Тіркелу   Забыли пароль?


2011/2-3. 4-13 б. Әбдірәсілова Л.Ә., Төлебаева Ж.М. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ізденістер нәтижелері». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




«МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ІЗДЕНІСТЕР НӘТИЖЕЛЕРІ

 

Жұлдыз Төлебаева

т.ғ.д., Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті аймақтану кафедрасының профессоры.

Ләззат Әбдірәсілова

Археография және деректану ұлттық орталығының директоры

 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел кітапханаларының қолжазба қорларына, атап айтқанда Англия (Bodleian Library; British Library), Франция (Bibliothegue nationale de France), Испания (Biblioteca Nacional), Италия (Biblioteca Nazionale Centrale Firenze), Ватикан (Biblioteca Apostolica Vaticana), Германия (Staatsbibliothek zu Berlin) қолжазба қорларына бірнеше археографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Экспедицияның негізгі мақсаты қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты жазба деректерді анықтау, есепке алу, зерттеу және насихаттау болып отыр. Экспедиция нәтижесінде қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерден тұратын шығыс қолжазбаларының микрофильмдері анықталып, әкелінді.

ХІІІ ғасырға дейінгі мұсылман әлеміндегі діни және ғылыми әдебиеттерде араб тіліндегі шығармалар басым болғандығын атап өткен орынды. Бізге жеткен монғолдарға дейінгі кезеңдегі парсы тілді жазба ескерткіштер негізінен араб тілді шығармалардан аудармалар мен компиляциялар болып келеді. ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап араб тілі Орта Азияда негізінен құдайға құлшылық ету және діни әдебиет тіліне айналды. Оның орнына поэзия, тарихнама, кеңсе және көркем әдебиет тілі ретінде парсы тілін қолдану кеңірек орын алды. Бұхара және Қоқан хандықтарында парсы тілі мемлекеттік іс жүргізу және мәдениет тіліне айналды және осы аймақта ХХ ғасырдың басына дейін қолданылды.      

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорында сақтаулы қазақ халқының тарихына қатысты құнды деректерден тұратын парсы тілді шығармалар, микрофильмдер іріктеліп алынды. Мақаламызда Орта Азияда және соған шектес жатқан елдерде жазылған, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты толық та құнды деректерді қамтитын осы парсы тілді жазба ескерткіштерге сипаттама береміз.

I. Берлин мемлекеттік кітапханасы (Staatsbibliothek zu Berlin, Orientabteilung).

1) Матла‘ ас-са‘дайн ва маджма‘ ал-бахрайн (Екі шоқжұлдыздың шыққан және екі теңіздің қосылған жері). Шифр: Ms. orient. Oct. 3404, 358бб.

Шығарманың жазылған уақыты: Еңбек 875/1470-71 жылы аяқталған.

Автор жайында мәлімет: Шығарманың авторы Камал-ад-Дин Әбдіразақ Самарқанди 816/1413 жылы Гератта туған. Оның әкесі Шаhруhтың тұсында әскери қази және имам болған. Шаhруhта қызметте жүргенде, Камал ад-Дин Әбдіразақ Самарқандиді 13 қаңтар 1442 жылы Гераттан Оңтүстік Үндістанға елшілікпен бірге жібереді, осы қызметте жүргенде Калкутта, Мангалур, Билур (Беднур) қалаларында, портты қалалар Боканур, Хинаварда, Виджаянагар князьдігінде болады. 1444 жылы 27 желтоқсанда Хорасанға қайтып келеді. Бұл саяхат туралы мәліметтер оның  екінші томында баяндалады.

850/1446 жылы Шаhруh оны дипломатиялық тапсырмамен Гиланға жібереді. 867/1463 жылы Сұлтан Әбу Са‘ид Гератта оны Шаhруhтың дәруіштерінің (ханака) шіркеуіне шейх етіп бекітеді. Камал ад-Дин Әбдіразақ Самарқанди Гератта 887/1482 жылы дүние салған1

Құрылымы және мазмұны: «Матла‘ ас-са‘ дайн ва маджма‘ ал-бахрайн» шығармасы екі томнан тұрады.

Бірінші том 31 тараудан тұрады, Улжейтудың баласы ильхан Әбу Са‘идтың туған кезі 704/1305-1306 жылдан бастап, Әмір Темірдің қайтыс болғанына дейін және Әмір Темірдің немересі Халил сұлтанның (1405-1409) Самарқанда 807/1404-05 жылы таққа отырғанына дейінгі кезеңді қамтиды. Шығарманың бірінші томы 871/1466 жылы аяқталған.

Екінші том Әмір Темірдің баласы Шаhруhтың 807/1404-05 жылы Гератта таққа отырған уақытынан бастап, Әбілғазы Сұлтан-Хұсейіннің 875/1470-71 жылы екінші рет таққа отырған кезеңіндегі оқиғаларға арналған. Шығарманың екінші томы 875/1470-71 жылы аяқталған.

Қазақ тарихына қатысты дерек ретіндегі құндылығы: Әбдіразақ  Самарқандидің шығармасы ерекше құнды деректердің бірі, себебі мұсылман елдерінің тарихына қатысты ерекше мәліметтерден тұрады. Бұл еңбекте басқа деректерде жоқ, жан-жақты толық мәліметтер келтірілген.

Әбдіразақ Самарқандидің айтуынша, Шаhруh пен Ұлықбектің Шейх Нұр ад-Динмен күресі жылдарында (1400-1410) Өзбек ұлысын Шыңғыс оғлан билеп-төстеп тұрды. Оны Тоқтамыстың баласы Жаббарберді 1416 жылдың бас кезінде тақтан тайдырған.

1418-19 жылы Өзбек ұлысының билігіне Койричак-оғланның баласы Барақ оғлан мен Тукай Темірдің ұрпағы Ұлық Мұхаммед (шығыс деректерінде Мұхаммед хан) таласқан. Аяғында Ұлық Мұхаммед жеңеді. Барақ Самарқанға қашып барып Ұлықбек мырзаның сарайын паналайды. Ұлықбек мырза оған қарулы күш қосып, Өзбек ұлысына жібереді. Бірақ Барақ оғлан Ұлық Мұхаммедтен тағы да жеңіліс тауып, ұзақ уақыт Дешті Қыпшақтың төңірегінде қаңғып жүреді.

1420 жылы қыркүйек айының орта шенінде Самарқанға Барақ Суфи оғланның елшісі келіп, Ұлықбекке жыртқыш аңдардан, ақсұңқардан, сәйгүліктерден және асыл тастардан тұратын қымбат сыйлықтар тарту етеді.

Бүліктер мен Са‘ид Ахмедтің, Кичик Мұхаммедтің, Барақтың айналасына біріккен көшпелі шонжарлар өкілдерінің Дешті Қыпшақтың билігі үшін тоқтаусыз жүргізген күресінен Ұлық Мұхаммедтің билігі ұзаққа бармады. 1423 жылы Барақ осы жағдайды пайдаланып, Ұлықбек мырзаның жәрдемімен ұлыстың билік тізгінін қолына алады.

Барақ оғлан өзге де қарсыластары Тоқтамыстың баласы Кепек (Худадал) ханмен шайқасып, нәтижесінде оны да жеңіп шығады. Әбдіразақ Самарқандидің айтуынша, Барақ оғлан 1422-23 жылдары ұлыстың көп бөлігін иемденген. 1428-29 жылы Моғолстандағы Сұлтан Махмұт оғланмен болған шайқаста  Барақ оғлан қайтыс болады.

«Матла‘ ас-са дайн ва маджма‘ ал-бахрайнда» Әмір Темірге қарсы күресте Тоқтамыс ханның Камар ад-Динмен одақтасқаны жайында мәлімет бар.

Көшпенділердің, әсіресе, көшпенді феодал шонжарларының өмірінде маңызды орын алған әскери олжа үшін шапқыншылықтар жиі болып тұратын және ол өмір сүру кәсібіне айналған. Әбдіразақ Самарқанди ‘Абд ал-Латифтің (1449-1450) билігі кезінде болған оқиғаларды баяндай отырып: «Оған дейін жыл сайын қыс кезінде өзбектің жасақтары Мауараннаhрға қарсы шабуыл жасап, сонымен қатар Бұхара мен Самарқанға 5 фарсах (30-35 км) жетпей бұл аудандарға ойран салып, тұрғындардың дүние-мүліктерін тартып алып, көптеген адамдарды тұтқынға алып кетіп отырған», – деп жазады. Автордың айтуынша, ‘Абд ал-Латиф мемлекеттің шекарасын мықтап бекіткені сонша, өзбектер бұл қалаларға 100 фарсах жерге дейін жақындай алмаған [б. 362 а].

1406 жылдың басында Әмір Темір дүниеден озғаннан кейін, Едіге (Идику) әл-умар Шәдібек әмір (1400-1407) Хорезмді басып алады. Мусака әмір қашып кетеді, Едіге Хорезмнің билеушісі етіп Инка әмірді тағайындайды, ал Болат ханның кезінде (1408-1410) Инканың орнына Кальжа отырады [б. 247б]. 1410-11 жылы Хорезмді Едігенің жас баласы Мүбәрак шах  билейді [б. 248а].

1408-09 жылы Шаhруh Халил Сұлтанды жеңіп, Мауараннаhрға өзінің билігін орнатты. Осы жеңіске байланысты әуелі Самарқанда, содан кейін Гератта үлкен мереке ұйымдастырылады, оған Хорезмнен Едіге өзінің атынан және Болат ханның атынан елшілер жіберіп, осы мерекеге  атсалысқан  [б. 234б-235а]. Әбдіразақ Самарқандидің айтуынша, Шаhруh елшілерді үлкен құрметпен қарсы алған, олармен бірге Хорезмге және Дешті Қыпшаққа Хасан әмірдің басқаруымен Шаhруhтың елшілері жіберілген. Гераттық елшілермен бірге Болат ханға, Едігеге және Жошы ұлысының сарайында сахибихтияр қызметінде істейтін Едігенің үлкен ағасы Исабекке сыйлық керуені жіберілген. Сонымен бірге Шаhруh Едігеден өзінің қызын Мұхаммед Жукке тұрмысқа беруге келісімін сұраған. Құда болу фактысының өзі екі мемлекеттің өзара тату-тәтті көршілік қарым-қатынас орнатуға ұмтылғанын көрсетеді.

1410-11 жылы көктемде Шаhруhқа Абакан таваджи келеді. Ол Шаhруhқа Едігенің сыйы мен хатын табыс етеді. Едіге өз хатында Шаhруhтың жоғарғы билігін мойындауға дайын екендігін және оны өзінің әміршісі екендігін ашық жариялаған [б. 240а].

Болат ханның (1410-11 жылы) қазасынан кейін Жошы Ұлысының тағын Темір хан иемденеді. Әбдіразақ Самарқандидің баяндауынша, Едіге 1411-12 жылы Хорезмге қашып кеткен. Едігенің соңынан қууға Темір хан Уджук баhадүр мен Газанды жібереді, олар оны Сам аймағында қуып жетеді [б. 247 б]. Едіге шайқасқа шықпастан Үргенішке қашып барып, ол  жерде 6 ай бойы қоршауда отырады.

Осы кезде Дешті Қыпшақта кезекті мемлекеттік төңкеріс болады. Тоқтамыстың баласы Жалал ад-Дин сұлтан Темір ханды тақтан тайдырып, ол да Едіге секілді Хорезмге қарай қашады. Жолда Темір хан өз нөкерлерінің бірінің қолынан қаза табады.

Жалал ад-Диннің нұсқауымен Уджук баhадүр мен Газан Едігемен келіссөз жүргізеді де, Едіге олардың қойған бейбіт шартымен келіседі. Шарт бойынша Жалал ад-Динге міндетті түрде бағынуы керек және оның сарайына өзінің бір баласын жіберуі тиіс болатын. Газан бейбіт келісім жасасқаннан кейін, Дешті Қыпшақ жаққа қарай аттанады. Бірақ Жалал ад-Дин көп кешікпей Едігемен болған бейбіт келісімді бұзып, оған қарсы Куджулаяның басқаруымен үш мың жасақты жібереді. Едіге Үргеніштен шығып Куджулаяның жасақтарын тас-талқан етіп жеңеді. Едігенің қолына бір мыңға жуық адамдар тұтқынға түсіп, аса мол олжаға кенеледі. Тұтқындарды шынжырлап, Үргеніштің тұрғындарына бөліп береді де, оларды өлім жазасымен қорқыта отырып, тұтқындарды асырауға және күзетуге мәжбүр етеді. Мұның барлығы Хорезм тұрғындарының наразылығын туғызады.

Хорезмдегі оқиғалардың мән-жайын бақылап отырған Шаhруh діттеген мақсаты бойынша қолайлы сәтті пайдаланып, 1412-13 жылы сол жаққа қарай арнайы жасақтарын жібереді [б. 248а]. Тек бір жылдан кейін ғана, 1413-14 жылы Шахмәлік Хорезмнің шонжарларын өзіне қаратып, Мүбәрак шах пен оның жақтастарын қуып шығады. Осы уақыттан бастап Хорезм қайтадан Тимуридтер мемлекетінің құрамына еніп, жоғарыда аталған Шахмәлік әмір билеушісі болып тағайындалады, 1425-26 жылы ол қайтыс болғаннан кейін хан тағына Шахмәліктің баласы Ибраһим әмір отырады.

1425-1426 жылдардағы оқиғаларды сипаттай отырып: «...Биылғы жылдың оқиғасы – Гийас ад-Дин Шахмәлік әмірдің қаза табуы, ол бұл жалғаннан әлдеқайда жақсы, шапағатты өмірге көшті. Ұлы мәртебелінің [Әмір Темірдің] оған деген пейілінің кеңдігі сонша, былай деп бұйырған: «Бағындырылған елдерден [Шахмәлік] қандай да бір аймақты қаласа, сол аймақ оның суйурғалы болып табылады», – деп жазады Әбдіразақ Самарқанди. Оның суйурғалдары өмір бойы үздіксіз ұлғаюмен болды.

Өзіне қарасты иеліктерде [Шахмәлік] өз есімін әйгілеу үшін ескерткіш ретінде көптеген игілікті құрылыстар: медреселер, шіркеулер, мешіттер, рабаттар мен хауыздар қалдырды. Ұлы мәртебелі бақытты хақанның оған деген көңілінің шексіздігі сонша, Хорезм уәлаятын оған дарбаста суйурғал етіп береді, ол қалған өмірін Хорезмде тыныштық пен рахатта өткізіп, Өзбек уәлаяты мен Дешті Қыпшақтың тәкаппар халқын өзіне қаратып, оларды бағынышты етеді.

Ұлы мәртебелі бақытты хақан Серахс уәлаятында болғанда, дүйсенбі күні кешке, І рабидің‘ он бірінде (1426 жылдың 21 қаңтары) қайтыс болған әмірді жерлейтіндігі  туралы  хабар есітеді... [Шахмәліктің] әйелі  және оның баласы Ибраһим Сұлтан қара киім (мисра) киіп, оның денесін Мешхедке жеткізіп, өздері салған кесенеге, Хазрет Имамның мүрдесінің жанына жерлейді (оларға Алланың шапағаты жаусын!). Ұлы мәртебелі Хорезмдегі Шахмәліктің суйурғалындағы басқармаға оның баласы Ибраһим Сұлтанға келіп кетеді [б. 389].

1440-41 жылы өзбек-қазақтар Мазандаранға шабуыл жасап, оның тұрғындарына көптеген шығын әкеледі. Оларға қарсы Гераттан Қажы Юсуф Жалил, Шейх қажы және туманның басқа да әмірлері басқарған жауынгерлерден құралған жасақтар жіберілді. Олар Мазандаранның шекарасында лагерь құрып, күні-түні соғыс алаңында жүрді. Бірақ өзбек-қазақтар соғысуға бел буып, оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, әмір Қажы Юсуф Жалилдің жасақтарының тас-талқанын шығарды, сөйтіп көп олжаға кенеліп, жазық далаға қарай бет алады.

Моғолстанның билеушісі Мұхаммед хан Ферғана мен Түркістандағы Тимуридтердің өзара алауыздық туғызған соғысына оқтын-оқтын араласып отырды. Мұхаммед хан Шейх Нұр ад-Диннің бұл бүліншілікке қатысуынан бұрын-ақ Мауараннаhрға қарсыласқан түрде шабуыл жасады. Сауранның  қожасы әмір Шейх Нұр ад-Дин Моғолстан елінің билеушісін екі рет паналап, жасырынған. Мұхаммед хан оған тимуридтердің өзге де әмірлерімен күресте қолдау көрсетті. Тимуридтердің беделді әмірлерінің бірі ‘Абд ал-Халик Сайрамды ғана емес, Йанги-Таразды да биледі. Мұхаммед хан ‘Абд ал-Халикке қарсы 15 мың сарбаздан құралған жасағын жіберді, ханның ержүрек жасақтары тойтарыс беріп, Йанги-Тараз уәлаятын жаудан тазартып, оған қоса Сайрамды  да қоршауға алды.

817/1414-15 жылы Мұхаммед хан Моғолстаннан Ұлықбек мырзаға қарсы көтеріліске шыққан Ферғананың билеушісі Омар Шейхтің баласы Амирак Ахмад мырзаға көмекке әскер жібереді. Моғолдар Ұлықбек мырзаның әскерін талқандап, мол олжаға кенеліп, Моғолстанға оралады. Нәтижесінде Амирак Ахмад мырза Мұхаммед ханның ордасына қашып барады. Мұхаммед хан дүние салғаннан кейін 818/1415-16 жылы өзара соғыс пен бүлік өріс алады. ‘Әбдіразақ Самарқандидің айтуынша, Ұлықбек мырза «моғол әмірлерінің жағдайын біліп қайту үшін» асығыс түрде шабарманын жібереді, ол елдегі алауыздықты шабарманынан ести салысымен, өзі де суыт түрде Гераттағы Шаhруhқа жүріп кетеді.

2) Тарих-и Банакати (Банакати жылнамасы). Шифр: Fol. 539, 369 бб.

Шығарманың жазылған уақыты: «Раузат аули ал-албаб фи ат-таварих ва ал-ансаб» («Ақылды (ұлы) адамдар туралы хронология және генеалогия») шығармасы «Тарих-и Банакати» деген атаумен белгілі, 717/1317 жылы жазылған.

Автор туралы мәлімет: Еңбектің авторы Абу Сүлейман ибн Дауд ибн Абу-л-Фазл Мұхаммед ибн Дауд ал-Банакати белгілі тарихшы және Газан ханның сарай ақыны болған, Ангрен өзенінің сағасында орналасқан Банакатадан шыққан. Өз өлеңдерімен атағы шыққан, «Малик аш-шу‘ара» («Ақындардың патшасы») деген құрметті атағы болған. 730/1329-30 жылы қайтыс болған.

Құрылымы мен мазмұны: «Тарих-и Банакати» шығармасы «дүние пайда болғаннан бері» Абу-Са‘ида ильханы билігінің басталғанына дейінгі аралықтағы жалпы тарихты баяндайды (23 раби‘ ІІ 717/5 шілде 1317 жыл).

Шығарма кіріспеден және тоғыз бөлімнен (кисм) тұрады:

Бірінші бөлім – Адамнан Моисеиге дейінгі патриархтар мен пайғамбарлар;

Екінші бөлім – Ирандықтардың төрт династиясы;

Үшінші бөлім – Мұхаммед, Халифтер, Имамдар, Омейадтар, Аббасидтер;

Төртінші бөлім – Иранды және көрші елдерді билеген қазіргі заманғы Аббассидтер династиясы;

Бесінші бөлім – Еврейлердің патшалары мен пайғамбарлары;

Алтыншы бөлім – Христиандар мен европалықтар тарихы; Христиандардың сенімі; Армения мен франктер елін географиялық сипаттау;

Жетінші бөлім – Үнділер тарихы; Үнділердің сенімі; Жеті климатты қысқаша сипаттау; Үндістанды географиялық сипаттау;

Сегізінші бөлім – Қытай тарихы; Қытайлардың сенімі; Қытайларды географиялық сипаттау;

Тоғызыншы бөлім – Монғолдардың тарихы және олардың жаулап алу әрекеттері.

Қазақ тарихына қатысты дерек ретіндегі құндылығы: Қазақ халқының тарихын зерттеуде еңбектегі «Монғолдардың тарихы және олардың жаулап алу әрекеттері» деп аталатын тоғызыншы бөлім қызығушылық тудырады. Негізінен «Тарих-и Банакати» шығармасы Рашид ад-Диннің атақты еңбегі «Жәми‘ ат-тауарихқа» бейімделіп жазылған. Еңбектің осы бөліміндегі оқиғалар Рашид ад-Диннің «Жәми‘ ат-тауарих» шығармасының бірінші томындағы екінші бөлімімен толығымен сәйкес келеді. Дегенмен қолжазбада дүние жүзін географиялық сипаттаудан, Үндістан, Армения, Парсы, Византия, Қытай, еврейлер, араб халифаты және монғолдардың тарихынан үзінділер келтірілген. Рашид ад-Диннің үшінші томының бізге жетпегендігін ескерсек, Абу Сулейман ибн Дауд шығармасының географиялық бөлімі ерекше қызығушылық тудырады және тарихи құндылығы бар шығарма.

3) Тузук-и Тимури (Темірдің жинақтары). Шифр: Fol. 287, 98 бб.

Шығарманың жазылу уақыты: «Тузук-и Тимури» шығармасы «Малфузат-и Амир Тимур» («Әмір Темірдің нақыл сөздері»), «Тузукат-и Тимури» («Темірдің жинақтары»), «Тарджима-йи Тузук-и Тимури» («Темір жинақтарының» аудармасы»), «Ваки‘ ат-и Тимури» («Темір өміріндегі оқиғалар») атты тақырыптармен белгілі. Шығарманың нақты жазылған уақыты белгісіз.

Автор туралы мәліметтер: Шығарманың авторы туралы әр түрлі көзқарастар бар. Кейбір зерттеушілер мысалы, Н.Д. Миклухо-Маклай Әмір Темір (1336-1405) бұл шығарманың авторы емес деп есептейді2. Б.А.Ахмедовтың пікірінше, «Әмір Темірдің өміріне және қоғамдық-саяси қызметіне арналған, мысалы, Низамуддин Шамидің «Зафар-наме», Шарафуддин Әли Йәздидің «Зафар-наме» сияқты белгілі шығармаларымен осы шығарманы салыстыра отырып, мұқият зерттесе, онда мұндай пікірлердің негізсіз екені түсінікті болады»3.

Құрылымы мен мазмұны: «Тузук-и Тимури» шығармасында Әмір Темірдің қызметі мен оның мемлекет пен әскерді басқарудағы көзқарасы сипатталады. Бұл еңбекті патшаның ұрпақтарына қалдырған саяси өсиетнамасы деп айтуға болады. Еңбектің екінші бөлімінде Әмір Темір былай деп жазады: «Әлемді уысында ұстау тағдырында жазылған менің бақ қонған ұлдарыма, ...менің күшті немерелеріме... Патшалық құрудың принциптері мен билікті қолда қалай ұстауды жинақтарымда айтып бердім және мемлекетті басқарудың нұсқауын да жаздым. Менің әрбір ұрпағым осы нұсқаумен әрекет етіп, менің үздіксіз еңбегім мен қамқорлығымның арқасында иеленген патшалық пен тақты қолдарында ұстаулары тиіс»4. Тарихшы Лянгле бұл еңбекті жоғары бағалап: «Темір өзінің мұрагерлеріне империямен бірге одан да құндырақ сыйды – оны сақтаудың жолын жазып беріп кетті» - деп жазды5.

«Тузук-и Тимури» алғашқысында шағатай тілінде құрастырылған, бірақ бізге араб тіліндегі аудармасы жеткен. Шығарманың аудармашысы Мир Абу Талиб әл-Хусайни әл-Аризи өзінің алғы сөзінде Арабиядағы киелі жерлерге қажылық ету кезінде Йемендегі Джа‘фар-паша билеушінің кітапханасынан түркі тілінде жазылған шығарманы тауып алғандығын, бұл жазу Әмір Темірдің өмірбаяны болып шыққандығын ескертеді. Арабиядан келгеннен кейін, Мир Абу Талиб әл-Хусайни ат-Турбати Аграға тоқтап, бабурид Шах Жаханға (1628-1658) қызметке тұрады, 1638 жылы «Тузук-и Тимури» шығармасының өзі жасаған аудармасын Шах Жаханға сыйға тартады. «Тузук-и Тимуридің» парсы тілінде түзетілген редакциясы бар. Жаңа редакцияның авторы – Мұхаммед Афзал Бұхари (1652 жылы қайтыс болған) Декан провинциясының жоғарғы қазиы болған.

Бізге жеткен «Тузук-и Тимуридің» толық редакциясы аудармашының кіріспесінен және екі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім – Жоспарлары мен қызметі.

Екінші бөлім – Темірдің жинақтары.

«Тузук-и Тимуридің» екі бөлімінде де баяндау Әмір Темірдің атынан жүргізіледі. «Тузук-и Тимуридің» әр түрлі тізімдерінде материалдардың орналасу құрылымы бірдей емес.

Қазақ тарихына қатысты дерек ретіндегі құндылығы: Бірінші бөлімде Әмір Темір былай деп жазады: «Менің бақытты, жеңімпаз ұлдарыма, әлемнің ұлы билеушілері – ұрпақтарыма. Естеріңде болсын, Алла Тағаланың мейірімінен үміт ете отырып, ұрпақтарымның көпшілігі менің қуатты тағымды мұра ететіндігіне сенімдімін. Осы себепті өзім басшылыққа алған ережелерді мен солар үшін баяндаймын.... Барлық он екі ережені. Бұл ережелердің маңыздылығы сондай, одан алғандарым маған билікке жетуіме, мемлекеттерді жаулап алуыма, иеліктерімді нығайтуға көмектесті және мені осы таққа лайықты етті». Әрі қарай Әмір Темір барлық керекті 12 ережені атап, әрқайсысына кеңірек тоқталып өтеді.

Бірінші ереже дін мәселесіне арналған. Шығармада былай деп жазылған «заң мен дінге сүйенбеген билік өзінің күші мен билігін ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды, сондықтан мен [Әмір Темір] өзімнің айбындылығымды ислам дінімен ұстап тұра алдым, бұған қосымша ережелер мен заңдарға да сүйендім және бұл қағидаларды билік құрған кезімде бұлжытпай сақтап отырдым»6. Садра, қази қызметтеріне тағайындаулар, вакфтік жерлерді бөлу, мешіттер, медреселер мен ханака құрылыстарын салу сияқты дінге қатысты қаулылар халыққа жария етілді.

Мемлекеттің құзырындағы барлық азаматтар 12 класқа бөлінді:

Бірінші класс – Пайғамбарлардың ұрпақтары, атақты ишандар және дін ілімін  меңгергендер;

Екінші класс – Зиялы адамдар мен ақсақалдар;

Үшінші класс – Тақуа адамдар;

Төртінші класс – Әмірлер, шейхтер, офицерлер;

Бесінші класс – Әскер мен халық;

Алтыншы класс – Кеңесшілер;

Жетінші класс – Уәзірлер мен дуанның хатшылары;

Сегізінші класс – Дәрігерлер, астрологтар мен архитекторлар;

Тоғызыншы класс – Тарихшылар мен жылнамашылар;

Оныншы класс – Ақсақалдар, дәруіштер және құдай туралы ілімді меңгергендер;

Он бірінші класс – Шеберлер мен қолөнершілер;

Он екінші класс – Саяхатшылар.

Орта Азия халқының тарихын зерттеуде «Тузук-и Тимури» маңызды да құнды дерек. Онда Жошы Ұлысы мен Мауараннаhрдың өзара қарым-қатынасы тарихына қатысты құнды мәліметтер бар. Жошы Ұлысының билеушілері Бату хан, Берке хандардың Шағатай ұлысына белгілі ықпалы болды, ХІV ғасырдың бірінші жартысында бұл ықпалдылық күшейе түсті7.

«Тузук-и Тимуриде» Әмір Темірдің Бату хан заманынан бері Мауараннаhр мен Түркістанның жекелеген қалалары мен ауылдарында билік құрып келген Жошы Ұлысының көшпелі тайпаларымен күресі баяндалады.

Әмір Темір былай деп жазады: «Жете мен Ильяс қожаның жасақтарын Мауараннаhрдан Ходжент өзенінің арғы жағына қуып тастасам да, өзбектердің жекелеген жасақтары әлі де Мауараннаhр қорғанына мықтап бекініп алған еді. Алғашында жасақтарды жіберіп, оларды басып тастасам ба деп ниеттендім. Бірақ бұл іс созылып кетуі мүмкін деген күдігім де болды. Жасақ жіберуді дұрыс емес деп шештім, Ильяс қожаның атынан бұйрық шығарып, оны бір өзбекке тапсырып, бір топ жасақтарға қосып бекіністегілерге жібердім. Өзбектер менің айтқаныма мойынсұнып бекіністі тастап шықсын деп бұйрық бердім. Өзбекті алып барған жасақтарға қарсы жақтағыларға көрінетіндей етіп шаңдатыңдар деп айттым. Ильяс қожаның бұйрығын ала салысымен, менің жасақтарымның көтерген шаңын көре салып, дұшпандар түн қараңғылығын пайдаланып Мауараннаhр қорғанын тастап, тоз-тоз болып қашып кетті. Осылайша Мауараннаhр мені өлтірмекші болған қаскүнемдерден тазартылып, ел маған бағынды»8.

«Орыс ханды жоюдың жоспары және Дешті Қыпшақты жаулап алу» атты тарау ерекше қызығушылық тудырады. Бұл тарауда Әмір Темірдің Тоқтамыс ханмен бірігіп Дешті Қыпшаққа жасаған жорығы және олардың Орыс ханның айбарын басу үшін ойлап тапқан айласы жайында әңгімеленеді: «Тоқтамыс ханмен бірге барғаным жөн бе, әлде жасақтарымды қосып жібергенім дұрыс па деп ойланып отырғанымда, Орыс ханның елшісі келді. Ақылдаса келіп, елшінің көңілін аулап өзіме қаратып алған соң, оны күдіктендірмей, бейбіт түрде шығарып салып, соңынан Дешті Қыпшақ жағына қарай жасақтарымды жіберіп, елші ханға болған жайды баяндап болғанша, Орыс хан түсінбеушілікте отырғанда, келесі күні менің жасақтарым кенеттен шабуыл жасайды деп шештім. Ойлағанымдай әрекет еттім, менің жасаған әрекеттерім ойлаған жоспарыма тура келді. Елші Орыс ханға болған жайды айтып жатқанда, менің қаһарлы жасағым Орыс ханға күтпеген жерден шабуыл жасады. Ол ешқандай қарсылық көрсетуге шамасы келместен қашудың жолын дұрысырақ көрді. Дешті Қыпшақтың елі [анығы оның шығыс жағы] маған бағынды»9  .

II. Франция Ұлттық кітапханасы (Bibliotheque nationale de France). Шифр: Supp. 1977, (357 лл.).

1) Тарих-и гузида (Таңдамалы жылнама).

Шығарманың жазылған уақыты: Шығарма толығымен 735/1334-35 жылы жазылып біткен.

Автор туралы мәлімет: Еңбектің авторы Хамдаллах ибн Абу Бакр ибн Ахмад ибн Мұстауфи Казвини – белгілі тарихшы және географ 680/1281-82 жылы туған. Хамдаллах Мұстауфи Казвини Хулагуидтердің қаржы-салық ведомствосында ірі чиновник қызметінде болған. Ол ұлы уәзір Рашид ад-Диннің қолдауын пайдаланған10. «Тарих-и гузида» шығармасы Рашид ад-Диннің баласы әрі мұрагері Гийас ад-Динге арналған. Хамдаллах Мұстауфи Казвини 750/1349-50 жылы қайтыс болған.

Құрылымы мен мазмұны: «Тарих-и гузида» шығармасы ежелгі заманнан 730/1329-30 жылға дейінгі жалпы тарихты қамтиды. Еңбек кіріспеден (фатиха,) алты тараудан (баб) және қорытындыдан тұрады. Әрбір тарау бөлімге (фасл) бөлінеді.

Бірінші тарау – Исламға дейінгі әулиелер мен философтар екі бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Исламға дейінгі әулиелер; 2 бөлім – Ежелгі грек философтары.

Екінші тарау – Иран әулеттері төрт бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Пишдадидтер; 2 бөлім – Кайанидтер; 3 бөлім – Арсакидтер; 4 бөлім – Сасанидтер.

Үшінші тарау – Мұхаммед және оның мұрагерлері алты бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Мұхаммедтің өмірбаяны; 2 бөлім – Төрт діндар халиф; 3 бөлім – Шииттік имамдар; 4 бөлім – Мұхаммедтің серіктестері; 5 бөлім – Омейадтар; 6 бөлім – Аббасидтер.

Төртінші тарау – Ислам дәуірінде өмір сүрген әулеттер он екі бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Саффаридтер; 2 бөлім – Саманидтер; 3 бөлім – Газнавидтер; 4 бөлім – Гуридтер; 5 бөлім – Дайламиттер; 6 бөлім – Сельджукидтер: Ұлы Сельджукидтер және Парсы Ирагы Сельджукидтері, Керман Сельджукидтері, Кіші Азиялық Сельджукидтер – Рума; 7 бөлім – Хорезмшахтар; 8 бөлім – Атабектер: Сирия және Диарбекр атабектері, Фарс атабектері; 9 бөлім – Исмаилиттер: Египет, Солтүстік Африка және Сирия Исмаилиттері (Фатимидтері), Иран Исмаилиттері; 10 бөлім – Керман Қара-қытайлары; 11 бөлім – Луристан билеушілері: Үлкен Лур билеушілері, Кіші Лур билеушілері; 12 бөлім – Монғолдар.

Бесінші тарау – Ғалым адамдардың өмірбаяндары алты бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Имамдар мен муджтахидтер; 2 бөлім – Кұранды мәнерлеп оқушылар; 3 бөлім – аңыздарды – хадистерді таратушылар; 4 бөлім – Суфилік шейхтер; 5 бөлім – Дінтанушы ғалымдар; 6 бөлім – Ақындар.

Алтыншы тарау – Казвин қаласы: Қала туралы аңыз; Маңызды құрылыстар; Казвинді арабтардың жаулап алуы; Қаланың төңірегі; Қалада тұрған немесе Казвинге келіп-кеткен атақты адамдар; Казвиннің билеушілері; Казвинде тұрған және тұратын атақты рулар.

Қазақ тарихына қатысты дерек ретіндегі құндылығы: «Тарих-и гузида» шығармасы негізінен Рашид ад-Диннің «Жәми‘ ат-тауарих» еңбегінің ІІ томының жоспары мен мәліметтері бойынша құрылған, сонымен бірге алдыңғы авторлар пайдаланбаған жаңа деректерден мәліметтер келтірілген. Автордың баласы – Зейн ад-Дин әкесінің шығармасын Әмір Темір Персияны жаулап алғанға дейін жалғастырды.

Бұл шығарма Орта Азия халықтарының рухани мәдениетін зерттеуде аса маңызды. Еңбектің бесінші бөлімінде атақты дінтанушылардың және сол замандағы ғалым адамдардың өмірбаяндары баяндалған қызғылықты мәліметтер бар. Көшпенді Дешті-Қыпшақ шонжарларының маңдай алды өкілдері сол ғалымдардың еңбегімен сусындаған, дүниетанымдары қалыптасқан.

 

_____________

1 Собрание восточных рукописей Академии наук Республики Узбекистан. История. Ташкент, 1998. С. 124.

2 Миклухо-Маклай Н.Д. Описание таджикских и персидских рукописей Института Востоковедения. Вып. 3. Исторические сочинения. М., 1975. С. 274.

3 Уложение Темура. Перевод с персидского Х. Кароматова; Авторское предисловие, примечания и комментарии Б. Ахмедова, Ташкент, 1999. С. 6-7.

4 Там же. С. 66.

5 Уложение Тимура: Исторические записки, Ташкент, 1992. С. 6.

6 Уложение Темура. Перевод с персидского Х. Кароматова; Авторское предисловие, примечания и комментарии Б. Ахмедова, Ташкент, 1999. С. 10.

7 Там же. С. 19.

8 Там же. С. 50.

9 Там же. С. 54.

10 Собрание восточных рукописей Академии наук Республики Узбекистан. История. Ташкент, 1998. С. 37.