Тіркелу   Забыли пароль?


2012/1. 5-9 б. Әбдірәсілова Л.Ә. «Жазба деректерді жариялау мәселелері». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Жазба деректерді жариялау мәселелері

 

Ләззат Әбдірәсілова

Археография және деректану ұлттық орталығының директоры

 

Әдетте «археография» жазба тарихи деректерді шығарумен айналысатын арнаулы тарихи-ғылыми пән деген ұғым қалыптасқан. Археография филология, деректану, палеография, мәтінтану, дипломатика, мұрағаттану және басқа гуманитарлық пәндермен тығыз байланысты. Соған қарамастан қолданбалы түрдегі археография жоғарыда аталған арнаулы пәндерден гөрі тарих ғылымының дамуына едәуір ықпал етіп келеді. Бұл археографияның тарихшылар үшін «сарқылмас қор» ретінде тарих ғылымының деректік базасын толықтырумен айналысатындығымен ғана байланысты емес, сондай-ақ жазба деректердің оқырман қауымға эмоционалдық тұрғыда әсер ете отырып, дәуірлердің қайталанбас ерекшелігін жеткізетіндігімен және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты сезінуге мүмкіндік беретіндігімен де байланысты. Міне сондықтан да құжаттық жарияланымдардың оқырмандары қатарында тарихшы мамандар ғана емес, тарих пәнімен кәсіби түрде шұғылданбайтын адамдардың да болуы нақты тарихқа деген қызығушылықпен түсіндіріледі.

Қазақстан тарихына қатысты құжаттар жарияланымының шамамен екі ғасырлық тарихы бар. Орта Азияның тарих және этнография саласындағы А. И. Левшин, Я. В. Ханыков, В. В. Вельяминов-Зернов, В. В. Григорьев, И. И. Крафт, В. Н. Витевский, А. И. Добросмыслов, А. Е. Алекторов, Г. Н. Потанин, Н. Я. Коншин, А. Н. Бөкейханов, т.б. сияқты өз заманының көрнекті ғалымдары ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басында Мәскеу, Орынбор, Астрахан және Омбы мұрағаттары қоймаларын алғаш рет зерттеді. Олар тапқан материалдарын өз еңбектерінде табысты пайдаланды және қазақтар туралы кейбір тарихи құжаттарды Петербургтың астаналық және аймақтық баспасөздерінде жариялады.

Қазақстандық археография 1930 жылдың бас кезінде Қазақ Орталық мұрағат қызметкерлері дайындаған көлемі жағынан аса үлкен емес құжаттық басылымдар жарыққа шыққан уақыттан бастау алады. Қазақстандық тарихшылар мен мұрағатшылар бірлесе отырып, осы уақыттан 1980 жылдың соңына дейін 100-ден астам құжаттар жинағын дайындады. Қазақстанда ғана емес, бүкіл КСРО-да деректанудағы маңызды оқиғалардың бірі «Материалы по казахскому обычному праву» (1948), «Материалы по истории политического строя Казахстана» (1960) жинақтарында, әсіресе, қазақстандық тарихшылар мен мұрағатшылардың құрастырған «Казахско-русские отношения в ХVІ-ХІХ веках» (1961-1964) атты 2 томдық еңбегінде төңкеріске дейінгі кезеңдегі мұрағат құжаттарының жариялануы болды. Археография тұрғысынан қарағанда, мұндай дүние бұрын-соңды болған емес және бұл ғылыми сипаттағы қазақстандық алғашқы құжаттар мен материалдар жинағы болды. Қазақстандық тарихшыларды Қазақстан тарихының ауқымды мәселелері бойынша қажетті ақпаратпен жүйелі археографиялық қамтамасыз етуде осы және басқа да құжаттық жинақтар маңызды рөл атқарды және арнаулы тарихи және тарихи-этнографиялық зерттеулердің қарқынды дамуына да ықпал етті.

Сонымен қатар аталған кезеңдегі тарихи деректерді жинау және зерттеу процесі тарихи зерттеулердің деректану және археография базасының жай-күйіне, отандық тарих пен этнография саласындағы ғылыми білім мазмұнына және кәсіби тарихшылар мен археографтар еңбегінің сипатына терең із қалдырған тоталитарлық режимнің кереғар қысымымен жүргізілді. Сондай-ақ көптеген жылдар бойғы идеологиялық тыйым мен шектеудің және елдің жекелеген әлеуметтік топтары мен тұтастай халқына қарсы кеңестік мемлекеттің саяси қуғын-сүргінінің салдарынан одақтық орталық және қазақстандық мұрағаттарда жатып қалған  ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың отарлауға қарсы қозғалысының тарихына қатысты құжаттық материалдардың орасан зор қоры тарихшы мамандар үшін іс жүзінде жабық болды. Кеңестік партиялық-мемлекеттік жүйенің тотальдық идеологиялық қадағалауы қазақтар мен өзге республикалар халықтарының бастан кешкен қайғы-қасіреті мен ерлігін тарихи жадынан тұтастай жоюға шамасы келген жоқ, дегенмен Қазақстан тарихының отарлау және кеңестік дәуірі туралы ғылыми білімін өзгертуге ықпал етті. Бұл, әсіресе, ресейлік шексіз билік пен тоталитарлық режимнің әр түрлі қылмыстарына көптеген жылдар бойы көңіл аудармауда, сондай-ақ өткен ғасырдың 50-70 жылдарындағы кеңестік ғылыми әдебиеттерде кең өріс алған және бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің гуманитарлық жарияланымдарында әліге дейін орын алатын бұрынғы КСРО халықтарының тарихи дамуындағы олардың рөлін ашықтан-ашық дәріптеушілігінде көрінеді.

Гуманитарлық ғылымдардағы ресми идеологияның ғасырлар бойғы тотальдық үстемдігі бұрынғы КСРО-ның зиялы қауым өкілдерінің көпшілігін тарихи дерек пен тарихи фактіге деген немқұрайдылыққа алып келді. Мұның салдары олардың кейбіреулерінің ғылыми кітапханалар мен мұрағаттардағы тарихи шындықты іздеудегі көп жылдық зерттеу жұмыстарын этникалық алалықтар мен мессиандық көңіл-күймен шектелетін арзанқол болжамдар мен мифологияға айырбастауға алып келді. 

Қазақстанның егемендік саяси мәртебе алған алғашқы жылынан бастап-ақ қоғам мен мемлекетте жаңа тарихи деректерді іздеп табу және оларды әр түрлі тақырыптық жинақтарда басып шығару процесі толыққанды тарихи зерттеулердің пайда болуына және ел азаматтарының отаншылдық сезімі мен ұлттық бірлігін қалыптастыруға қажетті шарттар болып табылады деген нақты түсінік қалыптаса бастады. Бұл Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатындағы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы қарқынды археографиялық ізденістерде көрініс тапты. Олар аз уақыт ішінде Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихының ең өзекті және зерттелмеген аспектілеріне арналған бірқатар арнаулы тарихи-құжаттық жинақтар дайындап, жариялады. Осы жарияланымдардың ішінде мынадай тарихи құжаттардың ірі кешенді басылымдарын атап өткен орынды: «Национально-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова» (1996), «Из истории немцев Казахстана. 1921–1975 гг.» (1997), «Политические репрессии в Казахстане в 1937–1938 гг.» (1998), «Грозный 1916 год» (В 2-х т., 1998), «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане 1931–1933 гг.» (1998), «Из истории поляков в Казахстане. 1936–1956 гг.» (2000), «История Букеевского ханства. 1801–1852 гг.» (2002), «Страницы трагических судеб. Сборник воспоминаний жертв политических репрессий в СССР в 1920–1950-х гг.» (2002), «Исатай-Махамбет. 1801–1848 гг.» (2003) және т.б.

Осы археографиялық тәжірибе Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының дүниеге келуімен ерекше мәнге ие болды. Аталған бағдарлама аясында шетел мұрағаттарындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттық деректерді анықтау және оларды көшірмелеу кең ауқымда жүргізілді. Сонымен қатар «История Казахстана в западных источниках XII–XX вв.», «История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков», «История Казахстана в персидских источниках», «История Казахстана в арабских источниках» сияқты құжаттар мен материалдар жинақтары көп томдық сериямен жарияланды.

Осылайша Қазақстанда тәуелсіздік жылдарындағы тарихшы-мұрағатшылар мен кәсіби зерттеуші ғалымдар тобының мақсатты ыждағатты  еңбектерінің арқасында ұлттық тарих ғылымын дамытатын мықты археографиялық база құрылды. Жасалған жұмыс барысында тарихи деректерді анықтау, жинау және өңдеуде қажетті тәжірибе жинақталды, оларды одан әрі эвристикалық іздестірудің басым бағыттары нақты белгіленді және жазба ескерткіштерді негізгі басылымдарда жариялауды жалғастыру үшін тарихи деректерді іріктеу өлшемдері анықталды.

Дей тұрғанмен соңғы он жылдықтағы қазақстандық археографияның қол жеткен жетістіктері Еуропа елдерімен салыстырғанда елдің археография қорының әлі де кенже қалғандығын жоққа шығармайды, жаңа және қазіргі заманғы отандық тарихтың көптеген өзекті мәселелері осы күнге дейін құжаттық жарияланымдармен қамтамасыз етілмеген. Осы мәселелер 2005 жылы негізгі міндеттерінің бірі тарихи деректерді жариялау болып табылатын «Археография және деректану ұлттық орталығын» құруға себеп болды. 2011 жылы Археография және деректану ұлттық орталығы XVIII ғасыр және XX ғасыр басындағы Қазақстан тарихына арналған үш кітапты жарыққа шығарды.

Халықаралық ғылыми практикада тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізудің екі жолы бар: біріншісі жекелеген тақырыптық құжаттар жинағын шығару, ал екіншісі мұрағаттық құжаттарды арнайы альманахтар мен журналдарда жариялау. Екінші жол ғылыми және оқырман қауымды өзінің көлемінің шағындығымен және бірқатар себептерге байланысты тақырыптық құжаттар жинағы ретінде ғылыми айналымға енгізілуі екіталай тың деректермен танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарияланатын деректердің әр түрлі жанрлығы мен хронологиялық аясының ауқымдылығы барша оқырман қауымның басылымға деген қызуғушылығын арттырады. Осы тектес басылымға Ұлттық орталықтың шығарған «История Казахстана в документах и материалах» атты альманахы жатады. Альманахтың І шығарылымында Қазақстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттік мұрағаттары қорларынан алынған XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты сирек зерттелген материалдар жарияланған. Жарияланған құжаттар құрамы этнографиялық очерктер, халықтық салт-дәстүрлерге сипаттама, сирек кездесетін карталар, қазақ әліпбиін латыншаға көшіру туралы 1920-30 жылдардағы пікірталастар  материалдары және басқалардан тұрады.

Екінші кітап – «Археология Семиречья. 1857–1912 гг.» құжаттар жинағы археология тарихы бойынша Қазақстанда ғана емес бұрынғы кеңестік кеңістіктегі төңкеріске дейінгі құжаттық материалдардың тұңғыш жарияланымы болып табылады. ТМД елдерінің ірі ғылыми кітапханалары мен мұрағат қоймалары қорларында  қордаланған XIX ғасыр ортасы мен XX ғасырдың басындағы Жетісу археологиясына қатысты көптеген қолжазба материалдар соңғы жылдарға дейін  археолог мамандар мен тарихшылардың назарынан тыс қалып жүрді. Оларға қазақ жерінің аумағында мақсатты археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген Түркістан өлкесіндегі түрлі шенеуніктердің әр түрлі уақыттардағы қызметтік хабарламалары, рапорттары, күнделіктері, тақырыптық жазбалары, очерктері мен мақалалары, осы жерде табылған мәдени мұраларды зерттеу және сақтау мәселелері жөніндегі ведомство аралық хат алмасулар, әр дәуірдегі зерттелген материалдық ескерткіштердің сызбалары мен суреттерінің, жартастарда бейнеленген тас мүсіндер суреттерінің түпнұсқасы жатады. Көптеген материалдық ескерткіштердің табиғи жолмен біртіндеп бұзылуын немесе күшпен жойылуын және «жабайы археологтардың» олардың ұқсас артефактарын бей-берекет тонауларын ескерсек, кеңестік дәуірге дейінгі құжаттық деректерде қазіргі заманның кәсіби зерттеушілері үшін ғылыми-практикалық маңызы бар Жетісудың ежелгі және ортағасырлық археологиялық объектілерінің орналасқан жері мен өткен жай-күйі туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Осыған байланысты шығарылған тарихи құжаттар жинағы жіберілген олқылықтар орнын толтырады деп танылуда. Жинақта Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (Алматы қаласы), РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының Ғылыми мұрағаты (Санкт-Петербор қаласы), Мәскеу, Санкт-Петербор және Алматы қалаларының кітапханалары қорларынан табылған XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Жетісу археологиясының тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар мен материалдар тұңғыш рет жарияланып отыр.

Үшінші кітап – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Жетісу тарихындағы қайғылы оқиғаға – төрт бірдей күшті жер сілкінісіне арналған «“И вздрогнула земля…”: Из истории землетрясений в Семиречье. 1885–1912 гг.» атты құжаттар мен материалдар жинағы.

Жинақ төрт бөлімнен тұрады: 1) 1885 жылғы 22 шілдедегі Беловодтағы жер сілкінісі, 2) 1887 жылғы 28 мамырдағы Верныйдағы жер сілкінісі, 3) 1889 жылғы 30 маусымдағы Шелектегі жер сілкінісі, 4) 1910 жылғы 22 желтоқсандағы Кеміндегі жер сілкінісі. Жинақта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Кинофотоқұжаттар мен дыбысжазба орталық мемлекеттік мұрағаты (Алматы қаласы), Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты (Мәскеу қаласы), Орыс географиялық қоғамы мұрағаты, Ресей ұлттық кітапханасының (Санкт-Петербор қаласы) және Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық кітапханасының (Ташкент қаласы) қолжазбалар бөлімі қорларынан алынған құжаттар жарияланған. Сондай-ақ төңкеріске дейінгі мерзімдік басылымдар – «Туркестанские ведомости», «Русский Туркестан», «Семиреченские областные ведомости» және басқа да газет беттерінде жарияланған мақалалар берілген.

Жинақтың өзектілігі сол, табиғи апаттар орны, қирау деңгейі, жер бетінің қозғалыс детальдары туралы құжаттық мәліметтер ғалымдарға аймақтың сейсмологиялық картинасын елестетуге мүмкіндік береді, жер сілкінісін болжау әдістемесін әзірлеуге ықпал етеді. Сонымен қатар кітап төтенше жағдайлар саласындағы мамандар, басқарушылар, психологтар үшін, сондай-ақ оның тақырыбына қатысты барша оқырман қауым үшін де практикалық қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

Ұлттық құндылық деп танылған тарихи құжаттарымызды халық игілігіне жаратуы тиіс және оларды ғылыми айналымға енгізу – біздің міндетіміз.