп көрсетеді, әсіресе, бірнеше рет діни және азаматтық биліктің нұсқауларын орындаудан бас тартқан жергілікті ахун Яушевті атап өтеді. Цитович өзінің есебінде қазақ даласындағы ислам дінінің таралуының екі жолын көрсетеді: біріншіден, татар молдалары арқылы, екіншіден қазақ балаларын татар тіліне оқыту арқылы. Мұнда ол біріншісімен күресу үшін мұсылман дініндегі саудагерлерге қазақ даласында тікелей сауда жүргізуге тыйым салуды ұсынды, ал екінші мәселені қарастыра келе әскери губернатор татар мұғалімдері өздері білімсіз болғандықтан қазақ балалары арасында ешқандай нәтижелі үгіт насихат жүргізе алмайды, сондықтан олардың қызметін тоқтату кеерк деген ұсыныс жасады. Цитович өзінің есебінің соңында тікелей оның мұсылман дініне деген көзқарасын білдірген 11 тармақтан тұрған әрекет ету бағдарламасын ұсынған [16, 130 б.].

         Патша үкіметі жергілікті халықтың діни наным-сеніміне ешқандай өзгеріс енгізе алмағанымен ұзақ уақыт бойы көптеген адамдарды қазақтар арасында ислам дінін таратқаны үшін қуғынға ұшыратқан. Бұл орайда ҚР ОММ қорларында сақталған қазақ моллаларына қатысты қозғалған істерге талдау жасауға болады. Бұл құжаттардың мазмұнын, олардың аттарынан-ақ көруге болады, мысалы, "Қазақ тұрғындарының арасында ислам дінін таратқаны үшін Ш.Мансуровтың үстінен қозғалған іс [17, 189 п.] және "Көкшетау молласы Хабибуллинді діни лауазымынан айыру туралы іс" [153, 56 п.]. Қазақтар арасында мұсылман дінін бұрмалап таратқаны үшін қудаланған молла Мұхаммедшәріп Мансуровты сотқа тарту жөнінде Петропавл қалалық полициясы Сібір қырғыздарының облыстық басқармасына рапорт жолдайды. Мұнда қала басшысы Ш.Мансуровты Есіл Земский сотына беруді сұрайды [18, 17 п.]. Осыған байланысты 1860 жылдың 30 мамырында Петропавл мешітінің молласы Ахун-Абдулбари Аушев Петропавл қаласының полковнигінің мұсылман дінін бұрмалап таратқаны үшін М. Мансуровтың үстінен қозғаған ісін қолдайтынын хабарлап қолхат берген [18, 30 п.]. Көкшетаулық молла Хабибуллин Орынбор мұсылман діни жиналысының шешіміне байланысты діни лауазымынан айрылған: "Орынбор мұсылман діни жиналысының 1860 жылдың 26 наурызында қабылданған № 944 шешіміне байланысты Көкшетау молласы Хабибуллин орнынан түсіріледі" [18, 21 п.].            

        Діни көзқарастары үшін жер аударылған тарихи тұлғалардың бірі – Наурызбай Таласұлы. Оқымысты ғұлама болғандықтан, ол әдебиетте де, халық арасында да Науан Хазірет деп аталып кеткен. Науан Хазірет – рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы, халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер.

         Сонымен патша үкіметінің отаршылдық саясатының асқан озбырлықпен жүргізілгеніне қарамастан жергілікті зиялы қауымның қоғамдық-саяси көзқарасы азаттық, демократиялық негізде қалыптасты.

 

  Пайдаланылған деректер тізімі:

        1. Красовский Н.И. Область сибирских киргизов. Ч. 3. – Спб., 1868. – 264 б.

        2. ООММ 64 қ., 1 т., 2918 і., 201 п.

        3. Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Т.18. Киргизский край // Под ред. В.П. Семенова. - Спб., 1903. – 469 б.

        4. Галиев В.З. Библиотечное дело в Казахстане (вторая половина XIX - начало XX вв.). Алматы, 1998. – 140 б.

        5. Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. – 83 б.

        6. ҚР ОММ 345 қ., 1 т., 1431 і., 54 п.

        7. ҚР ОММ 369 қ., 1 т., 5091 і., 6 п.

        8. ҚР ОММ 369 қ., 1 т., 4748 і., 12 п.К.

        9. Обзор Акмолинской области за 1908 год. Омск, 1909. – 81 б.

       10. Сулейменов Д. Научно-педагогическая деятельность А.Е. Алекторова в Казахстане (1882-1918). Семипалатинск, 1997. – 304 б.

       11. ҚР ОММ 64 қ., 1 т., 3035 і., 1 п.

       12. О.А. Бреусова, Е.М. Сумина Из истории Омской Учительской семинарии // Известия Омского государственного историко-краеведческого музея. Омск, 1999. – 416.

       13. ООММ 115 қ., 1 т., 14 і., 16 п.

       14. ООММ 115 қ., 1 т., 12 і., 37 п.

       15. ООММ 3 қ., 9 т., 15406 і., 46 п.

       16. Н.М. Емельянова Дело о вредном влиянии на киргизское население духовных лиц из татар (по материалам ГАОО) // Тезисы докладов V региональной научно-методической конференции посвященной 30-летию ОмГУ. Омск, 2004. – Б. 128-132

       17. ҚР ОММ 345 қ., 1 т., 1588 і., 189 п.

       18. ҚР ОММ 345 қ., 1 т., 1601 і., 56 п.