Тіркелу   Забыли пароль?


Әбдіразақова А.Ө. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Оңтүстік өңірде мамандар дайындау және ұлттық интеллигенцияның тағдыры




ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Оңтүстік өңірде мамандар дайындау және ұлттық интеллигенцияның тағдыры

 

Әбдіразақова А.Ө.,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университеті

 

            Қазақ интеллигенциясының тағдыры өз халқымен бір мезгілде қалыптасып, дамыды. Бірақ ұзақ уақыт бойына интеллигенция тарихы бұрмаланып, қалыптасуын ХІХ ғасырдан бастап, тіпті қазан төңкерісімен байланыстырып одан ертеректе қазақта интеллигенция болмаған деген көзқарастар үстем болып келді. Бұндай көзқарас қазақ халқын қараңғы, мал соңында көшіп-қонудан басқа тірліктері жоқ, тек Ресейге қосылғаннан кейін көзі ашылып, қазан төңкерісі нәтижесінде ел қатарына қосылды деген қос империяның өлке тарапында ұстанған саясатының мәнін бүркемелеу үшін керек болды. Қазіргі тарих ғылымының пайымдауынша әрісі сақтардан тартып, берісі түркі халықтары мекендеген замандарда тегі бір этностардың жақындасуы мен кірігуі негізінде солардың заңды мұрагері – қазақ халқы тарих сахнасына шыққан. Байырғы түркілер қоғамында зиялылардың мәртебесі мен құрамы мейлінше күрделі болғанын Орхон-Енисей жазулары бұлтартпай айғақтап отыр. Одан беріде Қорқыт, Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Балқы Базар, Тұрмағамбет сынды тұлғаларды зиялылар қатарына жатпайды деп кім айта алады?

            Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан сияқты жырақтағы қалаларда оқып білім алып, ұйқыда жатқан халқының санасын ояту үшін алған білімдерін жұмсауға өмірлерін арнаған қазақ зиялылары қатарында Сыр топырағынан шыққан Серәлі Лапин, Әли Көтібаров, Мұстафа Шоқай сынды азаматтарды атаған орынды.

            Кеңестік дәуірдегі ұлттық интеллигенцияның қалыптасу тарихын қозғаудан бұрын «интеллигенция», «зиялылар», «мамандар» деген ұғым-терминдердің мән-мағынасын ашып алайық. Бұл тұрғысында Хангелді Махмұтұлы Әбжанов өзінің ойын былай деп білдіреді: «Біздің ойымызша, интеллигенция әлеуметтік қауым ретінде зиялылардан (интеллектуал) және мамандардан тұрады. Зиялылар деп интелектуалдық ізденісі арқылы таным мен практиканың жаңа көкжиектерін ашқандарды атасақ, мамандарға әртүрлі деңгейдегі ой еңбегі міндетін терең ізденусіз-ақ, кезінде алған кәсіби білімі ауқымында атқарушыларды жатқызуға болады.» (1).

            Егер Оңтүстік Қазақстанның кеңес дәуіріндегі интеллигенциясында интеллектуал топты кімдер құрайды деген сұрақ қойылса, әдебиетте Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, Қалмақан Әбдіқадыров, өнерде Нартай Бекежанов, Серке Қожамқұлов, саясатта Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сүлеймен Есқараев, Темірбек Жүргенов тағы басқалар ауызға ілінер еді. Интеллектуалдар бірін-бірі қайталамайды, қалдырған мұраларын шатастырып алу да мүмкін емес. Ал мамандардың жөні басқа. Енді мамандар тобы туралы мәселеге көшелік. Өңірде ұлттық маман кадрларды даярлау бүкіл республикадағы тәрізді шамамен үш кезеңді басынан өткерді. Бірінші кезеңде кадр даярлау қысқа мерзімді курстарда жүргізілді. Бұл 1918-1920 жылдар еді және негізінен мұғалімдер мен мәдени-ағарту қызметкерлері даярланды. Екінші кезең – 20 жылдары маман кадр даярлау орта арнаулы оқу орындары арқылы жүргізілді. Осы жылдары арнаулы орта білімі бар жергілікті жастардан алғашқы мамандар қалыптасты. Үшінші кезең 30-жылдарда Қазақстанда қалыптаса бастаған жоғары оқу орындар жүйесі ұлттық интеллигенция даярлаудың жаңа кезеңін бастады.(2). Бірақ, 20-жылдардағы орта арнаулы оқу орындары өңірдің маман кадрға деген қажеттілігін өтей алмады. Оған материалдық-техникалық базаның нашарлығы, қаржы тапшылығы бір сеп болса, жергілікті ұлт жастарынан сол оқу орындарына оқу даярлығы барлары, мүмкіншілігі  келетіндер санының өте аз болуы кедергі тудырды. Өйткені, қалың қазақ қоныстанған ауылдық жерлерде білім беру бастауыш мектеп көлемінен аса алмады. Орта, орталау мектептер жоқтың қасы еді. Қазақстанда жергілікті ұлт өкілдерінің жоғары және арнаулы оқу орындарында кәсіби деңгейі жоғары маман даярлаудың алғашқы кезде өзіне тән ерекшеліктері мен қиыншылықтары да көзге түсті. Өйткені Қазақстан территориясындағы жоғарғы оқу орындары тек 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында ашыла бастады. Сондықтан, ұлттық мамандар даярлау 20-жылдары ғана ұйымдастырыла бастаған техникум, училищелердің еншісіне тиді. 20-жылдардың  екінші  жартысында Әулиеата қаласында, Қызылордада педагогикалық, медициналық техникумдар, акушерлік, бухгалтерлік курстар шаңырақ көтерді. Бұларда 70 оқушы оқып жатты. Негізгі дені қазақ балалары еді.(3). Сол жылдары қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты бірінші кезекте мұғалім, ауылшаруашылық, медициналық мамандар даярланды. Орта арнайы оқу орындарына сабақ беруге көрнекті зиялы қауым өкілдері тартылатын. Бұл үрдістің қанат жаюына Қазақстан астанасының Қызылордаға көшіп келуі игі әсер етті. Мәселен 1929 жылы қамауға алынғанша Шымкент педагогикалық техникумының директоры қызметін әйгілі жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов атқарған еді. Жұмысшы мамандарын даярлау да назардан тыс қалмады. Бұған Түрксіб темір жолын салу соны серпін берді. 20-жылдардың аяғына қарай Түркістан қаласында фабрикалық, заводтық оқу орны жұмыс істеп тұрса, Шымкент қаласындағы мақта комбинатында білікті жұмысшылар даярлайтын тұрақты курс бар еді.

            Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында күн тәртібінде сауатсыздықты жою мәселесі тұрғандықтан, мұғалім мамандарды даярлауға баса көңіл бөлінді. Өте қысқа мерзімде ескі жүйе мұғалімдерін қайта дайындықтан өткізу және жаңа мамандар даярлау үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру қолға алынды. Мұғалім мамандар дайындау үшін орта оқу орындары – техникумдар мен училищелер жұмыс істей бастады. Осы мақсатпен 1920 жылы Шымкентте қазақ педагогикалық училищесі ашылғанымен, жалғыздың үні шыға ма, өлкедегі бірден-бір мұғалім даярлайтын оқу орны болғандықтан мектеп жүйесінің өсу дәрежесіне сай келмеді. Сондықтан түрлі курстар арқылы даярлау жөнінде шаралар қолданылды. Әрине қысқа мерзімді курста терең білімді педагогтар дайындай алмайтыны белгілі. Дегенмен ол курстар ұлттық интеллигенцияның жаңа буынының қалыптасуына әсерін тигізді. 1925-26 оқу жылдарында Шымкент қазақ педагогикалық техникумында 13-24 жас аралығындағы 192 оқушы оқыды. Оның ішінде 181-қазақ, 4- өзбек, 6-татар, 1- парсы, 180 – ер бала, 12 қыз бала бар екен.(4). Өлкенің мәдени өміріндегі елеулі оқиға – 1925 жылы Қызылордаға республика астанасы болуына байланысты Орынбордағы Қазақ халық ағарту инстутының ауысуы болды. Ол он жыл ішінде облыстың мәдени өмірінде белгілі із қалдырып, облыс мектептері үшін қажетті жүздеген мұғалім кадрларын даярлап шығарды. Институтта бірқатар көрнекті мамандар ұстаздық етті, мәселен 1928 жылы мұнда Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиеті курсынан лекция оқыды. Институт жанынан сонымен бірге қазақ қыздарынан мұғалімдер даярлау үшін екі жылдық қазақ әйелдерінің мұғалімдік курсы жұмыс істеді. 1930 жылы осы курсты 16 қазақ қызы бітіріп шықты. 1935 жылы институт педагогикалық техникум болып қайта құрылды. Отызыншы жылдарда оңтүстік өңірде педагогикалық оқу орындарының мынадай жүйесі қалыптасты:

1.    Жоғары педагогикалық оқу орындары, мұнда екінші басқышты мектептерге, техникумдарға, жұмысшы факультеттеріне, 7жылдық мектептерге оқытушылар дайындады.

2.    Педагогикалық техникумдар мен педагогикалық бағыттағы екінші басқыш мектептері, бұлар бірінші басқыш мектептерге оқытушылар дайындады.

3.    Педагогикалық курстар.(5).

Тастанов Ш.Ю. «Советский опыт формирования и развития интеллигенции ранее отсталых народов» деген еңбегінде педагог мамандарды даярлауды, ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыруды екі кезеңге бөледі: бірінші – 1917 жылдан – 1927 жылға дейін, екінші – 1928жылдан -1940 жылға дейін.(6).

            Бірінші кезеңнің ерекшелігі мұнда мұғалімдер алғашқы жылдары қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру және көптеген орта педагогикалық оқу орындары – техникумдар мен ағарту институттары арқылы даярланды. Бұл курстар 1940 жылға дейін өз маңызын сақтап қалды. Екінші кезеңде (1928-1940) бастауыш, орта мектепке мұғалім кадрларын даярлаумен қатар жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары үшін де педагог мамандар даярлап жетілдіру мақсатында педагогикалық техникум, училищелер, жұмысшы факультеттерін, жоғарғы оқу орындарын жеделдете дамытуға көңіл бөлінді.

            Мектеп пен орта арнайы білім беру саласында ілгерілеу жоғары оқу орнын ашуға мүмкіндік туғызды. 1937 жылы Қызылордада педагогикалық институт шаңырақ көтерсе, Шымкент қаласындағы мұғалімдер институты алғашқы студенттерін қабылдады. 1939 жылдың қарсаңында институттағы физика-математика, тарих, жаратылыстану, филология факультеттерінде 400-ге жуық студент оқып жатты. Ал, Шымкенттегі мұғалімдер институтындағы студенттер саны 250 адамға жуық еді.(7). Алайда, саусақпен санарлық жоғары оқу орындары өңірдің мамандарға деген сұранысын өтей алмағаны ақиқат.

            Қазақстанда медицина кадрларын даярлайтын оқу орындарының тарихы да Қазан төңкерісінен кейін бастау алады. Осы кезден бастап республиканың облыс орталықтарында және  ірі қалаларында фельдшерлер, медбикелер, медлаборанттар, фармацевтер, тіс дәрігерлерін даярлайтын фельдшерлік – акушерлік техникум, училищелер ұйымдастырыла бастады.

            Қазақ АССР Денсаулық сақтау комиссариатының 1928 жылғы арнайы бұйрығымен Қызылорда қаласында медициналық техникум ашылды. Алғашқы техникум (Охматмлад) ана мен баланы қорғау қызметкерін даярласа, 1933жылдан бастап педиатрлар көмекшілерін, 1934 жылғы 1 қаңтардан бастап венерологтар дайындай бастады.

            Өңірдегі медицина қызметкерлерін даярлайтын тағы бір оқу орны 1930 жылы Шымкент қаласында ашылды. Техникум санитарлық дәрігерлердің көмекшілерін даярлайтын болды. Қызылордадағы техникуммен салыстырғанда Шымкент мед.техникумының оқу ғимараты мен жатақханасы сын көтермейтін жағдайда еді.(8). Бұл оқу орындарына өңірдегі денсаулық сақтау мекемелеріне орта буын медицина мамандарын даярлау міндеті жүктелгенімен 1932 жылы Шымкент медицина техникумына қабылданған 36  студенттің тек 14-і ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан болды. 21 студент Алматы қаласының, 1 студент Жетісу облысының үлесіне тиді.(9). Енді осы оқуға қабылданған студенттерді мамандығына және ұлтына қарай жіктесек мынадай мәлімет аламыз: мед.техник-33, санитарлық дәрігер көмекшісі-3 (10), орыс-22, украин-11, еврей-1, беларусь-1, мордва-1.(11). Байқағанымыздай техникумға қабылданғандар арасында жергілікті ұлт өкілдері жоқ. Бұл жылдары елдегі ауыр жағдай әлі еңсесін көтере қоймаған оқу орындарының да жұмысын ақсатып, студенттер контингентіне соққы болып тиді. Тұрмыс жағдайының ауырлығы, қаражатының жоқтығынан, оқуды игере алмауынан оқуға қабылданғандардың көпшілігі оқуды тастауға мәжбүр болды. 1932 жылы Қызылорда медициналық техникумында 213 тыңдаушының 84-і оқудан шығып кетеді. Бұл жылы оқу курсын тек 8 адам ғана бітіріп шығыпты. Оқуда қалған 121 тыңдаушының 115-і қыздар үлесіне тиеді. Акушерлік бөлімде барлығы 104 оқушы болса, 1932 жылы оның 31-і оқуды бітіріп, 30-ы оқуды бітірмей техникумнан шығады. Ана мен баланы қорғау бөлімінде оқитын 36 оқушының 12-і оқуды тастап шықса, жаңа оқу жылында тек екі адам ғана қабылданады.(12). 1933 жылдың аяғында халыққа дәрігерлік қызмет көрсететін медицина қызметкерлерінің саны жоспардағы берілген көрсеткіштен төмен тұрды, яғни қажетті 653 қызметкердің орнына тек 307 қызметкер жұмыс істеген, 283 дәрігердің орнына 132, 250 фельдшердің орнына 121,120 акушерканың орнына 54-тен келеді екен. Көңілді жабырқататын тағы бір көрсеткіш мед.қызметкерлерінің арасындағы қазақтардың алатын үлес салмағының аздығы: 307 дәрігердің тек екеуі жергілікті ұлт өкілі болды. Сол жылдары медицина мамандарын даярлайтын оқу орындарына 70 пайыз қазақ жастарын, 10 пайыз шығыс ұлт өкілдерін, тек 20 пайыз орыс жастарын қабылдау туралы ереже шығарылғанымен, қажетті білімі бар мұсылман қыздарының өте аз болуы себепті ауылдан келген қазақ қыздары алдымен сауатсыздықты жою тобына тіркелді.(13). Өңірдің орта медицина қызметкерлеріне деген қажеттілігін өтеу үшін акушерлік, аяжан мектептері 1935 жылдан бастап ұйымдастырылды. Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Әулиеата, Арал қалаларында аяжан мектебі, Шымкент қаласында акушерлік мектеп ашылды. Алғашқы оқу жылында аяжан мектептеріне қабылданған 105 оқушының 67-і, акушерлік мектепке қабылданған 57 оқушының 35-і қазақ қыздарының үлесіне тиді. 1937 жылы акушерлік мектебіндегі 84 оқушының 55-і қазақ еді.(14). Бұл мектептер өздерінің ашылған уақытынан бастап облыстық сақтау мекемелеріне орта буын медицина мамандарын дайындауда елеулі роль атқарды.

            Түйіп айтар болсақ өткен ғасырдың 20-30 жылдары жұмысшы факультеттері, институттар  мен техникумдар, қысқа мерзімді курстар ашылып, мыңдаған қазақ жастары зиялылар мен мамандар қатарын толықтырып жатты. Әрине, большевиктік тура тартуларсыз болған жоқ. Сталиндік жүйе зиялы қауым қызметіне қатаң бақылау орнатып, үздіксіз қуғын-сүргін ұйыдастыруды дәстүрге айналдырды. Тұлғаның шығармашылық еркіндігін шектеу және мәдениеттегі жасампаздық әлеуетті кісендеу репрессиялық шаралармен жүзеге асқандықтан адамдар бойына үрей қоныстады, олардың өмір салтымен дүниетанымына бірізділік серік болды. Қазақстан бүкіл КСРО-дағы сияқты, әлемдік мәдени үрдістерден алшақтай берді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.   Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдыр. Мақалалар. – Алматы: «Кітап баспасы» ЖШС. 2003-296 бет,178 б.

2.   ВалиевА. Октябрь, культура, интеллигенция. Издательство «Узбекистан». Ташкент, 68-69 б.б.

3.   Қазақтан Республикасы Орталық Мемлекеттік Архиві 81-қор, 1- тізбе, 1001- іс, 176-п.

4.   ҚРОМА , сонда.

5.   Жаппай сауатсыздықтан оқу-білім шыңына. Алматы, «Мектеп», 1968ж. 304бет, 77 б.

6.   Тастанов Ш.Ю. Советский опыт формирования и развития интеллигенции ранее отсталых народов. Алма-Ата, 1975, 50 б.

7.   ҚРОМА, 1692-қор, 1-тізбе, 13-іс, 56-п.

8.   ҚРОМА, 82-қор, тізбе-2, 40-іс, 2-байлам, 3-п.

9.   ҚРОМА, сонда, 14-іс, 1-байлам, 3-п.

10. ҚРОМА, сонда, 14-іс, 1-байлам, 2-п.

11. ҚРОМА, сонда, 14-іс, 1-байлам, 1-п.

12. ҚРОМА, сонда, 14-іс, 1-байлам, 11-п.

13. ҚРОМА, 82-қор, 81-іс, 5-байлам, 37-п.

14. ҚРОМА, 82-қор, 1253-іс, 88-байлам, 11-п.

                                                                                                    

 

Резюме

     В статье рассматривается судьба национальной интеллигенции и подготовка кадров в  20-30 годы ХХ века в Южном Казахстане.

 

In this article the author is considered the peculiarity of forming of national intelligent in the South Kazakhstan in 1920 in XX century.