Тіркелу   Забыли пароль?


2013/2. 5-11 б. Әбдірәсілова Л.Ә. «Ұлттық орталықтың жаңа жарияланымдары». «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖАҢА ЖАРИЯЛАНЫМДАРЫ

 

Ләззат Әбдірәсілова

Археография және деректану ұлттық орталығының директоры

 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен әзірленіп, қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы мұрағат мұрасын сақтау және көбейту, зерделеу арқылы қазақ ұлтының қайта өрлеуіне жол ашып отыр.

Қоғамның рухани өмірі саласында тарихи және ұлттық-мәдени мұраны жаңғырту мен сақтау отандық тарихтың болашақ бағытын тұжырымдауға мүмкіндік беретін мұрағаттық материалдарды ғылыми айналымға енгізуге алып келеді.

Негізгі міндеттерінің бірі тарихи деректерді жариялау болып табылатын Археография және деректану ұлттық орталығы Қазақстан тарихына қатысты мұрағаттық деректерді анықтау, өңдеу және оларды ғылыми айналымға енгізуде машақатты, үлкен жұмыс жүргізуде.

Орталықта жарияланым жұмысы жақсы жолға қойылғанын атап өту қажет. Мысал ретінде шетел мұрағаттарынан анықталған және жиналған Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттар жөніндегі баға жетпес жұмыстардың нәтижесі ретінде бірқатар кітаптардың басылып шыққаны атауға тұтарлық.

Орталықта Қазақстан тарихына қатысты деректерді анықтау мақсатында Санкт-Петербург, Москва қалаларының мұрағаттарына, Омск, Орынбор облыстарының мемлекеттік мұрағаттары мен кітапханаларына, Грузия Ұлттық мұрағатына, Өзбекстан Республикасының кітапханаларына  ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде Ұлттық орталық XVIII ғасыр және XX ғасыр басындағы Қазақстан тарихына арналған бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Олар: «История Казахстана ХVIII–ХХ вв. в документах и материалах. Выпуск І.»  альманахы (көлемі – 33 ш.б.т.); «И вздрогнула земля: из истории землетрясений в Семиречье. 1885–1912 гг.» құжаттар жинағы (көлемі – 45 б.т.); «Из истории археологии Казахстана. Т. 1. Семиреченская область. 1869–1905 гг.» (көлемі – 40 б.т.) құжаттар жинағы; «Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи XVIII-середины XIX века» құжаттар жинағы; «История Казахстана ХVIII–ХХ вв. в документах и материалах. Выпуск ІІ.» альманахы.

Халықаралық ғылыми практикада тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізудің екі жолы бар: біріншісі – жекелеген тақырыптық

құжаттар жинағын шығару, ал екіншісі – мұрағаттық құжаттарды арнайы альманахтар мен журналдарда жариялау. Екінші жол ғылыми және оқырман қауымды өзінің көлемінің шағындығымен және бірқатар себептерге байланысты тақырыптық құжаттар жинағы ретінде ғылыми айналымға енгізілуі екіталай тың деректермен танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарияланатын деректердің әр түрлі жанрлығы мен хронологиялық аясының ауқымдылығы барша оқырман қауымның басылымға деген қызуғушылығын арттырады. Осы тектес басылымға Ұлттық орталықтың шығарған «История Казахстана в документах и материалах» атты альманахы жатады. Альманахтың І шығарылымында Қазақстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттік мұрағаттары қорларынан алынған XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты сирек зерттелген материалдар жарияланған. Жарияланған құжаттар құрамы этнографиялық очерктер, халықтық салт-дәстүрлерге сипаттама, сирек кездесетін карталар, қазақ әліпбиін латыншаға көшіру туралы 1920-30 жылдардағы пікірталастар  сияқты маңызды материалдардан тұрады.

 «Археология Семиречья. 1857–1912 гг.» құжаттар жинағы археология тарихы бойынша Қазақстанда ғана емес бұрынғы кеңестік кеңістіктегі төңкеріске дейінгі құжаттық материалдардың тұңғыш жарияланымы болып табылады. ТМД елдерінің ірі ғылыми кітапханалары мен мұрағат қоймалары қорларында қордаланған XIX ғасыр ортасы мен XX ғасырдың басындағы Жетісу археологиясына қатысты көптеген қолжазба материалдар соңғы жылдарға дейін  археолог мамандар мен тарихшылардың назарынан тыс қалып жүрді. Оларға қазақ жерінің аумағында мақсатты археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген Түркістан өлкесіндегі түрлі шенеуніктердің әр түрлі уақыттардағы қызметтік хабарламалары, рапорттары, күнделіктері, тақырыптық жазбалары, очерктері мен мақалалары, осы жерде табылған мәдени мұраларды зерттеу және сақтау мәселелері жөніндегі ведомство аралық хат алмасулар, әр дәуірдегі зерттелген материалдық ескерткіштердің сызбалары мен суреттерінің, жартастарда бейнеленген тас мүсіндер суреттерінің түпнұсқасы жатады. Көптеген материалдық ескерткіштердің табиғи жолмен біртіндеп бұзылуын немесе күшпен жойылуын және бей-берекет тоналуын ескерсек, кеңестік дәуірге дейінгі құжаттық деректерде қазіргі заманның кәсіби зерттеушілері үшін ғылыми-практикалық маңызы бар Жетісудың ежелгі және ортағасырлық археологиялық объектілерінің орналасқан жері мен өткен жай-күйі туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Осыған байланысты шығарылған тарихи құжаттар жинағы жіберілген олқылықтар орнын толтырады деп танылуда. Жинақта Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (Алматы қаласы), РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының Ғылыми мұрағаты (Санкт-Петербор қаласы), Мәскеу, Санкт-Петербор және Алматы қалаларының кітапханалары қорларынан табылған XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Жетісу археологиясының тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар мен материалдар тұңғыш рет жарияланып отыр.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Жетісу тарихындағы қайғылы оқиғаға – төрт бірдей күшті жер сілкінісіне арналған «“И вздрогнула земля…”: Из истории землетрясений в Семиречье. 1885–1912 гг.» атты құжаттар мен материалдар жинағы төрт бөлімнен тұрады:

1) 1885 жылғы 22 шілдедегі Беловодтағы жер сілкінісі, 2) 1887 жылғы 28 мамырдағы Верныйдағы жер сілкінісі, 3) 1889 жылғы 30 маусымдағы Шелектегі жер сілкінісі, 4) 1910 жылғы 22 желтоқсандағы Кеміндегі жер сілкінісі. Жинақта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Кинофотоқұжаттар мен дыбысжазба орталық мемлекеттік мұрағаты (Алматы қаласы), Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты (Мәскеу қаласы), Орыс географиялық қоғамы мұрағаты, Ресей ұлттық кітапханасының (Санкт-Петербор қаласы) және Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық кітапханасының (Ташкент қаласы) қолжазбалар бөлімі қорларынан алынған құжаттар жарияланған. Сондай-ақ төңкеріске дейінгі мерзімдік басылымдар – «Туркестанские ведомости», «Русский Туркестан», «Семиреченские областные ведомости» және басқа да газет беттерінде жарияланған мақалалар берілген.

Жинақтың өзектілігі сол, табиғи апаттар орны, қирау деңгейі, жер бетінің қозғалыс детальдары туралы құжаттық мәліметтер ғалымдарға аймақтың сейсмологиялық картинасын елестетуге мүмкіндік береді, жер сілкінісін болжау әдістемесін әзірлеуге ықпал етеді. Сонымен қатар кітап төтенше жағдайлар саласындағы мамандар, басқарушылар, психологтар үшін, сондай-ақ оның тақырыбына қатысты барша оқырман қауым үшін де практикалық қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

«Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи XVIII-середины XIX века» тарихи құжаттар жинағына XVIII ғасырдың ортасы – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы ресейлік саяхатшылардың Қазақстанның географиясына, топонимикасына және тарихи этнографиясына арналған сапарнама күнделіктері мен жазбалары енгізілді.

«История Казахстана ХVIII–ХХ вв. в документах и материалах. Выпуск ІІ.» альманахының мазмұнын Ресей империясының Сыртқы саясат мұрағаты, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер мұрағаты, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты, Ресей Ғылым академиясы мұрағатының Санкт-Петербор филиалы қорларындағы түпнұсқа тарихи құжаттар, сондай-ақ 1930 жылдары жекеленген кеңестік газеттер мен журналдарда жарияланған жәдігерлік публицистикалық материалдар құрайды. Альманахқа еліміздің өткен тарихын зерделеуде бұрын-соңды қамтылмаған және қазақстандық зерттеушілер үшін ұзақ жылдар бойы қол жеткізуі қиын болған Қазақстанның тарихы, этнографиясы және тарихи географиясы жөніндегі жанрлары мен тақырыптары әр түрлі жазба деректер енді.

Орталықта 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен анықталған құжаттардан тұратын автоматтандырылған ақпараттық жүйе – «Электрондық каталог» мәліметтер базасы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Қазақстан тарихына қатысты жинақталған деректер осы мәліметтер базасына енгізілуде. Осы деректер негізінде Ұлттық орталықта «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында /История Казахстана в зарубежных архивах» атты көптомдық ақпараттық анықтамалық құрастырылды. Ақпараттық анықтамалық шетел мұрағаттарында жатқан Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың сақталған орны көрсетіле отырып құрастырылған құжаттар тізімінен тұрады. Сондай-ақ құжаттардың Қазақстандағы сақталу орны да көрсетілген.

Бүгінгі күнде анықтамалықтың 6 томы жарыққа шықты. Ақпараттық анықтамалықтың 1 томына 4 мыңға жуық құжат тізімі, 2 томға 3 мыңға жуық құжат тізімі енгізілсе, 3 томға 6 мыңға жуық құжат тізімі, 4 томға (1-2 бөлімдеріне) 9 мыңнан аса құжат тізімі, 5 томға 4 мыңға жуық құжат тізімі, 6 томға 3 мыңға жуық құжат тізімі енгізілді.

 Құжаттар XVI-XX ғасырларды қамтиды.

Анықтамалықта келтірілген құжаттардың едәуір бөлігі Ресей Федерациясының мұрағаттар қорынан алынған деректерден тұрады. Бұл түсінікті де. Қазақстанның Ресейге қосылуы кезеңінен бастап империяның үлкен қалаларында Ресей әкімшілігімен қазақ  тұрғындарының өзара қарым-қатынасы  жөнінде  жазба деректер пайда болды. Уақыт өте келе бұл деректер Ресей империясы, одан әрі Кеңестер Одағы мұрағаттарының ажырамас бөлігіне  айналды.  Ал  КСРО  күйрегеннен  кейін құжаттар  Ресей

Федерациясының мемлекеттік мұрағаттарында қалды. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша неғұрлым құнды деректі материалдар кешені Ресей Федерациясында сақталуы заңдылық.

Сондықтан бұл 6 томға Ресейдің федералдық және аймақтық мұрағаттарындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың тізімдері енді.

Орыс-қазақ қарым-қатынастарын айғақтайтын құжаттық деректер Ресей Ежелгі актілер мемлекеттік мұрағаты (РГАДА), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ), Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (РГИА), Ресей империясының сыртқы саясаты мұрағаты (АВПРИ) қорларында сақтауда тұр.

Қазақ хандықтарының сыртқы саясаты Омбы және Орынбор мемлекеттік мұрағаттарының қоймаларынан алынған материалдарда көрсетілген.

Қазақстанның тарихын зерттеушілер Ресейдің мұрағат қорларында анықталған Кіші жүз қазақтарының империя бодандығын қабылдау процесі туралы, сондай-ақ Абылай ханның патша әкімшілігімен хат алмасуы, ХІХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихы және патша өкіметінің қазақ даласына қоныс аудару саясаты туралы деректерге, сондай-ақ көшу бағыттары туралы және екі империяның – Ресей мен Цинь империясының арасындағы сауда-саттықтағы Қазақстанның  рөлі  туралы  деректерге  ерекше  көңіл  аударады.

І және ІІ Мемлекеттік Думаға сайлау, 1917 жылғы ақпан оқиғасы, Қазақстан аумағындағы ұжымдасу процесінің ерекшеліктері туралы материалдар Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатынан алынған.

Ресей мұрағаттарынан анықталған және сатып алынған құжаттар туралы айтқанда, тарихшылар үшін ерекше назар аударатын нәрсе отандық тарихтың парақтарын толықтыруда әскери мұрағаттардан алынған материалдарды атамауға болмайды. Мысалы, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатында (РГВИА) 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан қазақтар туралы мағлұматты толықтыратын, 1916 жылғы қазақтар көтерілісін тұншықтырған патша өкіметі армиясының әскери құрамы туралы айғақтар табылды. Қазақстандағы азамат соғысының тарихы, Алаш Орда тарихына қатысты құжаттар тарихшы-ғалымдардың сөз жоқ назарын аударады. Шетелдегі түрік эмиграциясы және М. Шоқай еңбектері туралы мұрағаттық деректер Ресей мемлекеттік әскери мұрағатынан, Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатынан, сондай-ақ Орынбор облысы қазіргі заман тарихы құжаттама орталығынан алынған.

Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы мәдениет тарихы, өлкедегі жоғары мекетептердің негізін құру жөніндегі қызықты мәліметтер Ресей әдебиеті мен өнері мемлекеттік мұрағатының (РГАЛИ) қорларында сақталған. Қазақстанның және кеңестік Орта Азия республикаларының әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселесіне қатысты зерттеулердің деректер базасы Ресей әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік мұрағаты (РГАСПИ) қорларынан алынған материалдармен едәуір толықтырылды.

Осы уақытқа дейін ең аз зерттелген ғылыми мәселелердің бірі 1937 жылғы  және  1939  жылғы  санақтың,  яғни  «жазаға  тартылған  санақтың» жүргізілу тарихы және оның нәтижесі болатын. Ресей экономикасы мемлекеттік мұрағатында анықталған және Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорын толықтыратын осы екі санақтың материалдары мамандарға олардың толыққанды сипаттамасын және талдауын жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Ресей кітапханалары: Ресей мемлекеттік кітапханасы (Мәскеу қ.), Башқұртстан Республикасы Ұлттық кітапхансы (Уфа қ.), Томск мемлекеттік университетінің Ұлттық кітапханасы (Томск қ.), Қазан университетінің кітапханасы және басқа қорлардан анықталған деректерді ерекше атау қажет. Мұнда сақталған орта ғасырлық қолжазбалардан, саяхатшылар мен төңкеріске дейінгі ресейлік зерттеушілердің жазбаларынан, сипаттамаларынан Қазақстан тарихына қатысы бар маңызды мәліметтерді кездестіруге болады.

Осы келтірілген деректер тізімін аталған ақпараттық анықтамалықтың І, ІІ, ІІІ, ІV және V, VІ томдарынан табасыздар.

Ғалымдар мен мұрағатшылардың Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттарды анықтау жөніндегі ғылыми ізденістері Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорын Өзбекстан Республикасының мұрағаттарынан анықталған құжаттармен толықтырды. Қазақстанның ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі саяси тарихы бойынша, әсіресе, өлкедегі Уақытша өкіметтің 1920 жылдардағы ашаршылықпен күрес жөніндегі саясаты, сондай-ақ республикадағы халық ағарту жүйесінің қалыптасуы туралы  құжаттарды ғылыми айналымға енгізудің ғылыми мәні өте зор. Отандық тарихтың осы бір қарама-қайшылыққа толы тарихи кезеңін объективті түрде қайта қалпына келтіруде аса маңызды саналатын құжаттар Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Ташкент облысы мемлекеттік мұрағатынан және Ташкент қаласының мұрағатынан анықталды. Бұл деректер үстіміздегі жылы шыққалы отырған анықтамалықтың VІІ томында жарияланады.

Орталықтың деректер базасын толықтыруда нәтижелі жұмыс алыс жатқан шетел мұрағаттары мен кітапханалары қорларында да жүргізілді.

Түрік Республикасының қалыптасу тарихы мұрағатынан (Анкара қ.) анықталған М. Шоқай туралы материалдардың, Осман империясы мен Түркістан аймағының дипломатиялық қарым-қатынасы туралы құжаттық мәліметтердің (Осман мұрағаты, Ыстамбул қ.) ғылыми құндылығы айтпаса да түсінікті.

Финляндия Республикасының Ұлттық мұрағатынан анықталған құжаттарды зерделеу 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі кеңес соғыс тұтқындарының тағдыры туралы көптеген материалдар ақиқатқа жақындауға мүмкіндік береді. Бұл жерде 1939-1940 және 1941-1945 жылдары фашистік тұтқынға түскен Қызыл Армия солдаттары мен офицерлерінен ұсталған соғыс тұтқындары карточкілерінің көшірмелері сақталған.

Совет соғыс тұтқындары туралы материалдар АҚШ ғылыми мекемелерінің  қоймаларында  да  қатталған.  Гувер  соғыс,  төңкеріс  және бейбітшілік институтында Қазақстанның қазіргі заман тарихына қатысты маңызды мәліметтер табылды. Олардың арасында 1916 жылғы оқиғадан кейін Қытайға қашқан қазақтар – босқындар туралы деректер бар. Большевиктердің ұлттық республикалар халқына қарсы жазалау саясаты, ГУЛАГ жүйесі туралы айғақтар да бар.

Егер неміс мұрағаттарының тақырыбына назар аударатын болсақ, онда Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін (ХХ ғасырдың алғашқы үш ширегіндегі Қазақстан тарихына қатысты) ГФР Сыртқы істер министрлігі саяси мұрағатындағы және бұрынғы ГДР Қауіпсіздік министрлігі мұрағатында сақталған (Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арналған материалдармен танысу зерттеушілердің, сондай-ақ басқалардың да қызығушылығын танытатын) материалдардың маңыздылығын атау қажет. Неміс мұрағатшылары өздеріне тән тәртіппен қазақ, орыс, түрік, татар, өзбек, шағатай, ағылшын, неміс және қытай тілдеріндегі деректерден сыр шертетін түрік эмиграциясы туралы құжаттарды, Хасан Оралтайдың жеке мұрағатын сақтаған.

XV ғасырдағы Мавераннахр мен Дешті-Қыпшақ арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы мәліметтер Ұлыбританияның Біріккен Королдігі және Солтүстік Ирландия мұрағаттарында сақталған. XIV-XVII ғасырлардағы Қазақстан тарихын жан-жақты ашуға Пекиндегі ҚХР Бірінші тарихи мұрағатынан алынған материалдар мүмкіндік береді. Қазақстандағы IX-XVIII ғасырлардағы жекелеген тарихи оқиғалар Италия мұрағаттарында сақталған трактаттарда баяндалады.   Мамлюктер тұсындағы Египет билеушісінің қазақ даласынан шыққаны туралы тарихи шындықты Араб қолжазбалар институтының «Дар – аль Кутуб» Ұлттық кітапханасынан (ЕАР) алынған материалдар толықтыруы мүмкін.

Құндылығы жоғары бұл деректер биыл жарыққа шығады деп жоспарланып отырған көптомдық анықтамалықтың VІІІ томында жарияланады.

Бұл құжаттар әлі талай тарихи тың деректерді жариялауға, талай «құпияларды» ашуға ықпал етпек.