Тіркелу   Забыли пароль?


Әбдіразақова А.Ө. Ғабит Мүсіреповтың қазақ халқының шығу тегі жайлы зерттеулері




ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ

ШЫҒУ ТЕГІ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ

 

Әбдіразақова А.Ө.,

Археография және деректану

ұлттық орталығының зертхана бастығы,

Астана қаласы

                                                                                                                                                        

Қазақ  әдебиетінің классигі  Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов – артына мол әдеби мұра қалдырған қаламгер. Оның мұрасынан – шығармашылық өмірі, туған халқының тарихи тағдырымен тығыз байланысты болғанын аңғару қиын емес.

Cуреткердің көптеген батыл тұжырымдары  мен жаңашыл  көзқарастары  атышулы тоқырау дәуірінің  тасы өрге домалап тұрған кездерінде айтылғанына қарамастан, қазіргі  таңда  да  өзектілігін  жоймаған1.   Қаламгер халықтың  мәнді белгілерін яғни тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихын  анықтайтын мәселелерді көтерген. 

Ғ.Мүсірепов мұрасының  тарихи негіздеріне үңілу қазақ халқының қалыптасуы  мен  дамуын,  мәдени-өркениеттік тағдырын, әлеуметтік-экономикалық болмыс бітімін ұғынуға жәрдемдеседі. Қазақ халқының шығу тегі, тарихы, тағдыры, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшелігі, жақсы қасиеттері жайлы  Ғ. Мүсіреповтің ой-толғаныстары тіпті көп.  «Қазақ» деген сөз түрік тілінен туған , бұл сөздің түп тамыры қасақы, қайсар ,мойымайтын,өз ырқынан  басқаға көнбейтін  деген  мағынада болуға тиісті» - деп жазады2.  Ресми тарихнама «қазақ» этнонимінің  шығу  тегі жайлы  әлі  нақты  шешімге  келген  жоқ. Тарихшылардың  көпшілігі  «қазақ» - деген  сөзді  еркіндікті, азаттықты  сүйетін  яғни  Мүсірепов  сөзімен айтқанда – қайсар, мойымайтын  деген  мағынаға  тоқталып  отырғандығын  айта  кету  керек.

«Қазақ халқы», - деп  жазған  екен  «Күнделігінде» ХІІ-ХІІІ ғасырдың  ішінде  Қытайдың  солтүстік  шығысынан бастап  Днепрге  дейін  көшіп  жүрді. Батыс Түрік , Шығыс  Түрік , Алтын  Орда, Ақ Орда, Көк  Ордалардың  бәрінде де  болды ... Тілі,  салты,  әдет-ғұрпы,  ескі  әдебиет  жұрнақтары,  ертегілері,  мақал- мәтелдері,  орамдылық,  орамсыздықтары  бәрі  бір. Не  үшін  қазақ  осы  күнге  дейін  ұлт  болмады  дейміз?  Қате  де, Обал?     Қазақ  халқы  мал  өсірген  көшпелі  ел; ғасырлар  бойындағы  мекені  осы  күнгі  Азия  даласы»3 – деген   Мүсіреповтің  тұжырымдарынан  қазақ  халқын,  тілін,  шаруашылық  түрін – мыңдаған  жылдар  бойы  тамырын  ғасырлар  тереңіне  таратып,  осынау  қазақ  даласынан  табан  аудармай,  дауылдармен  алысып,  тағдырлармен  қарысып,  өсіп-өркендеп  келе  жатқан  байырғы  халық  екенін  аңғару  қиын  емес.

Бұл  жерде  қазақ  этносының  түпкілікті  қалыптасуы  XIV - XV  ғасырлардан  да  әрі  жатыр  деген  методологиялық  тұжырымның  бүгінгі  күнде  де  мейлінше  өзекті  болып  отырғанын  айта  кеткеніміздің  еш  артықтығы  жоқ.

         Қазақ  халқының  шығу  тегі  жайлы  зерттеуінде  Ғ. Мүсірепов  беделді  тарихшымыз  Әлкей  Марғұлан  еңбектеріне  сүйеніп:  «Араб  жолаушысы  Әл-Фахиқ  жаңа  эрамыздың  ІХ ғасырында  Каспий мен Арал теңіздерінің  солтүстігінде  қазақ  деген  көп  ел  бар .Бұл тұстарда  Қазақ  көп  ел  болмаса  Шыңғыс хан  мен  Ақсақ Темірдің  қырғындарынан  кейін  Қасымханның  тұсында  миллионға  толмас  еді,300-400 мың  әскер де  шығара  алмас  еді» - деген  тұжырымын  алға  тартады4.

         Жалпы, Ғабит  Мүсірепов  қазақ  халқының  қалыптасуына  әсер  еткен  этникалық  процесстердің  түпкі  тамырларын  ерте  заманға  және  орта  ғасырларға  алып  барады. Ол  өз  зерттеулерінде  үйсін  және  солтүстігіндегі  динлин, батысындағы  қаңлы  елдерін  қазақтардың  атасы  санайды3,8. Ғ. Мүсіреповтің  динлин  деп  отырғаны  қыпшақтар  болуы  мүмкін. Өйткені  Қ. Салғараұлының  «Түрік  әлемі»  кітабындағы  қытай  деректерінде  үйсіндердің  солтүстік  көршісі  хушиө  Иуғн  патшалықтары  тұсында  жергілікті  тұрғындармен  сіңісіп,  чинца  яғни  қыпшақ  адамдары  болады – деп  жазады5. Негізінен  динлин  жғне  хушиө  көршілес  елдер  яғни  екеуі де  үйсіндердің  солтүстік  көршісі  болып  табылады. Сонымен  бірге  тарихшы  Л.Н. Гумилев  «Динлинская  проблема»  деген  еңбегінде  динлиндерді  қыпшақ  деп  атаған. Тарихшылардың  осы  еңбектері  Мүсіреповтің  тұжырымдарын  толықтыра  түседі. Жалпы,  халықтың  шығу  тегін  анықтағанда: өз  жерінде  отыр ма,  әлеуметтік, саяси, тілдік, мәдени  сабақтастығы  көріне ме –деген  сұрақтарға  жауап  беру  керек. Ғ. Мүсірепов  зерттеулерінде  бұл  сұрақтардың  жауабы  айқын  көрінеді. Ол  зерттеулерінде  сонау  үйсін, қаңлы  заманынан  қазірге  дейін  қазақ  даласын  мекендеген  тайпалар  мен  этностардың  сабақтастығын  көрсетіп  отырады. Үйсінді  ұлы  жүздің  атасы  деп , ал  кейбір   ғалымдардың  ғұндар  дәуірі,  түрік  қағанатының  дәуірі  деп  уақыт  жағынан  бірімен-бірін  кезектестіріп  әкелетініне  қарсы болып, оларды  заманы  бір  тұтас  елдер  дегенге  тоқталады.6 Ол  қазақ  халқын  жоғарыда  айтылғандай « Батыс  Түрік, Шығыс  Түрік, Алтын  Орда,  Ақ  Орда, Көк Ордалардың  бәрінде  де  болды. Әр  тұста  жайлап  жүріп, бағына  жүріп,  алыстай  жүріп, табыла  жүріп,  тілдерін  бұзбаған, әндерін  бұзбаған, әдет-ғұрпын  бұзбаған. Менің  ойымша  Керей-Жәнібек  тұстарында  бастары  қосылған  қазақ  елі  Қасым  мен  Тәуке  арасында  ұлт  болып  қалыптасқан. Осыған  қарап  қазақ  жалпы  ұлт  бола  алған  жоқ  деуге  болмайды. Қазақтың  тұрақты  мекені  бар. Бүгінгі  жері  сол  ескі  мекен, Азия, Азия  топырағы, Азия  суы, Азия  аспаны, Азия  кеңдігі»- деп  жазады.3,16 Ұлы  жазушының  қазақ  халқының  тұтастығы, ұлттық  ерекшелігі  жайлы  пікірлері  байыпты,  дәлелді- әдебиетшілер  үшін де, тарихшылар  ұшін де  қажет  топшылаулар  болуға  тиіс. Бұл  топшылаулар  тұтас  бір  халықтың – қазақ  елінің  өмір  тіршілігін, тарихын  ұзақ  уақыт  зерттей  келіп  түйген  ойдың  жемісі  болса  керек.

            Ғабит  Мүсірепов  өткен  тарихтан – дерек  қана  емес, Орхон  ескерткіштерінің  сырын, тағзым  жасау  мұратын да  көздеген. Білге қаған мен Күлтегіннің; Тоныкөктің биік тұлғасын дәріптеп, негізінде оларды қыпшақ қағандары, қыпшақ қолбасылары, ал қашаннан бері түркі қағанаты деп келгеніміз қыпшақ мемлекеті екен. Орхон-Енисей жазулары тасқа қыпшақ қолымен түсірілген» - деп пайымдайды. Сонымен қатар «Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың VІ ғасырында құрылған. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ, сияқты әлденеше тайпалар болғанымен тілі бір. Үш Тулы қыпшақ деп те аталады» - деген. /6, 119/  Бұл жөнінде белгілі түркітанушы ғалым Қ. Сартқожаұлы өзінің еңбегінде «...үш баулы қыпшақтар, тоғыз-оғыз, он-оқ түргештер – осы алтауы бірлікте, ынтымақта болған кезеңдерде айбынды қағанат орныққан»/7/. Қағанаттың билеуші тайпасы қыпшақтар екенін де жазған. Сонымен бірге белгілі қоғам қайраткері, ғалым М. Жолдасбекұлының пікірі де «Біз тарихқа, тастардағы жазуға қарап отырып, осыны жазып қалдырған, орнатқан кімдер екен дегенге ден қойдық. Ол қыпшақтар деп байлам жасадық. өйткені түрік империясын құрған қыпшақтар, он оқ (үйсін, дулат), қаңлы, түргеш, басмыл, қарлұқ, сегіз-оғыз, (найман), тоғыз-оғыз (керей), арғу(арғын), қият, қай, таз, әлім, шекті, , адай өзге де рулар қазақ халқының этностық ұйытқысына, мәйегіне айналды» /7,4/. Міне, осындай зерттеулер Мүсірепов тұжырымдарының  дәйектілігін, дерекке сүйене айтқандарын дәлелдей түседі.

         «Арғы замандарда қазақ атының іздері, барлық түрік нәсілдес елдермен бірге Қытайдың Шығыс жақ бетінде де қалған – дейді қаламгер – «Түрік батыры – Құтлұқ 679-693жж. арасында Қытай империясына қарсы көтеріліс жасаған. Сол тұста айтқан Құтлұқ батырдың бір сөздері тарих бетіне түскен. Ол сонда былай деген екен: Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды, қандай таза сұлу әйелдеріміз күң болып қалды! Біз бұларға елу жылдық еңбек күшімізді бердік! Біз Қытайға басқа мемлекеттерді жеңіп бердік. Біз мемлекеттік халық едік, қайда сол мемлекетіміз? Біз қағаны бар ел едік, қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлықта отыра бергенше өзімізді өзіміз құртайық, қырылайық!» - депті. Осы ерлік сөздердің логикалық тебіренісінде маған қазақ үні де естіледі»/3,155/. Бұл тұстарда қаламгердің қазақ этногенезінің тамырын тереңге апарып және тарихтың қайта айналып келгенін яғни өзі өмір сүрген заманда тап Құтлұқ батырдай толғанғаны көрінеді.

   Ғ.         Мүсірепов Тарихқа,  тәжірибеге  ден  қойған. Орхон- Енисей  жазбаларын  «.... бұл  өскен  тілге  тән  көркем  әдебиет  тілі, әрі  шешен, әрі  көркем  сөйлей  алатын  халықтың  тілі. Будандаспаған, сыртқы  әсерден  таза  тіл,  деп   сипаттама  беріп, VІ ғасырда  осындай  дәрежеге  жеткен  тілдің  түп  тамыры  жаңа  жыл  қайырудың  әр  жағында,  ой  жетпес  әріде  жатпақ» - деп  нақтылайды.6,92

Жалпы, Ғабит  Мүсірепов  қазақ  тілінің  тарихына  басты  назар  аударған. Ол  «қазақ  тілін  орта  ғасырдың  бас  жағында  құралған»- дейді./6,37/Сонымен  қатар  қазақ  тілін  әзірбайжан,  өзбек,  түркімен,  қырғыз,  тәжік,  татар,  башқұрт  тілдерімен  салыстыра  зерттей  отырып,  туған  тілінің  өзіндік  ерекшелігін,  қадір- қасиетін  айқындайтын  жазушының  ғылыми  тұжырымдары  аса  бағалы. Мүсірепов  «Қазақ  тілі  түрік  тілінің  төл  тумасы» - деп  есептейді  және  «Түркі  тілдері  Орта  Азия  халықтарының  қазақ  тілінен  басқасында  басқа  тілдердің  әсері, қоспасы  бар.  Өзбек  тілінде  Хорезм, Соғды- тәжік  тілінің,  араб  тілінің  әсері де  қоспасы  да  күшті. Әзірбайжан, түркімен, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт  тілдерінің  бәрінде  осылай. Бір  кезде  Моңғол  үстемдігі  кезінде, Орта  Азияда  Қарлұқ- Ұйғыр  тілі- мемелекет  тілі  болған. Қазақ  тілінде  мұның  да  әсері  жоқ.

Біз,  Сыр  бойындағы  елдер,  Шымкент,  Әулие  Ата  т.т,  Ташкент, Қоқан, Хиуаға  қарады. Сонда да  тілі  бұзылған  жоқ...»/2,463/

Ғабит  Мүсірепов  қазақ  халқының  басынан  қандай  аласапыран  замандар  өтсе  де, өз  сөзімен  айтар  болсақ, «Сонша  быт-шыт  болған  кездері  бола  тұрса да, шаруашылық  түрі,  тілі,  мінезі,  кәсібі,  ойын- күлкісі,  құмары  мен  безінері  т.т.  бір,  бұзылмаған. Ұлттық  нышанға  кіретін  тіл, экономика,  т.т.  сақталған,  тұтас,  бір... »  /3,17/- дегенде бізді қазіргі таңда «аласапыран  замандардан» сақталып келген ана тілімізді бейбітшілік заманда жоғалтып алмасақ екен деген ой мазалайды.

   Жалпы, Ғабит  Мүсірепов  еңбектерінде  ғылыми  тұжырымдармен  қатар,  әдеби-көркемдік  тұстар да  жиі  кездеседі. Әрине, бұл  жерде  оның  кәсіби  тарихшы  емес  екендігін де  ескеруіміз  қажет. Алайда,  біз  оның  пікірлерін  тарихшылардың  ғылыми  тұжырымдарымен  салыстыра  отырып  зерттедік.

Сонымен  Ғабит  Мүсіреповтің  ұлылығы  тек  жазушылықта  емес,  ұлттық  ой- санаға  қосқан  еңбегінде де,  ол  зарлы  заманды да,  келешегі  үміт  күттірген  келелі  заманды да  қатар  көріп,  ой-сана  елегінен  өткізіп,  жүрегінде  қорытылған  ойларын   ұрпағына  аманат  етті.

Ғабит  Мүсіреповтің  қазақ  халқының  арғы- бергі  тарихына  байланысты  ой-пікірлер  зерттеулері  аса  бағалы.  Демек  өткен  тарихты  қайта  қарап,  жаңа  уақыт  талаптары  тұрғысынан  танып-талдап,  зерделеу  ісіне  батыл  бет  бұрған  қазіргі  кезеңде  бұл  жайттардың  маңызы  арта  түседі. Әсіресе, оның  тарих  толқыны  мен  тағылымына  ден  қоюы,  кеше  мен  бүгін  байланысына  маңыз  беруі-  қазіргі  кезеңде де  аса  мәнді

 

 

Әдебиеттер  тізімі:

 

1.   Кәкішев Т. Ескірмейді  естелік. – Алматы: Жазушы, 1994 – 262 бет.

2.   Мүсірепов Ғ. Тұтқын  қыз: Повестер  және  ой-толғамдар. Дайындаған Ғ. Нарымбетов. – Алматы: Балауса, 1993 – 460 бет.

3.   Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана  тілі 1997 – 15 бет.

4.   Мүсірепов Ғ. «250 жыл  бірге»// Білім  және  еңбек. 1981  № 10.  2 бет.

5.   Салғараұлы Қ. Түрік  әлемі. Тарихты  қайта  пайымдау. Астана: Елорда. – 2000. – 429 бет

6.   Мүсірепов Ғ. Ой-сезім  сәттері. – құрастырған  С. Дәуітұлы – Алматы: Жалын  1996. – 91 бет.

7. Жолдасбеков М., Сартқожа Қ. Алтын  арқаулы  асыл  мұраЕгемен  Қазақстан 2005 – 28 мамыр 4 бет.

 

Резюме

      В статье рассматриваются исследования писателя Г. Мусрепова об

этногенезе, культуре, письменности казахов.

Rezume

      This article is devoted to the investigation of the writer of G. Musrepov about the entnogenes, culture and manuscripts of Kazakh people.